80 ЖАСТАҒЫ ДӘРІГЕР: "ЖАҚСЫ ҚАРТАЮДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ - ЖҮЙКЕНІ ТОЗДЫРМАУ"

Уақыты: 11.02.2021
Оқылды: 1422
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қасиетті Қарадала өңірінің Сүмбе ауылында 1941 жылдың қаңтар айында дүниеге есігін ашқан танымал дәрігер, талантты сазгер, қарымды қаламгер әрі қоғам қайраткері Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВТІҢ есімі Жетісу жұртшылығына кеңінен мәлім. Өмірінің 40 жылға жуығын еліміздің денсаулық сақтау саласын нығайтып, дамытуға арнаған Тұрарбек Төлендиевтің ерен еңбегі еленіп, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендері табыс етілген. Сонымен қатар, бірнеше атаулы медальдармен қатар, «ҚР Денсаулық сақтау ісіне сіңірген аса зор еңбегі үшін», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дәрігер» төсбелгілерін иеленген Тұрарбек аға ұлттың руханиятына зор үлес қосқаны үшін «ҚР Журналистер одағының мүшесі», сондай-ақ, Райымбек, Ұйғыр аудандарының Құрметті азаматы атанды. Кеңестік дәуірдің тұсында отандық медицина саласын жетілдірудегі игілікті, ізгілікті істері жоғары бағаланып, «СССР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін жарқырата таққан Тұрарбек Төлендиевтің өмір белестерін тілге тиек еткен сыр-сұхбатымызды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Тұрарбек аға, Сізді Жетісу жұртшылығы ең алдымен білікті дәрігер ретінде жақсы таниды ғой. Бастапқыда журналист болуды армандаған екенсіз, уақыт өте келе дәрігерлік мамандыққа ойысыпсыз. Әйтсе де, екеуі бір-бірінен алшақ емес, бірі – адам тәнін емдесе, бірі – жанын емдейді емес пе? Өмірде осы мамандықты таңдағаныңыз үшін өкінбейсіз бе?

– Журналист болуға бала шақтан бейім болғаным бар. Сүмбедегі қазақ орта мектебін 1959 жылы бітіргеннен кейін, арман қуып Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Дәл сол жылы «Заң және журналистика факультетіне екі жылдық еңбек өтілі барлар қабылдансын» деген жаңа заң шығып, содан сырттайғы бөлімге ауысып, ауылға қайттым. Алайда ауылда тілшілік жұмыс жоқ болған соң, ұжымшарда есепші болып екі жыл еңбек еткенім бар.

Сөйтіп, журналистік арманым артта қалды. Ал дәрігер адамның жанын да, тәнін де емдеуі тиіс. Сол үшін осы мамандықты меңгергенімді бақытым деп бағалаймын. 1962 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, медицинаға біржола бет бұрдым. Қолға дәрігерлік дипломды алған соң алғашқы еңбек жолымды Шонжыдағы орталық ауруханада дәрігерліктен бастап, бас дәрігердің орынбасары болып қызмет еттім. Ауданның денсаулық сақтау саласына сіңірген бес жылдық еңбегім ерекше бағаланып, ауданда алғашқылардың бірі болып «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталдым.

Бұдан кейінгі жылдары Кеген аудандық орталық аурухананың бас дәрігері болып бекідім. Бұл жылдары ауданда медицина мамандарының жеткіліксіздігі мен тұрақтамауынан емдеу іс-шаралары өте нашарлап кеткен еді. Осыны ескере отырып, Талғар медицина колледжінің бір тобын, яғни, 30 студентті аурухана дәрігерлерінің оқытуымен даярлап шықтық. Сөйтіп, ауданның жергілікті кадрларынан 4 жылда 60 мейірбике даярланып, күрделі мәселе өз шешімін тапты.

1978 жылғы 9 баллдық зілзалада ауданның бірқатар медицина нысандары қирап, іске жарамсыз болып қалған болатын. Жалаңаштағы ірі аурухана мен емханаларды Сібірден келген құрастырмалы құрылыс материалдарымен қайта тұрғызып, ұтымды ұйымдастырудың арқасында аз уақытта аяғынан тік тұрғыздық. Содан кейінгі жылдары ауруханада көркемөнерпаздар үйірмесі ашылып, ауылдарда өнер отының маздауына мұрындық болдық.

1982 жылы Алматы қаласы басшылығының ұйғарымымен республикалық «Каменское плато» емдеу сауықтыру мекемесіне бас дәрігер болып тағайындалдым. Шаруашылығы тығырыққа тірелген бұл мекеменің де алпыс екі тамырына қан жүгіртіп, жандануына бар күш-жігерімізді жұмылдырған едік. Бірер жылдан соң Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары қызметі ұсынылды. Осы жылдары Алматы қаласында көптеген жаңа ауруханалар мен емханалар салына бастаған кез болатын. Қалқамандағы қазіргі №1,7 ауруханалар мен №4,8,9 емханалардың іргетасы қалана бастаған тұс. Осы жауапты істердің басы-қасынан табылып, құрылыс жұмыстарын жіті бақылап, сапалы тұрғызылуын қалт жібермей қадағалаудың арқасында бұл мекемелер ел игілігіне қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Кейіндеп ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы «Дом санитарного просвещения» деген ірі мекемеге бас дәрігер етіп ауыстырды. Бұл мекемеде халықтың медициналық, салауатты өмір сүру шараларын халыққа жеткізу мақсатындағы іс-шаралар, кітапшалар, плакаттарды даярлап, насихат жұмыстарын жарыққа шығаратын өз баспаханасы бар мекеме болды. Осыған ауысқан тұстан бастап жеке шығармашылық жұмыстармен айналысуға уақыт та, мүмкіндік те болып, кітап жаза бастадым. «Жерім майса, суым бал», «Ой еңбегі зор еңбек», «Қызым, саған айтам...» деген кітаптарым жарық көрді.

1990 жылы Дінмұхамед Қонаев ағамыздың ұйғарымымен Алматы қаласындағы Достық, бұрынғы Ленин көшесінің бойындағы ең сәулетті ғимарат «Акушерлік және гинекологиялық зерттеу институтының» қарамағына беріліп, Байзақ көшесінің бойындағы оның төрт қабатты ғимараты жер көлемі, қосалқы шаруашылық орындарымен босап қалды. Бұл ғимарат Денсаулық министрлігінің меншігінде болғандықтан, оны игеру солардың құзырында болды. Ол кеңес үкіметі тарап, ел егемендігін әлі алмаған қалай-мақан кезең болатын. Дәрі тапшы, аурухана, емханалардан қайыр жоқ. Ел арасында балгерлер мен емшілер, дүмше молдалар, бақсылар көбейіп, халық сергелдеңге түсе бастаған уақыт. Осы кезде «емшісымақтардың» қабілеттілігін анықтап, қажет болған жағдайда медицина саласына пайдалану мақсатында республикалық «халықтық медицина орталығын» ашу жөнінде шешім қабылданды.

Сөйтіп, бас-аяғы белгісіз, әлі еш жерде құрыла қоймаған мекемеге мені басшы етіп тағайындады. Дегенмен, жаңа құрылған бұл мекемеде де ауыз толтырып айтарлық шаруалар атқарылды. Қолдарында биотоктары бар деген емшілердің биосын тексеру үшін әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың профессор Инюшин басқаратын кафедрасының филиалы орналастырылды. Онда қолында биоөрісі барлар рентген сәулесі арқылы пленкада анық көрсетіліп, оның параметрлері анықталып отырды. Емшілер «мамандықтарына» қарай қаладағы ірі емханалар мен клиникаларға бекітіліп берілді. Қолдарына сертификат беретін Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы аттестациялық комиссия құрылды. Сөйтіп, халықтық медицина орталығы еліміздегі алғашқы болып өзін-өзі қаржыландыратын мекемеге айналды.

Ал ел Тәуелсіздігін алған соң 1992 жылы Алматы қаласындағы төрт жүз төсектік ең ірі мекемелердің бірі №2 клиникалық ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалғанымда бірқатар жұмыстарды ұйымдастырып, жүзеге асуына атсалыстым. Бұл жылдардағы қиындықтарға қарамастан жоқтан бар жасап, халыққа қызмет ету, науқастардың көңілінен шығу, еңбек ұжымын ұтымды ұйымдастыру міндеттері тұрды. Осы үдеден шығу үлкен төзімділік пен тапқырлықты, табандылықты қажет етті.

Осындай сындарлы сәттен сүрінбей өткен маған 1997 жылы Алматыдағы «Қалқаман» ықшамауданындағы республикалық деңгейдегі көпсалалы мамандандырылған 1000 төсектік, 1300-ден аса медициналық қызметкері бар ауруханаға басшылық жасау сенімі жүктелді. Ол жылдары еліміздің әлі де экономикалық жағдайы жақсара қоймаған кезі болатын. Айрықша міндетті абыройлы атқаруға бар білім-білік, іс-тәжірибемді көрсетуге күш салдым. Ауруханада бүкіл республика бойынша төрт бөлімшеден тұратын нейрохирургиялық, гемотология, гемодиали, эндокринология ауруларын емдейтін жалғыз орталық та осында орналасқан. Сондай-ақ, аса күрделі асқынған аурулары бар адамдар осы ауруханадағы әр саладағы 48 ірі мамандандырылған бөлімшелерден сапалы емдік шараларын алып жатты. Барлық ем алушы науқастардың емдік шаралары, дәрі-дәрмек, жатын орны, тамағы сынды қажеттіліктен аурулар тапшылық көрген жоқ. Сондай-ақ, емдеу мекемесінде еңбек ететін қызметкерлер мен жұмысшылардың да тұрмыстық жағдайларын жасай білдік. Аурухана қала сыртында, орталықтан шалғай орналасқандықтан, ұжым қызметкерлері мәдени іс-шаралардан шет қалып жататын. Осы себепті, аурухана қызметкерлері арасында салт-дәстүрлік, мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынды.

Аурухананың ауласын абаттандыруда жүздеген әр түрлі ағаш көшеттерін, атап айтқанда, қарағайлар, долана, қайың, ива ағаштары мен түрлі гүлзарлар отырғызылды. Тынымсыз еңбектің арқасында аурухана ұжымы бірнеше жыл «Республикадағы ең үздік клиника» деген атаққа ие болды. «ҚР Еңбек Ері» Серік Ақшолақов бастаған академиктер мен емдеу мекемелерінің басшылары бірлесіп, республика көлемінде халықтың денсаулығын жақсартуға, аурудан айықтыруға жұмылдырылды. Сөйтіп, тәуелсіз елімізде денсаулық сақтау ісінің ілгерілеуіне, әлемдік деңгейде дамуына мол мүмкіндіктер жасалды. Озық үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мамандар біліктілігі артты. Бастысы, халықтың дәрігерлерге деген сенімі нығая түсті.

– Одан бұрынғы жылдары емдік қасиеті бар шипажайларға да басшылық еткеніңіз бар емес пе?

– Жетісудың қойнауына құт дарыған ғой. Емдік сулары жанға шипа. «Жаркент арасан», «Барлық арасан», «Аққайың» сынды сауықтыру мекемелеріне бас дәрігерлік қызмет еткен кездерім бар. 1987 жылы «Қарадала» даласында егіндікке су шығару мақсатында тереңдікті бұрғылау кезінде емдік ыстық су атқылап шыққан болатын. Осы қасиетті суды ел игілігіне жарату мақсатында дәл осы жерден санаторий салу қажеттігін Ауылшаруашлығы министрлігінің алдына қойып, ұсыныс жасаған болатынбыз. Алайда Кеңес Одағы тарап, аяғы құрдымға кетті. Қазір ол жерде ұлтжанды азамат Стахан Белғожаев кезінде басталып, аяқсыз қалған нысанның құрылысын бітіріп, кереметтей санаторий салып, көпшілік қызығын көруде.

– Соңғы жылдары дәрігерлерге деген сенімсіздіктің белең алып, айыптау, жазғыру сынды келеңсіз жайттардың жиілеп кеткені жасырын емес. Бұған сіздің тәжірибелі дәрігер ретіндегі көзқарасыңыз қандай?

– Оған пәлендей себептер мыналар деп кесіп айту қиын. Дегенмен, осы келеңсіз жайттарды байқап жүрген біздер құралпы әріптестерімізді осы сұрақ толғандырмай қоймайды.

Жалпы, менің түсінігімде, нағыз дәрігер боламын деген жастар бұл салаға бар ынта-ықылас, ерік-жігерімен келу керек. Адам тағдырына жауапты мамандық екендігін жүрегімен түйсінуі қажет. Әлемдік деңгейдегі медицина жаңалықтарына зейін қойып, оны тәжірибесінде пайдаланып, талмай ізденгенде дәрігерлік тәжірибесі толысып, мерейі арта түседі. Алдына келген науқасқа мейір-шапағаты мол, көңілін жабырқатпайтын «жан дәрігері» бола білсе, сонымен қатар, науқастың ауруынан тез айығып кетеріне сенім ұялата білуі керек. Осы секілді адами қасиеттер дәрігердің абыройын асырмаса, аласартпайды.

Дәрігерлік өмірде болған бір-екі мысалды айта кетейін. Ағаштың жапырақтары түсе бастаған күз айы болса керек. Науқас дәрігеріне түс көргенін, түсінде бір үлкен кісі: "Мына терезенің түбіндегі ағаштың жапырақтары түсіп біткенде өлесің", - дегенін айтады.

Дәрігер науқасқа түстегінің бәрі бола бермейтіндігін айтып, жылы шыраймен шығып кетеді. Сол күні дәрігер түнге қарай ағаштың басындағы бірнеше жапырақтарды түспейтіндей етіп, мықтап байлап тастауды қызметкеріне табыстайды. Терезе түбіндегі ағаштың жапырақтарынан көз алмайтын ауру оның түспегеніне таңдана қарап қояды. Ендеше, әлі де болса өмір сүретіндігіне өзін сендіреді. Ал дәрігер болса өзінің ем-шарасын үзбей жасай береді. Сөйтіп, ауру ауруханадан құлан-таза жазылып шығады.

Тағы бірі былай болған екен. Бірде ауруханада бір аурудың күніге бір қасықтап ішетін сұйық дәрісі бітіп қалған көрінеді. Емдеуші дәрігері «ол дәрі жоқ деп ауруға айтушы болмаңдар, орнына таза суды сол дәрі құйған ыдыспен бере беріңдер» деп мейірбикелеріне тапсырады. Ауру оны ажырата алмаған, тіпті, білмеген де, қабылдай берген. Аз күннен соң әлгі дәрі де жеткізілген. Дәрігердің мұндағы мақсаты – аурудың «дәрінің жоқтығынан жазылмайтын болдым» деген сарыуайымға салынуына жол бермеу еді. Мұның барлығы дәрігерлердің науқастың тез айығуына сеніммен қарауына жасаған іс-амалдары.

Осы тәрізді дәрігерлік өмірде құптарлық, сабақ боларлық жайттарды дәрігерлермен басқосуда жиі мысалға келтіретінмін. Сенімнің өзі үлкен күш беретіні сөзсіз. Оның өзіндік ықпалы боларына еш күмән жоқ.

– Былтырдан бастап әлемді үрей құшағына қалдырған коронавирус індетіне тосқауыл болуда өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп жүрген дәрігерлердің еңбегін қалай бағалар едіңіз? «Денсаулықтың қадірін – ауырғанда білерсің» дегендей, бұл індет бейқамдығымызға сын болғандай.

– Коронавирус індеті еліміздің жалпы, эпидемиялық, инфекциялық ауруларды тез арада тексеріп, анықтайтын заманауи құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігін, мамандар тапшылығын білдірді. Бұл жағдай бірден маңдайдан ұрғандай, есеңгіретіп тастады. Кәсіби дәрігерлердің дені зейнетте, ал жас мамандар белгісіз індетке қарсы күресте шарасыз, абдырап қалғандай болды. Індет белең алғанда сақтандыратын құралдар, медициналық бетперделер мен дәрі-дәрмек жеткіліксіздігі орын алды. Осыдан барып «тәжтажалдың» дәл ортасында жанкешті еңбек еткен дәрігерлердің өздері ауырып, құрбан болды. Дәрігерлерге әлі де болса жағдай жасалу керек. Үкімет тарапынан олардың мәртебелерін де, жағдайларын да жақсартуды естен шығармай, тұрақты қолға алу қажет. «Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Дегенмен, халықтың бұл аурудың бар-жоғына, таралуына әлі де мән бермей келе жатқаны алаңдатады.

– Қарадаланың перзенті ретінде туған өңірді түлетуде қандай игілікті істерге мұрындық бола алдыңыз? Халықтың арасында аудан атауын ауыстыру туралы ұсыныс-тілектер жиі көтеріледі. Көзқарасыңыз қандай?

– Қарадаланың бел баласы, перзенті екендігімді жасырмаймын. Мақтан етемін де. Аудан көлеміндегі «мынандай жұмыстарды мен атқардым, мен басқардым» деп өзімді ерекше атаудан аулақпын. Ол менің азаматтығыма сын.

Мен туып-өскен Сүмбе, «Жаңасай» ауылында біздің үйге іргелес, жақын жерде сегіз жылдық мектеп бар. Бұдан бірнеше жыл бұрын сол жердегі ауыл азаматтары бас қосып, сол мектептің ауласына Ұлы Отан соғысына аттанғандардан оралмағандар мен тірі қайтқандарға арнап аты-жөнін жаздырып, мәрмәр тастан биік кесене орнатылды. Айналасы абаттандырылып, қарағай, шыршалар, гүлзарлар отырғызылды. Құран бағышталып, ас берілді. Соның ашылуына мынадай өлең арнаған едім:

Бірлігі бар ел жасайды елдігін,

Ұлықтаған әкелердің ерлігін.

Аспантаудың етегінде еске алып,

Ауылымда күңіренді жер бүгін.

 

Құлақ салшы! Тас бетінде мұң-зарға,

Асыл арман, сағыныш та бар мұнда.

Алтын әріп есімдерің жүректе,

Сақталады, жалғасады жылдарға.

 

Дана кемпір, кәрі шалдар сондағы,

Үзбей үміт, армандарын жалғады.

Оралмады маңдайдағы жалғыз ұл,

Таяқ ұстар немере де қалмады.

 

Бірі келді шолақ аяқ кем басып,

Жас келіншек кете барды қолдасып.

Тосты бірі сөндірмей от-ошағын,

Зарлы әуені таңмен жатты жалғасып.

 

Жүрсе-дағы кеудесіне шер толып,

Ұрпақтарың шықты бүгін ер болып.

Есімдерің өшпесін деп мәңгілік,

Кітап жазып, тас та қойды ел болып.

 

Ғұмырларың жалғасады ғасырлар,

Дарқан жүрек, өр мінезді жасың бар.

Алла өзің ел тілегін қабыл ет!

Болсын жарық жатқан жерің, асылдар! – деп аяқталады.

– Бұл жыр жолдарынан ақындықтың «ауылынан» да алыс еместігіңізді түйсіндім, аға.

– Иә, ара-тұра ақ қағазға осындай жыр маржаны жазылып қалатыны рас.

– Сонымен, әлгі игілікті істерге қайта оралсаңыз.

– Албан елінде Шоған абыз атында ру бар. Ол абыз атамыздың кім екендігін бұл жерде айтып жатудың еш қажеті жоқ шығар. Әйгілі жер жаннаты «Шоғансай» сол бабамыздың ата қонысы. Ұрпақтары жиылып, алдыңғы жылы Қайнар ауылындағы кесенесін қайта жаңарту, жабдықтау жұмыстарына атсалыстық.

Бұдан басқа да ауданда атқарылатын іс-шаралардан шет қалған емеспін.

Ал аудан атын ауыстыру мәселесіне келер болсақ, республика көлемінде «Рухани жаңғыру» идеясымен жүргізіліп жатқан шараларды бүкіл халық көріп отыр. Жасап та жатыр. Бабаларымыз елін, жерін найзаның ұшы, білектің күшімен қорғады. Ендеше, осы жер-суларымызды бабалар есімімен атап, естен шығармау абзал.

– Емдеу саласында жүрсеңіз де қолыңыздан қаламыңыз түспегені хақ. Жоғарыда атап өткеніңіздей, «Жерім майса, суым бал», «Ой еңбегі зор еңбек», «Аманат», «Ұрпаққа хат», «Қызым, саған айтам...» деген бірнеше танымдық, тағылымдық маңызға ие кітаптарыңыз бар. Соның бірін қызға қарата атауыңыздың сыры неде?

– Кітап жазу, ол меніңше, өз атын шығару емес немесе шешендікке салынып, көрініп қалу деп ойламаймын. Өз басым әзіл-қалжыңға жақын адаммын. Өзімнің, замандастарымның айтқандарын қағаз бетіне түсіріп, елдің көңілін бір сәтке болса да селт еткізер дүние қалдырғым келеді. Қазіргі жастарға да жетіспей жататыны осы тұстар. Қалжың-әзілді қазақ халқындағы жақсы дәстүрлердің бірі деп білемін. Мұны естіп, сезіне білмеген жастар әзілді жүректеріне ине сұққандай қабылдап, шекісіп немесе бірімен-бірі көріспей кететіндер көп. Жастар сөз төркінін түсінсе екен деген оймен жазамын.

Бірде көрші әйел сыртқы есікті аша салып, басын есіктен сұға сала: "Үйде кім бар?" – дейді амандық-саулық жоқ. "Үйде үш шөже, бір мекиен, ақсақ қораз бар", – дедім қырсығым қысып. Сол-ақ екен, көршім «көтек» деді де есікті тарс жауып, зытып ала жөнелді. Менің «үш қызым, бір әйелім, өзім бармын» дегенім ғой.

Қазақшаны жаңа үйреніп жүрген келіннің енесіне: «Как бас?» - деп ренжітіп алуын алыңыз. «Басыңыз қалай болды?» дегені ғой. "Ұрпаққа хат" кітабымда осы сияқты әзіл-қалжың әңгімелер жетерлік.

«Қызым, саған айтам» атты кітап, тоқ етерін айтқанда, қазіргі жаһандану кезіндегі қазақ қыз-келіншектерінің жүріс-тұрысына арналған. Қазақы салт-дәстүрді сақтамауы, талғамсыз үйлене сап, көп ұзамай ажырасып жатуы, басқа ұлтпен тұрмыс құруы қатты алаңдатады. Біздің қаракөз қыздарымыздың қай ұлттың санын көбейтіп, жыртысын жыртып жүргендері саналарына кіріп те шықпайды. Осы тақылеттес, басқа да отбасылық өткір проблемалар жайында ой қозғаған едім.

– Сіздің сыршыл шығармашылығыңыздан әуелеген ән де туып, тыңдарман жүрегін тербетуде. Әсіресе, Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Арулар», «Аңса, жаным» әндеріңізді жұрт жатқа біледі десек асыра айтқандық емес. Композиторлық өнерді өрістетуіңіздің өзіндік сыры бар болар. Тағы қандай әндер жазып жүрсіз?

– Жастайымнан әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнап, ән салып, әзіл-қалжыңдарды айта білгеннен кейін, ауылдағы барлық кештер мен тойларды тізгіндеп, асабалық қырымнан танылған болатынмын. Көп жағдайларда жаныңа жақын, сезім пернелерін дөп басып, жаныңды тербеп тұратын ақындардың өлеңдерінің өн бойынан сазды әуен төгілтіп тұрғандай көрінеді. Мұзбалақ ақын Мұқағали ағамыздың өлеңдерінің барлығы дерлік әуезді әнге сұранып тұр емес пе?! «Аңса, жаным», «Арулар» атты өлеңдеріне жазылған әндер осындай әсерден туған еді. Сонымен қатар, ауылдағы орта мектепті бітіргенімізге 50 жыл толуына орайғы кездесуімізге арнап «Сүмбені сағыну» атты ән шығарғанмын. Бұл күнде ауыл жастарының «әнұранына» айналып кеткендей, мақтаныш сезіммен шырқайды екен. Кей сәттері «Шалқар» радиосынан да беріліп жүр. Достарды еске алып «Сағыныш», немерелеріме арнап «Аташым» деген әндерім жазылды. Бұл күнде ән жазумен арнайы айналысып жүрген жоқпын. Сәті келсе жазыла жатар.

– Жалпы, Жетісу өңірінен шыққан ақын-жазушылардың тілекшісі әрі ел ағасы ретінде шығармашылық кештерден қалмай, ақ батаңызды беріп жүретініңіз тағы бар. Жас буыннан кімдер үміт күттіреді? Ең ұнамды батаңызды бере кетсеңіз.

– Рас айтасыз. Қазіргі таңда өсіп келе жатқан ақын-жазушылардың шығармаларын шама келгенше қалт жібермей оқып шығуға тырысамын. Бүгінде поэзия, проза жанрында құлашын кеңге жайып, өсіп келе жатқан жастар баршылық. Соған тәубе дейміз. Барлығынан зор үміт күтеміз. Көп ізденіп, туған ел мен жердің, заманның сөзін жырласа екен демекпін. «Аяқасты тура жолдан тайып кетпесе екен» деп тілейміз. Ондай жағдайлар өмірде болған. Олардың атын айтып, түсін түстеу болмас бұл жерде.

Қазіргі жалындап, өсіп келе жатқан жас ақындарды бірінен-бірін бөле жарып айту да мен үшін қиынның қиыны. Дегенмен, Жанарбек Әшімжан, Мақпал Мыса, Бақыт Беделхан, Жарас Сәрсек, Алмат Исәділ, басқа да жастардың аттарын айрықша атау абзал. Ендігі жерде барлық жас ақын-жазушыларға:

"Ұлдарың өсіп әулетті,

Қыздарың болсын сәулетті.

Несібең артып жырыңмен,

Отбасың болсын дәулетті!

Қаламың мұқалмасын,

Жазғаның жұқармасын!» - деп өз батамды берейін.

– Әлеуметтік желіден көптеген қанатты сөздеріңізді де көзім шалып, кейбірін түртіп қоюшы едім. Қым-қуыт өмірден тобықтай түйгеніңіз болар, біразын айта кетсеңіз.

– "Сөзден тәтті нәрсе жоқ, сөзден ащы нәрсе жоқ". "Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет." "Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, Ақылдыға айт". "Кімге, қай жерде, қалай сөйлейтініңді біл". "Үндемейді екен деп, аузыңа келгенін айтып, адамды басына беруге болмайды". "Біле білсең, үндемеу – сыйластықтың белгісі". "Досыңа сырыңды айтудан бұрын жақсылап үш рет ойлан". "Алғашқы танысқан адамыңмен ықыласпен қоштасуға дағдылан, Ол сені үнемі қуана еске алады", - деп жазып топтап, түртіп қоятыным бар.

– Атақты сексен, келдің бе,

Алайын деп сырымды.

Сезікті сексен, келдің бе,

Табайын деп мінімді.

Биыл келдім, сексенге,

Тай үйретем тепсеңге.

Екі Кенен тумайды,

Алатауға ексең де, – деген екен Кенен атамыз. Сіз де сексеннің сеңгіріне қадам басып отырсыз. Көп жасаудың, жақсы қартаюдың адам баласы үшін алғышарты бола ма? Денсаулығыңызға қаншалықты мән бересіз, аға?

– Кейде адамдар арасында «өздері дәрігер бола тұра сондай да бола ма? Өзін емдей алмаса несіне дәрігер?» деген сипаттағы әзіл-шыны аралас сындарын айтып жатады. Әзіл де болса шындық қой.

Дәрігерлер де ет пен сүйектен жаралған жандар. Барлық жер бетіндегі пенделер сияқты олар да ғұмыр кешеді. Мен де солардың қатарындамын. Алланың маған берген барлық сынақтарын да, шапағаттарын да бір кісідей кешіп келе жатқан жайым бар. Халықтың алғыс, рақметін көп қабылдайтын да медицина саласының мамандары болса керек деп ойлаймын. Онда да ауру-сырқауға соған лайықты іс-шара атқаруы керек.

Жарты ғасырлық еңбегім осы салада өтті. Сонда алдымнан өткен адамдардың кейбір шапағаттары мені-дағы айналып өтпеген шығар деп ойлаймын. Аллаға шүкір, осы жасқа келгеніме тәубешілік етемін. Денсаулықтан артық бақыт та, байлық та жоқ екендігі текке айтылмаса керек. Жасыратыны жоқ, бар ғұмырым «жұмыс, жұмыс» деп жүріп, денсаулыққа аса мән бермеген екенмін. Жас келгенде оны сезіне бастадым.

Жақсы қартаюдың ең бірінші алғышарты ол – жүйкеңді тоздырмау! Адам ағзасының барлығын реттеп, оған «бұйрық» беріп отыратын да, бақылайтын да осы жүйке. Қысқасы, осыған салмақ түсірмейтін, барлық шараларды жасап, қадағалап, ұстамды болу аса маңызды.

– «Жетісу» газетінің оқырмандарына қандай тілек арнайтын едіңіз?

– Адам – қоғамның басты байлығы. Оның денінің саулығы – ұрпақ саулығы. Оған бейжай қарауға болмайды. Жүз жылдан асқан тарихы бар, көнекөз басылымның рухани бай оқырмандарының денсаулығы мықты, айналасы аман, төрт құбыласы түгел болып, жаңа табыстарға, толайғай жетістіктерге жетуіне жүрекжарды тілектестігімді білдіремін.

– Әумин! Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан - Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы қаласы