ЕСЕНҚҰЛСЫЗ ӨТКЕН ЖЕТІ ЖЫЛ: АҚЫН, ЖУРНАЛИСТ ЖҰМАТАЙ ӘМІРЕНІҢ ЕСТЕЛІГІ

Уақыты: 14.02.2021
Оқылды: 1420
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Есағаңды осыдан тура отыз жыл бұрын көрдім. Жыр алыбы Жамбыл бабамның 145 жылдық мерейтойына арналған облыстық оқушылар айтысында қазылар алқасының құрамында болды. Ауыздығымен алысқан тұлпардай жер тарпып тұрмасақ та, әр ауданның үкілеп әкелген жас ақындары жыр Жәкем мәңгілік бесік еткен Жамбыл ауылын бір күн дүбірге толтырдық.

Атбегілік көзбен қарағанда аламаннан гөрі тай жарысқа ұқсайтын айтыста қою шаңның арасында қалып қоймай, бірінші орын иеленіп, Жамбыл атындағы жүлде ретінде Грамота мен электронды қолсағат алдым.

Ой-хой, ол кезде мұндай жүлде алу – бүгінгі таңдағы көлік мінумен пара-пар болатын. Аронұлы атындағы Бас жүлдені Сүйінбай мен Жамбылдың жырларынан бала кезден нәр алған, сол топырақта жаралған, бүгінде қазақтың жыршылық өнерінің төл перзенті, ақын-жыршы Ақан Әбдуәлиевтің қанжығасына байлады.

Оразәлі марқұмның да атағы аспандап тұрған кез. Кім білсін, жаңа есім шығарғысы келді ме, финалға Ақанмен айтысу менің маңдайыма бұйырыпты. Өзімді жарнамалап кеткендей болсам, айып етпеңіздер. Есағаңды алғаш көрген сәтімнен толық ақпарат бергім келгені ғой. Айтыс соңында сахнаға көтерілген Есағаң арқамнан қағып, бауырына басып, маңдайымнан сипады. Сол алақанның жылуы жан дүниемде әлі күнге сезіліп тұрады. Әрине, Есағаңды еске алған сәттерде.

Сол жылдың жазында екінші рет көрдім. Құжаттағы туған күні бойынша Мұқағали ағамнан бір күн кеш туған ақынмен қасиетті Қарасаздың төрінде жүздестім. Он алтыдағы бозбала шағым. Айтыс деген аламанның дүбірі естілген жерге елеңдеп бара қалатын кезіміз. Қарасудың бойындағы қарапайым ауылда ақиық ақынның музейі ашылды. Дәл бүгінгі қара өлеңнің қара шаңырағына айналған музейдің ғимараты сол мерейтойдың құрметіне тұрғызылып еді. Республикалық ақындар айтысы. Жас та болсақ, біразын өзіміз де танып қалғанбыз. Есағам талдықорғандық Шәкура Әбеуова апайымызбен айтысты.

Есіл Есағам айтыстың көркін қыздырып, ажарын ашып тастаушы еді ғой. Түрлі ойнақы әуендерге салып, өзіне ғана жарасатын әдемі күлкі, әсерлі әзілімен айналасын қыран-топан жасап жататын. Сол жолы халық әнінің әуеніне салып айтысты. «Есігіңнің алдына су төгіп қой қыздар-ай» деген жолдары бар «Қыздар-ай» әнінің әуеніне салды. Қайырмасында:

Әй-әй, ағайын,
Ақ қалпағым басымда,
Ақын жеңгем қасымда.
Өле кетсем арман жоқ,
Отыз жеті жасымда.

Дәл осы қарапайым ғана төрт жолды, басын бұлғаңдатып, жеңгесіне еркелей отырып айтқанда елдің екі езуі екі құлағына жетіп, мәз болып, қошеметін шатырлата соққан шапалағымен білдіріп жатты. Бір қарағанда кімнің «отыз жеті» жасында өле қалғысы келеді дейсіз?! Бұл «жолыңда өлуге бармын» деген ерке қайнының ақын жеңгесіне көрсеткен құрметі еді. Мысалға алатын басқа шумақ таппағандығым емес, ең алғашқы айтысын көргендегі сәттің жадымда сақталып, жүрегімде жатталып қалғандағы әсерімді әлі ұмытпағанымнан айтып отырмын. Содан бастап, Есағаңның Әселхан, Әсия апаларымызбен, Шорабек, Абаш ағаларымызбен, басқа да Есағаңның есімін еліне етене жақын еткен айтыстарына куә болдық.

Ауыл алыс, жер шалғай болып, жиі араласып кетпесек те, өмірінің соңғы он жылында Талдықорғанда өтетін республикалық оқушы ақындар арасындағы айтыста қазылар алқасының төрағалығына келген сәттерінде бір апта армансыз әңгімесі мен өлеңіне сусындайтынбыз. «Біздің елдің жігіттері» мен «Алдай-ау» термесін орындап беретінмін. Бұл ән-термелерін Жәкеннен де, Досымжаннан да, басқа да өнерпаздардан тыңдап жүрсе де алғаш естіп отырғандай беймәлім мұңға оранып кететін. Бәлкім, «Біздің елдің жігіттерінің» басты кейіпкері Қаныбек бауырының ұлтын сүйген жүрегі мен бабаларынан қалған батырлық болмысы есіне түсіп кететін шығар. Ал «Алдай-ау» орындалғанда тіптен басқа әлемге еніп кететін. Ән аяқталғанда: «Бұл менің реквиемім ғой» деп терең күрсінетін еді жарықтық.

Туған халқына әуелі айтыс ақыны ретінде танылған Серікбайдың сері перзенті Сүйінбай мен Жамбыл бабаларынан аманат болған айтыс өнерін өз тұғырына қондырды. Сөйтті де, айтыс-тұлпардың ер-тұрманын алып, жүгенін сыпырып, ізінен ерген інілеріне тапсырды да өзі Жамбыл атасы:

Мынау тұрған Абайдың суреті ме,
Ұқсаған өлең-сөздің құдіретіне,
– деп баға берген, шынар басында хакім Абай тұрған мәртебелі поэзияның ауылына ат басын бұрды. Екеуі де құдіретті сөз әлемі болғанымен арнасы бөлек, ағысы басқа екені ақиқат. Бірақ, Есағам аз уақыттың ішінде таңғы шықтай мөлдір шумақтарды, жүрек пернесін дәл басқан махаббат лирикасын, намысымызды оятып, жүрегімізді тулататын жігерлі жырларды лек-легімен жазып үлгерді. Сондай шабыт үстінде:

Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан,
Өмірі өлең – жыр дастан,
Мен де арман жоқ шығар,
– деп армансыз адамдай көрінгенімен жүрек түкпірінде бір кем дүниенің жатқаны да рас. «Айтыс көп уақытымды алып қойды, әттең», – деген күрсініске толы бірауыз сөзінде поэзияға деген ерекше махаббаты жатқаны байқалады. Сол уақыттардың орнын толтыру үшін өмірінің соңғы жылдары бабадан қалған домбырасына айырбастаған қаламын қолынан тастамады.

Мұқаңнан бір күн кеш туған

«Әкем Серікбай шала туған, әлсіз баласына қарап, осы адам бола ма екен деп ойласа керек, куәлік алмапты ғой. Сөйтсе, тырбыңдаған менің өлетін түрім көрінбейді. Сөйтіп, оныншы ақпанда туу туралы куәлік алыпты», – деп күлетін. Және куәлік бұйырған күннің Мұқағалидай алыптың туған күніне іркес-тіркес келгенін мақтан тұтатын.

...Мұқаңнан мені өмірге кеш әкелген,
Ауыл Совет, сен қандай әулиесің?..

Оның өлеңдерінде дәл Мұқаңдай қарапайымдық, қазақылық, тұңғиық бар. Күпінбей, күшенбей жазған. Бояуы көмескіленбейтін, суреті сембейтін туындылар. Шын ақынды жылтыраққа ораудың қажеті жоқ, оның өзі де, жай айтқан сөзі де жыр ғой. Атақ сұрасаңшы? – десе:

– Ау, қазір атақсыз адам бар ма, тауып берші. Маған «Есенқұл ақын» деген атақ болса жетеді, – дейтін.

Өлең, сенің өзіңнен алсам деймін,
Туу жайлы ендігі куәлікті.

Ол Поэзия патшадан бауырына басуды, перзенті болуды осылай сұрады. Оның қолынан куәлік алған саф ақындардың бірі осы Есағаң болар. Есағаңды ешкім ру болып қиқулап, ауылдас болып айғайлап алға сүйреп, ақын еткен жоқ. Құдайдың берген таланты. «Айтыс көп уақытымды алып қойды, әттең», – дейтін. Өзін бауырына тартқан Жұматай қағанды пір тұтатын. Бөстек болғанды, сұр итше сумаңдауды қаламайтын. Алматыға, Астанаға барсаңшы дегендерге:

– Қой, аулақ, егеуқұйрықша бірін-бірі жеп жатқандардың арасында нем бар. Үйім мен миымның нөмірі бірдей болып ауылымда жүре берейін, – деп күлетін.

Осыдан бір мүшел бұрын Ұзынағашта белгілі журналист ағамыз Бақыт Әлімов қайтыс болды. Есағаң тұнжырап тұр екен. Амандастым. Қолымды жібермей ұстап тұрып, сығырая қарады. «Ақын және ит» дедім күліп.

–  Ой, әкең, әй, сен әлгі «Көрұғлыны» айтатын Әбікеннің баласы емессің бе? Өй, сен...  Есенқұл аға күліп жіберді.

– Өй сен... әй, мақаланы да солай жаза ма екен? Қырдың ғой бәрін. Қырылды ғой. Былай жүр, былай...

Аға күлкісін тыя алар емес, қазаға келген елден қысылып, екеуміз бір жүк көліктің тасасына тығылдық. Сонда айтқаны:

– «Жас қазаққа» шыққан мақалама облыс шенеуніктері алашапқын болып, бәрі кезекпен құттықтапты. Әй, әкім дегендерді біреу көтеріп жүретін мешел десем, біз секілді екі аяғы бар екен ғой. Есігімнің алдына кезектесіп өз аяқтарымен келді, – дейді аға. Одан кейін фильм түсірдік... Одан кейін 60 жылдығы құрметіне түсірілетін хабарға шақырды. «Тазқара құстың тағдырын» тарту етті. Дәлізде суретке түстік. Саят Медеуовтің «Тұра тұрыңыздар, Есағаңдар мен есалаңдар суретке түсіп алайық», – дейтіні сол кез. Қарапайым, сөз киесін білетін Саят, Мейрамбек, Жәкен Омаров секілді інілерді жанына жақын ұстайтын. «Мен 60 жылдыққа жинақ шығарамын, әлгі мақаланы маған тез жеткіз. Сосын үйге келсеңші, бір жырғайық», – деді. Келер таңда көз жұмды.

Биыл шын туған күні бойынша 68, куәлік бойынша 67 жылдығы. Байқаймын, Есағаңның өлеңін жатқа соғар буын келе жатыр. Тәубе! «Қоразы жоқ қотыр тауықты» қанағат тұта жүріп, Поэзияның қолынан куәлік алған ақынды ұмытсақ күнә болады.

Серік Әбікенұлы,

«Жетісу» телеарнасының директоры

Ел аузындағы Есағаң айтыпты деген есті естеліктер де есімізден кетпейтіні ақиқат. Соның бірі «Өмір өтті сырғып, ағып» деп келетін, Есенқұл ақынның ерке інісінің бірі Мейрамбек Беспаев орындап жүрген ғажап әнге айналған өлеңнің шығуы туралы айтылып жүрген әңгіме. Естігенімді айтайын, өтірік болса да, әдемі естелік. Көктем келіп, жер көгере бастаған тұста Есағам есік алдына шығып, езуіне шылымын қисайта іліп, күннің шуағына бір көзін сығырайта қарап тұрғанда, өтіп бара жатқан көршісі: «Есаға, көк шыққанға бір қуанып, шөп шыққанға бір қуанып тұрсыз ба?» – деп жай ғана амандасып кете барады. Қарапайым ғана бірауыз сөздің ақын жүрегіне әсер еткені соншалық, езуіндегі шылымын тастай сала үйге кіріп, қаламын қолына алған ақын:

Көк шыққанға бір қуанып,
Шөп шыққанға бір қуанып
Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып,
Қызғалдаққа бір қуанып,
Сарғалдаққа бір қуанып
Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып.

Көк аспаннан бара жатыр, 
Өмірімнің жұлдызы ағып.
Жетем деген арман жолым,
Бара жатыр жол да ұзарып.
Жұлдыз неткен мұңлы жарық, мұңлы жарық
, – деп келетін композитор Бағлан Омаров ғажайып әнге айналдырған ғаламат өлең өмірге келіпті. Ел аузындағы осы әңгіменің қаншалықты шындық екенін «әне сұраймын, міне сұраймын» деп жүргенде есіл ақын өмірден өтті де кетті.

Жалған дүниенің жамалынан көшкеніңізге де жеті жыл болыпты, аға! Есенқұлдай ақынның өмірінің жұлдызы ағып, артына мұңлы жарық қалдырып кеткелі жетінші рет қар басыпты.

СІЗ жақсы көрген, СІЗДІ жақсы көрген иісі қазақпен бірге, туған жері Жетісу жұрты да Есенқұлсыз жеті жылын өткізді. Ал ақынның артында қалған жыр-ғұмырдың ұзақ, жыр-керуеннің ғасырлармен бірге алға жылжи береріне сенім мол.

Жұматай ӘМІРЕ

Алматы облысы