"СЫНЫ МЕН СЫНАҒЫ КӨП": ЖЕРДЕ ТҰРЫП, АСПАНҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ПОЛКОВНИК

Уақыты: 16.02.2021
Оқылды: 1868
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қашанда адамның қадірі мен ел алдындағы беделі Алланың берген бағы, ата-ананың ақыл-тәрбиесі, айналаңдағы әріптес азаматтардың әсерімен жетіліп отырады. Өмірге келіп, ата-ананың асыл қасиетін сіңіріп, әріптестердің қолдауына ие болған адам ел мен жер үшін еңбек етпеуге қақысы жоқ. Ешкім өмірде бәрін біліп тумайды. Өмірдің сынағына шыдағандар ғана шыңына шығады да, төзе алмағандар жолынан адасады. Еңбектің де сан түрі бар. Егер адам өзін жүрегімен сүйіп, ынта-жігерімен қызыққан мамандыққа арнаса, онда белгілі бір нәтижеге жетеді. Біздің кейіпкеріміз Төрехан Бүтіншінов, міне, осындай еңбегі мен адалдығы, ұмтылысы мен табандылығы тең түскен, ішкі істер саласында көпке үлгі болған асыл азаматтың бірі.

Төрехан Темірханұлы сақшы боламын деп туған жоқ. 1963 жылы 14 маусымда Алакөл ауданы, Обуховка ауылында туып, ауыл балалары сияқты қозы-лақ, тайынша-торпақ бағып, асау тайды үйретіп, ауыл баласына тән арманмен ержетті. Жасөспірім кезінде ақын, спортшы, ұшқыш та болғысы келіп, сан жолға талпынып көрді. Бірақ Төрехан өмір бойы ата-анасының: «Елге сыйлы, жұртқа абыройлы болып, адал еңбегіңмен өмір сүр», – деген өсиетін орындау үшін қарапайым, ешкімнің ала жібін аттамайтын адал да абыройлы жолды таңдады.

Төрехан Темірханұлының 1991 жылы Қапал ауданы ІІБ-нің учаскелік инспекторы болғаны оның өмірін күрт өзгертті. Сыны мен сынағы көп осы бір мамандықтың барлық ауыр жүгін отыз жыл бойы арқалау Төреханға жеңіл болған жоқ. Өйткені, жеке адамның тағдыры мен көптің мүддесі талқыға түсетін мамандықты тек білікті де білімді, шебер де мейірімді, төзімді де таза адам ғана тең ұстай алады.

Ол 30 жылдық қызметте атына кір келтіретін бірде-бір қателікке барған жоқ. Қайта түрлі басшылық лауазымды атқара жүріп, қоғамдық тәртіпті күзетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде талмай қызмет етті. Елеулі еңбегімен белсенділік танытып, өз тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарды іскерлікке баулыды. Сондай еңбектің нәтижесінде ел құрметіне бөленді. Бүгінде Төрехан Бүтіншінов Үштөбе желілік полиция бөлімі Талдықорған қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция полковнигі.

Жалпы, Ішкі істер министр­лігінің көліктегі полиция департа­мен­тіне қарасты Үштөбе желілік полиция бөлі­мінің міндет жүгі салмақты. Бөлімнің қызмет көрсету аумағына Ақтоғай теміржол стансысы мен Сарыөзек бекетіне дейін және Тал­ды­қорған – Қарабұлақ – Текелі тармағын қосқанда 500 шақы­рымнан астам теміржол бойы мен Талдықорған қалалық әуежайы кіреді. Негізгі жұмысы 7 ауданның аумағын қамтиды. Олар теміржол көлігімен тасымалданатын жүктің сақталуы мен пойыздардың, ұшақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Заңсыз есірткі бизнесімен күресу де басты міндеттің бірі.

Төрехан басшылық ететін Талдықорған әуежайының желілік полиция бөлімшесінің жұмысы да бір тынбайды. Өйткені, кейінгі жылдары аймағымыздағы туристік жағдайдың өркендеуіне орай әуежай қызметіне деген сұраныс арта түсті. Облыстағы туристік маусым қызған шақта Талдықорған әуежайынан Нұр-Сұл­тан, Алматы қала­ларына тікелей қаты­найтын әуе кемесінен бөлек, Алакөл жағалауындағы Үшарал қала­сының әуежайына бет алған жолаушылар ұшағы Жетісу аспанынан күнара қалықтап өтеді. Осы жолаушылардың қауіп­сіздігін қамта­масыз ету – полковник Төрехан Бүтін­шінов басқаратын желілік полиция бөлімшесінің тікелей міндеті.

Қазіргі таңда асығыс жұмысын аспанмен ұшып барып бітіретіндердің қатары көбеюде. Төрехан Темірханұлы тоқырау жылдары Талдықорған әуежайының есіктері құлпыланып, жұмысы тоқтағаннан бүгінгі түрленген кезіне дейін табан аудармай қызмет етті. Бүгінде сол бөлімшені шып-шырғасын шығармай басқарып отыр. Жұмыс тәртібіне бағынған желілік полиция бөлімінің қызметкерлері мүлтіксіз қызмет етуде. Қазір бөлімше Төреханның бастамасымен «Құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидатын басшылыққа ала отырып, азаматтардың құқықтық мәде­ниетін көтеруге күш салып отыр. Бұл – полицияның қылмыстың алдын алу, оны­мен күресу жұмысын жетілдіріп қана қой­май, қоғамды ізгілендіруге бастайды.

Әрине, әуежай қызметін қолданатындардың қатары артқан сайын түрлі келеңсіздіктің де туындап жататыны анық. Алайда әуежай табалдырығынан аттаған әрбір қонақтың ыңғайына қарай сапалы қызмет көрсету – мұндағы қызметкерлердің басты талабы. Десе де, осыған дейін Талдықорған әуежайынан жан-жаққа ұшып жататын жолаушылар мен еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, шетелден ұшып келетін қонақтардан бөлімше атына бірде-бір шағым түскен жоқ. Қайта әрбір жолаушының Төрехан Темірханұлының ізгі қасиеті, адалдығы, тазалығы, кішіпейілділігі, елпектігі жайлы мақтау сөзді жиі естиміз. «Халық – әділ таразы» дегендей, осының өзінен Төреханның барлық бітім-болмысын түсінуге болады. Жалпы, Төрехан халықтың қауіпсіздігін қорғау үшін туған және өзі армандаған жұмысты таңдай білген талғампаз азамат.

Жұртқа қалаулы азамат отбасында да өнегелі әке. Зайыбы Қарашаш екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсірді. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, тұңғышы Әділет әке жолын қуып, Талдықорған жол-патрульдік полициясында қызмет атқарады. Ол да әкесінен көрген өнегесін жұмыс барысында адалдықпен қолдана білгендіктен жұрттың көңілінен шығып жүр. Екінші ұлы Жарылқат пен қызы Нұрай студент. Ал немересі Зере атасының жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өсіп келеді.

Өз өмірін адалдықпен өрген Төреханның болашағы да осылай өнегелі істермен сабақтасуда.

Аманғазы ҚЫДЫРБАЕВ,

Үштөбе стансысы ЖПБ бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі

Алматы облысы