ҚОШ, НҰРТІЛЕУ! БҮГІН - ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ ҮШІН ҚАРАЛЫ КҮН

Уақыты: 17.02.2021
Оқылды: 1198
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бүгін - қазақ журналистикасы үшін қаралы күн. Таңертең тараған қаралы хабар бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Қазақ телевизиясында жарты ғасырға жуық қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті "Qazaqstan" телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Діңгек ауылында туған. Үйдегі 14 баланың кенжесі. Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман, «Қазақстан» телеарнасы» АҚ басқарма төрағасы, кеңесшісі секілді лауазымды қызметтер атқарған.

Нұртілеу Иманғалиұлы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР Мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ ұлттық өнер академиясының Құрметті профессоры, Ақсу ауданының Құрметті азаматы атақтарын алған. Оның «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды. 

"Жетісу" газетінің ұжымы қайталанбас тұлғаның отбасына, туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"