АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КЕНЖЕҚЫЗ ЕСІМДІ 21 БАЛАНЫҢ АНАСЫ ТҰРАДЫ

Уақыты: 08.03.2021
Оқылды: 1236
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әр адамның тағдыр тақтасына түскен таңба әртүрлі. Маңдайға жазылған жазмышына қарай тірліктен татар дәм де әрқилы. Біз сөз еткелі отырған абыз ананың жүріп өткен соқпағы бар қазаққа үлгі, шолпан жұлдыз секілді жол сілтер бағыт. Кенжеқыз Нарымбайқызы 85 жылдық ғұмырында әйел тұрмақ еркектердің өзі сынып кетер қиындықтарды еңсеріп, 21 баланың анасы атанды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Қалайша жиырма бір бала?»  деген сұрақ туындары ақиқат. Екі шаңырақтың түтінін түзу ұшырған апамыздың бірінші күйеуі Құмарбек жол апатынан қаза тауып, алты баламен қалады. Ол кездегі тұрмыстың тауқыметі шаш етектен. Бір баланы жетектеп, бір баланы құндақтап жүріп, әйтеуір аш қалдырмады, суыққа тоңдырмады. Сөйтіп жүргенде өмірі басқа арнаға бұрылып Қыдырбай деген азаматпен бас қосады. Ол кісінің де жары қайтыс болып, он екі баламен қалған екен. Екі жарты бүтінделіп, үлкен шаңырақ көтерді. Ортамызда дәнекер болсын деп Қыдырбайдың тұңғыш ұлы Жанқыдырдың баласын шаранасынан шайқап бауырына басады. Алланың құдіретімен бауырға басқан батырдың соңынан екі қыз еріп, отбасының бақыты еселене түседі. Мінекей, 21 баланың анасына осылай айналған.

Енді мына қызыққа қараңыз! Кенжеқыз апамыздың өзі 21-ші болып өмірге келген. Бағила анасы он бір құрсақ көтеріп, соның онында егіз сүйген. Өкінішке қарай, соның барлығы бірінен кейін бірі қайтыс болып, екі ұл және өзі тірі қалады. Екі бауыры Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, қайта оралмайды. 5-6 жасында анасы дүниеден озған соң бірер жылдан кейін әкесі жас әйелге үйленеді. Білім алатын кезінде өзінен кейінгі бауырларын бағып, дұрыс оқи да алмайды. Көп ұзамай әкесі де о дүниеге аттанады. Ол кезде небәрі 13 жаста еді. Соғыстан кейінгі сүреңсіз жылдар, ата-анасынан ерте айырылған Кенжеқыз топыраққа әріп жазып, ұсақ тастарды санап жүріп-ақ сауатын ашқан екен.

Бақытқа жету жолында төгілген көз жасы мен маңдай тері өлшеусіз. Шыдам мен төзім, сабыр мен қажыр-қайрат, иман мен иба ғана қандай қиындықтан болса да алып шығады. Бүгінде Кенжеқыз Нарымбайқызы 21 баладан 60-қа жуық немере, 60-тан астам шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған бақытты жан. Кенжеқыз апа Панфилов ауданының Ақжазық ауылында дүние есігін ашқан. Өмір бойы Кербұлақ ауданының Басши ауылында атакәсіпті жалғап, жайлауда қой баққан. 2003 жылдан бері Талдықорған қаласында.

Қасиеті: ешкімді ренжітпейді, ешкімге ренжімейді.
Өсиеті: «Ардың жібін аттама».
Келін мен қызға айтар ақылы: «Еріңді сыйла! Үш жұртыңды құрметте! Үлкенді ренжітпе!»
Ұл мен күйеубалаға айтары: «Жаныңдағы  жарыңды бағала!»

Абыз ананың ақ батасын алу үшін әріптесіміз, журналист Ақбөпе Жиенқұлованың үйіне бас сұқтық. Барған бойда маңдайымыздан сүйіп, туған балалары келгендей қуана қарсы алды. Сөйтіп, ғұмырнамасын өз аузынан есту бақыты бұйырды. Алайда сүйегі асыл жан Құдайға тәубесін айтып, бірде-бір қиындығы туралы тіс жармады. Керісінше, өмірдің көлеңкелі тұсын жасырып, тек күнгейін әңгімеледі.

– Құдайдың берген жақсылығын көріп жатырмыз. Құдайға тәубе! Қазір заман жақсы. Алла  тағала көпке, халыққа амандық берсін. Үбірлі-шүбірлі болып, біз құсап қартайып, шапқылып жүріңдер. «Жамандық көрсең жасыма, жақсылық көрсең тасыма» деген ұстаныммен осы күнге аман-есен жетіп отырған жайым бар. Ұл-қызды өсіріп, жеткіздік. «Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ» дегенді қалай тауып айтқан?! Балаларым әр жақта өніп, өсіп жатыр. Күні-түні солардың амандығын тілеп отырамын. Алты қырдың арғы жағында жүрген астанадағы Дәулетхан балама Алла абырой, жақсылық берсін, – деген абыз ананың тек бір ғана баласын атағанына таңырқай қарадық. Сөйтсек, шаранасынан шайқап баққан баласы, есімі елге танымал осы Дәулетхан Жиенқұлов болып шықты. Қаламы қарымды журналист бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары қызметінде еңбек етіп жүр.

Қазақы салтты арқау етпей, кенже ұлымен емес, қызы Ақбөпемен тұрып жатқан жайы бізді қызықтырды. Оның да көңілге қонымды сыры мен себебі былай өрбиді.

– Ақбөпемді көтерерден бірнеше ай бұрын түс көріппін. Түсімде әппақ шілтер орамал салып, әдемі болып отырмын. Содан кейін түсімді ешкімге айтпай тек әкесіне баяндап едім, ол кісі: «Сен бала көтересің. Сенің тағдырың сол балада болады екен. Қыз табасың», – деп жорды. Жорыған түсі тұп-тура келді. Осы қызыммен бірге тұрып, Құдайдың берген күш-қуатымен өмір сүріп жатырмын, – деді.

Байқағанымыздай басқа балаларының үйіне барса, ұзақ тұрақтай алмай, осы шаңыраққа қайтуға асығады екен. Басқалары қалжыңға сүйеп: «Сіздің балаңыз біз емес, сол Ақбөпе ғой, сіз соны ғана тапқансыз», – дейтін көрінеді. «Ол үшін апаның түсіне сіздер де кірулеріңіз керек еді», – деп күлісіп алдық.

Аз үнсіздіктен соң жайлауда өткен қызықтарды бірінен кейін бірін баяндады. Жиырма бір баланың ас-суын әзірлеп, киім-кешегін жуу оңай шаруа емес. Бір күнін кір жууға арнаса, келесі күнін таба нан пісіруге жұмсайды. Бір жапқанда жиырмадан астам нан дайындайды екен. Тазалықты жаны сүйетін абыз ана ыдыс-аяғын жалтыратып, тап-тұйнақтай ұстаған. «Ол кезде қазіргідей ыдыс жуатын сабын жоқ. Барлық ыдысты күлмен тазартамын», – деп еске алды апа.

Қыстау мен жайлау арасында көшіп жүрсе де бір кесесінің шеті ұшып көрмеген. Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, барлық ұл-қызын әкелерінің қабағына қаратып өсіреді. Отағасы дастарқанға келіп бата бермей бірде-бірі түйір нанды жемей күтіп отырады. Екі киіз үй тігіп, күні бойы бірге жүріп, тек жатар уақытта ғана екіге бөлінеді. Келімді-кетімді кісі көп болған соң самаурынның түтіні күні бойы будақтап тұрады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, балалары да өсе келе ата-анасына көмектесіп, бір жақтарына шығысты. Қажыр-қайраттарын аямай еңбектенгендерінің арқасында үздік шопан атанады. Есеп пен жазу-сызуына қарап көпшілік оқымаған деген ойдан аулақ болатын.

– Оқымасақ та оқығандардай сый көрдік. Бала кезімде қатты білім алғым келді. Бір сынып болса да оқысам арманым болмас еді. Бір сынып болмаса да «бір ай оқысам екен» деген арманмен күн кештім. Қазір, шүкір, бәрі бар. Өзіміз оқымасақ, бала-шағамызды оқытып, тоқыттық, – дейді әдемі қартайған апа.

Кетерімізде тағы да маңдайымыздан сүйіп, қолымызды жайғызып бата берді. «Апа, тоқсан, жүз жасыңызды жазу үшін тағы да келейік», – деген тілекпен қош айтыстық.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы