Рамазан -сыр

Уақыты: 12.06.2017
Оқылды: 1513
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әнін елі тыңдаған Рамазанның қазақ әнінің бүгіні мен ертеңі туралы ой-толғамдары бәрімізді ортақ ойласуға шақырғандай
– Ән өнері жайлы жоғарыда салмақты ой тастадың-ау, Рамазан. Соны ел болып құлаққа ілсек қандай ғанибет?!
– Айтқан әнімнен де бағалы сырым осы, аға!
– Жарайды, жарайды... Жаңа ғана сен Абайға жүгіндің ғой. Сөз өнерінің аласармас Алатауының өз әндері де, ақындар атасының сөздерінен жан дүниелері еріксіз тербелген сазгерлердің әндері де баршылық. Сенің орындауыңда солардың біразын естідім. Есіңде ме, бір кездескенде: «Рамазан, мына әндер де, оларды сенің орындауың да ғажап екен. Абай әндерінен жеке бір концерт берсеңші!» – дегенім? Жалпы, Абай әндеріне қалай келдің? Не құдірет сені Абай әлеміне жетелеп апарған?
– Сөз құдіреті, ән құдіреті, аға! Абай әндерін бала кезімізде ауылдағы қара табақ радиодан еститінбіз. Мектепте оқығанда да Абай ғұламаға онша орала бермеппіз. Оқу бітіріп, Алматыдағы студияға келдім. Қайрат ағаның сабағынан шыға сала Жәнібек ағаның сабағына жүгіреміз. Екеуінен де ештеңе қалдырмай тыңдағымыз келеді. Бір күні Жәнібек аға бәрімізден «Абай жолы» романы жайлы сұрап қалды. Отырған балалардың бәрі жерге қараймыз. Романды талдап айтып беретін бір бала табылмады. Жәкеңнің өзі шығарманың тереңіне түсіп айта бастады. Сол романдағы Ерболдың тұқымы екенін де айта кетті. Бұл әңгіме бірнеше сабақ бойы жалғасты. Онымен қоймай, Абай әндерін орындап, санамызды шайдай ашты. Абай ата жайлы мектепте оқығанымыз жайына қалды. Жәнібек аға бізге Абайды қайтадан, жаңаша ашты. Абай өлеңдерін оқуды, әнін тыңдауды қайта қолға алдық. Солай-солай жақындай бердік Абай әндеріне... Сыдық Мұхамеджанов, Әбілахат Есбаев ағалар жазған әндерді іздеп тауып, қайта тыңдадым. Кейіннен Тұрсынжан Шапай аға «Абайды сағыну» атты циклмен тамаша әндер жазды. Соның жетеуін орындап, таспаға жаздырдым. Абай ата өлеңіне жазылған С. Мұхамеджанов пен Ә. Есбаев әндерінде де, бүгінгі Т. Шапай әндерінде де осал тұс жоқ. Өміршең, кез келген әншінің тыңғылықты даярлықпен барып қана орындайтын өресі биік әндер. Көбіміздің Абай әндерін орындауға бара бермейтініміз – ғұлама ойшылды терең білмегендіктен. Абай атамыздың сөзіне жазылған жалаң ән жоқ. Абай әндерін қара өлең секілді сөзін ауыстырып айта алмайсың – буыны келмейді. Демек, ол кісі өз заманынан, өз кезеңінен, өз өмірінен алған өлеңдерінің әр жолын, әр шумағын болашаққа аттандырған ат арбаға шегемен шегелеп тастаған!
...Алақандай шелпек табақты компьютер көмейіне тағы тоғыттым. Жайлы, мұңлы, жұмсақ саз жан-жағымды қоршап, ауа орнына тәтті мелодия жұта бастадым. Дереу оған Рамазанның дауысы қосылды:
Ғашықтық құмарлықпен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп 
             ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол!
Ғажап! Абайдың сабыры, Абайдың салмағы, Абайдың талғамы, Абайдың толғауы! Саз бен сөз! Екеуі мың градус ыстыққа ұсталған ерітінділердей жымдасып, тұтасып, ұлы ғаламға қанат қақты да кетті. Мені де ала кетті... Шумақтың соңғы екі жолын даусына жаңағыдан да қою ынтазарлық қосып қайталады Рамазан:
...Сенен артық жан жоқ деп 
                     ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, 
            сен аман бол!
Қайран, Рамазан! Жоқ, қайран, Абай! Шіркін, Тұрсынжан! Айналайын, Рамазан! Абай атамыздың өзі Тұрсынжан жазған ән арқылы Рамазанға «менің сырымды, мұңымды, махаббат мұңын қазаққа осылай жеткіз!» деп батасын беріп тұрғандай, шарасыз толғанасың, ән әсерінен жан дүниең астан-кестең болады... Рамазан болса Абай ата өсиетіне берік әнші, келесі шумақты бұрынғыдан да ынталы жүрекпен жалындата жырлайды:
Көңілімнің рақаты сен болған соң,..
Жасырынбан нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!
Ән басталарда ұшып шыққан алғашқы саз-дыбыс домбыра шанағына ентігін басып қайта оралды. Айтарын айтқан Абай атам да сабырына оралып, шапанына қымтана оранып, орнына отырды. Рамазан ғана аттан түспейді. «Ғашықтық құмарлықпен ол екі жолды» оқымаған, тыңдамаған ұрпақ қаншама қазақта?! Жаңа ғана әндерімді соларға жеткіз деп Абай атасы ишарат жасағандай, Рамазан келесі ауылға аттануға дайын тұр.
– Абай әндерін қазақтың қабылдауы қандай, Рамазан?
– Үлкендер жағы ұйып тыңдап қалады. Ағалардың аузы аңқаяды, жеңгелер жанарларына жас үйіреді. Концертке әжелер келсе, жаулықтары көздерінен кетпейді. Шалдар сол отырған жерлерінде шегеленеді де қалады... Абай ғаламат қой, аға! Тұтас ұлтты қара сөзбен үшінші ғасыр бойы тапжылтпай тәрбиелеп отыру деген құдірет емей немене?! ...Жастар жағы толғандырады. Ілуде біреуі болмаса Абай әндеріне балқыған балғын жүректі көру арман-ақ боп жүр.
– Жарайды, Рамазан! Өкініштен өртене бермейік. Абай атамыздың өлеңдеріндегі өкінішінің өзі тұтас қазақты әлі күнге аһ ұрғызып отырған жоқ па. Бала өсіріп, немере бағып отырмыз ғой, олқылықтың орнын Абай өсиеттерін соларға сіңіріп толтырайық. Қазақтың әнші келіні Ұлту екеуің де немере иіскеген шығарсыңдар? Пау, шіркін, 25-тің сол бір жалынды кезеңінде қандай әндерді айтып тұсадың екен сұлуыңды?! Ұлтужанды өнер адамы ретінде аса жоғары бағалаймын. Шаңырақтарыңдағы ұл-қыздарың, немерелерің арасынан «Орындарыңды бізге беріңдер!» деп тұрғандар жоқ па, өзі?
– Сәнге емес сезімге түсіп атын, қалыңсыз қызын беретін заман еді ғой ол кез, аға! Әнмен жолдаған сәлеміме әнмен жауап берген осы келініңізге құрығымды құлаштап-ақ лақтырдым, аға! Бала-шағалы болған кезде мен сол өнер сапарынан босамадым. Ұлту балаларды өсіріп, арасында оқуын оқып, әнін балаларына айтып, бәріне шыдады. Аналарымыз айтқан өсиетке адал болды, қазақтың дәстүрлі қара жолынан бұрылған емес. Сахнаға шығуды кеш бастады. Бүгін балалар өсті, ел аралап бірге жүрміз, аға!
– Стамғазиевтер, Стамғазиевалар...
– Балам Олжас та, қызым Перизат та өнерден құралақан емес. Екеуі де домбыра тартып, өлең айтады. Бірақ өнер жолын қумады. Неге деп бір сәт өзімнен өзім де сұраймын. Білесіз бе, аға, олар көздерін тырнап ашқалы «өнер адамдарының» шын өмірін түбінен көрді: басымызда үй жоқ, пәтер жалдап, кісі есігінде көп жүрдік. Аядай бір бөлмеде тұрамыз, өнер адамдары жиі бас қосамыз ғой, қонақ келсе тездетіп сабағын оқытып, көршілердің біріне апарып тастаймыз. Ән айтылып, күй тартылады, оларға ұйқы бермейміз. Таңертең мектебіне барады. Көбінесе апарған үйлерімізде ұйықтап қалатын. Осыны – бірде бар, бірде жоқ дүниенің бәрін көрді бізбен бірге. «Ата-анам басынан кешкен әртістің өмірі осы болса, рахмет!» деп өнер жолын қумады ма деп те ойлаймын. Қазіргі алған мамандықтары жаман емес, немерелер өсіп келеді. Бекарысымнан бірдеңе шыға ма деймін, өзіме жақын, айналсоқтап қасымнан кетпейді... Маған да әншілік бес-алты атадан соң келіп қонған секілді ғой, байқасам.
– Тілекшіміз, айналайын! Перизатыңның маған сыйлаған ән-табағыңнан «Қос шырақ» деген әнді орындағанын естідім. Тамаша! Ұлтужанның «орынбасары» дайын екен. Ал, өзіңе Бекарысың бар, әлі жассың, өзге немерелерің бар «ата, үйде отыр, әнді біз айтамыз!» – дейтін күн де келер аманшылық болса. Сол кезде көнбегеніңді көрсе ғой, шіркін!
– Солай да бола ма?! Ой-хой, Арман-ай, ондай күндерге де жетер ме екенбіз?
– Әлі-ақ, Рамазан! Несіпбек Айт ағаң сөзін жазып, әнін Тұрсынжан Шапай шығарған «Арман» әніндегі секілді ол күндер де әлі-ақ жетіп келер... Жазбай ма Несіпбек: «Жастық шақ нөсерлетіп тез басылған...» деп. Ал, «Күз келіп, омырауын алтындаған...» дегені қандай ғажап?! Жалпы осы Несіпбек – Тұрсынжан – Рамазан қазақтың ән өнерінің күміс бір кезеңі болды-ау осы?! Ат басын осы тақырыпқа бұрсақ қайтеді? Бұл тақырыпты да мен әдейі сырласуымыздың қол бұлғар тұсына қалдырып отырғанмын...
– Бұл мен де күткен тақырып. Сағынып та отырғанмын...
– Ал мен сол сауалдардың жауабын естуге асығып отырмын. Бір кезеңнің төлі болсақ та осы Тұрсынжанның табиғатына таңдануым таусылмайды. Тұрсынжан Шапай ғажап құбылыс-ау өзі?!
– Оныңыз рас, аға! Тұрсынжан ағамызды көп досы Түкем сал деп атайды. Шынымен бойында ана заманның сарқыты бар жан. Сері десеңіз, сері, сал десеңіз сал азамат. Өте көп біледі, бірақ шешіліп айта бермейді, керісінше, көп тыңдайды. Ал тиегін ағыта алсаңыз ағыл-тегіл төгеді кеп. Жазушылығы, әдеби сыншылығы қандай! Сазгерлігі ше? Түкем салдың абайтанушылығы мүлдем бөлек! Қоғамға көзқарасы, өмірге сүйіспеншілігі таңғалтпай қоймайды. Арамызда аман жүрсе екен деп Алладан күніне жүз тілеп қоямын.
– Тұрсынжанның әндеріне келейікші, Рамазан! Тұрсынжанды бір адамдай білемін деп жүрген менің өзім оның әндерін естігенде естен танғандай болған күндерім әлі есімде. «Арман», «Дариға-дәурен», «Сәуле-ғұмыр», «Қарасаз», «Қаз қайтқанда»...
– Түкем салдың осы және өзге де әндері қазақ әнінің ХХІ ғасырдағы шыққан бір биігі болды, аға! Әсіресе Ақан, Біржан, Әсеттерден соң, Шәмші ағамыздан кейін сазды әнге шөлдеген қазақ жұрты Тұрсынжан әндерімен шөлін бір басты-ау деп ойлаймын. Тұрсынжан аға бұларға қоса үлкен өнер жанашыры. Мысалы, бүгінде мен айтып жүрген «Қос қоңыр» әнін сол ағамыз тауып әкелді. Сөздерін де қадағалап, өзі түзеп берген. Бұл, әрине, халық әні, әлгі «Екі жиреннің» үшінші, төртінші түріне жатады. Енді Тұрсынжан ағаның «Абайды сағыну» атты топтамасының аясында Абай атамыздың сөзіне жазылған әндері бір төбе, ғажап, ғаламат! Жеті әнін орындап, таспаға жаздым. Бәрін айта алмадым. Тұрсынжан аға ән жазарда жеткен биікке мен шыға алмадым... Әндерді тыңдаған, Абайды бағалайтын жұрттың пікірі жоғары, аға! Ішінде сіз де барсыз.
– Рамазан! Тұрсынжан – Несіпбек – Рамазан үштігі қазаққа тағы қандай ән шашу жасар екенсіңдер. Мұны күткен миллиондардың бірі менмін!
– Арманыңыз орындалады, аға! Сол өзіңіз құлай сүйген «Арман» секілді ән туып қалар бұйыртса. Жоғарыда есімдері аталған ағалар аман болсын!
– Сен де аман бол, Рамазанжан! Той жасап, төгілте ас берген күндерді былай қойғанда, қиындық-қайғысы қатар қабырғаны шытынататын жылдар белесінде де әніңді батыл айтып, ел еңсесін түсірмеген сен секілді қоңырау үнді әншісінен айналдық қазақтың! Аталардан, ағалардан жалғасқан ән өнерінің дүлдүлі, алтын дауыс, арлы мінез, тұма тағдыр иесі СЕН аман жүр, айналайын! Арманның аяулысы да осы, Рамазанжан!
...Үнтабақты компьютер көмейіне тағы тоғыттым. Армансыз сырласқан Рамазанның орындауындағы «Арман» әнін сағынып қалыппын. Сол ән арқылы күллі қазақтың құлақ құрышын қандырып, ән-арманын орындап жүрген, елі тыңдаған Рамазанның ән әлеміне шомылып, басынан тағы да бір сипап, маңдайынан бір сүйгім келген. Өзімше ақын болып, тіл ұшына келген мына ұйқастырды қайталап қоямын:»
Тұрсынжанның «Арманы-ай», Несіпбек сөзін жазғаны-ай, Рамазан шырқап салғаны-ай!»
...Сұңқарша iлген саусақтардан босанған бетте домбыра iшегi дүр сiлкiндi де, ары қарай бiркелкi дiрiлге ұласып, ұзақ тербелiп тұрып алды. Жаныңды мұзға қарып, отқа салған, түнеу көк күмбезiне дейiн көтерiп, одан түпсiз шыңырауға тастап жiберер мұңды да арманды үн осы кезде барып төгiлдi шанақтан: «Та-та-там, та-та-та-та, та-та-тата-та-та-а-а...». Домбыра көкiрегiнен өксiк аралас шығып жатқан өрттей әуенге сахнадағы әншi демiн iшiне тартып қосыламын дегенше, орнымызда отырып-ақ, мен және мендей арманын аялаған мың көрермен, қосылып кеп кеттiк:
...Аққудың көз жасындай көлге тамған,
Жанымды тербетесiң шерге толған,
А-ай, Арман-ай!
Рамазан әншi содан кейiн барып шарықтата шырқады:
Атқан таң, шыққан күндей 
        жайнап алдан,
Дариға, алтын дәурен қайда қалған?!
А-ай, Арман-ай!
Несiпбек ақын жазған жүрек қанындай сөздер ән кiрпiгiне моншақтай тiзiлiп, жан пернемiздi кезек басып, баяу сырғып барады мәңгiлiкке.
Тұрсынжан сазгер кең ғаламнан тарыдай терiп алып, бiр арнаға басын бiрiктiрген ғаламат та құпия дыбыстардың ерітіндісін алтын тостағанынан сiмiрiп отыр едiк осы кез ән тыңдаған сiз бен бiз.
Әннiң аты – «Арман». Аты да арман, заты да арман, айтпағы да арман, тiлерi де арман. Уай, шiркiн, арман-ай!
...Рамазан дауысын көкке ұшырып, өзi соның соңынан қараған сайын бiз бұл құдiретке шыдамай, төмен қараймыз. Әннiң тұла бойындағы тербелiсi ғаламат. Әншi дауысын ғана айтпаймын. Бұл сәтте дауысын бұлтқа жеткiзген Рамазанның өзi ән әуенiне тiзгіндеулi. Ешқайда кете алмайды, кетпейдi, кеткiсi де келмейдi. Кең дүниедегi небiр ғажап үндердiң ең бiр мұңлыларын гүл етiп буа алған Тұрсынжан сазгердiң әр қайырған сайын көзiңе жас мөлдiрететiн әуенiне Несiпбек ақынның естiген сәтiнде iшек-қарныңды ақтарардай ащы ақиқат сөз сыр-арманы қосылғанда, iшкi дүниеңде болатын жарылыс кеуде күмбезiңдi паршалай жаздап, «Мұнда келiп нем бар едi, бұл әндi тыңдап нем бар едi?!» дегiзiп, шоққа шыжғырады. Тiптi шыдау мүмкiн емес. Тек әндi әншiмен, ғаламмен iштей бiрге айтып қана сезiмсiз атанудан аман қалуға болады:
Жастық шақ нөсерлетiп тез басылған,
Өткен соң қайта оралмас өз басыңнан!
А-ай, Арман-ай!
Тұрсынжан мен Несiпбек ән мен сөздi сәтiнде жiбек көйлек кигiзiп мүсiндедi. Ендi оны Рамазан алдымыздан желпiлдете өткiзiп, өзi де үздiгiп, тiптi тұншығып, бiздi де сиқырлап, әр жүректен арман iздеп, әр кеудеге арман егiп әуре. Бұл бiз үшiн ғана. Ал үкiлi үштiк жан қуаттарын, сезiм арналарын қосып жiберiп, көбiмiзге бас имейтiн, мойын бұрмайтын нағыз арманмен тiлдесiп жатқандай...
Әншi дауысы небiр құдiреттi ноталарға қонақтап, шырқап бара жатты да кенет, сорғалап төмен құйылды. Сазгер әннiң бұл тұсын таза алтыннан құйған екен: ерiген алтын не ағуға асықпайды, не лезде қатпайды, баланың еңбегiндей былқылдап, толықсып тұрып алады емес пе?! Ақынның осы ғаламатты сезiнуi қандай – сазгердiң сезiм теңiзiне шомылып шыққандай ширатады қайырма сөзiн. Оны Рамазан айна-қатесіз жеткізеді:
А-ай, жалған,
Арман-арман,
Аққудың көз жасындай көлге тамған,
Жанымды тербетесiң шерге толған,
А-ай, Арман-ай!
Сұмдық! Адам баласы көрмеген аққудың көз жасын көрiп тұрған ақын, сол сөздi саз ыдысына төкпей-шашпай сыйғыза алған сазгер, сол ыдыстан әр арманды жанға дәм татыра алған әншi – мына миға сыймас құдiреттi сәт өңiм бе, түсiм бе дегендейсiз сәтiнде Сіз де басыңыз айналып.
Әннiң қайырмасы екiншi қайырылғанша ән-азаппен бiрге теңiздей толқып, қазiр-қазiр үзiлетiн әуенмен бiрге кетердей боп отырған тыңдарман әншi «жанымды тербетесiңдi» айтып тыныс үзген сәтте ғана өз әлемiне қайта оралып, бұл сәттiң тек әнге iлесу, сенi баурап алған әннiң құдiретi ғана екенiн түсiнiп, тәубе дейдi. Бiреу әлгi «алтын дәуреннен» тез шығып қалғанына разы... Ғұмыр аяқталған жоқ, ән аяқталды. Оған да мың тәубе!
Ән аяқталғанымен, сезiм-әуен сенi өз құрсауынан босатпайды. Құлақ құрышың арқылы жүрекке жетiп, қаныңа қосылып кеткендей, тұла бойыңды аралап жүредi де қояды. Ғұлама ми әр жұмсаған сәтiнде ол санаға соғып, мың сұрақ берiп кетедi, аралап қайта бiр келгенде жауабын да ала келедi. Мiне, мiне, сол жауаптарын тағы да сыбырлады:
«...Бұл – ХХ ғасырдың соңындағы қазақ арманы. Ұлт арманы. Дарқан даладан үдере көшiп, тар көше, тұйық қалаға тығылған, тас қабырғаға қамалған, содан қанша тыпырласа да шыға алмаған қала қазағының арман дауысы, арман әнi. Телефонмен жұмысын бiтiрiп, теледидармен тамақтанып, компьютермен бала таба беретiн жартылай адам, жартылай жануар боп бара жатқан адамзат баласының болашағына қазақы көзқарас. Ен даланы, шапқан атты, жайлауды, бесiк пен құрт жайған өренi, ақсақал алды мен әже кимешегiн аңсау, оның ендi келмеске кеткенiмен келiсе алмау, сол үшiн ширығу, тас қабырғаны баспен соққылау, тас көшенi табанмен тепкiлеу, булығу, еш қайраны жоқ болашақтан жарылардай болған соң, iшкi күшке, iшкi ағынға жол беру... ХХI ғасырдың соңындағы қазақтың арманы қандай боларын бүгiн мен елестете алмаймын. Елестетуге қорқамын да. 2099 жылдың күзгi бiр кешiнде Тұрсынжан – Несiпбек – Рамазан бас қоса қалса, қазақ аспанына қандай Арман әнi қалықтары ғарыш болашағын болжаудан да қиын. Соңғы 25 жылдағы өзгерiс мынау. Ендi жүз жылдан соң қазақтың жаны қандай қауызға сиярын ең құдiреттi кибернетика да есептеп бере алмас, берсе оны тек Тұрсынжан – Несiпбек – Рамазан секiлдi заманынан аса туған ұлдары ғана сезiм айнасына терiс түсiрер. Оң етiп оқу ойлы қазақтың өз қолында. Шiркiн, «Арман-ай!». Сол күнге иненiң көзiндей ғана саңылаудан жанар тастар ма едi?! Е, арман ғой!
Бұл пенделiк арман әнi де. Ана құрсағын жарып шыққанда түк ойлатпай, мұңсыз еткен Құдiрет бала күндерiңдi бал толы бөшкеде өткiзiп, ержеткiзiп, өз тiзгiнiңдi өз қолыңа берген күнi-ақ басыңа ой салып, иығыңа жүк артып, жүрегiңе махаббат ұялатып, осы үш салмақты да ғұмырыңның соңғы күнiне дейiн кенедей жабыстырып, кешегi бал жалаған күнiңе де, мәнсiз, бiрақ мұңсыз балдырған дәуренiңе де жiбермей, мәңгiлiк тұсағанын сезгенде, астына от жаққан табаға салған балықтай шоршып, ауыздығын қарш-қарш шайнап, тiзгiнiн жұла қашқан тұлпардай, бiрақ қара жердiң екiншi қабатына жеткізіп қаққан қазыққа байланғандай, тырп ете алмаған кездегi Арман әнi болар ма? Ол күндердi қара жер басқан әр қазақ бастан кешiрсе, соны бiздiң атымыздан Тұрсынжан – Несiпбек – Рамазан жариялап жатыр екен-ау...».
Бір құдірет құлағыма сыбырлайды... Сыбыр ғана емес, сыр. Сыр емес... сурет. Сүйкiмдiлер суретi:
«Тұрсынжан – мол қазыналы, сезiмтал, нәзiк азамат. Тастан тесiп шығып жатқан бұлақ суы, суалмайтын ыстық қайнар, тарамайтын бу, үзiлмейтiн ән, қанша саусаң екiншi ұшына жете алмайтын жiбек жiп, күмбiрлеген домбыра, күңiренген қобыз, кең тынысты қазақы жан дүние, бояуы зарлы, мазмұны арлы, шыңдары қарлы, жаны нұрлы өнерпаз, тот баспас алдаспан, қолына қалам-найза ұстаған жауынгер, үлкенге iнi, кiшiге iлтипат, жiбектей жұмсақ, сүттей ақ, судай таза, қоңыраудай сыңғырлы өрен, өзiн осы бiр кезеңде қазақ әнiнiң отын маздатсын деп Жаратқанның өзi кекiлiнен сипап аттандырған қоспасыз талант!
Несіпбек – борандатқан, нөсерлеткен ақын, аласа бойлы, биiк ойлы тұлға, абыз дала, қобыз дала шайыр, шапқан аттай, атқан оқтай құбылыс, Кермиықтың ұланы, Жерұйықтың ұлы, көшкен елдей, аққан селдей дүлей, бiр көрсең биiкке шырқап ұшар қыран, ендi бiр сәт қанаты жоқ, қалып бара жатқан мұңлық, ананы хан көтерген, әкенi бас уәзiр еткен, бауырды жарыстырып, ағаны табыстырған елшi, ғұлама тарих, ғасырында бiр-ақ рет қайталанатын ақын, адамзат тағдырына:
Кiм жұтпайды алдыңғылар шөлiн 
        мәңгi қандырған,
Сиқыр дүние қолындағы
       у құйылған құтыдан?! –
деп баға берген әулие, ол – Несiпбек ақын, қазақтың Сөзбиiгi!
Рамазан – қазақтың алтын қоңырауы, қазақтың ән-дауысы, шыр еткен бейкүнә нәресте үнi, жұлқынған жiгiт жiгерiнiң күркiрi, егделiктiң егiлген мұңлы өкiнiшi, адам бiткеннiң арманын талмай жырлайтын аяулы үнi, қазағыма Құдай бере салған ән-тұяқ, Әмiресiн, Жүсiпбегiн, Манарбегiн жоқтатпасын деп, Жәнiбегiн жоғалтқан қазаққа Қайратпен бiрге қосқанат болсын деп, Еркiн, Нұржан, Тiлеулес, Дәуренбек, өзге де қазақ көгiне ән болып ұшамын деген бауырларына жымыңдаған жұлдыз боп, жер биiгiне шақырып тұрар асыл-ақиық, ән-домбыра!».
Осы үшеуiн бiр кезеңде қазаққа тетелес етiп бере салған Жаратқанның құдiретiне күнiне жүз жығылып, тәу етсек, аз болады-ау, деген ой мазалайды менi...
Тағы да сыбыр. Жоқ, бұл сыбыр емес, ендi сазды үн естiледi құлаққа. Тамаша! Рахат! Сол «Арманның» домбыра мен Рамазан дауысы араласқан сиқырлы үнi. Сиқырлы дауыс! Сиқырлы ән! Сиқыр ғұмыр! Сиқыр ақын! Сиқырлы сазгер! Сиқыр әншi! Сиқыр сөз:
...Айналған айдынында жалғыз аққу,
Адасқан әнiм бе едiң, қайран арман?!
А-ай, Арман-ай!
Ән сиқыры! Әншi сиқыры! Сазгер сиқыры! Ақын сиқыры:
...Армандай ару құсым, айналайын,
Мөлт етiп тұна қалған көз жасыңнан,
А-ай, Арман-ай!
Сиқырлы әннiң соңғы нотасы ауада ерiп жоғалған сәтте, құлақта және жүректе қалған жаңғырығы өз құдiретiмен тiзеңе тұрғызады. Қара жер басқан жеті миллиард адамның 50-60 жастағылары күн сайын дерлiк бiрауыздан «Шiркiн, жастық, өттiң-ау, ой, арман-ай»! деп жалын ата күрсiнiп жүрсе, оны сиқырлы үштiк – Тұрсынжан, Несiпбек, Рамазан – екi шумақ сөзге сыйғызып, бәрiмiз үшiн аққу қанатындағы әнге байлап жiберiптi-ау! Жан сарайының қақпасын кеңiрек ашып, құлақ күйiн келтiрсең, бұл әндi күн сайын естуге, бiрге қосыла айтуға болады екен-ау. Ол үшiн сөз шығын жасап та керегi жоқ. Әрi осы ән – «Арман» – iшке бiр түскен соң жалыны сөнбейтiн, бояуы солғын тартпайтын, құдiретi кемiмейтiн ән-арман екен-ау. Тұрсынжан – Несiпбек – Рамазан осы бiр сиқырлы әнмен бәрiмiздiң бүгiнiмiз бен кешегiмiзге, ғұмырымыз бен махаббатымызға, жастығымыз бен жасамыстығымызға, фәниiмiз бен бақилығымызға, ең кереметi, арманымызға сұлу да сырлы ескерткiш орнатып берген екен-ау. Ой, арман-ай!
«Арман» – бүгiнде бiз тамсана еске алып, әндерiн шырқата салып жүрген халық композиторларының өлмес әндерiмен бiр қатарда тұратын классикалық үлгiдегi қазақ әнi. Егер ХХII ғасырда өз тiлiнде түсiнетiн, ұлттық әуендi жүрегiмен сезiне алатын жандар қалса, ол ғасыр қазақтары «Арманға» тура осындай баға берерiне дау жоқ. Өйткенi, әннiң тұла бойынан адамзат баласының бәрiне тән ұлы қасиет – арманның буы бұрқырайды. Әсiресе, әнге өзек – қазақы көкiректiң арманшылдығы. Соны Тұрсынжан ән етiп толғап, Несiпбек оған тiл бiтiрiп, Рамазан кең ғаламға шырқата алып шыққандай...
***
УАҚЫТПЕН ОЙ ТАЛАСТЫРЫП
ОТЫРМЫН: кезінде Ақан, Біржан, Әсеттерді, өзге де халқымыздың сал-сері, әнші-күйшілерін қазақ мейірі қанғанша тыңдады ма екен? Жалықпады ма екен?
ЗАМАНМЕН СӨЗ ЖАРЫСТЫРЫП
ОТЫРМЫН: олардан берідегі қол жетіп дауысын естіген Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, өзге де күміскөмей, алтын саусақ аға-апаларымыздың өнерінен көкірегі ояу, көзі ашық қандастарымыз мейірі қанғанша сусындай алды ма екен? Әлде, тиіп-қашып тыңдады ма?
ҒАСЫРМЕН ҚИМАЙ ҚОШТАСЫП
ОТЫРМЫН: салмағы ауыр болған ХХ ғасырдың шымылдығы жабылар тұс – Жәнібек пен Қайраттай қос әншіні құрдас-замандас етіп беріп, олардың кәусардай әндерін бал орнына жұтып жүріп өткізген қимас кезеңдер екен-ау өзі?! Қайтейін, ол заман да қолын бір-ақ бұлғады. Жәнібек, Қайраттарды күні-түні тыңдасам, жалыққанның орнына жалындап тұрушы едім өмірге деп бүгін кімдерді сендірейін?! Олардан жалығу – өмірден жеріну мағынасын бермеуші ме еді?..
БҮГІНМЕН СЫРЛАСЫП ОТЫРМЫН: бүкіл қазақ даласы әнге бөленіп, күймен тербеліп тұратын ол кезеңдер келмеске кетті-ау... Кешелергі Жүсекең, Манекең, Ғарекеңдер алшаң басқан кезең түгілі Жәнібек, Қайраттар тынбай ән салған сол жылдар қазақ қоғамына бүгінде ертегідей көрінбей ме? Ел болса ертеңіне өз ән-күйінсіз жете алмас, әйтсе де заманмен ілесе келген шексіз тарсыл-гүрсіл, жөнді-жөнсіз жаңғырық, ынданы кеуіп ышқыну, қылбұрау салғандай шыңғыру, сілкініп жатқан жер үстінде билегендей жөн-ретсіз аспанға секірулер – қазағымның қазына әндерін естігенде, баяу шоққа ұстаған қорғасындай еріп тұрар жанымызды, астындағы ыдысын аударғандай, төгіп-шашып жатқанын сезіну, сол сезінуден шошынуға әкеліп соғып жатқанын кімге айтамыз, кімнен көмек сұраймыз?! Ертеңді білмеймін, бүгін бұл азаптан құтқарса, соңына бір топ шәкірттерін ертіп, ән сала жортқан Рамазан ғана құтқарар. Иә, Рамазан, әнші Рамазан, қазына кеуде, қоңырау дауысты Рамазан Стамғазиев!
Бұл сырымның басты өзегі де осы ойларға бас ию еді. 
Несіп Жүнісбайұлы, 
Алматы облысының 
Құрметті азаматы.
«Қазақ әдебиеті» газеті,