Аналар мерекесіне орай Алакөл ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Алмас Абдинов ғасыр жасаған әжелердің шаңырағына бас сұғып, мейрамымен құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.
Алдымен Көктұма ауылының тұрғыны, құрсағына біткен 10 баласынан 35 немере, 26 шөбере сүйіп отырған 100 жастағы Тұрсынхан Нарымбаевамен жолықты. Бүгінде бүтіндей бір ауыл болып отырған әулеттің үлкені, бала-шағамның қамы деп қандай жұмыс болса да қаймығып көрмеген әжей: «Шырақтарым, елеп-ескеріп, құттықтауға келгендеріңіз үшін рақмет. Қарттық көңілге бұдан асқан ілтипаттың да керегі шамалы. Көрерімізді көрдік, жасарымызды жасадық. Енді перзенттеріміздің қуанышына марқайып отырмыз. Менің жасымды сіздерге де берсін», - деп, дұғалы батасын берді.
95 жастағы Күләш әжеден кейін «Алтын алқа» иегері, Қабанбай ауылының тұрғыны, 9 баладан 10 немере, 12 шөбере сүйген Қайыпжамал Манарованы құттықтап, арнайы сыйлықтарын табыстаған аудан әкімі: «Қазіргі жастарға үлгі болар темірқазық тұлға ретінде өздеріңізді әспеттеуге толықтай негіз бар. Ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағы тікелей өздеріңізге байланысты», - деп, сый-сияпат ұсынды.
Сапар соңында әкім теректілік 93 жастағы Екатерина Фроловамен жолығып, хал-жағдайын сұрады. Мейрамға орай ізгі тілегін жеткізіп, сыйлықтарын табыстап қайтты.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы
Алматы облысы