АҚ БАТАНЫҢ ШАПАҒАТЫ НЕМЕСЕ МАХАББАТ БИГЕЛДИЕВ ЖАЙЫНДА БІРЕР СӨЗ

Уақыты: 15.03.2021
Оқылды: 1283
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің: «Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа, жарқылдаған алмас па» деген өлең жолдарын оқығанда ойыма Махаббат БИГЕЛДИЕВ секілді шын мәнінде алмастай жарқылдаған азаматтар оралады. Оның басшы ретіндегі біліктілігі мен іскерлігі, қиын жағдайға ұшыраған жандарға көмектескісі келіп тұратын аппақ көңілі мен ойындағысын ешкімге жалтақтамай бетке айтатын турашылдығы осылай деп тұжырымдауға негіз болатындай.

Тартпай қоймас негізге

Мінез, жалпы кез келген адамның туабітті болмысы оның бойына қанмен, нақтырақ айтатын болсақ, текпен беріледі. Бұл – ғылымда да дәлелденген ақиқат, халқымыздың күнделікті өмір тәжірибесінде де түйінделген тұжырым. Осы орайда "Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады" деген айқындама да ойға оралмай қоймайды.

Әңгімемізді осы қисынға сүйеніп тарқатар болсақ, Махаббат Сәдуақасұлы қасиетті Қосай баба мен Иман, Бигелдідей текті аталардың тұяғы, Сәдуақастай асылдың сынығы.

Атасы Бигелді Иманұлы Қарақыстақ өңіріне аты белгілі темірден түйін түйген ұста, зергер, ауылдастарын егіншілікке баулыған диқан, жомарт жүректі жан болыпты. Зор денелі ұстаның кетпенінің өзін екі-үш жігіт терлеп-тепшіп көтеріп жүреді екен. Сол дәу кетпенімен тау жақтан су бұрып, арық қазып, ауыл маңына су әкеледі. Ат қойғыш қазақ сол кезден бері бұл ауылды Бұрған атап кеткен екен.

Мініп жүрген өгізі тасып жатқан тау өзеніне беттемей қойған соң төрт аяғын буып, тасқын судан жаяу көтеріп өткені де аңызға бергісіз шындық.

Ұсталығының арқасында ұлына бақ дарыған Жамбыл жыраудан бата алып бергенін бүгінде ұрпақтары жыр қылып айтады. 

Бірде Жамбыл жырау атын тағалатып алу үшін Бигелдінің ұстаханасына ат басын арнайы бұрады. Інісі әрі көмекшісі Өскелең екеуі әйгілі ақынды құрақ ұша қарсы алып, атын жақсылап тағалап береді. Ұстаның шеберлігіне, бәрінен бұрын оның аппақ пейіліне риза болған Жәкең:

Келгенімде бағана-ақ,
Алдымнан шықтың ағалап. 
Өскелең мен екеуің
Атымды бердің тағалап.
Батамды бердім балаңа,
Еңбегіңді бағалап.
Өмір жасы ұзақ боп,
Жақсыны жүрсін жағалап,
– деп ақ батасын беріпті.

«Қызыр қонып, бақ дарыған дуалы ауыз жыраудың батасының шапағаты әкеме ғана емес, бүкіл әулетімізге тиді деп ойлаймын», – дейді бұл жайында Махаңның өзі.

асында Сәдуақас ағамыз Жамбыл жәкеміздей жүз жасамаса да жетпістен асқан шағында, немерелері мен шөберелерінің қолынан су ішіп, тағдырына риза қалыпта өмірден озды. Ол кісі ақындық арқасы, жазушылығы да бар, кезінде аудан ғана емес, облыс көлеміне де белгілі журналист болатын.

Сәкеңмен Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде көп жыл бірге қызмет атқардық. Парасат-пайымы мол, шындықты бетің бар, жүзің бар демей ашық айтатын қайсар мінезді, айналасына беделді адам еді. Сабырлы да салиқалы, өмірден көрген-түйгені көп зайыбы, «күміс алқалы» ана Айсұлу апамыз екеуі жеті бала тәрбиелеп өсіріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды, барлығын оқытып, жоғары білімді маман атандырды. Сол балаларды жеткізем деп ауылда, аудандық газеттің деңгейінде қалып қоймай, талпынса жұртшылыққа белгілі ақын, жазушы болып кететіндей де үлкен мүмкіндігі болып еді. Марқұмның тіршілігінде, журналистік шаруаның ара-арасында жазған өлеңдері мен басқа да әдеби шығармаларын балалары кейін топтап, жинақ етіп шығарды. 

Сәдуақас ағамыздың әулетінің қаржысына Бұрған ауылында шағын мектеп пен балабақша салынып, бірден мемлекет меншігіне берілгені есімде. Оқу орнына ағамыздың есімі беріліп, ауласына шағын мүсіні орнатылды. Жан толқытар осы сәтте қадірлі әріптесіміздің, ақылшы ағамыздың рухы асқақтап, перзенттік парыздарын өтеген ұрпақтарына аула төрінен мейірлене көз салып тұрғандай сезілген. Сезіміміз алдамаған сияқты.

Қазақта «Қошқар болар тоқтының маңдай тұсы дөң келер, адам болар жігіттің етек-жеңі кең келер» деген де мақал бар емес пе? Сол айтқандай, Махаң да жастайынан жақсыға үйір болып өсті, қолдағы барымен бөліскісі келіп тұратын жомарттық қасиет бойына туабітті деуге болады. Содан кейін де шығар, атасы Бигелді өмірден өткенде бала Махаббаттың: «Атам өліп қалды. Біздің үйге енді ешкім келмейтін болды ғой» деп егіліп жылағандығын үлкендер жырдан қызық қылып айтып жүреді екен.

Сол бала Махаббат кейін лауазымды басшыға – Махаббат Сәдуақасұлына айналғанда да көп өзгерген жоқ. Көшеде кетіп бара жатқан жақсы танысын көрсе мәшинесін тоқтатып сәлем беріп, әңгімелесетін дағдысынан да айнымады. «Баяғыда осы мінезім үшін басшылардан сөз естігенім бар. Бірге өскен досым немесе сыныптасым кетіп бара жатса неге тоқтап сәлем бермеуім керек? Басшы болу көкірек керіп қақиып қалу деген сөз емес қой», – дейді Махаң кішіпейілдік жайында сөз болғанда.

Қолда барымен бөліскісі, қиналып қалған жақынына көмектескісі келіп тұратын қасиетінен айнымаған азамат бір жолы өмірден өтіп кеткен сондай бір жолдасының үйі тозып, құлаудың алдында тұрғанын байқап қалады. Көп ойланып тұрмастан үйін бұзып, жаңадан салып беру жөнінде шешім қабылдайды. Оның мұндай ізгілікті, сауапты, қайырымды істері жайында ұзақ әңгімелеуге болады.

Киелі Күрті

Махаббат Сәдуақасұлы Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында дүниеге келгенімен Күрті өңірінің Ақши ауылында өсіп, сол ауылда мектеп бітіріп, еңбекке араласты. 

Осы жерде оңтайландыру тұсында тарап кетсе де сол кездегі астаналық облыс аудандарының арасында өзіндік орны болған Күрті өңірі турасында бірер сөз айтып өтпей болмайды. Алматыдай мегаполистің айналасында азық-түлік белдеуін құру мақсатымен 1972 жылы құрылған ауданға қандастарымыз Жетісу жерінен ғана емес, Қазақстанның батыс өңірлерінен де, тіпті сонау алыстағы Түрікменстан мен Қарақалпақстаннан да ағылып келген болатын. 

Көңілі даласындай дарқан халықтың азаматтарына қоян-қолтық араласып кету үшін көп уақыттың да керегі жоқ қой. Осылайша саусақпен санарлықтай аз ғана жылдардың ішінде қазақтың үш жүзі мен әлденеше ондаған руынан құралған тұрғындардың арасында оңтүстіктің де, батыстың да тұрмыс салтына ұқсай қоймайтын өзіндік бір «күртілік менталитет» пайда болып еді.

Күнделікті тіршілік барысында әркім өзінің туып-өскен өңірінде – Жетісу жері мен Батыс Қазақстанда, Түрікменстан мен Қарақалпақстанда қалыптасқан әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер өзгешеліктерін сақтағанымен бәрі алдарына қойылған ортақ мақсат-мұраттарды орындау жолында бірігіп кететін. Өз кезегінде басшылар да «сен мына рудан, сен ана өңірден едің» деп ешкімді алаламай басқарушылық қызметтерге әркімді іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттеріне қарай іріктеді. Бұл өзгешелік, ерекшелік ауданды Ызғарбек Бектұрсынов, Серік Үмбетов ағаларымыз басқарған тұста анағұрлым жарқырай көрінді. Аудан тараған жылдары облыстық деңгейде басшылық қызмет атқарған Серік Әбікенұлы күртілік мамандардың барлығының жұмысқа орналасуына көмектесті.

Осыған орай жазылған: «Жақсыға жуыс болдық, өңірге ырыс толды. Күртінің жағасында бәріміз туыс болдық», – деген ақын жырында ешқандай жалғандық жоқ деп тұжырымдауға әбден болады. Шын мәнінде туыс болып кеткеннен кейін де шығар, бүгінде күртіліктер қай жерде жолығып қалса да, аудан тарағаннан кейінгі жерде ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де жолыға қалған жерде туыс-бауырдай сағынысып көріседі, әлі күнге бір-бірлерімен хабарласып, жолығысып тұрады.

Еңбек жолын аталған ауданның құрылыс саласында бастап, №616 жылжымалы механикаландырылған колоннада ағаш шебері, аудан орталығындағы Т. Бокин атындағы кеңшарда жұмысшы болып істеген Махаббат Сәдуақасұлы Алматы сәулет-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп келгеннен кейін орталық жылу жүйесінің шебері қызметіне тағайындалды. Бұл 1986 жылдың шілде айы болатын.

Білікті маманды бағалай білетін Күрті жерінде Мәкеңнің қызметі тез жоғарылады. Арада бір жыл толық өтпей жатып коммуналдық шаруашылықтың бас инженері қызметіне ауысып, 1989 жылы ауданның бас сәулетшісі атанды. Әр жылдары аталған ауданда, Күрті тарағаннан кейінгі жерде Талғар ауданында, Алматы қаласында түрлі деңгейдегі басшылық қызметтер атқарды. Облыс аудандары мен Талдықорған қаласында кейінгі жылдары атқарған лауазымды қызметтері де көпшіліктің көз алдарында. Бірақ, қай жерде қандай лауазымды қызмет атқарса да қолы қалт еткенде жазы аптап ыстық, қысы шыңылтыр аяз болып келетін, ауызсудың өзін жүздеген шақырымға созылған құбырмен тау етегінен алдыратын жартылай шөлейт өңірге асығып тұратын, әлі де асығып тұрады.

«Есағамның – Есенқұл Жақыпбектің «Саған келсем көңіл жайлы, арқа кең, сенен ғана тұрған-сынды жарты әлем. Жұрттың бәрі жұмақ іздеп кетсе егер, таныс жолмен мен өзіңе тартар ем» деген, өзі туып-өскен Бірлігіне арнаған өлеңі бар емес пе? Сол айтқандай, мен Талғарда жұмыс істеп жүргенде демалысымды Ақшиге барып өткізетінмін. Ел курортқа Көкшетау, Бурабайға барып жатса, мен ауыл жаққа тартамын. Өскен мекен өзінің сырт көзге байқала бермейтін бір кереметтігімен тартып тұрады. Ол кезде Ақшиде әкеміздің үйі бар еді, жолдастар бар дегендей. Мамыражай тіршілік басыма орнай қалғандай сезініп, қым-қуыт жұмыстан аз уақыт болса да арылып, сергіп қайтатынмын», – дейді Мәкең бұл жайында тебіреніспен.

«Жауапкершілік басты орында»

Махаббат Сәдуақасұлы, жоғарыда айтып өткеніміздей, көп жерлерде, бірқатар мекемелерде жұмыс жасады. Басқа сөзбен айтатын болсақ, баяғы партияның кезіндегідей басшылық қай жаққа, қандай қызметке жұмсаса, сонда барды. Бірнеше селолық округ әкімінің орынбасары, әкімі, аудандық, облыстық жылу жүйелерінің басшысы, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Өзінің туған жері Жамбыл, көршілес Қарасай аудандарында әкімнің бірінші орынбасары, аталған аудандар мен Панфилов ауданының, Талдықорған қаласының әкімі лауазымдарында жұмыс істеді. Бірнеше жыл бойы, нақтырақ айтатын болсақ, 2014-2016 жылдар аралығында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болып, үлкен өмірлік тәжірибе жинақтады.

Қандай қызметті атқарса да іскерлік пен жауапкершілікті басты орынға қоятын басшының ел ішіндегі, ұжымдағы беделі жоғары болды, қай жерде де соңына жаман ат қалдырған емес. Жақынын немесе танысын басшы қызметке қою үшін, сол орынды босату үшін ешкімді жазықсыз қудалаған жоқ. Жұмысын қашанда түпкі нәтижеге қарап бағалады, айналасындағылар туралы пікірін ешкімге жалтақтамай тура айтып жүрді.

«Тура би туғанына жақпайды» дейді емес пе? Сол айтқандай Махаңның да тура айтатын мінезінен талай таяқ жегені бар. Бірақ, сүйегіне сіңген мінезі жауырды жаба тоқып, әлдекімдер секілді бұқпантайлап жүруге бәрібір жол бермейтін.

Осындайда кейіпкеріміздің әкесі, біздің қадірлі әріптесіміз Сәдуақас Бигелдиевтің де кезінде: «Құрып қалған мінезім бар. Тік сөйлеймін. Ол бастық па, дос па, қас па, бәрібір. Содан кейін ғой менің өспей қалғаным», – деп күліп отыратыны ойға оралады. Сол кезді еске алғанда оның баласының да қызметіндегі жоғарылы-төменгі алмасулардың, қызметтік мансабындағы кейбір күрт өзгерістер мен бұрылыстардың өзі осы тура айтатын мінезіне де байланысты емес пе екен деген ой туындамай қоймайды.

Жасыратын ештеңесі жоқ, сонау бір жылдары біраз уақыт жұмыссыз жүрген кездері де болды. Айналасындағы адамдардың қадір-қасиеті мен шынайы болмысының нақ сондай кездері танылатынын да сол жылдары көңілге нық түйді. Жайшылықта айналасынан шықпайтын кейбір ағайынның жұмыссыз қалғанда төбе көрсетпей кеткендері де кездесті.

Махаңның адам мінезіндегі тағы бір жек көретіні – екі сөйлеу, алдап, өтірік айту болып табылады. Оны жақсы білетін қызметтестері мен жақын туыс, жолдастары бұл сөзімді жоққа шығара қоймас деп ойлаймын.

– Көлгірсіп отырғаным емес, көпшіліктің алдында өтірік айтып көрген емеспін. Тұрмыстық деңгейде, аса қажет болып жатса, айтатын да шығармын (күледі), бірақ, ел алдына шыққанда жалған сөйлегенді басшыға, ер-азаматқа лайықсыз мінез деп білемін, – дейді Махаббат Сәдуақасұлы бұл мәселе жайында. – Уәде берсем, барлық күш-жігерімді, бет-беделімді салып орындауға тырысамын. Аудан әкімі болып жүргенде тұрғындарға берген уәдемді орындау үшін облыс басшылығы кабинетінің кіреберісін босатпай қойған да кездерім бар.

Иә, кім-кімнің де басшылықтағы рөлін бағалайтын көпшілік, яғни халықтың өзі болса, оның азаматтық қадір-қасиетін анықтайтын құдіретті уақыттың өзі деп жатамыз. Шалыс басып, жаңылыс сөйлеп қалғаныңды, өткенде берген уәдеңді уақыт өткізіп барып орындамай кеткеніңді жекелеген адамдардың байқамауы мүмкін, ал көпшілікті алдай алмайсың. Ол жағынан келгенде, шын мәнінде, көптің көзі көреген деуге болады. Махаң өзінің саналы ғұмырында бұл ақиқатты ешқашан есінен шығарған емес.

Өнер - жан серігі

Журналистің отбасында туып-өсіп, бала кезінен үйлеріне келіп тұратын ақын-жазушылар мен өнер адамдарының әңгімелерін тыңдап өскен бала Махаббаттың журналистік мамандықты, әйтпесе медицина институтында оқып жүрген әпкесіне еліктеп дәрігерлік кәсіпті таңдауы да мүмкін еді. Сөздің шындығына келетін болсақ, о баста дәрігерлікті таңдап, бірнеше жыл қатарынан сол оқуға тапсырған да болатын. Бірақ, адамның қалағаны болмайды, Алланың о баста маңдайыңа жазып қойғаны орындалады деген рас, түптеп келгенде, жоғарыда айтқанымыздай, инженер-құрылысшы болып шықты. Сәл алға озып кетіп айтатын болсақ, ол мамандықты таңдағанына өкініп те көрген емес.

Әке жолын қуып журналист болмады, көңілі алабұртып, жан дүниесі мұнарланған сәттерде қолға қалам алып өлең жазғанымен ақындықтың да соңына түскен жоқ. Бірақ, бойындағы жазуға деген қабілет, құштарлық, өнерге деген іңкәрлік біржола жоғалып та кеткен жоқ. Басшылық қызметі барысында, уақыт мүмкіндік беріп жатса, ел алдында сөйлейтін сөздері мен жиын-тойларда жасайтын баяндамаларын өзі жазып алатын, тіпті қауырт болып кетсе бастан-аяқ мұқият қарап, түзеп-күзеп шығатын. Құттықтау тәрізді шағын мәтіндерді жазуға тіптен қиналмайтын. 

«Гүл өскен жерге гүл өседі» дегендей, қабілет те көп ретте қанмен беріледі емес пе? Қаламгер әкеден, бұрынғы-соңғы әңгіме-қиссалар мен мақал-мәтелдерді көп білетін, соны балалары мен немерелеріне майын тамыза айтып беріп отыратын ақылды анадан берілген бұл қасиеттің пайдасын да көп көрді. Бауыржан Есебаев сынды сазгер інілерінің, достарының әніне жазылған сөз көңілінен шықпай жатқанда қолына қалам алып, шабыт-пырақты тізгіндеген кездері көп болды.

Жамбыл атамызға арнаған:

Қарсы алып мұражайың сағынғанды,
Ұрпаққа үлгі болып жолың қалды.
Тілегі қабыл болып Қарасайдың,
Арманы Абылайдың орындалды.

Тарихта сары алтындай салмағың бар,
Тәуелсіз арайланған таңдарың бар.
Жүз емес, мың жасады Жамбыл ата,
Айтшы енді, халқым, қандай арманың бар?
– деген ән-өлең жолдары бұл сөзімізге дәлел бола алады.

Махаңның сазгер достарымен бірлесіп жазған мұндай әндері көптеп саналады. Олардың біразы сахналарда орындалып та жүр. Ал көп ретте өзі үшін жазған өлеңдерін көпшілікке көрсете бермейді. Мүмкіндігі болып тұрғанымен өлеңдерін жеке кітап етіп шығаруға да талпынған емес. 

Сөз орайы келгенде мұндай қасиеттің Махаңның өзге бауырларының да бойында бар екендігін айтып өткіміз келеді. Мәселен, өзінен кейінгі ұл – Абай Сәдуақасұлы о баста журналистік мамандықты таңдап, еңбек жолын Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде бастаған болатын. Аталған басылымда бірнеше рет өлеңдер топтамасы да жарияланды. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, ауыл әкімі, Іле ауданы әкімінің орынбасары, Ақмола облысындағы Біржан сал (бұрынғы Еңбекшілдер) ауданының әкімі қызметтерін атқарып, республикалық «Таңбалы тас» қорық-музейінің директоры болып жүргенде ойламаған жерден жүрек сырқатынан қайтыс болды.

Махаббат Сәдуақасұлы сұхбаттарының бірінде «Сіз үшін ең үлкен бақытсыздық не?» деген сұраққа «Кіші бақытсыздық немесе үлкен бақытсыздық деп бөлуге болмайтын шығар. Ең үлкен қайғы – жақын адамыңнан айырылу» деп жауап берген екен. Осылайша Махаң үлкен қайғыға ұшырап, көңілін қуантып, ізін басып келе жатқан бауырынан айырылды. Шерағаң айтатын «Бір кем дүние» деген де осы шығар.

Зиялы қауым арасында «әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген қанатты сөз көп қайталанады. Осынау тұжырымды естігенде ойыма ең алдымен Махаббат Сәдуақасұлының Талдықорған қаласына әкім болып тағайындалған кезі оралады. Басшы болып тағайындалғанына он шақты күн өтер-өтпестен жақын маңдағы ақын-жазушылар мен сазгерлерді, өнер адамдарын кең дастарқан басына жинап, келелі кеңес өткізген болатын. Бейресми жиынның басты тақырыбы әдеттегідей элеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту жайына емес, жер жаннаты атанған Жетісу өңірі мен оның күн өткен сайын түрлене түсіп келе жатқан орталығы – Талдықорған туралы жаңа көркем шығармалар, әсерлі ән тудыру, түптеп келгенде жалпы өңірдің өнері мен мәдениетін түлетіп, рухани өмірін жандандыру жайына келіп тірелген. Әкім мен ақын, сазгерлер ақтарыла сыр шертісіп, әңгіме-дүкен құрған осынау жиыннан кейін өңірдің рухани өмірінде үлкен бір серпіліс пайда болып, әлденеше ән, бірнеше жаңа туынды дүниеге келген еді.

Иә, Махаң әкім болып тұрған кезде Жамбыл ауданында бір кезде атағы дүркіреп, өтпелі кезең қиындықтары тұсында шығармашылығы бәсеңдеп қалған «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің (қазір «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі) жұмысын жаңғыртты. Қарасай ауданында «Үшқоңыр» фоль-клорлық-этнографиялық ансамблі құрылды.

Облыс орталығында «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі дүниеге келді. «Жаркент сазы» халықтық ән-би ансамблі жерлестерін ән мен күйге сусындатып, мың бұралған биімен қуанта бастады. Кербұлақ ауданы өнерпаздарынан «Күреңбел сазы» ансамблі құрылып, көрерменін қуанышқа бөледі.

Өзіндік қолтаңба

Бұл айтылғандардан Махаббат Бигелдиев көп уақытын өлең жазып, ән-күй тыңдаумен, ансамбль құрумен ғана өткізді деген ұғым тумауы тиіс. Білікті басшы өзі басқарған өңірлердің өзекті мәселелерін бүге-шігесіне дейін зерттеп, оны шешумен белсене айналысты. Әрбір өңірдің өзіндік ерекшеліктері қандай, ең алдымен қай жұмысты қолға алып, қандай мәселенің шешімін сәл кейінге қалдыра тұруға болады, барлық күш-жігерді қай мәселені шешуге бағыттаған жөн, соның бәрін көңілге түйіп, жоспарлы, жүйелі жұмыс жүргізді. Алға қойылған мақсат, міндеттерді орындауда негізінен жергілікті кадрларға арқа сүйеді, іскер азаматтарды, мекеме, ұйым, кәсіпорын басшыларын ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Өңірінде жарқыраған «Құрмет» пен «Парасат» ордендері, басқа да үлкенді-кішілі марапаттары оның осынау еңбегіне берілген лайықты баға іспетті.

«Сайраған ізім жатыр жер бетінде...» деп Қасым ақын жырлағандай, өзі басшы болған өңірлерде Махаңның да ізі, өзіндік қолтаңбасы сайрап жатыр. 

«Қолтаңба» дегенді біз көп ретте құрылыс нысандарына, құрылысшыларға қатысты әңгіме деп түсінеміз де басшының өзіндік басқару стилінің, жұмыс істеу тәсілінің де «қолтаңба» деген үлкен ұғымның аясына сыйып кететінін көп ретте ескере бермейміз. Мәселеге сол тұрғыдан келетін болсақ, Махаббат Сәдуақасұлын бүгінде жамбылдықтар мен қарасайлықтар ғана емес, жаркенттіктер мен талдықорғандықтар да тек жақсы жағынан ғана еске алады.

– Махаббат Сәдуақасұлындай іскер басшы көп емес қой. Оның шаруаны да шырқ үйіретініне, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойып, қажет кезінде нақты да батыл шешімдер қабылдай білетіндігіне тәнті болатынбыз. Содан кейін де оны Жаркент жұртшылығы қимай-қимай шығарып салды.

Бұл жазиралы Жаркент жерінің тумасы, Панфилов, Кербұлақ аудандарының Құрметті азаматы, белгілі айтыс ақыны, облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақовтың пікірі. 

***

Өткен жылдың соңында Кербұлақ жұртшылығы Махаббат Бигелдиевті жаңа жұмыс орнына шығарып салды. Ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметіне тағайындалды. Негізінен тарихи және мәдени ескерткіштерді жөндеу мен реставрациялау, консервациялау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ескерткіштерді басқару бойынша менеджмент жоспарларды, қорғау аймақтарының жобаларын әзірлеу, Қазақстанда және шетелдерде монументальді ескерткіштерді орнату жұмыстарымен айналысатын бұл мекеменің жұмысы да Махаббат Сәдуақасұлының оңтайына келеді деп ойлаймыз. Инженер-құрылысшы мамандығы да, бай рухани болмысы да о бастан осы қызметке сұранып тұрғандай. Іскер басшы, білікті маман, атымтай жомарт азаматқа бұл жұмысында да сәттілік тіледік.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Алматы облыстық "Жетісу" газеті бас редакторының орынбасары