СЕКСЕНДІ АЛҚЫМДАСА ДА, САНАТТАН ҚАЛҒАН ЖОҚ: ӨРЕСІ БИІК НҰРСЕЙІТ

Уақыты: 22.03.2021
Оқылды: 842
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ізгілікті қоғамның іргетасы тамырлы тектіліктен бастау алады. Ұрпақ өседі, алмасады, заман өзгеріп отырады. Дегенмен, қай кезеңде де еліне ес, жеріне қорған болған, білімі терең, ақылы дария біртуар тұлғалардың ізі мәңгілік. Сондай өресі биік, жаны тұнық, жайсаң азаматтың бірі – Талғар ауданы, қазіргі Тұздыбастау ауылының тумасы, ұзақ жыл жауапты қызмет атқарған Нұрсейіт Құдықұлы. Қалаулы қызметкер, қажырлы қайраткер, Алматы облысының және Талғар ауданының Құрметті азаматы бүгінде 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отырған абыз ақсақал.

Осынау пайым-парасаты кең, тіршілік тамырын тереңге тартқан абзал азаматпен 50 жыл сыйлас дос, 30 жыл құдай қосқан құда болып келе жатқанымды тағдыр сыйындай көріп, мақтаныш етемiн. Нұрсейіт жайындағы аз әңгімені сол алғашқы таныстықтан бастағым келеді. Мен 1971 жылы Алматы қаласына жақын іргелі шаруашылық – «Калинин» ұжымшарының жаңадан ашылған дәрігерлік амбулаториясына бас дәрігер болып жұмысқа орналастым. Алматыға жаңа барғанмын, ешкімді дұрыс танымаймын. Бірінші жұмыс күнім аяқталуға таяп қалған. Кеңсеге, қабылдау бөлмесіне бір жас жігіт келіп, мені сұрап жатыр, кабинеттен шығып сәлем бердім. Өзін таныстыра бастады:

– Менің атым Нұрсейіт, осы ауылдың тумасымын, көршілес Дзержинский селолық кеңесі төрағасының орынбасарымын. Мына жаңа ашылған дәрігерлік амбулатория екі ұжымшарға ортақ, бізде фельдшерлік пункт қана. Түстен кейін ғана естідім, жаңадан бір жас дәрігер келіпті деп, содан әдейі танысуға келдім. Келген жерің – келісті орын, қаламен шектесіп жатыр, халық тығыз орналасқан, жақсы азаматтар көп. Ертең ерте екі ұжымшардың басшыларымен басқармаға барып, өзім таныстырамын, – деп ашық-жарқын кейіппен бастырмалата сөйлеп, көңілімді бір жайлап тастағандай болды.

"Тәжірибем бар, ауылда, туған елімде үш жыл аурухананың бас дәрігері болып қызмет істеп келдім. Білімімді жетілдіру мақсатында аспирантураға сырттай оқуға түстім. Үш балам, жолдасым ауылда, орналасқан соң көшіріп аламын, – деп мен де өз жайымнан шамалы мағлұмат бердім. – Қазір Алматыда, жиенімнің үйіндемін. № 52 автобус қатынайды екен, барып-келіп істеймін".

– Шаруа жайын кейін ақылдаса жатармыз, қазір біздің үйге барып шай ішеміз, қалаға өзім автобусқа мінгізіп жіберемін, – деді. Сөйтіп, ақпейіл азамат бірден үйіріп ала жөнелді. Менің де ішім жылып, қобалжыған жүрек орнына түскендей. Дзержинский кентінде үй салып жатыр екен. Қолында кәрі анасы, зайыбы Құндызай, Әлия, Жаннат есімді, 5-6-лар шамасындағы  тетелес екі қызы бар. Нүкеңмен алғашқы таныстығымыз осылай басталды. Жігіт ағасы шағымыз ғой, ашық-жарқын, еш бүкпесіз танысып, сыр аша əңгімелесіп, бірден бір-бірімізді бұрыннан білетін адамдарша түсінісіп кеттік.

Ертеңінде айтқанындай, ұжымшар басшыларына таныстырды. «Калинин» ұжымшарының төрағасы аймақ-атырапқа танымал Қапан Тәліпұлы Алдабергенов деген азамат екен, артынан туған ағамдай көріп, жақсы араласып кеттік. Өкініштісі, Қапекең жүрек талмасынан ерте қайтыс болды. «Дзержинский» ұжымшарын Социалистік Еңбек Ері Н.Скворцов басқарды. Ол да үлкен шаруашылық ұйымдастырушысы, іскер басшы еді.

1972 жылы мамыр айында ұжымшараралық 50 орынды орталық ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалдым. Аурухана «Калинин», «Мичурин» , « Горный садовод» ұжымшарларына қызмет етеді, аумағында 34 мыңдай халық тұрады. Нүкең бір жылдан кейін Алматының Фрунзе ауданына қарасты Ядролық физика кентіндегі ең үлкен поселкелік кеңеске төраға болып ауысты. Қашанда жақсы, адал досым болды. Балаларымыз қатар өсті, жақын араласып, біте қайнасып, өмір сүрдік. Шешесі марқұмды қолымыздан арулап қойдық. Әлия, Жаннаттардың артынан Данияр деген азамат дүниеге келді. Үлкен той жасады. Сонда Талғар ауданының барлық атқамінер азаматтарымен таныстым.

«Мичурин» ұжымшарындағы орталық ауруханада 15 жыл бас дәрігер болып қызмет атқардым. Нүкең «Ядролық физикадан» ауысып, бізге селолық кеңестің төрағасы болып келді. Бірнеше жыл қоян-қолтық қызмет істедік. 1994 жылы Нұрсейіт аудандық мәслихаттың депутаты, хатшысы болып сайланды. Мен де бірінші шақырылымда мәслихат депутаты болдым. 1995 жылы Әлихан Тойбаев досымыз Қаскелең ауданына ауысып, әкім болып тағайындалды. 1989 жылы санаторийге қызмет ауыстырғанымда да арамыз алыстаған жоқ, барлық жағдайларда бірге болдық. Қайда жұмыста жүрсек те байланысымыз үзілген жоқ.

Н.Құдықұлы тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Осы лауазымда оның іскерлік, ұйымдастырушылық, қайраткерлік қарым-қабілеті мейлінше ашылды. Содан кейін де ІІ, ІІІ шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланып, хатшылық лауазымын берік ұстады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлестерін қосты.

Н.Құдықұлы – бір басына кісілік пен кiшiліктi, қарапайымдылық пен бекзаттықты бiрдей сыйғызған ғажайып жан. Еңбекқорлығы ерен тұлға өмір, қызмет баспалдақтарының бəрінен сүрінбей өтіп, абырой биіктерінің бірінен соң бірін бағындырды. Қарапайым қызметшіліктен басталған өсу жолдары ауылдық кеңес төрағасының орынбасары, төрағасы, шаруашылық партия ұйымының хатшысы, аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы дəрежесiне дейiн сатылап, өзiнiң адал еңбегiмен жеттi.

Нүкең қандай жұмысқа бармасын, жігерлі, сөзі өтімді, айтқанын істететін бір сөзді басшы болды. Алдына мұқтаждықпен келгендердің мәселесін өз шаруасындай қабылдап, ұжымшар басшылары, аудан басшыларына барып шешіп беруге бар күшін салатын. Қолында барды аямайтын, көмек беретін, ешкімнің бетін қайтармайтын. Сондықтан құрметті демалыста болса да беделі, абыройы, сөйлеген сөзі көптен артып тұрады.

Біз бір рет те қабақ шытысып, «сен» дескен жан емеспіз. Айта кеткен жөн, Нүкеңнің қызметте қапысыз қарым-қабілет танытуына артындағы берік тылы, отбасының берекесін келтіріп отырған сүйікті жары, адал өмірлік серігі Құндызайдың да өзіндік үлесі бар. Әдетте, салт-дəстүр мен құндылықтарға негізделген отбасылық үйлесімге қол жеткізу, ұлағатты ұрпақ тəрбиелеу ата-ана бірлігінсіз мүлде мүмкін емес. Адам бойындағы асыл қасиеттердің қалыптасуына отбасылық тəлім бастауларының ықпалы орасан зор.

Əлбетте, қазақтың абыройлы, ардагер ақсақалдары баршылық. Бiрақ дəл Нүкеңдей бүкіл саналы өмірін тынымсыз еңбекпен өткізген адам өте некен-саяқ деп ойлаймын. Нұрсейіттің бүгiнге де, келешек ұрпаққа да қалдырар мақтанышқа лайықты басты үлгісі, мiне, осы. Ой мен бойға бiрдей кенен, халыққа тартқан, жаны жайсаң, сексенді алқымдаса да санаттан қалмай, туған елiнiң кəдесiне жарап, белсендi iс-қимылдың дертесiн талмай тартып келе жатқан ардагердің өткен өмiр жолы кiм-кiмге де өрісті өнеге.

Әбілхакім АҚМЫРЗИН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері,

Талғар, Бурабай (Ақмола облысы) аудандарының Құрметті азаматы