Ойынның емес, ойдың отауы

Уақыты: 19.06.2017
Оқылды: 1667
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Байыппен қарасаң сұлу сұлбаңды көз алдыңа алып келеді. Тіпті, бауырына басып жатқан маржандай жанар қарықтырар қиыршықтарын, сонау шым түбіндегі жап-жасыл тіршіліктің бізге белгісіз ішкі толқынмен баяу тербетіліп тұрғанын аңдайсың. Мұны анық та қанық көрсеткен тазалық. Бұл – мөп-мөлдір айдынға қарағанда орын алар оқиға-тын. Ал, өмірден өз бейнеңді көрсетіп, қылығыңа қысылтып немесе мінезің мен келбетіңнің көркемділігіне көңіл мен көзіңді тойдыратын рухани мөлдір айнаң бар ма?! Түсінген адамға жоқ емес. Ол табалдырығынан аттағанда-ақ жан сарайыңды ашатын, жүрегіңе нұр құйып, қарт тарихша тіл қатып, заманадай шерленіп, заңғарларымыздай еңселеніп, жақсы мен жаманның парқын ажырататын, ойынның ғана емес, ойдың отауы – театр! Руханияттың бөлшегі саналар осы бір өнердің кешегісі мен бүгінін, жаңалығы мен жаңашылдығын білу мақсатында театр мен кино саласында өзінің дара тұғырын сайлап, көрерменін қуантып келе жатқан Б. Римова атындағы драма театрының белді актері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағындық Жұмаділмен әңгіме өрбіткен едік.

– Сағындық Айтмұхамбетұлы, Атырау облысында «Мәңгілік Елдің Алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі өтті. Бұған қатысқан театрлардың бәрі бірдей марапатқа ие болды. Дүбірлі доданың бұл жаңашылдығы көзіқарақты жандарды елең еткізгені бар. Әлқиссаны осы фестивальден бастасаңыз?!
– Былтыр Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, белгілі ақын, драматург Иран-Ғайыптың 70 жасқа аяқ басқанына орай Орал қаласында республикалық театрлар фестивалі өз шымылдығын ашқан еді. Сол тұста облысымыздың бас шаһары Талдықорған төрінде халықаралық театрлар байқауы қатар өтіп жатқан. Бұған біздің, яғни Б. Римова атындағы драма театр қатысуына байланысты, ұжым Оралда өткен доданың бел ортасында бола алмады. Бірақ, арнайы шақыртумен фестивальге қатысу бағы маған бұйырған болатын. Қонақ ретінде барғаныммен, ұйымдастырушылар әділқазылар құрамына енгізген соң, қойылымдарды тамашалап, театрлардың өнерін бір адамдай бағалап қайтқан едім. Ал биыл сол фестивальдің заңды жалғасы Атырау облысы әкімінің қолдауымен, сол өңірдің бас шаһарында орын алды. 
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың: «Өнер жолында дара даңғылы бар зиялы жанның 70 жасқа аяқ басқанында өткен фестиваль, мерейлі жасқа жеткен шағында неге заңды жалғасын таппауы керек?!» деген ойымен «Мәңгілік Елдің Алтын адамы» тықырыбында өрбіген театрлар фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған еліміздің 6 театры қатысып, 50-ден астам пеьсаның авторы атанған Иран-Ғайыптың қаламынан туған шығармалар сахналанды. Атап айтсақ, Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры «Сүйінбай» эпостық драмасын, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры «Негізгі шаруа» трагикомедиясын, Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры «Естайдың Қорланы» махаббатнамасын, Семей қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік музыкалық драма театры «Адасқан бақ құсы» шер-шеменін, Батыс Қазақстан облыстық Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театры «Мәңгілік Елдің Алтын адамы» драмалық дастанын, сонымен қатар М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры «Қорқыттың көрін» сахналап, көрерменнің көңілін көкжиекпен астастырды. Ал, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, литвалық режиссер Ионас Вайткус төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Бусурман Одуракаев, өнертанушы Нұрбике Ахмедиярова, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, жазушы-журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, театртанушы Салтанат Әбілғазиева болды. Осы аталған майталман мамандардың саралауымен өнер көрсеткен театрдың барлығы да саңлақ атанды. Оған себеп – театрлар төрт аяғын тең басып, тайпалған жорғадай қойылымды бір деңгейде алып шыққаны.  
Рас, фестиваль барысында көп жайттар орын алып, көңілді толқытты. Әуелі, киелі Жетісу топырағынан жаралған, Мұхтар Әуезовтің тілімен айтқанда «Айтыстың алтын діңгегі» саналған Сүйінбай бейнесін жергілікті Махамбет атындағы театрдың сомдауы жүрекке жылы тигені бар. Біріншіден, тегі бір елдің тұтас ұлт болып ұйысып ғұмыр кешуі осындайдан басталмақ. Әркім өз топырағында туған перзентінің абыройын асқақтатып, бейнесін сомдап жатса, тектілігімізге сын болар еді. Жалпақ жұрттың ақыны  саналар тұлғаларды Қазақстанның қай-қай түкпірінде де ауызға алып, ғибратты ғұмырын жаңғыртса қандай жақсы?! Осы жағынан келгенде жергілікті театрға деген ризашылығым шексіз. Одан кейін, Атырау облысын басқарып отырған жандар  да өнерге жүрегінен ойып тұрып орын берген азамат екенін танытты...
Сонымен қатар, алты театрдың бұл фестивальге үлкен дайындықпен келгендігін айта кеткен жөн. Олардың әрқайсысы үздік қойылымды жоғары деңгейде сахналады, бір деңгейде өнер көрсетті. Бізге әр қойылым көрерменнің жан-дүниесіне ерекше әсер еткені өте қатты байқалып тұрды. Бұл асыра айтып, ақиқаттан жырақ кеткендігім емес. Көпшіліктің көңілі толқығаны рас. Міне, осындай жайдарлы кештің соңында барлық театр бірдей марапатқа ие болды. Мәселен, фестивальге қатысқан өнер ұжымдарына 500 мың, басты рөлді сомдаған әртістерге 100 мың және қойылымның режиссеріне 400 мың теңге табыс етілді. Бұл біріншіден, театрларды бөле-жармауды және қазақ өнері мерейінің асқақтауын ойлаған әділқазылардың парасатты шешімі. Екіншіден әр театрға мұндай сыйақы тағайындап, фестивальдің ерекше өтуіне себепкер болған, қаламгердің шығармашылығын жоғары деңгейде насихаттай білген өңір басшысының тұлғалық болмысын танытатын жайт. Осындай жайдарлы шараның бел ортасында  біздің де театр жүріп, жетісулықтардың жалауын желбіретіп барып, тік ұстап қайтуының өзі, көңіл марқайтар дүние емес пе?!.
– Театр өнеріне қазақтың қос тарланбозы ғажайып баға берген. Олар – Ғабең мен Мұқаң! Алайда, Ғабит Мүсіреповтің «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр» деген атауына  бүгінгі қазақ театрлары қаншалықты лайық? Сонымен қатар, Мұхтар Әуезовтің «Театр – қоғамның айнасы» деген атауына сай, қоғамның көлеңкелі де шуақты жағын қаншалықты ашып көрсетіп, айшықтап беріп жатыр? 
– Қазақ руханиятының бір-бір алып бәйтерегіне айналған қос классиктің берген бұл бағасы тегін емес. Олар өнер, білім, әдебиет пен мәдениеттің бар асылын кеудесіне қондырған аса талантты һәм кенересі көкжиекпен астасқан шалқар білімді иеленген қаламгерлер. Іркес-тіркес сөзден құралған әңгімені айтып, тәмсілдегенді жақсы көретін шешен елдің «Халық айтса, қалт айтпайды», деген мәтелін осы арада: «Ғабең мен Мұқаң айтса, бекер айтпас», – деп ауыстыруға болатындай. Кешегі қазақ театрларында сахналанған классикалық қо- йылымдар көрерменін тебіренткен, көзіне жас ұялатқан, өмірдің сыры мен қырын, шыны мен сұмын жан-жақты ашып берген туындылар еді. «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», қойылымдары сан мәрте тамашалаған сырбаз жазушы Мүсіреповтен «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр», – деген ғажайып балама туындамауы мүмкін емес еді. Дегенмен, бүгінгі таңда сол классикалық қойылымдар көрер­меннің көңілін толқытар деңгейде сахналанып жатқан жоқ десем қателеспеспін.  Неге? Оларды асыл нәсілінен, қалыбынан ажыратқандай болып заманауи сахналауды қолға алдық. Осы жолда түрлі экспериментке бардық. Ал мұның салдарынан Қыз Жібекті шешіндіріп, Баян мен Ақтоқтыны мүлдем жат сипатта көрермен назарына ұсындық. Бұл – өрескел қателік. Басқа драмаларды білмеймін, дәл классикалық қойылымдарға эсперимент жасауға болмайды.
Орыс халқы бізден бұрын экспериментке барды.  Қойылымдарын қысқа-қысқа беруге тырысты. Бірақ, бұдан түк шықпайтынын дер кезінде білді де, қам қылды. Мен Мәскеуде болғанымда театрларына арнайы барып спектакль тамашаладым. Аңғарғаным, ең қысқа қойылымдары 1 жарым 2 сағат көлемінде жүреді. Ал бізде ше?! Көрерменнің ығына жығыламыз деп қойылымның нәрін сығып, әрін кетіріп, шырынсыз бен көріксізін сахнаға алып шығып жатқандай көрінеміз. Олай деуге себеп, классиктердің шығармасын кесуге, ықшамдауға құмармыз. Ал, басы тасқа тиетінін ерте білген орыс халқы райдан қайтып, бір пеьсаның жалқы әріпін өзгертпей сахналауды күнібұрын қолға алды. Кешегі Пушкин, Гоголь, Чехов сынды классиктерінің шығармасын бұтарламайды, бұзбайды. Өйткені, бір сөздің астарында ұлтқа, қоғамға ықпал ететін батпандай жүктің жатқанын біледі. Біздің кейбір режиссерлер болса, қарымды қаламгерлердің шығармасын шолақ қылып, қойылымды ықшамдауға әуес. Әуезов, Мүсірепов, Ахтанов сынды классиктердің шығармасын қырқып, «Екі жарым сағат кім көреді?!», –  деген жалаң оймен көрерменнің ырқына жығылуға бейімделіп кеттік. Сол марқасқалардың шығармасы түсініксіз көрініп, қойылымның кейбір тұсы бұлыңғыр тартатыны осыдан болса керек. 
Дегенмен, бір қуанарлығы дәл бүгінгі күні кейбір театрлар, режиссерлер классикалық қойылымды бәз қалпында көрермен назарына ұсынуда. Сонымен қатар, басқа пьесаларға түрлі  эксперимент жүргізгенімен «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек» қойылымдарын саф күйінде сахналауда. 
Ал енді әлем әдебиетінің классигі Әуезовтің айтқан теңеуіне лайықпыз ба деген сауалға келетін болсақ, мұның жауабы бір пара әңгімеге жүк боларлық екенін айтпай-ақ пайымдай берген жөн. Бір кездері болды: «цензура алынды, не айт­қыларың келсе, оны айтыңдар», деген. Міне, сол тұста жазушы, драматургтен тартып, әртістерге дейін есінен танып, абырап қалды. Түртпектегенде намыстанып, қарсы пікір айтып, шындықтан таспа тілетін жандар, не атарын, кіммен ерегісерін білмеді. «Енді нені жазамын?» деген сауалдың жетегінде кетті. Сөйтті де арзан дүниелерді тудырып, жеңіл тақырыптарды қаузай бастады. Тойдан қайтқан қазақ, заманауи қарттың астарсыз сөзі мен жат тұрпаттағы хәлі сахнаға «кейіпкер» атауына лайық секілді өңмеңдей шықты. Неге?! Бұл азаттыққа қолымыз жетті, еркін елміз деген тоқмейілсуден. Міне, сол себепті қоғамның айнасы болып, келбетін толыққанды айшықтай алмай жатырмыз. Бірақ, Атырауда қойылған «Негізгі шар­уа», «Адасқан бақ құсы», «Мәңгілік Елдің Алтын адамы» сынды қойылымдардың бәрі де бүгінгі қоғамның қып-қызыл келбеті емес пе?! Кері кеткен тағдырларды көз алдыңа алып келмей ме?!.
Бүгінде ел ішінде «драматург жоқ», деген ақылға сыйымсыз пікірлер айтылып жүр. Әр өнердің өзіндік мұрагері болатыны секілді, бүгінгі күннің драматургтері де жеткілікті. Олардың жазған жауһар дүниелері қат-қат болып, руханияттың қазыналы қамбасында жатыр. Тек сол туындыларды табандап іздейтін, жарыққа алып шығатын, көрермен назарына ұсынатын режиссердің қатары сирек секілді көрінеді. Кейбір режиссерлердің өмір жолына үңілсең, шығармашылық іздену дегеннің не екенін білмейтін, өзін-өзі қайталап жүрген жандарды аңғарасың. Аңғарған соң таңданасың. Олар бір қойған қойылымын 5-6 театрда сахналайды. Одан не ұтады?! Түк те!  Негізінде,  көрерменнің көңілінен шығу үшін тек қана жүлдеге ие болған қойылымдарды сахналаудың қажеті шамалы. Астарлы ойы, түпкі мазмұны қоғам мен ұлттың дамуына, адамдарға рухани серпіліс алып келетін туынды болса жеткілікті. Ондай шығарманы ешбір театр сахналамай, бірақ режиссер қоғам мен заман және адамға әсер етер деп тауып, соған сенсе елеусіз жатқан шығарманы неге жарыққа шығармасқа?! 
Көрдіңіз бе, классикалық туындыға эксперимент жүргіземін, пеьсаны ықшамдаймын, жүлдесіз шығарманы сахналамаймын, еркіндікке тоқмейілсіп, бір қойылымды өзге театрларға ұсынамын деген секілді сан себептің арқасында қос классиктің берген бағасына лайықпыз ба деп ойланып қалатын жағдайға жеттік. Бірақ, еліміздегі 56 театрдың басым көпшілігі қос бәйтеректің ғажайып баламасына сай екенін естен шығаруға болмайды. Олар өнер үшін елеулі еңбек етіп келеді. Соның ішінде біздің Бикен Римова атындағы драма театрын ерекше атап өтуге болады. Мәселен, театр қоржынындағы «Қос мұңлық», «Негізгі шаруа», «Хақ жолы» сынды көптеген жауһар дүниелер бүгінгі күннің қасіретін сездіріп, қоғамның келеңсіздігін әшкерелейтін туындылар санатында екені сөзсіз.
– Елуден асқан ел ағасы жастасыз. Ұрпақ өсіріп, немере сүйіп, ата болып отырсыз. Желтоқсанның ызғарына да ұрындыңыз. Көргеніңіз бен көңілге түйгеніңіз де аз емес. Қазіргі қазақ қоғамындағы жаныңызды ауыртып, күдігіңізді күшейтетін немесе ертеңге деген сеніміңізді шыңдап, үмітіңізді үкілейтін дүние?
– Рас, ғасырды адам өмірі деп есептейтін болсақ, мен соның ортанбелінде тұрмын. Жоғары көтерілдім. Ендігі елу жылда сүрінбей, қабынбай, адал жолдан айнымай жарты жолды өткеруім керек-ау. Шүкір, осы бір жартығасырлық ғұмырымды жақсы өткердім. «Ес жиып, етек жапқан» тұстан бастап ата-анам, ет жақындарым мен қоршаған ортамдағы жайсаң жандарды жерге қаратып көрген емеспін. Тұлымшағым желбіреген балалық шақта – өмірімнің көктемге бергісіз бір белесі. Одан бергі бозбалалық күндер де керім кез еді-ау...  
Қазақта «елу жылда ел, жүз жылда қазан жаңа», – деген ұғым бар. Сол айтылғандай тарих қайталанды. Алаштың арыстарын оққа таңып, қол бастайтын батыры мен сөз бастайтын көсемі һәм шешенін адам деп шімірікпей айуандықпен өлтірді. Қынадай қырды. Сондағы бар ойы:  «көсемінен көз жазған отардың қалтырап бір-бірін паналайтыны, айдағанға тез жүретіні секілді, дарындылары мен жалындыларынан айырылған елдің аяғы тұсалып, ноқтасы бізге тиеді», – деген жымысқы саясаттан туған дүние ғой. Дәл сол саясатты олар 1986 жылы жаңа сипатта жаңғыртты. Дінмұхамед Ахметұлы Қонавты 16 минутта орнынан алып тастап, орнына қазақ халқының таным-түсінігінен жұрдай айдаладағы бір Колбин дегенді әкеліп қойды. Міне, осы бассыздықтың салдарынан  ғасырлар бойы іштей қайнап келген елдің жас жанартауы жарылды. Желтоқсанның ақ сауытты, көк мұзды тонын ерітті. Жанмен, қанмен, намыспен. Мен бұл көтерілісті тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Тек бір нәрсені ерекше айшықтағым келеді. Ол – азаттықтың ақ таңын атырған «желтоқсаншылардың» сапында болғаным. Солармен бірге алаңнан табылғаным. Бұл жағынан келгенде ұрпақ алдында жүзім жарық деп білемін. 
Қазақтың намысының найзағайдай жарқ еткен, қанының лава секілді тасығанынан туған Желтоқсан көтерілісі – Алаштың қайта серпілгені, ұлтпыз деп ұйысып қаһарға мінгені. Міне, осылай атқа мінген арда елдің азаматтары бір ғана өзінің емес, одақтас мемлекеттердің де көзін ашты. Оларды да сан жылдар суық демімен бүркеп тұрған тоталитаризмнің тоңын қақыратуға, қайта бүр жарып көктеуіне мүмкіндік сыйлады. Өйткені, бізден кейін Балтық жағалауындағы елдер, кавказдықтар басқыншы билікке қарсы шықты. Бұл тұрғыдан келгенде Желтоқсанның желіне өңменімді тосып, кеудемді кере қарсы тұрғанмын деп мақтанудан аулақпын. Бірақ, текті елдің ешкімге құл болмағанын, өзгеге тырнағын батырмағанын қайталай-қайталай айтқым келеді. Оның айқын дәлелі, баһадүр бабалардай бір күнде атойлап тоталитариятық жүйенің қара аспанын қақыратқан Желтоқсан боздақтары. 
Мың жылдықтар шеруіндегі салтанаты мен сәні жараса тірлік кешіп, тарихтың батпан-батпан жүгін арқалап, қасіретін тартқан елдің тәуелсіздігі тегін келмеді. Кешегі хан-сұлтандар, бек-бекзаттар мен кемеңгерлердің қаны нақақ шашылды бұл жолда. Махамбет пен Кенесары, Кейкілердің басы шабылды. Одан бергідегі Алаш арыстарының кеудесін қорғасын тесті. Ашаршылық пен Ұлы Отан соғысы сынды ауызға алудың өзіне ауыр соғар нәубетте шейіт кеткен қаншама қандастар бар?! Кешегі біз көрген Желтоқсан көтерілісі құрбандарының өзі біреулер үшін беймәлім. Міне, бір халықтың қаны мен жаны және бастан өткерген зор зобалаңдарының қарымтасы ретінде, бабалар мен аналардың қанды жасымен келген қастерлі Тәулесіздіктің қадіріне жетпей жатқанымыз жанды азаптайды. Осы мұңайтады. Көпшлік Желтоқсан айы келгенде ғана азаттық пен боздақтарды ауызға алады, ақпарат айдынындағылар сол кезде жарыса жазады. Бұл қате! Ерлігін ұрпаққа үлгі еткен халық болсақ, Елбасының «Тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз», – деген өнегелі сөзін санада сақтап, кешегілер ерлігін ертеңге үлгі етіп, ұрпақ сабақтастығын да сақтау керек қой.
Жанарды жарқылымен қарлықтырған жаһандану заманында ұлттың береке-бірлігін, тыныштығын бұзатын бір індет бар. Ол – сыйбайлас жемқорлық.  Мұнымен қоғам, халық, адамзат болып күреспей алға жылжымаймыз. Қазіргі таңда осы дерт меңдеп бара жатқандай көрінеді. Тіпті, ұрпақ алдында ақталарлық себеп таппай қаламыз ба деп уайымдайтыным жасырын емес. Бір ғана мысал, бүлдіршінімізді балабақшаға ақша беріп орналастырамыз. Ал мектеп жасына жеткенде қаржымен оқытамыз. Сөйтеміз де, дастарқан басында осы дүниелерді әңгімеге арқау етеміз. Мұны естіген қазіргінің ақылды балаларының ертең осы даңғылға түспеуіне кім кепіл бола алады. Осы бір жайт көңілге кірбің ұялатады. 
Тағдыр бір үміт пен бір күдіктен тұратынын есте сақтаған жөн-ақ. Күдікке беріліп, өмірдің күллі жақсылығы мен келер таңның арайлы сәулесіне сезікпен қарауға болмас. Үмітке беріліп тақымды бос жіберіп, тізгін тартпай қалудан да сақтану керек-ау. Рас, сыбайлас жемқорлық көңілге кірбің түсіреді. Алайда, жаныңды себез бір нұрға бөлейтін де жайттар жоқ емес-ті. Мәселен, жалтақтықтан, жасқаншақтықтан, жағымпаздықтан ада жастардың билікке келіп жатқаны, ел мүддесі туралы көшелі пікір білдіріп руханияттың басы-қасында жүруінің өзі ертеңге деген үмітті үкілейтін жайт емес пе?! Қоғамды тазалайтын сол жастар деп білемін. Қазақтың шырағын ары қарай маздатып, елдің іргесін берік ететін де солар.  Бұл жағынан келгенде, сөзімді Мағжан ақын сенім білдірген сезімнің заңды жалғасы деп пайымдасақ жарасым табатындай. Сонымен қатар, бүгінгі жастардың имани жолға бет бұрып, өзінің адами болмысына, рухани тазалығына ерте жастан мән беріп, еңсе тіктеп келе жатқаны жүрекке жылу ұялатып, ертеңге деген сеніміңді шыңдайды.
– Біраз уақыт Тұңғышбай ағаның тағдыры өзекті тақырыпқа айналды. Басқаны былай қойғанда кино мен театр саласының майталмандары екіге жарылды. Қызды-қыздымен келгенде Тұңғышбай аға шетте қалып, бір-бірінің жекебасындағы кемшіліктерін тізбектей бастады. Бастапқы сұраққа айналып соғуымызға тұра келіп тұр, әртістер осы арқылы Ғабең айтқан «мөлдірлікті» лайлап, Мұқаң айтқан «айнадан» өздерін көрсетіп алған жоқ па?
– Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей. 
Мен келмеске кетермін түк өндірмей. 
Өлең, шіркін, өсекші жұртқа жаяр, 
Сырымды тоқтатайын айта бермей, – дейді данышпан Абай. Сол секілді бұл сауалда көп дүниеге тоқталмай, бір мәселені ғана ашып айтайын. Қазіргі уақытта біреудің кемшілігін іздеу, ішкі сырын білу «іші пысқандардың» ермегіне айналды. Тіпті, бұл жағынан келгенде кей өнер адамдары мен жекелей тұлғалар өзінің ішкі сырын халықтан қымсынбай бүкпесіз жеткізетін күйге түсті. 
Пайым мен парасатқа жиі жүгінетін жандар өнердің халық алдындағы қадірінің артуындағы негізгі бір мәселе оның құпиялығы мен сыршылдығында жатқанын білсе керек-ті. Мәселен, қаламгер қауымды жұрт жиі іздеп, шығармасын күнара оқып, әр жазған-сызғанымен жіті танысып жүретінінің бір құпиясы – жазушының шығармаға ішкі сырын бүркеп, өмір жұмбағын көміп әрі шешімі мен жауабының бір ұшығын шығарып қоюы ғой. Ал мұндай сырдың тәттілігі сонша, оқырман әрқашан сабылыс пен ізденістің үстінде жүреді. Сол секілді қазақ халының сан салалы өнерінің барлығының да өзіндік құпиясы болуы тиіс емес пе?!.. Ал бүгінгі жаппай сырын айтамын деп шынын айтып қойып жатқан ер-азамат дегендердің ессіздіктері көңілге қаяу салатыны жасырын емес. 
Еліне қадірі артқан, қазақ кино және театр өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Тұңғышбай Жаманқұловтың бүгіні жайлы бір мәселені ой елегіне салуды ұсынар едім. Кино түсіруге 79 млн. теңге қаржы бөлінсе, оның 69 млн. теңгесін сұраусыз көріп, жеп қою мүмкін бе? Солай делік, қалған 10 миллиноға кино түсірмек түгілі, актерлердің ішіп-жемі, жүрген-тұрғаны мен алар қаржысын өтей алмайсың ғой. Бұл ақылға сыймайтын дүние. Адам алдында ашылмаған ақиқат Алла алдында бәрібір таразыланады...
Замана жайлы толғанса заңғарлана түсер тұлғаларымыз жетерлік. Олардың шындықтан таспа тілуі, көмейіндегі көрікті ойды қалыбын бұзбай баршаға жолдауы тәнті етеді. Өмірдің ақ пен қарасын, өнердің көлеңкелі де шұғылалы тұсы жайлы да пайымы мен парасаты мол азаматтардың айтары жетерлік. Тек соларды саралап, сара сөзін даралап берсек жеткілікті. Иран-Ғайыптың «Негізгі шаруа» трагикомедиясында Тұрғын, Думан Рамазанның «Керей мен Жәнібегінде» Керей хан сынды басты рөлдерді асқан шеберлікпен ойнап, бірқатар киноға қолтаңбасын қалдырып келе жатқан қазақ өнерінің елеулі тұлғасы Сағындық Жұмаділ де өнер мен өмір жайлы өз пайымын жасады. Тек, күлбүлтесіз айтылған кесек-кесек ойлары көпшілікке әсер етсе, жастардың сабақ алуына сеп болса жеткілікті.

Адам баласының ең төменгі дәрежедегісі - бойына жағымпаздық пен сатқындық дертін жұқтырғандар. Бұлардан қоғамға да, ұлтқа да, қалаберді айналасындағы ет жақындарына да ешқандай пайда жоқ. Бір рет жағымпаздыққа барған адам оны тез арада әдетке айналдырып, ертесі сатқындық жасайды. Тіпті, жалтақтық, бас игіштік қасиет өзінің адамдық ары алдындағы сатқындық емес пе?!. Ал, бұған кереғар, бағалауға лайық қасиет - қарапайымдылық. Адам өзін қарапайым ұстаған сайын дараланып, асқақтап, тұлғаланып көрінеді. Мұның астарындағы дүниелерді тарқатып айтудың өзін артық санаймын. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ