Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАЙДАҚБҰЛАҚ АУЫЛЫН АРДАГЕР ЕСІМІМЕН АТАЙЫҚ: КӨПШІЛІКТІҢ ҰСЫНЫСЫ

Уақыты: 31.03.2021
Оқылды: 800
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халқымыздың арғы-бергі тарихына үңілсек «Азамат» деген үлкен әріппен жазылар атауды айтар сөзін орнымен қолданатын, ел алдында беделді, қажырлы еңбегімен еленген, аузы дуалы, ортасында ерекше сыйлы тұлғаларға арнайды. Соған орай «Ауылына қарап азаматын таны» деген нақыл қалдырған. Расында туған жері мен елінің өркендеуіне еңбек сіңірген, тегін білер тектінің ұрпағын Азамат деп атайды. Құдайға шүкір, келбетін көргенде қуанып, бітірген ісін естігенде марқаятын сондай азаматтар баршылық. Солардың бірі – ел аузына ерекше қасиетімен ілінген Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, халық қалаулысы, Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылының тумасы, осы өңірдің көркеюіне қомақты үлес қосқан Жартыбай Қожашұлы.

1948-1951 жылдары Кеген ауданындағы ірілендірілген шаруашылықтардың бірі М.Горький атындағы «Жылысай», «Октябрь» колхоздарында басшылық қызмет атқарған Жартыбай атамыз 1960 жылдан бастап сол кездегі ауданның үлкен шаруашылығы саналатын «Тоғызбұлақ» колхозын басқарды. Сол жылдардың жетістігі  ауылдастардың есінде. Бүгінгі ауыл ақсақалдары Жартыбай Қожашұлының өнегелі істерін жыр қылып айтады. Әсіресе, өзі шаңырағын көтеріп, уығын шаншыған Жайдақбұлақ ауылы атамыздың іскерлігін, көрегендігін білдіреді. Колхоздың бір бөлімшесін өз жобасымен құрған айтулы тұлға ірі қара малды, жылқыны бір жерге топтастырып, шаруашылықтың жұмысын жандандыра түседі.

Бұл дегеніміз, әр нәрсені ыңғайымен жобалап, шаруашылық экономикасының ұлғаюына қосылған үлкен үлес. Тау бөктеріндегі Жайдақбұлақ ауылының іргесін көтеріп, елді мекеннің гүлденуіне ерекше көңіл бөлінді. Әлеуметтік нысандар салуда да өзгелерге өнеге көрсетіп, көпшіліктің ризашылығын алды. Шағын ауылдың клубы сәулеті мен сәні жағынан қайсыбір үлкен кеңшарлардың Мәдениет үйлерінен де еңселі еді. Іргесі мығым сол клуб тоқсаныншы жылдарға дейін көркінен тайған жоқ. Кейінгі жекешелендіру кезінде бұзылып кеткен сәулетті үйдің орнында үйінді ғана қалғаны өкіндіреді.

Дәлелсіз сөзге біреу сенер, біреу сенбес. Жайдақбұлақ ауылының өркендегені жайлы естеліктерге орын беріп, данагөй қарттардың айтқандарына құлақ салсақ көптеген мәліметке кенелеріміз анық. Белгілі тарихшы, академик Кеңес Нұрпейісов өз қолымен жазған қолтаңбасымен былай дейді: «Халық: «Ер есімі ел есінде!» – деп тегін айтпаса керек. Еске сақтау үшін, оның өмір жолының өзегі болған туған ауылы «Тоғызбұлаққа» есімін берсек, рухы биік халқымызға тән ізгілікті міндеттің бірін орындаған болар едік».

Жалпы академик Кеңес Нұрпейісов пен Жартыбай Қожашов арасындағы бауырмалдық байланысты екеуара жазылған хаттардан көруге болады.

«Ассалаумағалейкум, Жартыбай аға! Сізбен көптен бері хабарласа алмадым. Осыдан екі жыл бұрын маған берген және өзіңіз бастап бірнеше ағамыз қол қойған естелік жазбаларыңызды жариялаудың сәті енді ғана түсті.

Мен сырқаттан оңалып, қатарға қосылғаннан соң қоғамдық негізде «Туған өлке» атты журнал шығаруды қолға алдым. Журнал негізінен Жетісу өңірінің тарихына, оның үлкенді-кішілі тұлғаларына, мәдени ескерткіштеріне, т.б.мәселелерге арналған. Былтыр жыл аяғында соның алғашқы екі санын бір кітап етіп шығарып едік. Енді осы жылғы бірінші санын жарияладық. Онда сіз маған аманат етіп тапсырған естелік жазбаларыңыз менің алғысөзіммен «Жазықсыз жапа шеккендер» деген тақырыппен жарияланып отыр.

Осылай жоғалтқанымызды шамамыз келгенше халыққа таныстыра бермекпіз.

Журналдың бір данасын Жолдыбек арқылы сізге жолдап отырмын.

Сізге барлық жақсылықты тілеуші ініңіз Кеңес Нұрпейіс. 26.05.2004 ж.»

Ардақты ағаның ізетті інісі осылай дейді. Тағы бір біртуар жан, қарапайым еңбегімен Кеңес одағына танылған КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері, «Дала академигі» атанған Жолсейіт Молдасановтың мына пікірімен де санаспауға болмайды.

«Мен Жәкеңді, Қожашов Жартыбайды жақсы білемін. Бәріміз бір ауданның ауылшаруашылығы саласында қызмет жасап, сыйласқан жанбыз. Ол кісінің ұйымдастырушылық, басшылық қабілеті өте жоғары. Қай салада қызмет жасаса да бар күш-қайратын аямай жұмсаған жан еді. Сол Жәкеңнің арқасында артта қалған көп шаруашылық жоғары көрсеткішке ие болды. Еңбектері орасан зор болып, мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Солардың бірі Ленин және «Құрмет белгісі» ордендері еді. Өзіміздің ауданның «Құрметті азаматы» атанды.

Жайдақбұлақ ауылының іргетасын қалаған да, өркендеткен де Жәкең еді. Жәкеңнің есімі ел жадында қалу үшін айтарым: Жайдақбұлақ ауылы «Жартыбай ауылы» деп аталса деймін. «Ер есімі ел есінде» дегендей, Жәкеңдей азамат ел есінде қалуы керек деп ойлаймын. 12.07.2014 жыл».

Белгілі журналист, КСРО теледидары мен радиосы қызметінің үздігі атағының иегері, «Жазушы» баспасынан бірнеше кітабы жарық көрген абзал жан Мұқай Байсейітовтың Жартыбай атамыздың өз аузынан жазып алған мына бір естелігі көп жайды аңғартады.

«Өзің білесің, ел сенім артты. Оны облысты, республиканы сол жылдары басқарған өткендегі «құбыжық» саясаттан хабары бар өрелі басшылар қуаттап, Кеген ауданындағы «Тоғызбұлақ» колхозына төрағалыққа тағайындалып, онда он жылдан аса қызмет істедім. Абыройсыз болған жоқпын».

«Жетісу» газетінің 2003 жылғы 22 қарашадағы нөміріне шыққан «Өзен – суымен, ел – адамымен қымбат» атты мақалада: «Жайдақбұлақ. Тағы да Жайдақбұлаққа келейік. Сол кезде 1964 жылы осы бөлімшені басқарып, ауылдың өркендеуіне айрықша жігер танытқан дәл сол кездегі жиырма сегіздегі жігіт, абыз ақсақалымыз Сүлеймен Көшкіновтың «Ұжымшар басқармасы, әсіресе, оның төрағасы Қожашев Жартыбай аға бізге қатты көңіл бөліп, қажет материалдардың кешікпей жеткізілуін бақылауға алды» деп еске алуы, айтқан сөзіміздің тағы бір дәлелі. «Өткен күнде белгі көп...» кітабы, 92 бет.

Аузы дуалы ақсақалдар айтқан естеліктер, ел аузындағы әртүрлі әңгіме Жартыбай Қожашұлы туралы естеліктің өзегіне айналып отыр. Тағдыр тәлкегін басынан кешірген Жартыбай Қожашұлы туралы әңгіме мұнымен біте қоймайды. Айтылатыны да, жазылатыны да терең. Дара туған тау қыранының алыстаған сайын асқақтай беретіні ақиқат.

Өмірбаянын оқып отырсақ, соғысқа «сенімсіздер» қатарында құрдастарының соңынан алынуы, майданда Орел-Курск-Белград доғасындағы шайқаста көрсеткен ерекше ерлігі, 960-шы атқыштар полкында взвод командирінің көмекшісі дәрежесіне дейін көтерілуі қарапайым ауылдан шыққан қара домалақ қазақ баласына оңай болмағаны анық. 1943 жылы ауыр жарақат алып елге оралған Жартыбай атамыз партия, комсомол жұмыстарына жегіледі. Әрине, 1945-1951 жылы жылдары Коммунистік партия қатарына алынған жанның 1951 жазықсыз жаламен істі болып, сотталып кетуі Коммунистік партия қатарынан шығарылуына жеткізді.

Мұның бәрі бүгін айтуға оңай. Бірақ қарым-қабілеті асқақ асыл жанды тағдыр тәлкегі жасыта алмады. «Аққа құдай жақ» дегендей, жыл толмай 1951 жылы 27 қазан айында ақталып шықты. 1951-1957 жылдары Алматы ауылшаруашылық институтында білім алып, дипломды маман атанған соң 1960 жылы «Тоғызбұлақ» колхозын басқаруға келді. Осылайша шағын ауылдағы ел-жұртты ұйымдастырып, көптеген игілікті іс-шараны жүзеге асырған жан 1961 жылы СОКП мүшелігіне қайта қабылданып, абыройы асқақтады. «Партия – халықтың ар-ожданы, абыройы» деген ұран аспандап тұрған кезеңде тау қыраны жаңаша түлеп, тұғырына қайта қонды. Сол жылдары шаруашылықтың тасы өрге домалап, Қазақстан КП Орталық комитеті, Қазақ ССР Министрлер Советі және Кәсіподақтардың  Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл еткен еңбек, төккен тердің өтеуі еді.

Он жылдан астам шаруашылық төрағасы болған Жартыбай Қожашұлы зейнеткерлікке шыққанға дейін Жалаңаш сауда бірлестігінің директоры, ауылдық кеңес төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Туған жерінің топырағы мен жұпар ауасына ынтық жанның Отан алдындағы елеулі еңбегі осылайша ақталды. Ең жоғарғы марапат Ленин ордені мен «Құрмет белгісі» орденін бейбіт заманда алса, Отан соғысы ордені мен көптеген медальдар Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерен ерлігінің белгісі. Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалып, «Кеген ауданының Құрметті азаматы» атанған Жартыбай Қожашұлының ғибратты ғұмыры, өнегелі өмірі кейінгіге үлгі, болашаққа тәлім болары анық. Өмірбаянын, ол кісі жайлы жазылған мақалаларды оқып отырсақ, басынан қилы кезеңдерді өткергенін көреміз.

Тайғанақ жол, тар соқпақтан сүрінбей өткен қайсар жан қандай жағдайда болсын үлкен жауапкершілік көрсетіпті. Туған жер мен елі алдындағы қарызы мен парызын адалдықпен өтейді. Артында қолтаңбасы ретінде белгі қалды. Ол – алғашқы қадасын өзі қаққан, іргетасын өз қолымен қалаған Жайдақбұлақ ауылы. Ауыр еңбегінің зейнетін бағалау арттағы ұрпағы – бізге сын. Біздің берер бағамыз - ол кісінің жарқын бейнесін санамыздан өшірмеу. Ердің есімі келешек ұрпаққа асқақтап жетуі үшін тау бөктеріндегі шағын ауылға Жартыбай Қожашұлының есімі берілсе деген тілек көпшіліктің көңілінен шығады. Сонда ғана жағалай бие байлаған Жайдақбұлақ ауылының аты айшықталары анық.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген бар. «Ел-жұрттың ізгі ісін Алла қабыл алсын!» деп тілейік, ағайын.

Советбек КӨБЕНҰЛЫ

Жайдақбұлақ ауылы,

Кеген ауданы

Алматы облысы