Даналықты ту еткен

Уақыты: 19.06.2017
Оқылды: 1710
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бабалардың құс қанаты талар Тұран даласын шешендер мен шеберлердің, көсемдер мен ділмарлардың мекені етіп, артына бөз қалдырмаса да сөз қалдыруының өзі қазақтың ұлттық болмысы мен табиғатын даралай түсер асыл қасиет. Арда елдің аспанында жыр қалықтап, ән әуелеп жататыны, баһадүрлердің арманын арыстардың, алашордашылардың ізін ақын-жазушы, журналистердің жалғап келе жатқаны да сондықтан болар...  Бұл бір халықтың ұлттық коды саналар сөз өнерін биік көтеру жолында аянбай тер төгіп жүрген қайраткерлер мен қаламгерлердің шығармашылығымен танысқанда туған ойлардың ұшқыны. Бұл – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетовтің жарыққа жуырда ғана шыққан, Талдықорған төрінде салтанатпен тұсауы кесілген «Өмір өрнегі» атты кітабын оқып түгескенде туындаған толғамдар.

Ойшылдардың ойдым-ойдым 
    ойын жіпке тізгендей қылып санада сақтау, құнарлы сөздің уызындай кесек-кесек пікірлерді шамшырақ ретінде алға тарту, сол арқылы өмір жолында қия баспай өз сүрлеуін даңғылға айналдыру – парасатты, қайратты жанның қолынан келер іс, маңдайына жазылар бақ. Қадым заманнан бері сайын далада ғұмыр кешкен сан мың ділмар, жырау, ақындардың кейінге қалдырған хикматтары, бәйіттері мен ода, жыр-дастандары қазақ руханиятының қасиетті қамбасында жарқырап жатыр. Бірақ, данышпандардан қалған маржан туындыларды жарқырата көрсетіп, өз ойымен сабақтастыра байлам жасай отырып өміріне алтын арқау еткендердің қатары сирек секілді көрінеді де тұрады. Сол аздың ішінде жүріп, саяси өмірдің бел ортасында Алаштың аңсарын іздеп, қазақылықты сақтау жолындағы қайраткерлік ісімен көптің көзайымына айналған ел ағасы Серік Әбікенұлының болмысын бірден аңғарамыз десек асыра айтқандық емес. Оған алға тартар деректер мен дәйектер жетерлік. Осыдан екі жыл бұрын жарық көрген, көзі қарақты оқырмандар мен қаламгерлердің жоғары бағасына  ие болған «Ой иірімдері» кітабы жоғарыда айтылған қажырлы да қайратты һәм парасатты жанның тағдыр-талайына жазылған батпандай бақтың көрінісі емес пе?! Ал сол еңбектің заңды жалғасы саналар «Өмір өрнегі» кітабы қазақ руханиятының шалқыған айдынына құйылған мөлдір бұлақ екені анық.
Кітап кіріспесінде автор онда келтірілетін байламдар мен толғамдарға бір ауыз түсініктеме беріп өткен. Жүрекпен, ақыл-парасатпен жазылған, бабалардың озық ойы, даналығымен астасқан дүниелерін жарыққа шығару, өзінің тебіреністі толғауымен сабақтастыра отырып саралау, талдау, ұрпаққа аманаттау, осылайша қаламгерлікке тән жауапкершілікті сезіне білуінің өзі қайраткер тұғырын даралай түседі. 
Қос кітабымен танысып шыққандағы байқағанымыз, мемлекет қайраткері қазақ әдебиетінің алтын тіні болған данышпан Абайдың ұлағатына көп жүгінеді. Кемеңгердің келісті сөзінен мысал келтіріп, даналық ойын басшылыққа алып отырады. Оны хакім деп айрықша құрмет тұтуынан және кітап кіріспесіндегі көшелі ой, тұшымды пікірлерінен аңғардық. Иә, данышпан бабамыз: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», – деп жазған-ды  «Қара сөзінің» әлқиссасында. Бұл дананың кенді кеудесіне сыймаған ғажайып ойлардың таңбалануының толғақты сәтін танытар мысал ғой. Ал, сол Абайды құрмет тұтатын қайраткердің кітап жазудағы мақсатын: «Тәрбиелік мәні терең тәмсіл сөздерді естіген сәтте есте сақтауға тырысамыз. Көбіне сан ойлардың қатпарында ұмытылып та кетеді. Әңгіме үстінде естігенімді жазып аламын. Байқасам, біраз дүние жинақталыпты. Оны суырмада қалдыруға қимадым. Сосын бекер қалмасын, жастарға тәрбие, тұрмыста қажет болар деген ниетпен осы бір азын-аулақ дүниенің басын құрауға бел байладым», – деген сөздерінен аңғарамыз. Тәрбие мәселесіне келгенде рухты асқақтатар бабалардың өмірі мен шығармашылығына иек артатынына осы бір оймақтай ойы мысал емес пе?!
Дала ділмарларының парасатты пайымдарын айшықтап көрсететін жинақтың алғысөзі ретінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, көрнекті жазушы Несіпбек Дәуітайұлының «Ақылман аманатқа адалдық» тақырыбындағы көшелі пікірі берілген. Бұл шын мәнінде ел мен жердің тағдыры мен оның руханиятын ойлаған азаматтың болмыс-бітімін, өмірден түйгенін, парасатын танытар лебіз. 
«Өмір өрнегі» кітабында Секеңнің ұстанымы – заманалар тудырған қазақтың қанатты сөздері, қилы-қилы жағдайда қисынын тапқан байламдары жас ұрпақтың қажетіне жараса деу. Бұл – қайраткер азаматтың жанашырлығы. Келешекке бейжай қарай алмайтындығы. Ендеше, қалың оқырманға арналған Серік Үмбетовтің «Өмір өрнегі» кітабы ата-бабалардың ақылмандық әлемінен қалған аманаттарды жеткізуші құндылығымен қымбат», – деген Н. Дәуітайұлы жинақтың жалпы мазмұны халықтың даналық сөздерін баяндай келіп оны талдау, автордың өзіндік пайымы арқылы көңілдегі көркем дүниені келешектің қажетіне жарату екендігін ескерте кетеді. Емеурінсіз айтылған мұндай есті сөздің сыры неде жатқанын көзіқарақты һәм талғампаз оқырман кітапты қолына алған сәттен бастап бірден аңғарады. 
Осы орайда, халық қалаулысының ел жүрегінде сақталған жарқын істерін жіпке тізіп өтудің де реті келіп тұрғандай. Серік Әбікенұлы жеті өзені күркіреп аққан жер жаннатын басқарған уақытта өлкемізге қазақылықты алып келгендей болды. Облыс орталығындағы шағын аудандарға киіз үй тіктіріп, ақшаңқан үйлерде саба-саба қымыз сапырылып жатты. Биенің бал сүтін таңдайға таттырып, жан рахатын сезіну үшін жетісулықтардың қымызханаға сабылғанын талай мәрте аңдаған едік. Екіншіден, Алланың жердегі үйі саналар қасиетті орынның қабырғасын көтергізіп, бүгінде облыстағы иісі мұсылман бас қосатын орталық «Иман» мешітінің қалаға көрік беріп тұруына себеп болды. Тіл сарайы, Достық үйі сынды сәулетті де сәнді ғимараттардың ел игілігіне берілуінің негізінде Серік Үмбетовтің ұлтжандылығы мен іскерлігінің жатқаны көпке аян. Бұдан өзге де атқарған келелі істерін, жемісті жұмыстарын жетісулықтар әлі күнге дейін жыр қылып айтып жүр. Сол нұрлы кезеңдерді еске салар, қолтаңбасының бірі саналар Тіл сарайында «Өмір өрнегі» кітабының тұсаукесер рәсімі өткен болатын. Осы бір қуаныштың белортасында болып, кітап авторы жайлы айтылған ақжарма тілектер мен жинақ туралы көшелі пікірлерді зердеге тоқып қайтқан едік. Мәселен, Серік Әбікенұлының қос кітабын басып шығарып, оқырманға жолдаған «Арда» баспасының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Асқар Алтай: «Ойлы қазақтың барлығын қуантқан, үлкен серпіліс әкелген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланған шақта Серік Әбікенұлының кітабы баспада жатқан болатын. Мен бұл кітапты оқып шыққандықтан мазмұны мен мәнін, ішіндегі өткір ойларына әбден қаныққан едім. Сондағы таңғалғаным, Президентіміздің алты бағытта өрбіген парасатты пайымдарының ішіндегі «ұлттық код» туралы ғажайып ойы мен халық қалаулысының «сөз – біздің ұлттық кодымыз» деген тұжырымының үйлесімділігі. Бұл халықтың дара перзенттерінің рухани сабақтастығын танытар, ұлтына деген шексіз сезімін айқындар ақпар десем қателеспеспін», – деп тебіренген еді. Осы алқалы жиында арналы ақын, қабырғалы қайраткер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті журналисі Әміре Әрін сөз алып, тыңдарманды ой тереңіне бойлатқан болатын. Ділмарлардың сарқытындай сөйлейтін ол:  «Түгел сөздің түп-атасы атанған Майқы бидің «Тұлғалы би нұр тұнған, туғанды би пұл қуған, жасанды би құл туған» деген тамаша даналығы бар. Мен елінің құрметіне бөленген, сөздің мәйегін терген Серік Әбікенұлын тұлғалы би деп білемін және ХХІ ғасырдың Майқысы деп есептеймін», – деп ұлт зиялыларының зерлі сөзін жинақтап, тереңіне бойлаған парасатты жанға әспеттеусіз, әсіреқызылсыз нақты бағасын берген еді. Осы бір тебіреніспен айтылған жақсы лебіздің қоғам қайраткерін тағы бір мәрте даралап көрсететіні ақиқат...
Жүректен шығып, жүрекке жеткен жазбалар топтастырылған танымдық кітапқа оралсақ, заманалар көшінде елінің есендігін ойлап, мәдениетін қалыптастыруға күш салған кешегілердің ғақлиялары мен нақылдары, көшелі пікірі, көңіл көзінен өткен көсем сөздері бедерленген, ошақтың үш тағанындай үш бөлімнен тұратын жанқалтаға шақталған көлемдегі мазмұнды жинақтың ұрпаққа берері мол. 
Сүлейлер мен кемеңгерлердің нарқы да, парқы да бөлек ойларының бір парасы берілген кітаптың «Сөз құдіреті» атты бірінші бөлімінде қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіне алтын көпір болған дана Абай, «Ереулі атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?» деп заманаға ашынып, сауал тастаған алмас жырдың егесі Махамбет, «айтыстың алтын діңгегі» саналған Сүйінбай мен жыр жампозы Жамбыл, әлем классиктерінің бірі, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов пен қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының афоризмдері мен өлеңдерінің өткір тұстары бедерленген. Бұл жағынан келгенде қайраткер жіпке тізгендей тізбектеген нақылдардың нарқын асыра түспесе кемітпей, терең талдап, өмірімен сабақтастыра саралап береді. Бұл кітап сонысымен тартымды, сонысымен бағалы. Мысал келтіре кететін болсақ, «Қазағын жанындай жақсы көрген және ертеңіне алаңдаған данышпан Абайдың «Қара сөздерін» оқыған адамның өмір жайлы, адамгершілік жайлы терең ойланатыны ақиқат. Ойланбауға болмайды. Айтылғандар тұнып тұрған тәрбие-тағылым. Сол үшін немерелерімнің сабақ оқитын столына осы құнды кітапты әдейі қойып кетемін. Сырттай бақылап қарасам парақтап отырады. Қуанып қаламын. «Оқы» десең, басқаша болар. Кейіннен әңгіме арасында сыр тартып сұраймын. Сонда «Абай атамыз жақсы айтыпты» – дейді. Бүлдіршіннің санасына жеткеніне шүкіршілік жасайсың мұндайда», – деп жазады кітап авторы. «Данышпан Абай айтқан екен» деген тақырыпта жазылған мұндай ой-толғамдары ел азаматының аталық қуанышын баян етер және ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігін танытар жазба. Міне, осындай ой-өрімдерімен өрнектелген, көркемделген танымдық, тағылымдық маңызға ие жазбалардың қай-қайсысы да мысал ретінде қарастыруға лайық.  
...Рас, өмір жайлы байлам жасай алмайсың. Тіпті, оған жеке дара түсінік, теңеу бере алмайсың. Ол дүние-әлемді дәргейіне келтірер құдіретті күштің жасауымен болған, адам баласының анықтамасын қажет етпейтін дүние! Сондықтан да болар, ақындық дейтін ақиқат ауылында дараланған небір саңлақтарымыз сөз қадірін терең білгенімен өмір жайлы толғанғанда нақтылы атау мен баламаға иек артпаған. Оны шайырлар шығармашылығымен етене таныс көзі қарақты, ойлы оқырмандар сан мәрте аңғарған да болар. Мәселен, аспантаулар аясында түлеген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өзі «Өмір жайлы сұрай берме сен менен, өмірді мен әлі зерттеп көрмегем. Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар, қан майданнан жалғыз ұлы келмеген», – деп тағдырдың тақсіретін тартқан қарияға қарата сөз айтқанымен, өмірдің қандай екенін ақындық арда қасиетке басып топшылай салмаған... Ал енді шайырлардың өзі атау бермеген ұлы мерзімді өзекті жанның бәрі бастан кешеді. Ол ақиқат. Дей тұрғанмен ақыл иесі болып жаралған жұмырбасты пенденің бойындағы өнердің ең ұлысы – сөйлеу, түсінісу, ұғынысу болса керек. Өйткені, барлық өнер сөз арқылы жүрекке жетеді емес пе?! Бұл жағынан келгенде, әлқиссада атап өткендей, әлімсақтан текті жұрттың ұлттық болмысын танытар дүние сөз құндылығы болған. Сондықтан да алты Алаштың арыстары артына «мал қалдырмаса да тал қалдыруды», «бөз аманаттамаса да сөз қалдыруды» мақсат еткен. Жиренше, Төле сынды есімдерге «шешен» мен «би» атауларының қосақталуы салқар даланың төсінде мекен еткен қайсар елдің шешендігін танытады. Қаламгерлер мен тарихшылардың қанда бар қасиет пен болашаққа сеніп шырайлы шығармалар мен танымдық туындылар тудырып, кітаптар жазып, өміршең өнерге өлшеусіз үлес қосып жатқандығы да сондықтан. Ал, осы жолда дарқан даланың данагөйлерінің дуалы сөздерін санада жаңғыртуға бел байлап, бір жүректі тебіренткен жауһарлардың мың жүректі тулатарына сенгендіктен суырмасында сақталған дүниелерді жинақ еткен Серік Әбікенұлының да руханиятқа қосқан үлесі мол. Сонымен қатар, өмір деген баламасыз қасиетті атауды алдыға тартып кемеңгерлер көсемсөздерін топтастырған жинақты «Өмір өрнегі» деп атаудың өзі қарапайымдылық пен қазақылықты танытар, жүрекке жылы тиер дүние. 
Қажыр-қайратын жас Қазақстанның іргелі мемлекет болуы жолына арнаған, Отанның гүлденіп, өркендеуіне, әлем елдерімен иық тірестіруіне өзіндік үлесін қосқан, Елбасының ұстанған сарабдал саясаты мен нұсқауларын іске асыруда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Серік Әбікенұлының атқарған істерінің көптің көңілінен шыққаны хақ. Бұл бір адамның пайымынан туған пікір емес. Көпшіліктің көкейінде жатқан сырға үңілетін журналистердің аңғарымпаздығынан айшықталған ой десек, артық айтқандық болмас. Халық қалаулысы өткен ғасырда қанымызға сіңіп, сүйегімізге дендеп бара жатқан сырқатпен күресіп, жұртын ойлаған азамат ретінде өзі басқарған өңірлерді қазақыландыруға барынша күш салды емес пе?! Соның арқасында жарқын бастамалары жүйелі келе жатқаны ақиқат. Ұлтын осынша сүйген жан аталмыш кітаптың екінші бөліміне ширек ғасырда жеткен жетістіктеріміз бен кемел келешекке бастаған Көшбасшымыздың ұлт болашағын көздеген маңызды бағдарламалары, жобалары жайлы жүрекжарды пікірлері мен Жолдауға қолдау мақсатында жазылған, тереңдете талдаған дүниелерін еңгізіпті. 
«Тәуелсіздік – тірегім» атты бөлімдегі материалдарды оқығанда ел тағдырына, жас мемлекеттің қарыштауы мен дамуы жолында жасалған жарқын қадамдарға қатысты, сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһанды жалт қаратқан жаңа бастамаларына деген шексіз ризашылықтан туындаған ақжарма лепеске риза боласыз. Мұның бәріне, ұлт жетістігіне ақ жүрекпен қуанатын қайраткердің дара тұлғасы көз алдыңызға келеді. Марқаясыз! Абыройлы азаматтың рухани дүниесіне шомып, сөз семсерін сертке ұстап туғанын аңдап, осындай ұлттың перзенті болғаныңызды мақтан тұтасыз! 
Серік Үмбетов Елбасының «Ұлт жоспары – 100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты жарқын болашаққа бастайтын стратегиялық жоспары басылым беттерінде жарияланғанда тебіреніп, көшелі пікір айтқан екен. Оған: «Мемлекет басшысымен жүктелген міндеттер біздің елдің дамуының дәл қазіргі кезеңінде аса ауқымды әрі өте өзекті. Сондықтан оның орындалуы әрқайсымыздың жауапкершілігімізге, білімділігімізге және біліктілігімізге байланысты. Бүгінгі заман талабы бір орында тұрып, қол жеткенге қанағат етуді көтермейді. Керісінше, үнемі ізденісте болып, еліміздің өркениет көшінің басынан табылуына жол ашатын тарихи құжаттағы әр қадамның күнделікті тірлікте көрініс табуын қамтамасыз етуге атсалысуымыз керек» деп үн қосуы, саналы түрде қолдау білдіріп, «100 нақты қадамның» әр қадамының ел болашағымен байланысты екенін айшықтай түскені дәлел болмақ. Міне, осындай өткір пікір, көшелі ойлар өрнектелген ІІ бөлімдегі «Қызыл тіл – жанның мияты», «Тәуелсіздік тірегі – тіл мен дәстүр», «Жаңғырудың даңғыл жолы», «Ынтымақтың алмайтын қамалы жоқ», «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін», «Болашақтың «Жол Картасы», «Батыр туса – ел ырысы», «Сүйінбай жырын селдеткен, Жамбылдың жырын тербеткен», «Асылдың сынығы», «Ерлігі абыздығына сай» атты тақырыптар аясындағы ой-толғамдарының барлығы дерлік ұлтжанды азаматтың, мемлекет және қоғам қайраткерінің көңілінен сүзіліп шыққан көркем дүниелер. Бұлар ширек ғасырлық тарихымыздың жарқын тұстары нақты дерек іздеген оқырманға таптырмас олжа. Сонымен қатар, замандастарымыздың тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі жүрек қағысын, тамыр соғысын аңдағысы келген келешек тарихшыларға қажетті мұра десек ақиқаттың ауылынан, шындықтың шекарасынан шеттеп кеткеніміз болмас-ау.
Үш бастаудан құралған көлдің екі сағасындағы сырлы дүниеге көз тастап, мөлдірлігіне шомып, толғамдар мен орамдар жайлы тебірене келе соңғы сағадан сырт берсек, руханиятқа бастау болып қосылған жинақтың екі тарауын тілге тиек етіп, соңғы бөлімін атаусыз қалдырсақ арға сын болар. Бас-аяғы жұп-жұмыр кітаптың «Өткен күнде белгі бар» атты қорытынды бөліміне Серік Үмбетовтің азаматтық келбеті мен абыройлы еңбегі арқау болған. Сонымен қатар, осы бір жинағына ақжолтай болған, оқырмандар мен қаламгерлердің алғысын арқалаған «Ой иірімдері» атты алғашқы кітабына жазылған танымдық, талдау материалдар мен ақын-жазушылардың айтылған жылы лебізі да осы бөлімге топтастырылыпты. Мәселен, ақын Рафаэль Ниязбек ол жинақты  «...Жамбыл туған киелі өңірде дүниеге келген көркем мінезді Секеңнің кеудесінде де Жетісудың ойлы бір өзені ағып жатқандай сезіледі. Ол – адамзат баласын жақсылыққа, тату-бірлікке үндеп жазған өзінің «Ой иірімдері» деген көркем туындысы» деп бағалайды. Бұл ақиқатты ту еткен ақын жүрегінен шыққан шынайы баға. Осыдан-ақ, қос жинақтың салмағы мен мазмұнын саралауға, бағалауға болады. 
«Өмір өрнегі» кітабының осы бөліміндегі зиялылар жазған толғамдардың қай-қайсынан да мысал келтіруге болады. Қаламгерлердің кесек ойлары, шынайы лебіздері қашанда қабырғалы істердің басында жүрер қоғамшыл тұлғаның дара  бейнесін танытар дүниелер екені даусыз. «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жұмабек Кенжалиннің «Жақсыға жан үйірсек» атты естелігінің, қазақтың классик жазушысы Шерхан Мұртазаның асқақтата бағалаған Серігіне қарата айтылған лебізінің ғажайып бәйіттей жанды баурағаны бар. Ал осындай жүрекке жылы тиер шынайы пікірлерді алға тартар болсақ, Болат Абаған, Әміре  Әрін, Толғанай Әбен, Қорғанбек Аманжолов, Күмісжан Байжан, Сәуле Досжанова, Сүлеймен Мәмет пен Забира Сайдильдина сынды қаламгерлердің кітапқа енген танымдық материалдарының кез келгенін мысал ретінде алып, оймақтай ойларын айшықтап беруге тұрарлық. Осындай өрелі ойлардың жазылуына түрткі болудың өзі қандай десеңізші?! Ел басқару ісімен жүріп, лауазымды қызметтерде руханиятқа алаңдап, зиялылармен рухани байланыс орнатып, қаламгерлердің кітабын шығаруды қолға алып, баспанамен қамтамасыз ете білген қайраткердің еңбегінің еленгендігі бір төбе болса, бұл еңбегін сөз өнеріне сараланып қосылған сүбелі үлес деп білеміз. 

 

Тіл – кезегімен келіп жататын ұрпақтың бір-біріне қалдырып келе жатқан ең ұлы Аманаты, ұлттық кодының Алтын сандығы. Ұлан-ғайыр қазақ даласын жайлаған ата-бабамыздың күллі рухани құндылықтары ана сүтімен дарыған тілдің құдіретімен жасалып келеді. Тіршіліктің тігісін жатқызатын, тілегін жеткізетін, тебіренсе теңдік сұрайтын, тереңдігін көрсетіп, тектілігін танытатын біздің тіліміз тарихи тағдырымыздың киелі Иесі. Соның ұлағаты, рухы және халықтың қасиеті, өмірдің өсиетімен қалыптасқан адам ғана абыройға жолдас. Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов туралы айтылған сөз бұл. Соның «Өмір өрнегі» деген кітабымен танысқандағы ой.
Несіпбек ДӘУІТАЙҰЛЫ.

 

«Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім», – дейді хакім Абай батыс пен шығыстың білімін кеудесіне қондырып, ислам әлемінің сырына қаныққан данышпандық күйінде. Сонылық соқпағына түскен Шәкәрім ше?! Әлем әдебиетінің қаймағын қалқып ішіп, Толстоймен тілдескен ақынның «Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың!» деуінің өзі асыл бабаның білімінің телегей екенін танытар дүние ғой... Осы бір екі тұлғадан өзге де қазақ қаламгерлері мен жырау, шешен,  билерін санамалап, олардың дарынына баға беріп, мұрасына бойлаудың өзі оңай дүние емес. Текті жұрттың төл әдебиеті мен тамыры терең тарихының тарланбоздары жетерлік. Міне, сол рухани қазынаға сыңғыры мол бұлақ болып қосылған «Өмір өрнегі» кітабы терең зерделеп, байыптап оқуға, рухани қажетіңе жаратып, ой елегінен өткізуге тұрарлық жинақ. Ділмарлардың даналығы мен кемеңгерлердің көсемсөзі айшықталған жинақтың өміршең болып, халық қажетіне жарайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ​