ЖЕТІСУДЫҢ САРАСЫ МЕН АЛАШТЫҢ ӘЛИХАНЫ: ТЕАТРДАҒЫ ЖАРАСЫМДЫ ЖҰП

Уақыты: 03.04.2021
Оқылды: 1542
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылы театрдың алғашқы пердесін ашып, содан бері сан түрлі образды сомдап,  Жетісудың Сарасы мен Алаштың Әлихандай дарасының жарқын бейнелерін сахна төрінен қайта жаңғыртқан ҚР Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы Алмахан Кенжебекова мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Кендебай Темірбайұлы 70 жасқа толып отыр.

Әлі есімде, 1975 жылы мен 8-сыныптан кейін Сарқан мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, 16 жасқа келген кезім. Әкем мен анам Мәдениет министрлігінің жолдамасымен сол кезде жаңадан ашылған Талдықорған облыстық драма театрына ауысты.

Тұратын үй әлі салынып жатыр деп, әкем мен анамды бала-шағасымен Кендебай ағам мен Алмахан тәтеме берген үш бөлмелі үйге орналастырды. Бір бөлмеде Кендебай ағам мен Алмахан тәтем, екіншісінде әкем, анам, үшінші бөлмеде ағам Әлібек, мен, інілерім Асқар, Асхат, сіңлім Бибігүл, барлығымыз сол үйде еденде айқасып жататынбыз. Анам қазан-қазан тамақ пісіріп, жетеуміз бір үйдің баласындай болдық. Кешке Мәдениет сарайына спектакль көруге барамыз. Осылайша өнердің қос саңлағымен екі жыл бірге тұрдық. Бүгінде театрда Кендебай ағам мен Алмахан тәтемді көрсем көз алдыма әкем мен анамның асыл бейнесі елестейді.

1975 жыл, қараша айының 4-шi жұлдызы, кешкi сағат 19.00. Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы облыстық партия комитетiнiң үлкен ғимаратына қарама-қарсы орналасқан Iлияс Жансүгiров атындағы Мәдениет сарайына қарай ағылған халықтың легiнде шек жоқ. Тiптi, ерте келiп отырып алған халық ерекше бiр қуанышта еді. Бәрiнiң нұрлы жүзiнде ерекше шаттық болатын. Расында, бұл қазақ театр әлемі тарихына айрықша жазылатын жаңалық едi. Себебi, төрт айдан берi облыс халқы мен қала жұртшылығының күткен күнi осы болатын. Облыстағы қазақ драма театрының шаңырақ көтерiп, жаңа драма театрының алғашқы шымылдығын ашатын сәттiң де сағаты соқты.

Облыстың орталығы Талдықорған қаласынан өнердің қара шаңырағы болып саналатын облыстық қазақ драма театрын ашу үшін  Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясының театр факультетін, КСРО-ның халық әртісі Шолпан Жандарбекованың жетекшілігімен, бітірген бір топ жас Мәдениет министрлігінің жолдамасымен жұп жазбай бірге келіп, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымымен театр шымылдығын ашты. Сол күні сахна ашылғанда «Баян!» деп жүгіре шыққан Тілек Әбжәлиев болса, екінші күні бұйра шашы желкесіне төгілген ұзын бойлы, аққұба, ақжарқын Қозы Көрпеш осы Кендебай ағам еді. Мал-мүлкін бала-шағасынан артық көретін сараң, тасбауыр, қайыстай қатты Қарабайдың образын сомдаған небәрі жиырма екі жастағы жас актер Асан Исаев болатын. Ал Баян сұлу – Жібек Лебаева, Қодар – Ораз Сәрсенбек, Жантық – Азат Базаркелді, Мақпал – Алмахан Кенжебекова, Таңсық – Шәмшия Балтаева, Күнекей – Жанат Чайкина болса, екінші күні Баянды – Алма Бастемиева, Қарабайды – Дүйсен Мұсабеков, Мақпалды – Шәмшия Балтаева ойнады. Осылайша Жетісудың жерінде, Талдықорғанның төрінде театрдың тұсауы кесіліп, алғашқы қадамынан-ақ ел жүрегінен орын алып, қазақ руханиятының қара шаңырағына айналды.

Бір жылдары театрдың бас режиссері Мұхтар Қамбаров Бек Тоғысбаевтың «Ақын Сара» драмалық поэмасын қойды. Тұрысбек қажының ауылында, бойжеткен Сараның айналасында болып жатқан шытырман оқиғалардың ауқымы залдағы көрерменді бірден ілестіріп әкетті. Бар тартысты қолдан жасап тұрған күрделі кейіпкер Тұрысбек қажы еді. (Қажының рөлінде Мүкейбай Сейдахметов) Сараны аңдып жүрген Жиенқұл (Аман Қожабеков) осы орайда бұл рөлді әрбір иіріміне дейін мән беріп, шынайы ойнады. Сара рөліндегі Алмахан Кенжебекова кейіпкер жан дүниесінің бар байлығын тамаша жеткізу үшін көп еңбектенген.

Біз Сараның көзінен жалт еткен ақындық ұшқынды жиі байқап қалып отырдық. Бұл жерде режиссер Мұхтар Қамбаров ақын жанының терең де сырлы мазмұнын көрсеткісі келген. Ал Алмахан болса, режиссердің бұл ойын өзінің бар табиғи талантымен толықтыра түсіп, рөлін кемеліне келтіріп, келістіре ойнады. Ақын Сараға лайық әдемі дауысы бар әнші Алмаханның ән айту шеберлігі, ақынжандылығы, ақынға лайық асқақ жүріс-тұрысы, қимыл-әрекеті көрермен көңілінен шығып, ақын Сара апамызды тұңғыш орындаушы есебінде театр тарихынан ойып тұрып орын алды.

Арқаның ақиық ардагер ақыны Біржан салдың рөлі менің әкем Назарбек Әмірғаливтің үлесіне тиді. Назарбек әнші десе әнші еді, әндерді саздап, асқақтатып айтатын. Оның халқымыздың бірқатар аяулы-әнші сазгерлерінің өмірін сахнада сомдауы  осы әншілік өнерінің арқасы десем қателеспеймін.

Өнерді бағалаушы да, оған төрелік айтушы да көрермен қауым. Солардың алғысына бөленіп, ризалығын көрсеткісі келген халық, домбырасын қолға алып, Назарбек асқақтата Біржанның әнін шырқап сал-серілерін соңына ерте, залдың ортасынан:

Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері,
Алыстан іздеп келді Біржан сері,
– деп шырқата шыққанда, сахнаның екінші жағынан қыз-келіншек ерткен Сара:

Қызымын Тастанбектің атым Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара,
– деп Алмахан шыға келіп, екеуі сөзбен тіресе кеткенде залдағы көрермен орнынан тік тұрып, Сара мен Біржан тіріліп келгендей қол соға қарсы алатын. Біржанның жанында Әріп ақын бастаған бір топ жігіттің зал ортасынан сахнаға көтерілуі үлкен символдық мағына беретін. Сараның анасын ойнаған Ғалия Темербаева мен Дәмен Шәймерденова да үлкен ананың ішкі тебіренісін шегіне жеткізе орындады.

Сахнаға ақын Сара өміріне елеулі өзгеріс енгізіп, жаңа леп әкелген, қазақтың оқыған азаматы, білімдар ақыны Әріп шыққанда, актердің ішкі мәдениеті мен интеллектілігіне риза боласыз. Қазақ халқының мақтанышына айналған ақын Сараның тарихта алар орнын сезген ол, қолынан келгенше «Тордағы тотыға» жәрдемін тигізбек болады. Әріп ақынның рөлін сомдаған республикалық байқаудың лауреаты Асан Исаев пен Кендебай Темірбайұлы да өз рөлін мінсіз ойнады.

Бек Тоғысбаевтың пьесасы бойынша сахнаға шығарған «Ақын Сара» спектаклінің салтанатты қойылымы күні Алматыдан сол кездегі Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков келді. Қойылымға аса ризашылығын білдіріп: «Ақын Сара десе, Сара екен. Біржан десе, Біржан екен. Екі актердің де кәсіби әншілігі бүкіл айтысты, айтыс арқылы спектакльдің деңгейін көтеріп кетті, театрларыңыз мықты екен», – деп жылы лебізін жеткізді.

Сөздің реті келгенде айта кетейін, 1993 жылы өкінішке қарай әкем Назарбек ауырып, төсек тартып жатып қалған. 60 жылдық мерейтойында Алмахан тәтем Көкшетаудан гастрольдік сапардан келе сала сахнаға жалғыз шығып:

Назеке-ау, Жетісуда жүрсің бе аман, 
Асықтым той болар деп елге таман.
Қасымда қатар ұшқан сұңқарым ең,
Алдыңа жалғыз келдім, хәлім жаман. 

Сенуші ем Біржан десе келе жатқан,
Естілсе сіздің дауыс есік жақтан.
Сән құрып салтанатпен шыққан кезде,
Көгілдір сұңқар едің тұмар таққан.

Ал келдім, неге тұрсың қарсы ұшпай,
Сараң тұр сайрауынан жаңылыспай,
Сиын да аруағыңа тұр орныңнан,
Тойыңда тоқтамаймын бір қауышпай
, – деп ақын Сара болып әндете, киініп шыға келгенде, әкем орнынан арқаланып тұруға ұмтылды, бірақ орнынан қозғала алмағанына қатты қиналып, өкінішке булығып, көзінен жас парлап аққанда, залда отырған елдің бәрі көз жасын тия алмады.

Алмахан Кенжебекова сахнада жарты ғасыр тер төгіп, сан алуан жанрда, сан қилы образ сомдап, халқының сүйікті ак- трисасына айналды. Алмахан елеусіз ғана эпизодтық рөлдің өзіне үлкен жауапкершілікпен дайындалатын. Жылт етіп қана көрінетін эпизодтық бейненің жан дүниесіне терең үңіле білді. Соның нәтижесінде кішкентай кейіпкердің көпшілік көре бермейтін қасиеттерін жеткізеді. Өйткені бәрін де өз деңгейінде шеберлікпен сомдайды. Алмахан Талдықорған облыстық драма театрында қойылған қойылымдардың барлығына қатысты десек, өтірік бола қоймас. Қырық алты жылдың ішінде ол трагедиялық, драмалық, комедиялық қойылымдардағы негізгі кейіпкерлерді сахналап, өзінің көпқырлы дарын екенін танытты.

1996 жылы Алмахан Кенжебекова Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасының сахналық нұсқасын жасады. Режиссері Болат Ұзақов, суретшісі Манатбек Байсалбайтегі. Күйші (үлкен кезі) – Сағындық Жұмаділ,  хан қызы – Алмахан Кенжебекова, Қарашаш – Жанат Чайкина, Күйші (жас кезі) – Болат Ұзақов. Бұл шығарма Матай қорының жүлдесін жеңіп алды.

1997 жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы желісі бойынша сахналанған  Алмахан Кенжебекованың «Абай туралы аңыз» драмасы заңғар жазушының 100 жылдығына орай Алматыда өткен Халықаралық театрлар фестивалінде үшінші дәрежелі диплом алды. Театрдың актрисасы Сандуғаш Мұңайтпасова лауреат атанды.

1998 жылы Алмахан Нұрпейісқызы Президентіміздің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Халық әртісі» атағын иеленді.

Ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Ана аманаты» қойылымында сомдаған ана образы Алмаханның шығармашылық кемел шағында екенін көрсетеді. Қойылым 2005 жылы Қызылордада өткен ХІІІ республикалық театрлар фестивалінде Гран-при жүлдесін иеленді. Ал Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» қойылымында Қорлан бейнесіне Алмахан Кенжебекованы таңдауы режиссер Қуандық Қасымовтың актрисаның шеберлігі шыңдалып, толысқан кезеңін дөп басқан. Алмахан-Қорлан ұстамдылығынан, қашанғы қазақ қызына, қазақ әйеліне тән инабат пен иба тұнған болмысынан танбайды. Сырт бейнесі де әсем, «саф алтынды тот баспайды» дегеннің дәлелі іспетті. Алайда ішкі аласапыраны алай-дүлей оны мұңлы, сағыныш тұңған жанарынан байқаймыз. Солай ете тұра жарқ еткен өткен шақ елесіндей жанар оты сізді елең еткізіп, «шын ғашықтар қосылмайды» деген тылсым махаббат элегиясына батырады. Актриса Қорлан болмысын бірте-бірте іштей өсіре түсіп, өзімен бірге бүкіл оқиға динамикасын алға жетелеп отыратын.

Алмахан көпқырлы өнерпаз. Ол драма театрының абыройын асырып жүрген актриса ғана емес, ел аузында жүрген бірқатар әндердің авторы. Оның әндері терең ой, мағыналы мазмұнға бай. Актриса Алмаханды әнші-сазгер Алмахан толықтырып жүреді. Ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сахарада керуендер», «Жас қайың», «Жазғырма мені», «Мәңгіге сен қаларсың», «Туған ел», «Отаным, саған айтамын», «Қайырлы таң тыныштық», «41-ші жылғы бесік жыры» сол сияқты М.Айтқожинаның «Самырсыңдар», Ә.Дәуренбековтің «Ақын өлімі», «Көксу бойлап», «Жамалымды сағындым», «Дәнеш аға», «Айдынға», Ж.Әміренің «Сен қуаншы, Ана!» Д.Әділовтің «Жаным менің», т.б.әндері көпке кеңінен тараған. Алмаханның орындауында республикалық телерадио қорында М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда», «Алтай-Атырау» поэмалары сақтаулы тұр.

Сазгер, әнші, актриса Алмаханның актерлық шеберлігімен қоса әншілік, сазгерлік дарыны ұштасып, даралана түсуі республика теледидарынан көрсетілген «Жүректі қалай жұбатам?» атты фильм-концертімен толық дәлелденеді.

Алмахан Кенжебекова бірнеше кинофильмдерде түскен. Режиссер И.Пастер мен Т.Теменовтің «Көшпенділер» фильмінде Шарыштың шешесі, режиссер Ж.Исабекованың «Ойпырым-ай» фильмінде құдағиын, режиссер Б.Шмановтың «Күнә» фильмінде көрші әйелді, режиссер Е.Оразбаевтың «Прыжок Афелины» фильмінде анасын ойнаған. Сонымен қатар, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы «Жеңімпаз» киносында әжесінің рөлін ойнады.

Қазақ халқының дәстүрі мен салтын сүйген, тілі мен өнерін сақтауда аянбай еңбек етіп өз үлесін қосып келе жатқан ұлтымыздың дарынды қызы Алмахан Кенжебекова 1982 жылы қазақ драма театр сахнасында қазақтың ауыз әдебиетінде аңызға айналған Ақын Сара образын жоғары деңгейде орындағаны үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі», 1998 жылы көп жылғы қазақ театр өнеріндегі ерен еңбегі үшін Президентіміздің Жарлығымен «ҚР халық әртісі», 1999 жылы өнердегі еңбегін бағалай отырып, сол кездегі облыс әкімі Заманбек Нұрқаділов облыстық мәслихаттың шешімімен «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын берді. 2010 жылы ҚР әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры және Райымбек ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. 2015 жылы театрдың 40 жылдық мерейтойы қарсаңында өнердегі ұзақ жылдық табанды еңбегіне орай Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Бүгінде театрдың анасы қазақ театр өнерінде ойып алар орны бар үлкен тұлғаға айналды.

Ал Кендебай ағам туралы айтсам, жан әлемі жақсылыққа толы жанның істеген ісінің де игілікті болатыны заңдылық. Әр аттаған қадамын қоғам мүддесіне арнап, шынайы қызмет жасау да сол жаны жайсаң ағамның қолынан келмек. Өз іс-әрекетімен көпке үлгі болатын, өзіне берілген жауапкершілікті адал да абыройлы атқарып жүрген іскер жан.  Кендебайдың әкесі әнші адам болған екен, сол кісіге еліктеп ол да ән салыпты. Сөйтіп жүріп өнер атты мұхитқа сүңгіп кетті.

Кендебай Темірбайұлы 1975 жылы сол кездегі Талдықорған облыстық қазақ драма театрын өзі бірге бітірген труппасымен бірге келіп, Қозының рөлімен театр пердесін ашты. Жаратылысынан ақын жанды әрі әнші-актер Кендебайды режиссерлар көбіне сахнада ақындар мен әншілер, батырлар мен жырауларды сомдауға салушы еді. Алғашқы рөлі Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Қозы Көрпеш болса, М.Әуезовтің «Қаракөзінде» – Асан сал, Ш.Айтматовтың «Жәмиләсында» – Данияр, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Бекболат,  Ш. Құсаиновтың «Алдаркөсесінде» – Алдар көсе.

Батырға тән адуынды асау мінез, ақынға тән жан нәзіктігі, мейірім – осының бәрін Кендебай Темірбайұлы Т.Қалилахановтың «Алтын бесігінде» – Жәпек батыр, Барақ сұлтан, К.Әбдірахмановтың «Қаракерей Қабанбайында» – Ақтанберді жырау, «Мұнар да мұнар, мұнар күнінде» – Махамбет Өтемісұлы бейнелерін сахналап, халық құрметіне бөленді. Сол сияқты көптеген актерге тиесілі сан түрлі образ сомдап, театрда тыңғылықты еңбек етті.

2005 жылы белгілі режиссер Мұрат Ахманов Б. Римова театрына көркемдік жетекші әрі директор болып тағайындалды. Келген бетте Ә.Тәжібаевтың «Көтерілген күмбез» пьесасын сахналады. Ондағы Шыңғысханның бейнесін Кендебай Темірбайұлына сеніп тапсырды. Ол Шыңғыс хан рөлін бар күш-жігерін жоғары деңгейде шығаруға тырысты. 2009 жылы Мұрат Ахманов М. Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасы бойынша сахналық иницинировкасын жасап қойды.

Бұл шығарманың негізгі ойын Мұқағали ақынның өзі жүргізіп отырады. Ал Мұқағали ақынды кім ойнайды деген сұрақ режиссерді өте қобалжытты. Айналып келгенде жас кезінде Мұқағали ақынды көрген, өлеңін оқып, кездесулеріне қатысқан және де бірде кездейсоқ таксиге отырғызып, үйіне апарып тастаған Кендебай ағамыздан артық ешкім бола қоймас деп шешті режиссер. Кендебай аға режиссердің үмітін ақтады. Мұқағали образы жоғары деңгейде шықты. Мұқағали ақынның өзі болмаса да көзі екеніне ешкім күмән келтіре алған жоқ. Бұл шығарма Қарағанды қаласында өткен фестивальде бірінші орынды иеленді.

Бұл да Кендебай Темірбайұлының ұзақ жылғы актерлық шеберлігінің шыңдалған тұсын көрсетеді. Қойылымдағы Мұқағали образынан үзінділер Мақатаевтың 80 жылдық торқалы тойында Алматыдағы Республика сарайында және Абай атындағы опера театрында өткен салтанатты кеште бірнеше рет Кендебай ағаның орындауында көрсетілді. Халық Мұқағали ақынның өзін көргендей дән ризашылығын білдірді. Міне, актер бақыты деген осы шығар деп ойлаймын. 2013 жылы Қазақтың саз өнерінің жұлдызы, қазақ өнерінің өз биігінде қалған ұлы тұлға, Ертістің Естайының образын жасау Кендебай Темірбайұлының бақытына бұйырыпты.

Естайдың «Қорлан» әні бүкіл қазақ даласына махаббаттың символы да, гимні де болып, әр қазақтың жүрегінде сақталған сүйікті әні еді. Ал бұл әнді спектакль барысында хор қосыла отырып жеке дауыста Кендебай ағаның шырқау шыңына жеткізе, жүректі тебіренте орындаған қоңыр дауысы көрерменді сағыныш пен мәңгі ұмытылмас терең махаббат әлеміне өзімен бірге батырып әкететін. Мен Кендебай ағаның осы әнін есту үшін қайта-қайта көрермен қатарында отыратынмын. Бұл образды өте нанымды шығаруға Кендебай ағаның ақынжандылығы мен әдемі әншілігі көп көмектесті деп ойлаймын. Ал бұл Естайды орындау екінің біріне бұйырмайды. Өйткені, ол рөлдегі актер шынымен жоғары дәрежедегі әнші болу керектігін талап етеді.

Алмахан апамыздың Қорланы Кендебай ағаның Естайы, екеуінің де актерлық-әншілік өнерінің, өмірінің де символы болып қала бермек. Бұл Иран-Ғайып ақынның «Естайдың Қорланы» пьесасы бойынша қойған қойылым еді. Қойған режиссер – Ш.Айтматов сыйлығының иегері, республикадағы белгілі режиссер Қуандық Қасымов. Мінеки, тарихта шынымен әр кезеңде орын алған тарихи Ақтамберді, Нысанбай жыраулармен бірге  Естай ақынның да бейнелері Кендебай ағамның театр әлемінде өшпес із қалдырған образдары ретінде орын алады. Ағамыздың соңғы жылы ерекше сомдаған рөлі, ол драматург әрі режиссер, ҚР Халық артисі Е.Төлеубайдың «Алаштың Әлиханы» драматургиясындағы Алаштың көрнекті қайраткері, егеменді ел болуды мақсат тұтқан қазақ халқының жеке мемлекет құру жолындағы ұлы күрескері Әлихан Бөкейханұлының образы еді. Бұл да кез келген актердің уысына сия бермейтін, басына бақ болып қона бермейтін қиын да қилы ізденістер мен табандылықты керек ететін, ішкі рухы мықты, жанын отқа да, суға да салып тұратын жинақылық пен іскерлікті керек ететін образ.

Бұл образды да Кендебай аға көпжылдық тәжірбиесіне сүйене отырып, жанын сала алып шықты. Халық Әлихан Бөкейханұлының ерлігі мен жанкешті, азапты өміріне сенді де, сүйсіне қол соқты. Бұл кезге де өзім куә болдым. 2018 жылдың 12 желтоқсанында Алматыдағы Жастар театрында осы қойылымды ойнаған күн Кендебай ағаның да, театр ұжымының да мәңгі есінде қалар деп ойлаймын. Өйткені, ол күні Алаш арыстарының туы көтерілгеніне 100 жыл толған еді. Бұл театрымыздың «Алаштың Әлиханын» қойған күнге тура келіпті. «Әлиханның» қойылатынын естіген алаштанушылардың көбі жиналды. Спектакльдің халық көңілінен шыққаны соншалық, әр жерден күрсінген дыбыстар, «ой, шіркін-ай» деген үндер шығып отырды. Спектакль соңынан алаштанушы академик Мәмбет Қойгелді, Айгүл Ісмақова, т.б. қайраткерлер өте ризашылығын білдіріп, Кендебай ағаның сомдауындағы Әлихан образын жоғары дәрежеде бағалады. Және де бұл спектакльді барлық қалаларда көрсетіп, Астана қаласының театрларына апарыңдар деп өтініш білдірді. Демек, бұл да Кендебай ағаның театр сахнасындағы жемісті еңбегінің жеңісі деп білеміз.

Кендебай Темірбайұлы аймақта ұлттық өнерді дамытуға әкімшілік қызмет жолымен де көп еңбек сіңірген азамат. Ол 1980-1981 жылдары Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Мәскеу қаласындағы ГИТИС-те театр директорларын даярлайтын 1 жылдық курсты бітіріп, Талдықорған облыстық драма театрының ұйымдастыру мәселесіне де араласып, спектакльдердің дұрыс қойылуына, қажетті заттардың дер кезінде табылуына көмек көрсету ретінде 5 жыл директор орынбасары қызметін атқара жүріп, актерлығын жалғастырды. Жасынан елгезек, жаны жайсаң азамат кіммен болса да жылдам тіл табысып, өз соңынан өзгелерді тез үйіріп әкететін тынымсыз еңбекқорлығын ескере келе сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Егеубек Далбағаев Кендебайды 1987-1990 жылдары Талдықорған облыстық халық шығармашылық орталығына директорлық қызметіне шақырды.

Мен сол кезде Кендебай ағаммен бірге сол шығармашылық орталықта бөлім меңгерушісі қызметін атқардым. Оның осы қабілетін де дұрыс пайдалану мақсатымен облыстық мәдениет басқармасы әртүрлі қызметтерге жіберді. 1990-1991 жылдары біраз уақыт облыстық «Қазақ тілі» қоғамында халықтық ата- мұра-мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. 1992-1997 жылдары облыстық мәдениет басқармасында орынбасар қызметін атқарды. Бұл Кендебайдың атқарған негізгі қызметтерінің тізбесі болса, оның қаладағы мәдени шара өткізуге де араласпаған кезеңі жоқ. Ұл-қыздарымызды ардақтайтын мерейтойларда әртүрлі тарихи образдарды сомдап, көптеген ірі тұлғаларды тірілтті. Мысалы, республика деңгейінде өткізген Қабанбай батырдың 300 жылдығында атқарған ұйымдастыру қабілеті үшін «Жыл лауреаты» марапатына ие болды.

1992 жылы дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы делегаттарына Ескелді бидің 300 жылдығын тойлау, 1993 жылы Балпық бидің 300 жылдығы, 1994 жылы Қабылиса жыраудың 310 жылдығы, аңызға айналған Ақын Сараның 115 жылдығы, І.Жансүгіровтің 100 жылдығы, М.Төлебаевтің 80 жылдығы тойында да облыстың, қаланың ұйымдастыру шараларының бел ортасында жақсы өтуіне белсене қатысты. Облыстық ақындар айтысы, облыста мекендеген халықтардың мәдени орталығын ашу кезінде де еңбегі айтарлықтай. Облыс қысқарғанда Кендебай Темірбайұлы өзі ашқан шаңырағына қайта оралып, театрды ұстап қалған жігіттердің қатарынан табылды. Нұр-Сұлтан қаласынан Жамбыл атамыздың ескерткішін ашу салтанатындағы театрландырылған көріністе Жамбыл Жабаев бейнесін ерекше шабытпен алып шықты. Содан бері де сахнада талай-талай елеулі образдар, ұмытылмас бейнелер шығарды.

Кино әлемінде де өз қолтаңбасын қалдырды. Режиссер Талғат Теменовтің «Көшпенділерінде» – хан уәзірі, «Алдаркөседе» – Сарайбасшы, Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбайында» – Шыңғыстау өлкесі биі, Серік Сарыбаевтың «Бір уыс бидайында» – Доскен, Бейсен Құранбектің продюсерлігімен түсірілген, Ерлан Ұшақбаев пен Данияр Мұстафаевтың «О, Ләйласында» – Ләйләнің әкесі, Рүстем Әбдіраштың «Қазақ елінде» – болыс, «Секерде» – ауыл ағасы, С.Снежкиннің «Лидерінде» – Ауылшаруашылығы министрі, «Ақжолда» – Әлкен, «Шабдалы» фильмінде – Қария рөлін сомдады. Міне, осындай жанкешті еңбегімен, ізденіс табыстарымен театр сахнасында бүгінде 46 жыл еңбек етіп келе жатқан Кендебай Темірбайұлы өзіне лайықты марапаттарға ие болды.

2000 жылы өнер мен мәдениеттегі елеулі еңбегі үшін «ҚР Мәдениет қайраткері» атағы берілді. 2004 жылы өнердегі еселі еңбегінің озық жетістігі үшін мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, 2009 жылы Қарағанды қаласында өткен республикалық театр фестивалінде «Райымбек! Райымбек!» қойылымында ақиық ақынның рөлін үздік сомдағаны үшін М.Мақатаев атындағы сыйлықтың құрметті төсбелгісімен марапатталды. 2010 жылы «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. 2010 жылы ҚР әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры атанса, 2012 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. 2014 жылы театр ұжымы Қызылорда қаласында өткен көрнекті театр және киноактрисасы, ҚСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сабира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІІ Республикалық фестиваліне Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» спектаклімен қатысып, «Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен театр ұжымы марапатталды. 2019 жылы жарты ғасырлық тарихы бар театрға сіңген еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

Кендебай ағамыздың тағы бір қыры, соңғы кезде ән шығару қабілет-қарымын танытып жүр. Ахмет Кендірбектің «Өмір осы –дүние-ай», Гүлбақыт Қасенованың «Құс қанаты», Ж. Айдаровтың «Ататегімді сағындым», Е.Еркіннің «Аналарға сағыныш» балладасы, т.б бірнеше әндері бар.

Бұл күнде театр ұжымының сыйлы адамы, өнер қайраткерлері, жастардың жол, жөн көрсетер ақылшысы, ұстазы Алмахан Кенжебекова мен театрды бірге ашқан, өмір мен өнер сапарында жұп жазбай қиындығы мен қызығын бірге көріп келе жатқан жұбайы Кендебай Темірбайұлы екеуі Медеу, Айдын, Толқын деген ұл-қыздарын, Дана, Әйгерім, Ербол деген келіндері мен күйеубаласын, Ален, Тахмина, Адина, Алдияр, Адият, Алуа, Діннұрмұхаммет деген немерелерін тәрбиелеп өсірген ұлағатты әке-ана, ата-апа. Қырық сегіз жыл қол ұстасып, еңбек етіп келе жатқан бақытты да өнегелі отбасы.

Зәмзәгүл ӘМІРҒАЛИЕВА,

театр зерттеушісі