Қару мен қалам

Уақыты: 26.06.2017
Оқылды: 1869
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Атам қазақ «қамшының сабындай ғана» деп анықтама беріп кеткен жалған дүниеде кезігер кедергілер аз емес. Одан жігері мықты, қайраттылар ғана сүрінбей өтеді. Қиындық тек бір адамның ғана емес, дүйім жұрттың, ұлттың басына қайғы алып келуі мүмкін. Сондай сәтте береке-бірлігі жарасқан, жұдырықтай жұмылған ел ғана атадан балаға мирас болып қалған қонысын қорғап қалуға қауқарлы. Ол үшін, әрине, туған жер, Отанға деген сүйіспеншілік болуы тиіс. Біздің бүгінгі әңгімеміз атойлап жауға шапқан батырларымыздың бірі, соғыс және еңбек ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі Ғайыс Егембердиев жайлы болмақ.​

Халқымыздың басына қара бұлт үйірілген сәттер аз болмады. Төрткүл дүниеге әмірі жүріп, мәдениеттің өшпес мұрасын қалдырған еліміз басынан бақ, астынан тақ тайған, талай зұлмат заманды өткерді. Әсіресе, ХХ ғасырдың нәубетін сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Ашаршылықтан қойдай қырылып, есі кіресілі-шығасылы жұртымызға аузын аждаһаша ашқан Ұлы Отан соғысының қаупі төнді. Сол мезетте әлі қанаты қатаймаған бала Ғайыс «жасым 18-де», – деп өзін есейтіп көрсетіп, қан майданға аттанады. Өлім мен өмірдің ортасында, отқа оранып жүріп асқан ерлік пен қайсарлық таныта білді. Небәрі 8 ай ғана пулемет атуды меңгерген ол жеңіске жетер жолда аянбай тер де, қан да төкті. Сұм соғыс жайлы кейіпкеріміз былайша сыр шертеді:
– Сендердің кинодан көретін соғыстарың соғыс емес, қан майданның ортасына түсіп, өз көзіңмен көру қиынның қиыны. Енді ондай жағдай басымызға түспесін. Талай асыл ерлеріміз акопта жатып-ақ қойдай қырылды. Сондайда қолыңа қылыш, найза ұстағандай ашық майданды сағынасың. Білек күшің сыналып, мықтылар ғана жеңіске жетеді, қолыңдағы суық темірді лақтыра салып, «жекпе-жек» деп айғайлағың келеді, – деген ардагер 3 рет жараланып, соғыстың соңына дейін күрескенін айтты. Қарап тұрсақ, бізге ертегідей елестейді. Батыр бабаның ізін жалғап, мықтылық танытқан осындай боздақтарымыздың арқасында жеңіс туы желбірегені ешкімнің, ешқашан да ойынан өшпек емес. «Соғыс» атты нәубеттің соңында бәрібір «әділдік» дейтін ұғым сүттің бетіне қалқып шыққан қаймақтай көрініс табады. Жеңіс тек қолына қару ұстағандардың ықпалымен емес, тылда талмай еңбек еткендердің үлесімен де өлшенді. Үйіне қара қағаз келіп, қайғыдан қан жұтқан отбасылар аз болмады. Жетім мен жесір көбейіп, ел іші қара жамылды. Қабырғасы қайысқан қазақ оған да мойымады, шыдам мен төзімге ерік беріп, иығын тіктеді. 
Кеудесін оққа тосқан Ғайыс Егембердиевтің біліктілігі мен туған Отан, өскен елге деген перзенттік махаббатының нәтижесінде денесіне түскен жарақаты жанын ауырта алмады. Керісінше, күш-қуаты еселеп артып, бойына жігер дарытты. Туған топырағына деген ыстық сезім, шексіз махаббаты еңсесін тіктетіп, бөріше берілмеуді үйретті. Қолындағы қаруы бейбітшілік үшін тынбай атылды. Ақиқаттың ақ желкені желмен желбіреп, елімізді жеңіс жағалауына жеткізді. Сөйтіп жүріп Отанын сұм майданның оты мен жалынынан қорғап, батырымыз 1947 жылы елге аман-есен оралады. Белгілі қаламгер осылайша аузынан от саулаған суық қаруымен қоштасқан еді.
Бала кезінде ата-әжесінен жыр дастанды жаттап өсті. Өзі де жазып,  сызуды ермегіне айналдырып, өлең жазатын. Алладан берілген сый бойында жасырынып қалмады. Осы қасиеті қайда жүрсе де мазалап, түсініксіз сезім ішінде бұлқына берді. Ақыр соңында дәл осы таланты толғағы жеткен баладай өмірге келді. Жұртқа қызмет етуден таймаған Ғайыс ата соғыстан соң ауылында тыныш жата алмады. Қайткенде де еңбек ету үшін Алматыға білім алуға аттанады. Алдымен бухалтерлік мамандықты тамамдаған соң, бала арманына қол созды. Сағымға айналып, қиялға біткен мамандығына қол жеткізу мүмкіндігі туды. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтады. Ол оқуға түскенде 1-курс студенттері мектепті жаңадан аяқтаған жеткіншектер болатын. Басында әкесіндей үлкен кісіге үрке қараған олар бірте-бірте Ғайыс Егембердиевке жақындай түсіп, бір атаның балаларындай күн кешті. Бұның өзі парасаттылық пен кішіпейілділіктің үлгісі іспетті. Осы кездері білгенін үйретіп, білмегенін сұрап қаламгерліктің алғашқы баспалдағын аттады. Қолына диплом алып, журналистиканың қайнап жатқан ортасына түседі. Талдықорған облыстық «Октябрь Туы» газетінде тәжірибеден өтіп, жазуға машықтанады. Кейін «Сталин жолы» журналында қызмет етіп, біліктілігін шыңдайды. Жазуға икемді, кез келген тақырыпта көсіліп қалам тербейтін оны «Социалистік Қазақстан» газеті (қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде) жұмысқа шақырады. Онда да елдің экономикалық, саяси жағдайын халыққа насихаттау жолында аянбай еңбек етіп, талай жыл бөлім меңгерушісі қызметін қалтқысыз атқарды. Осылайша басталған еңбек жолы биік белестерге жетелеп, өзінің тырнақалды туындыларын жарыққа шығарып, қанатын қатайтқан Талдықорған облыстық «Октярь Туы» газетінің бас редакторы болып зейнетке шыққанша жұмыс атқарды. Өзі де талай шәкірт тәрбиелеп, жол сілтеді. Жатса да, тұрса да елінің қамын ойлап, қолынан келерін аянбады. Осылайша, мылтықсыз майдан алаңында да алғы шептен көрініп, қаламы арқылы ата-баба дәстүрін, ұлтының ұлттық көрінісін жұртына жеткізе білді. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» атты тәмсілін іс жүзінде дәлелдеп, жұртын керек дерекпен қамтып отырды. Газет тек Талдықорған облысына таралғанымен оның мән-мазмұны Алтай мен Атыраудың арасын қамти білді. Оның өзі өміршең газеттің алдына қойған бірден-бір мақсат мүддесі болатын. Сол жаққан шырақ әлі күнге дейін сөнбей, тәуелсіздікке қол жеткізген еркін елдің тұрғындарын жылытып келеді. Оқырманын рухани һәм мәдени мақалаларымен сусындатып, талай жетістікке жетеледі.
Қос бірдей заманға куә болған Ғайыс Егембердиев бүгінде тоқсанның үшіне келді. Қолына қару да, қалам да алып елдің мүддесін қорғай алды. Осындай ерлік екінің бірінің қолынан келе бермейтініне көзің тағы жетеді. Неге десеңіз, мылтықсыз майданда айқасқаннан гөрі суық қарумен оқ жаудырған әлдеқайда оңай. Ал көптің көңілінен шығып, орамды ой, толымды тіркес жазу көптің маңдайына бұйырмаған бақ. Сол бақты бабына келтіру бөлек әңгіме. Қазыналы қарт 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеп, олардан 7 немере, 9 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Ақыл-кеңесін бойларына дарытып, нағыз жүрегі қазақ деп соғатын ұрпақтың ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Әлі күнге дейін басылымдарға жазылып, елімізде болып жатқан жаңалықтарды жібермей оқиды. Өзінің аталық пікірін де жариялап, тура жол сілтеуден тайған емес.
«Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүретіні» секілді қолына қалам алып, тілшілікті тіршілігіне арқау ете білген қарттың біз үшін арамыздан ойып орын алар қадірі тым жоғары әрі биік. Жауынгерлік рух қазақтың қанына біткен қасиет екені ежелден белгілі жайт. Сондықтан болар, Ғайыс Егембердиевтің қос майданда да жеңіліске жол бермегендігі. Әйтпесе, қаруды қаламға айырбастау деген оңай емес. Аталық ақылын арнап отырған белгілі жазушы, журналистиканың шебері, халқының сүйікті ұланы Ғайыс атамыздың деніне саулық тілейміз. Әлі де жазары таусылмай, түн түнегіндегі темірқазықтай жол көрсетіп жүре берсін демекпіз.

Мәулен Әнербай