ӘЙГІЛІ ШОПАН, ЕҢБЕК ЕРІ ЖАЗЫЛБЕК ҚУАНЫШБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА - 125 ЖЫЛ

Уақыты: 10.05.2021
Оқылды: 1902
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жуырда екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, әйгілі шопан Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай елімізде онлайн форматта халықаралық ғылыми конференция өтті. Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Президент әкімшілігінің өкілдері, министрлер, өңір әкімдері мен ғалымдар қатысты. Еңбек ардагері Наурыз Қылышбаевтың аталмыш жиында жасаған баяндамасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

"Ұлы  даланың ділмары, өз заманының кемеңгері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабында төрт еңбек ардагерінің есімін ерекше атап, былайша құрмет білдірген: «Сонда да болса, төрт еңбек ардагеріне айрықша тоқтала кеткенді мақұл көріп отырмын. Олар Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Смағұл Шабдарбаев. Шынымды айтайын, бұл төрт кісіні халқымыздың төрт бәйтерегіндей көремін. Ол кісілердің елінің шетіне аяқ іліктірсем соқпай өтпеймін, сәлем бермей кетпеймін. Қай-қайсысымен әңгімелесу – жан семіртіп, рухыңды биіктете түсетін. Бір-біріне ұқсамайтын тұлғалар, бірақ бірін-бірі толықтырып тұратын, қазақ деген халықтың ақсақалдары қандай болды дегенде, осы төртеуін атар едім. Қарапайым, бірақ кісілігі жоғары, мінезге бай еді. Даналықты сырттан іздеп, өз асылымызды бағалай білмейміз. Еңбек деген ұлы мектептің төрт арысы осылар!»

Тамаша сипаттама. Дана адамның жүрегінен шыққан осындай лебізден қуат алып  жігерленіп өскен ұрпақтың әлі де болса айтар сөзі, білдіретін пікірі бар. «Бұлттың  көлеңкесі – баянсыз, еңбексіз келген байлық – баянсыз, жалған мадақ – баянсыз, махаббаттың опасыздығы – баянсыз»  дегенді  бойтұмарына айналдырған адамның тірлігі бұлттың көлеңкесі емес, күннің табы мен желдің өтінде өтеді. Табиғатпен біте қайнасқан қарекетінде үзіліс болмайды. Атақ емес, абыройын ойлаған адам мадаққа зәру емес, керісінше еңбегінен алған ләззаты еліне, жеріне деген сүйіспеншілігімен елжандылығымен ұштасады.

Ерлік іспен жалындаған жанымыз,
Жазылбектің шәкіртіміз бәріміз.
Шаттанайық, мақтанайық  сол үшін,
Шартарапқа шарықтасын әніміз,
– деп «Жаз атасын – әз атасын» жырға қосқан мойынқұмдықтардың туған жеріне, киелі еліне, өскен ортасына  деген махаббатында жасандылық нышаны болуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін  емес. Оны «Ыбырай мектебінің», «Жазылбек мектебінің» түлектері, Нұрмолданың шәкірттері мен әріптестері дәлелдеді. «Ауылым – алтын бесігім» деген ұғымды ел игілігіне айналдырды. Сондай қасиетті жердің бірі – Мойынқұм өңірі.

Жел тұрса, сусыл қағып есілген құм,
Бетпақтың бүйірінде көсілген құм.
Байлығын сараң сақтап, елге қимай,
Талайды тәлкек етіп көшірген құм,
– деген өлеңнің ел аузында күні бүгінге дейін сақталуы тегін емес-ау.

Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаевтың екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына ие болуына тікелей атсалысқан Алаштың – ары, қазақтың – қасиеті, ұлттың – ұяты Дінмұхаммед Ахметұлы тарихтың, шежіренің тамырына үңілген болар. Үш сан Алаштың үлкені  – тарақ таңбалы Жалайыр, Ұлы жүздің ноқта ағасы – Жалайыр деген қазақ ұлтының үлгі тұтарлық ата салтын да ескерген болар. Елдігіміздің, береке-бірлігіміздің, ірілігіміздің кепілі – еңбек, бірлескен тірлік еш уақытта құндылығын жоғалтқан емес, жоғалтпайды да. Мұны ата-баба аманаты деп түсінейік.

Қазақ ұлты әлемге қаласымен емес, ұлы даласымен танылған. Шыңғысханның жосығы, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің жеті жарғысы дегенде дала заңын, дала тіршілігін қазақ халқы айналып кете алмайды. Туған жері, өскен ортасы, атақонысы ұлы дала төсінде бой көтерген ауылда. Мал-жаның аман ба деген көрісу, қауышу, табысу ұлы далада қалыптасып, ұрпақ сабақтастығымен жалғасын тапқан. Дала құлпырған, орман жайқалған, Тау бөктері гүлденген, бұлақ сылдырлап өзенге, өзен арнасы бұлқынып теңіз толқынына қосылған. Ұлы Жібек жолы бойында жүздеген ұжымшар, кеңшарда мыңдаған  адам ұйымдаса еңбектеніп, даласын малға, қамбасын нанға толтырып, ауызы аққа жарып, кигені көк, мінгені жорға болып, өнері өрлеген, өмірі төрлеген елдің алдыңғы шебінен көрінген. Осының барлығын ұмыту қиянат.

Жаз ата мен Нұр аға Социалистік Еңбек Ері атағына 1948 жылы ие болды. Бұл соғыстың зардабынан қираған өндіріс орындары мен зардап шеккен ауылшаруашылығы ұжымдарын қалпына келтіру кезеңінің бастапқы жылдары еді. 1958 жылы ауылшаруашылығының дамуын қамтамасыз еткені үшін елге кеңінен танылған екі арысқа екінші рет Социалистік Еңбек Ері Алтын жұлдыз белгісін КСРО Жоғары Кеңесінің төрағасы Климент Ворошилов тапсырған. Мәскеулік фотокорреспондент қазақтың қос сұңқарын суретке тартып жатқанында Ворошилов:

– Что, героям Великого джуза понравилась встреча в Кремле? – дегенінде.
– А мы никогда и не расставались, – депті Нұрмолда.
– Не деп кеттің, Нұрмолда? – деген ағасына.
– Бізді құдай айырмаса, адам баласы айыра алмайды дедім, – депті інісі.
– Жақсы айтыпсың, бауырым, – деп риза болған екен ағасы.

Тарихтың өткен кезеңінен тағылым алып, жеттік деген жетістігіне сын көзбен қарап, олқылығы басым деп байбалам салмай, түзететінін түзету – үлкен өнер. Ақылды алға тартып, адалдық танытып, әділдікті ту еткен аға ұрпақ өрлеудің даңғылын жеке жүріп емес, ел болып тапқан. Ұлт тұтастығын нығайтқан. Ұлылық дегенің де осы!

Бүгін кең  байтақ елімізде ауылшаруашылығы саласын жандандыру шаралары қолға алынды. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп те жатыр. Алайда басталған істің нәтижесі сезілмей отырғанын жасыра алмайсыз. Биліктің әр саласындағы бейқамдықтың салдарынан жөнді-жөнсіз олқылықтар орын алуда. Одан зардап шегіп отырған бұқара халық. Осындайда өзінен бұрын халықтың қамын ойлаған кемеңгер Қонаевтың: «Даналықты сырттан іздеп, өз асылымызды бағалай білмейміз. Еңбек деген ұлы мектептің төрт арысы осылар!» - деген тұжырымын аңсаған ел амалсыздан ұлтымыздың батырлары мен еңбек ерлерін сағынышпен еске алады. Аруақтарына табынып, қолдау күтеді. Әлбетте, бұл Үкіметке сын.

Он жасында байдың қозысын бағып, ішсе асқа, кисе киімге жарымай, көрген азап-мехнатын көз алдына елестеткен сайын қойшыдан асқан бейнет жоқ шығар деп ойлайтын Жазылбек Алматыда өткен алғашқы ауылшаруашылық көрмесінде қара және көк бұйра қошқарға қызығады. Жерлестерінің наразылығына қарамастан жергілікті қылшық жүнді саулықтарды Созақтан әкелінген қошқармен шағылыстырып, селекциялық жұмыспен шұғылданып, аз уақытта қойдың жаңа тұқымы – қаракөл қойының өсірілуі жүйелі жолға қойылыпты. Оның отарынан мемлекетке 30 мыңға жуық қаракөл елтірісі, жеті жүз центнер жүн өткізіліпті, 27 мың қозы өріпті.

Жазылбектің отарында алынған елтірілердің 86 пайызы шетелге шығарылып валютаға сатылыпты. Оның тәжірибесін тарату мақсатында Айдарлы совхозында ашылған «Жазылбек мектебінде»  24 мал маманы сабақ берген екен. Мұндай мектептің саны Мойынқұм ауданында 12-ге жетсе, Жамбыл облысы бойынша 200-ден асқаны тегін бе екен.  Ауданда қой малының  саны 300 мыңнан асқаны да шындық.

Он екі жасында байдың жалшысы Нұрмолда Түркістан-Сібір теміржолын салуға  қатысып,  «Жаңа талап» колхозының негізі қаланған 1930 жылы  небәрі 14 үй, 28 колхозшы, 2 соқа, 1 арба, 5 сиыр, 2 түйе, 20 қой болса, бүгінде Алдаберген атындағы агрофирмаға қарасты жер көлемі 109,4 мың гектар, суармалы егістік алқабы 4950 гектарды құрап, ірі қара малы 4 мың, қой малының басы 26 мыңға жетті. Жаңаталап, Жаңалық елді мекендерінде  тұрғын үйдің саны 1123-ке, адам саны 4969-ға жетті.

Қала типті Шұбар ауылы орталық саябағындағы батырлар аллеясында жиырма бір Социалистік Еңбек Ері атанған еңбек майталмандарының қоладан құйылған бюсті орнатылған. Екі жүз он бес колхозшы Кеңес Одағының ордендерімен марапатталса, соның отыз алтысының кеудесіне Ленин ордені тағылды. Барлығы бір ауылдың, бір елдің түлектері бірлескен еңбектің, жарасымды тірліктің үлгісін көрсетті!

Аллея ортасында халық майданының қолбасшысы – ұжымшардың төрағасы, дала академигі, СССР Жоғары Кеңесінің бесінші, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің үшінші, төртінші шақырылымдарының депутаты, Қазақстан КП Орталық комитетінің мүшесі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері,  мемлекет және қоғам қайраткері Нұрмолда Алдабергенов тұр. Жай тұрған жоқ.

Ақ туын ар мен намыс  құлатпадым,
Әділ болып, жетім-жесір  жылатпадым.
Көпшілікке қашанда пайдам тиіп,
Ел есінде мәңгілік тұрақтадым.

Қиындыққа дем берген елім – Тұран,
Аспанымда қалықтап бақыт – қыран.
Арманым – тәуелсіздік  ақ таңы еді,
Ау, ұрпағым, сонау көктен  жебеп тұрам!
 – деп дәріс беріп тұр.

Қазір мемлекетіміз бай. Қаржы жеткілікті. Озық техника мен технологиядан кенде емеспіз. Кемшілігіміз жауапты адамдардың бейқамдығы, енжарлығы. Жауапкершіліктің жоқтығынан келген қиянат соғыстың зардабынан да қорқынышты. 

Конференцияға қатысып отырған ғалымдар, билік адамдарының Жазылбек атамыздың аруағын сыйлауын жақсылыққа жориық. Бірақ жоқтан бар жасаған, барды ұқсатып байлыққа бөлеген Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергенов аталарымыз сияқты қаракет жасауына кім кедергі келтіріп отыр деген сұраққа жауап беретін уақыт туды.

«Жайылсақ жоқпыз, жұмылсақ бармыз» деген аға буын басынан өткен тағылымды тарихтың сабағы дәл қазір қай кездегіден де аса маңызды, ағайын!"

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы