Ел жүрегіндегі Елбасы

Уақыты: 10.07.2017
Оқылды: 1500
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әркім өз дәуірінің куәгері ретінде көрген жақсылығын да, басынан өткерген қиындығын да ұмытпайды. Алайда көрген жақсылықтың дәмі ұзаққа сақталады. Әсіресе, елінің жеткен жетістігіне, көтерілген биігіне шынайы қуана білу зерделерде мәңгілікке қалады. Халқының бағына туған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған асыл істері болашақта айқындала, анықтала түсеріне сенімім мол. Себебі, елдің игілігі үшін жасалған, халықтың келешегіне арналған әрбір қадамның өтеуін алдағы күндер айқындайды. Сондықтан да өз қатарластарының кемеңгері Президентімізбен замандас болу - біз үшін үлкен бақыт.

 

Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлымен өткен ғасырдың ішінде, дәлірек айтсам 1968 жылы Мәскеу қаласында өткен Ленин комсомолының 50 жылдығына арналған салтанатты пленумда таныстым. Қазақстаннан барған 250 адамдық делегация құрамында жарқылдап жүрген Назарбаев бірден назар аудартты. Сол тұста Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында өндірісте жұмыс істейтін Нұрекең менің есімде сол қалпында сақталыпты. Мен онда Қаратал аудандық Комсомол комитетінің бірінші хатшысымын. Одан кейін қайтара 1983 жылы кездес­тік. Сол жылы Андреевка аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалуыма байланысты Орталық Комитеттің хатшысы қызметін атқаратын Нұрсұлтан Әбішұлының алдынан өтіп, батасын алдым. Тура бір жылдан соң ол кісі Андреевка ауданына Дінмұхамед Қонаевпен бірге келді. Сонда бетпе-бет жүздесіп, бүкпесіз әңгімелестік. Одан кейін 1993 жылы Көксу ауданының әкімі болып тұрғанымда Президент Нұрсұлтан Назарбаев­пен қайтара кездестік. Кейін­нен астанамыз Ақмолаға ауысқан 1997 жылы өткен үлкен жиынға Талдықорған облысынан қатысып, Қазақ­стан жаңғыруының алғашқы кезеңіне қатысты тарихи сөзіне куә болғанмын. Сонда Елбасы: «Біз қиын кезеңді бастан өткердік», – деп сол кезеңнің ауыртпалығын ұғындырған еді. Шынында сол күндердегі бір үзім нан үшін барын салған халық көрген ауыртпалық орасан болды.
Оның алдында Нұрсұлтан Әбішұлы Талдықорған облысы өз алдына бөлек әкімшілік орталық болып тұрған тұста келді. Сонда облыс орталығында өткен халықтар достығының салтанатты шеруінде тағдыр бізді тағы да жолықтырды. Сол жолы Көксу ауданын аралап, Зылиха Тамшыбаева­ның шаруашылығына бас сұққан Мемлекет басшысының көрегендігін, болашаққа деген үмітінің күшін сезгендей болдық. Тіпті, сонда алған әсерім ақ қағазға өлең болып өрілді. Оны кейіннен Ақсу ауданында бірінші хатшы болып жүргенде телеграммамен Елбасының өзіне жолдадым. Ақырында тағы бір кездескенімізде өлеңмен жазылған телеграмманы қолына ұстаттым.
Сондай күндерде мойы­май, тәуелсіз мемлекеттің өркендеуі жолында жар­ғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенген Елбасын халықтың қолдауы, елдің бірлесе ұстанған сабыры, төзімділігі, шыдамдылығы, қажырлылығы Қазақстанды осы қалетке жеткізгені анық. Қазір ойлап қарасам, жарты әлемге үкімін жүргізген КСРО атты алпауыт империядан іргесін бөлек салып, егемендігіне қол жеткізген мемлекеттер өз мүддесінің қамына кіріскен екен. Әркім өзінің ұлттық басымдығын білдіріп, өзге ұлттар мен ұлыс­тарды түртпектеп жатты. Соның кесірінен маңайымыздағы елдерде соғыс өрті тұтанып, байырғы береке-бірлікке сызат түсті. Мысалы, Таулы Қара­бақтағы соғыс Әзірбайжан мен Армения арасын аша түс­се, Шешенстан астанасы Грозныйға жасалған шабуыл талай боздақтың жанын қиды, Қырғызстанның Наманган облысындағы қарулы қақтығыс діни экстремизмнің алғашқы белгісіне айналды. Осындай аумалы да төкпелі тұстарда Қазақстанда тыныштық пен бейбітшіліктің сақталғаны тарихи шындық. Дүрбелеңнің кесірінен бір ғана Украинада бес президент ауысып, Леонид Кравчук, Леонид Кучма, Виктор Ющенко, Виктор Янукович сияқты айтулы тұлғалардың тағдыры сынға түсті. Талас-тартыстан қажыған украин халқы қазір Петр Порошенконың билігін қолдап отыр. Мемлекет басшыларын жеделдете ауыстыру елдегі тұрақтылыққа, тыныштыққа кесірін тигізіп, өндірістік даму тоқырағаны белгілі. Төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылған қырғыз еліндегі жағдайды бәрі біледі. Бейбітшіліктің, тыныштықтың, татулықтың жоқтығынан Қыр­ғызстандағы көптеген ұлттар босқынға айналды. Міне, сындарлы саясаттың болмауы, ертеңге жоспар құрмау­дың ықпалы бір кездегі іргесі бүтін елдердің тынышын алды.
Құдайға шүкір, бізде қазаққа тән төзімділік, тар жол, тайғақ кешу күндерде басты ұстаным болған шыдамдылық жоғалған жоқ. Сонау шапқыншылық жылдарында атын ауыздықпен суғарып, етікпенен су кешкен батыр бабаларымыз басынан өткерген кезең тоқсаныншы жылдарда да қайталанды десек болады. Өйткені, сол тұста қарапайым халық шыдамдылығымен, төзімділігімен, ертеңге деген сенімімен тіршіліктің өтпелі сынына төтеп, мемлекеттің өркендеуіне қолдау көрсете білді. Осының бәрі ғасырлар бойы теперіш көрген халқымыздың даналығы, көрегенділігі, көнбістігі еді. Сол тұста Елбасы: «Сіздерді қысқа уақыттың ішінде үлде мен бүлдеге бөлеймін деп айта алмаймын. Осы күнімізге шыдауымыз керек. Түбінде біз өз жолымызды табамыз», – деп елдің еркін дамуына үлкен қолдау керектігін ұдайы айтып отырды. Соны жақсы ұғынған халқымыз береке-бірлікке, ынтымаққа жол ашып, бейбітшіліктің туын биік көтерді. Сол арқылы болашақтың жарқын боларына сенген Президентті дәріптемеу, ардақтамау сөкеттік болар еді.
Шындығында тарих қой­на­уына кеткен 1991 жыл – ата-бабаларымыздың мың­даған жыл аңсап өткен арманы мен ұрпағына тапсырған аманатының жүзеге асқан жылы. Тәуелсіздіктің ақ таңымен киелі қазақ даласының көгілдір аспанында жарқырап шыққан нұрлы күн, самғап ұшқан  қыран құс, желбіреген көкбайрақ Қазақ елінің шаттық қуанышын, алға қойған мұраты мен мақсатын әлемге паш етті. Дәл сол жылдары: «Егемендіктің шеруін қызықтап, мауқын басып көрсін, қиналғанда өздері қайта оралады» – деген Мәскеу данышпандарының бірінен-бірі қалмай желпіне сөйлеген сөздерін де естігенбіз. Жасыратыны жоқ, елімізде өндірілген тауарды дер кезінде сата алмай аңырып қалған, күнделікті тұрмыс пен тіршілікке қажет заттарды алыс-жақын шетелден ала қаппен тасыған кезіміз де болды.
Билік басындағы ұландарымызға да, бұқара халыққа да ескіден бас тарту қандай қиын болса, жаңа талапқа сай кәсіпкерлікті дамытып, нарықтың қатігез қыспағында қалып қоймай, сүбелі табысқа кенелу соншалықты күрделі болды. Өмірдің тек ескі мен жаңаның күресі ғана емес, жақсы мен жаманды айырып көрсететін үлкен мектеп екеніне көзіміз жетті. Қазақтың  «үмітің үзілмесін» деген қанатты қағидасының құндылығы осынау жиырма бес жылдың ішінде дәлелденсе: Ол – Елбасының сындарлы саясаты, көрегендігі мен асқан кемеңгерлігінің арқасы; Ел ынтымағының, береке-бірлігінің нәтижесі; Еңбек майданындағы отандастарымыз­дың кәсіпкерлікке, бәсекеге қабілеттілігінің шыңдалғандығы; Ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің, ұрпақтар сабақтастығының беріктігі мен мықтылығы.
Бүгінгідей жиырма бес жылдан асқан тарихымызды атап өту жолында осындай теңдесі жоқ ұлттық құндылығымызбен мақтанайық. Ел болып өтпелі кезеңнің барша қиындығына төтеп бердік. Әр белесінен бір сүрініп, бір тұрып, кері бұрылмай аман өттік. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, екі ғасырдың тоғысына тұспа-тұс келген тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туындаған тапшылыққа, қымбатшылыққа қарымта ретінде шыдамдылықтың, төзімділіктің үлгісін көрсеткен дана халқымызды ардақтай білу, бүгінгі билік тізгінін ұстап отырған, бизнес ұршығын шыр иіріп жүрген үлкенді-кішілі тұлғалардың азаматтық борышы деп білемін.
Бүгінгі күні саясат айды­нында парасаттылық орны­ғып, ел экономикасының бар­­лық саласында бәсекеге қабілетті орта қалыптасты. Оны ары қарай дамытып, жаңа белеске көтеретін білімді де, білікті ұрпақ қанатын кеңінен жайып, шыңдалып келеді. Жетістіктің де төресі осы емес пе, Ағайын!
Тәубе, елдің бағына туған тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ұлтының, мемлекетінің көреген көшбасшысы бола біліп, егемендікке жетуден гөрі, оны сақтап қалудың қиын болатынын бір сәт өзінің де, елінің де назарынан шығармады. Қайбір елдің көсемдері сияқты өткен кезеңдердің кемшілігін жіпке тізіп, ағаттық жіберген басшыларды даттамады. Елінің болашағы үшін басын бәйгеге тігіп, жанын пида еткен ата-бабаларымыздың есімдерін асқақтатты. Елді ерлікке, елжандылыққа тәрбиелейтін байтақ тарихымызды өз тілінде сөйлетуден бастаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сындырлы саясаты «Өткен тарихын бағалай білмеген, елінің келешегін бағамдай алмайды» қағидасымен ұштасты. Жаңаша жаңғырған  ұрпақтар сабақтас­тығы жанданып, «Мәңгілік Ел» атану жолы айқындалды. Біз бүгін сол саясаттың тұрақтылығына көзіміз жетіп, кемелденген елдің жетістігін паш етіп отырмыз.
Жыл өткен сайын еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нығайып, әлемдік деңгейдегі дамыған елдермен тереземіз теңесті, шекарамыз бекіді. Қазақ  елінің пікірімен санасып, өзара екі жақты қарым-қатынас орнатуға мүдделі мемлекеттер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Сын көзбен күдіктене келіп, таңданып та, тамсанып та қайтатындары баршылық. Өз тарихын жаспен емес, тас­пен жазып, озған елдердің қатарына қосылған қазақ елінің бәсекеге қабілеттілігі шын мәнінде сыналып та, іс жүзінде шыңдалып та келеді. Сана-сезім сілкінісінен еңсеміз көтерілгені де шындық. Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстанның түкпір-түпкіріндегідей Алматы облысы аймағында, оның ішінде Талдықорған қаласында тұрғызылған ескерткіштер қазақ тарихын, әдебиеті мен мәдениетін насихаттайтын, жастарды елжандылыққа тәрбиелейтін киелі орынға айналғаны да тәуелсіздігіміздің арқасы. Ұлттық рухымыз асқақтап, әдебиет пен мәдениет, білім мен ғылым  жаңа деңгейге көтерілді.
«Көшбасшысы батыр болса, сарбаздары батыл болады» – дегендей, әлемдік деңгейдегі өркениетті отыз елдің қатарынан лайықты орын алу – тек Елбасының ғана емес, оның уәзірлері – министрлердің, қолбасшылары – облыс әкімдерінің, сардарлары – аудан, қала әкімдерінің, егемен қазақ елінің сарбаздары болып саналатын бүкіл қазақстандықтардың басты міндеті. Ондай ұлы міндеттерді орындау – абыройлы да айдынды елге ғана тән қасиет. Ол үшін кең ойлылылық, терең түсінікпен, адалдықпен біте қайнаса өрбитін сенім мен бірлік деген қасиетті ұғымды қалыптас­тыру қажет. Сенім бекімей, бірлік нығаймай батылдық та, батырлық та қалыптаспайтынын киелі Қазақ ұлты іс жүзінде дәлелдеп отыр.

Наурыз Қылышбаев,
Алматы облысының Құрметті азаматы.