Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежай

Уақыты: 10.07.2017
Оқылды: 2147
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Біз қос заманды көрдік. Көңілге біраз дүние түйдік. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғындық. Менен ең үлкен байлық не десе ойланбастан елімнің тыныштығы дейтін едім.

Шынымен де тыныштықсыз әлемді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Талай отбасын ортасына түсірген кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың өзі ұлтымызға ауыр соққы болып тигені рас қой. Ойлап кетсек, жүрегіміз қарс айырылады. Қанша апталдай азаматтар жау­ға қарсы шайқасты? Нәзік жандар ауылда қарияларға, бала-шағаға бас-көз болып қалды. Ал балаларда балдай тәтті балалық шақ болмады десек те артық емес. Міне, осының бәрі тыныштықтың болмауынан, қантөгісті қалайтын қолбасшылардың тойымсыздығынан еді. Сондықтан бүгінгі бағымызға, бейбіт күнге айтар бір ауыз да уәжіміз жоқ.
Қазақстан деген тәуелсіз мемлекет құрылғанын сол тұста баспасөзден,  телеарналар мен радиодан да үзбей хабарлап жатты. Бөркімізді аспанға лақтырып қуанғанымыз әлі көз алдымда. Жас мемлекеттің тізгінін өзіміздің қаны да, жаны да қазақ азаматы Нұрсұлтан Назарбаев алғанда қуанбаған қазақ болмаған шығар, сірә?! Жоқ жерден мемлекет орнату әсте оңай шаруа емес. Бір ұйым немесе бір шаңырақ емес, тұтастай бір мемлекеттің бар жауапкершілігін бір мойнына арқалаған Елбасына тек алғыс айтуымыз керек. Қай жағынан алып қарасаңыз да ел басқару оңай емес. Біз осыны ұмытпайық.
Мидай жазық Сарыарқаның төсіне жас қала Астананы салып, оған әлем назарын қаратудың өзі үлкен ерлікпен пара-пар емес пе? Маған осыдан 30-40 жыл бұрын тәуелсіз ел боламыз, қарасаң көз тартар Астана деген бас қала болады десе сенбес едім. Бүгінгі күніміз көрген түстей күнде өзгеріп отыр. Барлығы алтыннан да қымбат қазынаға айналған уақыттың еншісіндегі дүние екен ғой.
Қазір Астана әлем назарында. Әсіресе, бүкіләлемдік көрмеге келушілер күнде түрлі пікірімен бөлісуде. Өркениетті елдің белді мүшелерін  төрт ай бойына Елорда төрінде қонақ ету де үлкен жұмыс. Оның барлығы да еліміздің мәртебесі. Әйтпесе, биік белесті бағындырған, ел болып төрттағандап аяққа тік тұрған мемлекеттер қаншама? Соның барлығы Елорда төріне келіп, еліміздің кешегісімен бүгінімен танысып жатыр. Оның өзі біз үшін үлкен жеңіс деп есептеуіміз керек. Әр қазақ осыған іштей тілеулес болса деймін. Мұндай көрмені өткізген де, әлі күнге дейін өткізе алмаған, тіпті, болашақта мұндай қонақжайлылық таныта алатын не алмайтын мемлекеттер жоқ емес. Бұл қазақтың басына қонған үлкен бақ деп ұққанымыз жөн.
Таяуда жаңалықтардан Астана қаласындағы әуежайды Ұлт Көшбасшысының атымен атау ұсынылғанынан хабардар болдық. Бұл ұсыныс­ты өз басым дұрыс деп есептедім. Қазақты қазақ еткен ердің атына мұндай марапат берілсе несі айып? Бүкіл елдің шашауын шығармай бір тудың астында тату-тәтті басқарып отырған басшымызға қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Әлем картасында Қазақстан деген мемлекетке ойып орын алып берген, оның Мемлекеттік рәміздерін бекітіп, әлем халықтарына таныстыруда да Елбасының еңбегі ерен. Сондықтан да, біз үнемі Елбасына тіреу, қолқанат болуға міндеттіміз. Ұйым тұрмақ, үйін де басқара алмай жүрген ер- азаматтардың қатарында Елбасының қазақ еліне жасаған жақсылығы таудай. Істеген игі ісін айту керек. Өскелең ұрпақ соның бәрін біліп, көкейіне түйіп өсуі тиіс.
Елордадағы әуежай Нұрсұлтан Назарбаев атымен аталғаны қазақ үшін ол үлкен бақыт. Елі үшін түн ұйқысын төрт бөліп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ерлерімізге деген құрметті алдымен біз көтеруіміз керек. Мұндай бастаманы бізге дейін әлемнің алдыңғы қатарлы елдері әлдеқашан қолға алған. Мәселен, Түркияның Тұңғыш Президенті болған Мұстафа Кемал Ататүріктің аты берілген Стамбұл қаласындағы үлкен әуежайды атауға болады. Сол арқылы олар Тұңғыш Президентіне деген ілтипатын, құрметін әлем елдері алдында көрсетті. Біздің ұлтымыздың көшін бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы да үлкен құрметке, қошеметке лайық тұлға. Сол себепті де әуежайға есімін беру арқылы саяси жағынан көп дүние ұтқанымыз анық.
Біз Астана дегенде бірден Елбасымыз ойға келетінін жа­сыра алмаймыз. Өйткені ондағы әрбір сәулет, құрылыс нысандарында ол кісінің қол­таңбасы бар. Қаланы қа­лыптас­тыруда Мемлекет басшысының рөлі өте зор. Шаһардың тез арада тамсанарлықтай бой көтеруі Президенттің жанашырлығының әрі тікелей қамқорлығының арқасы екенін ұмытпағанымыз жөн. Мұны отандастарымыздың бәрі біліп те, сезіп те отыр. Сондықтан Елбасыға деген құрметті өзімізден бастайық.
Бес күндік жарық дүние­дегі жылтырап, көз жауын алатын дүниенің барлығы да уақытша, өткінші. Мұндағы өзгермейтін – біздің жүріп өткен жолымыз бен асыл да құнды тарихымыз. Соқпақты, соқтықпалы жолдан өтіп, бейбіт елдің қара шаңырағында өмір сүріп жатқанымызда тыныштық пен сыйласымдылығымызды жоғалтып алмайық. Ол – біздің баға жетпес байлығымыз.
Бәтима САҚАУОВА, 
Алматы облысының Құрметті азаматы.​