ҚҰРЫЛЫС МАЙТАЛМАНЫ

Уақыты: 30.06.2021
Оқылды: 1234
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Құрылыс саласының қызығы мен шыжығы, қиындығы мен қуанышты сәттері қатар жүреді. Шынында құрылыс басында кімнің кім екені анық байқалады. Жақсының қайраткерлігі, жанашырлығы бірден көзге түссе, жаманның жалқаулығы мен керітартпалығы да назардан тыс қалмайды. Сол арқылы нағыз қайраткердің тұлғалық кескін-кейпі қалыптасады. Құрылыстың қазанында қайнап, Жетісу өңірінің тарихында есімі алтын әріппен жазылар Аманжол Шормақов сондай тұлға болатын.


Әрбір нысанға жанашырлықпен қарап, мамандығының қыр-сырын өзінің бес саусағындай білетін жан ретінде Аманжол Мұхаметжанұлы облыс орталығы Талдықорғанға жаңа ауысқан тұста қарқынмен жүрген қай құрылыстың да басы-қасынан табылатын. Жергілікті «Жетісу» телеарнасына, басқа да облыстық басылымдарға ұдайы сұхбат беріп, мәселенің байыбын тез аңғаратын Аманжол аға әрбір сметалық-құжаттық жобаны мұқият тексеріп, жұмыс сапасына қажетті шаруаларды нақтылап жататын. Осылайша ол қашанда қарбаласқан тіршіліктің ортасында жүретін.

Өз өмірінде көптеген құрылыстың сапалы әрі уақытында салынуына өзіндік үлкен үлесін қосқан Аманжол Шормақов 1947 жылы Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылының тұрғыны Мұхаметжан қарияның отбасында дүниеге келді. Өмірлік жары Айымхан екеуі Амангелді, Аманжол, Аманкүл, Амандық, Асия және Майра есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Мұхаметжан елге сыйлы, көрші-қолаңға құрметті азамат болатын. 

Қазақтың «Әке балаға сыншы» деген сөзінің жаны бар. Қаршадайынан үйдің айналасындағы кішігірім құрылысты бұзып, қайта тұрғызып, өз қолымен құйған кірпішпен қора-қопсыны жұтынтып қоятын Аманжолдың құрылысшы мамандығын таңдағанына ол еш таңданбады. 

Алматы құрылыс техникумын және Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, инженер-құрылысшы мамандығын алып шыққан түлек еңбек жолын «Алматықұрылыс» тресіне қарасты СМУ-5 құрылыс алаңында қатардағы жұмыскерліктен бастайды. Өзі таңдаған мамандығының қыры мен сырын тани келе Аманжол аға халыққа сапалы да әсем құрылыс салумен-ақ жақсылық жасауға болатынын ұғынады. Жаратқан Алла берген ғұмырының жарты ғасырға тең уақытын құрылысқа арнап, әсем ғимараттардың салынуына, осылайша өмірінің шын мәнінде өнегелі болып өтуіне, табысты еңбек жолының қалыптасуына күш салды.

Елу жылдың ішінде Аманжол Шормақовтың жетекшілігімен 500 ірі құрылыс нысаны салыныпты. Дегенмен, ең басты мақтанышы әлемге әйгілі «Медеу» мұз айдынының құрылысына елеулі үлес қосуы еді. 1972 жылы студенттік құрылыс отрядында жұмыс істеп жүрген 25 жастағы балаң жігіт Мохнатка қыратына селден қорғауға арналған бірнеше бөгет салуға қатысады. 

Таулы жердегі жұмыс өте ауыр еді. Арнайы жаттыққан альпинистердің көмегімен кілең жастардан құралған құрылыс отрядтары биік қыратты ойып бетон құйып, терең шұңқырды толтырды. Бас-аяғы 3 айдың ішінде тапсырма толығымен орындалып, көпшілікті қуанышқа бөледі. 

Табиғатынан мейірімді, жақынына жанашыр, кеңпейілді, ақылды әрі еңбекқор жан ретінде Аманжол Мұхаметжанұлы жастардың бірнеше буынына тәлімгерлік жасап, олардың білікті маман, қолы ұсынықты шебер болып қалыптасуына ықпал етті. Жаратылысынан аз сөзді ағамыз құрылыс жұмыстарына қатысты қойылған сауалдарға қысқа да нұсқа жауап беріп, әрбір сөзін нақты дәлелмен шегелеп жеткізетін. Ең бастысы, қарамағындағыларға қиын жағдайдан шығудың жолын алақандағыдай анық көрсетіп, ұғындыратын. Әрқашан: «Басшылық жасау – сабырлы, ерік-жігері мықты, ұстанымды болу және күрделі жағдайдан жол таба білу деген сөз. Әрине, адамдармен тіл табысып, олардан талап ете де білу керек. Одан бөлек, ұдайы оқып, біліміңді кеңейтіп, дүниетанымыңды жетілдіріп отыру, жаңа технологияларды меңгеріп, құрылыс саласының заңнамасын жетік білу қажет. Өмір бойы оқу керек – онсыз құрылыс саласы құр қалдырады», – деген тұжырымын қайталап айтып отыратын. Осы сөздер оның күнделікті өмірінің өзегіне айналғандай еді. 

Қысқа уақыттың ішінде облыстың бірнеше ауданын аралап, құрылыс нысандарының жұмысымен танысудан танбайтын Аманжол Мұхаметжанұлы атақты америкалық алпауыт Генри Фордтың: «Сапа дегеніміз – кез келген нәрсені ешкім көрмейтін жердің өзінде дұрыс жасау» деген әйгілі сөзін мысалға келтіргенді жақсы көретін. Өйткені, ол сапаны құрылыстың ең маңызды тетігі санайтын. Сондықтан құрылыс саласына жауаптылар нақтыланған кезде оған ең ірі әрі ең жауапты құрылыс алаңдары жүктелетін.

Қарындасы Майра Шормақованың айтуынша, Аманжол бауырларынан ешқашан іргесін үзген емес.

– Әсіресе әке-шешемізге ерекше құрмет көрсететін. Анамызды айналасындағылардың бәрінен биік қойып, ұдайы жанашырлық танытатын. Мұны ана мен баланың арасындағы тылсым байланыс деуге болатын шығар?! – деген қарындасы Майра ағасының болмыс-бітімінің ерекше болғанын айтады. – 17 жастағы Аманжол Мәскеуде өткен Бүкілодақтық комсомол съезіне делегат ретінде қатысты. Ата-анамыз ұлдарының сол сапарына қатты қуанды. Сол сапарында ол әке-шешемізге деп естелік сыйлық сатып алыпты. Әкемізге деп алғаны жапонның макинтош пальтосы мен кенеп қалпақ, мойынорағыш екен. Осыншама зат сатып алу үшін жол шығынына деп берген ақшаны ішпей-жемей үнемдегенін қараңыз. Міне, ол ата-анасының осындай жанашыр, опалы ұлы еді. Артынан ерген бізге сонысымен үлгі болатын. Оның сыртында ағамның жауапкершілік, еңбекқорлық сынды асыл қасиеттері де бірден көзге түсіп тұратын.

Өзінің жауапкершілігі мен еңбекқорлығын танытқан жас маман құрылыс саласының биіктерін біртіндеп бағындыра бастайды. Жас жігіттің қарым-қабілетін байқаған басшылық оны «Алматыселқұрылыс» №7 тресінің құрылыс мекемелеріне мастер етіп тағайындайды, көп ұзамай прорабтық міндетті тапсырады. Осылайша өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарған Аманжол Мұхаметжанұлы бар-жоғы 27 жасында басшылық қызметке тағайындалады. Облыстық ауылшаруашылық басқармасына қарасты өндірістердің құрылысын жүргізген мекеме директорының орынбасары, бас инженері, «Алматыагроөндірісқұрылыс» бірлестігі төрағасының орынбасары сынды аса жауапты лауазымдарда жұмыс істеді. 

Шормақов үшін 2001 жыл жаңа дәуірдің бастауындай болды. Сол жылдың сәуір айында облыс орталығы Талдықорғанға көшті.

Бұл кезде Алматы облысы алып құрылыс алаңына айналғандай еді. Осы кезде Аманжол Шормақов Талдықорғандағы әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысып, құрылыстың жандануына үлкен үлес қосты. 

Аймақтың қайта түлеуіне Аманжол Шормақовтың қандай үлес қосқанын көпшілік жақсы біледі. Бұл жөнінде облыс әкімі Амандық Баталов та жиі айтады. Өйткені, жоғары санатты маман ретінде Шормақовты бірлесе жұмыс істеуге өзі шақыртқан болатын. 

– Ол кезде Алматы облысындағы құрылыстың қарқынды жүргені соншалықты,  барлық құрылыс жұмыстарын қадағалауға мүмкіндігім жетпеді. Сонда ең негізгі тірегім әрі көмекшім Аманжол Шормақов болды, – деген аймақ басшысы Шормақовтың бойындағы асыл қасиеттерге тоқталды. – Өзі өте қарапайым, жұмысын жетік білетін іскер азамат болатын. Аманжол Мұхаметжанұлы барлық нысандарға тәжірибелі құрылысшыларын техникалық бақылаушы ретінде жіберіп, жұмысты сырттан бақылап отырды. Құрылыстың қалай жүріп жатқаны жөнінде күн сайын хабар беріп тұратын. Апта соңында бірлесе отырып, ортақ түйін жасайтынбыз. Оның өте білікті маман екендігі су апатынан зардап шеккен Қызылағаш ауылын қалпына келтіру кезінде анық көрінді. Шынында оның еңбегі өлшеусіз. Екеуміз бірге туған бауырдай болып кеттік. Демалыс, мереке күндері дегенге қарамастан кез келген нысанға шығып кетіп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын мәлімдеп отыратын.

Көптеген тұрғын үйлер мен мектептердің, ауруханалар мен балабақшалардың, мәдениет үйлерінің, жылыжай кешендерінің, фабрикалар мен шағын су электр стансыларының, шаруашылық кешендерінің құрылысында қолтаңбасы қалған Аманжол Шормақов әрбір нысанның қажетті құрал-жабдықтармен толығымен қамтылуын назарда ұстаған.  Ол жайында сонау 90-шы жылдары Балқаш ауданының Топар ауылындағы емхана құрылысын бірге жүргізген «АСК Ауылқұрылысы» ЖШС-нің бас директоры Анатолий Рябинин тебіреніспен әңгімелейді. Орталықтан өзімен ала кеткен рентген аппаратының әйнек құрылғысын кеудесіне қысып отырып, шалғайдағы ауылға жеткізген Шормақов жол үстінде автокөлігі мұздан тайғанап кеткенде де аса маңызды тетіктің бүтіндігін ойлап құшағынан шығармапты.

2003 жылдың мамыр айында Жамбыл облысында болған зілзаладан Луговой бекетіндегі үйлердің қирап қалғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Сонда еліміздің барлық аймағы облысқа көмек қолын созды. Алматы облысы алғашқы болып 80-ге тарта үйі бар бүтін бір көшені қысқа уақыттың ішінде қайта салып шықты. Сол кезде де Аманжол Шормақов жетісулық құрылысшылардың жұмысын үйлестіріп отырды. Одан бөлек, Райымбек ауданының Сүмбе ауылындағы зілзаланың зардаптарын жою жұмыстарын жүргізген кезде денсаулығына салмақ түсіріп алған Шормақов жүрегіне жасалған операциядан соң да құрылысқа қатысты ақыл-кеңес беруін тоқтатпапты.

Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған мерейтойлық нысандар, Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды кешені, Қаскелеңдегі Наурызбай батыр кешені, Іле ауданының Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, Ұйғыр ауданындағы Қалжат кеден бекеті сынды аса маңызды құрылыстардың сапалы жүруін қадағалаған Шормақов ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына орай Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылын көркейтуге үлес қосып, ауқымды жұмыс атқарды. 

Білгір құрылысшының қажырлы еңбегі елеусіз қалмады. Туған жері ұланының есімін ұлықтап, Қарасай, Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы атағын берді. Мемлекет Аманжол Мұхаметжан- ұлын «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» атағы мен «Құрмет» орденіне лайық деп тапты. Одан басқа да көптеген марапаттың иесі атанған Шормақов былтырғы 13 шілдеде 74-ке қараған шағында ұзақ науқастан соң бақилық болды. 

Зайыбы Нұрила Жұмашқызымен бірге ол Нұрлан, Данияр есімді екі ұл тәрбиелеп өсірді. Қазіргі уақытта кіші ұлы Данияр әке жолын жалғастырып «УКС» ЖШС-іне жетекшілік етіп отыр. Әкесі жүрген даңғыл жолға түскен ұрпақтың артына қалдырар ізі айқын, мақсаты асыл болсын деп тілейміз!

Гүлназ Мұстафа,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі