ҚАЖЫМАС ҚАРЖЫГЕР

Уақыты: 03.07.2021
Оқылды: 1977
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өз алдына егемен ел болған мемлекет қаржысының талан-таражға түспей, әр теңгесінің тиімді пайдаланылуын бақылайтын комитет қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік жүгіНІҢ жеңіл болмағаны белгілі. Мемлекеттік маңызы зор саланың дамуы мен жандануына білім-білігін арнап, қалтқысыз қызмет етуде абырой биігінен көрінген азаматтардың қатарында ҚР Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісінің иегері Нүсіп Құдайбердиев есімінің аталары анық. 

Бұған қоса Елбасы қолынан «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін жарқырата таққан қаржыгер елеулі еңбегіне қарай Құрмет грамоталармен, атаулы медальдармен марапатталған. Асқаралы 60 жасында қаржы саласының үздігіне «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» атағы да берілген. 
Аспанасты елімен шегаралас жатқан Сүмбе ауылында мектепті тамамдап, жұмысшы боп бірер жыл еңбек еткен соң әскерге алынады. Азаматтық міндетін мінсіз атқарып, абыроймен оралған ол Алматы қаласындағы ауыр жүк машина жасау зауытында жұмыс істей жүріп, жоғары оқу орындарының біріне түсуді арман етеді. Сөйтіп халық шаруашылығы институтының дайындық курсында оқыған бірер жылдан соң осы институттың студенті атанады. Жастық жалынымен қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін шыңдайды. Жазғы демалыстарды құр жібермей, құрылыс отрядтарында үздіксіз еңбек етеді. Нәтижесінде Египетке жолдама алып, тұңғыш рет шегара асады. 
Дипломын алып, мамандық иесі атанғаннан кейінгі еңбек жолын 1984 жылы Қазақ КСР Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс басқармасының тексеру бөліміне ревизор болып қабылданып, қызметін бастайды. Өз ісіне мұқият жас маман іскерлігі мен тиянақтылығы, төзімділігімен бірден ерекшеленеді. Аталған министрліктің бақылау-тексеру басқармасының тексеру бөлімінің аға, жетекші, бас бақылаушы-тексерушісі міндеттерін мүлтіксіз атқарып, сенім үдесінен шығады. Сөйтіп, Алматы қаласы мен облысында үздіксіз қызмет еткен қаржыгердің еңбек жолдары жарқырай көрініс табады. Ортасына терең білім-білігімен, парасаттылығымен танылып, мәртебелі мамандығының құрметіне бөленеді. 
1992 жылы қайта құрылған мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің аймақтық құрылымдарының бірі ретінде жұмысқа кіріскен Алматы облысы бойынша қаржылық бақылау басқармасы (инспекция) да ел тәуелсіздігінің даму жолында өз қызметін мінсіз атқарғаны ақиқат. Бұл орайда, Жетісу жеріндегі қаржылық бақылаушылардың атқарған еңбектері де ерен. 
2005 жылдан бастап Алматы облысының қаржылық бақылау саласында жетекші қызметтерге тағайындалады. Бастапқыда ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетінің Алматы облысы бойынша қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасы бастығының орынбасары, одан кейін ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы бастығының орынбасары міндеттерін атқарса, 2009 жылдан бастап 2017 жылға дейін аталған инспекцияның басшысы ретінде қызмет етеді. 
Сынаптай сырғыған уақыт уысқа тұра ма? Осы жылдар аралығында қайта түлеген Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне бөлінген қаржы-қаражаттың тиімді, ұтымды игерілуін қатаң бақылауда ұстап, қаржы бақылаушы кадрлардың өсуіне, қалыптасуына қажырлы еңбегін арнайды. Оған қаржы саласының майын ішіп, жілігін шаққан Құлан Аманов, Мырзахмет Ауанов сынды кезінде Қаржы министрінің орынбасары лауазымдарын атқарған мәртебелі ұстаздарының еселі еңбектері үлгі-өнеге болады. 
«Ұстаздан – шәкірт озар» демекші, Нүсіп Қасымжан-         ұлының тәлім-тәрбиесін алып, тәжірибесін сіңірген Жарқынбек Үсенбаев, Қуаныш Сағынбаев, Гүлмира Ұзақова, тізбелей берсек басқа да бірталай жетісулық қаржыгерлердің есімдері елге танылып, осы саланың мақтанышына айналады.
Одан кейінгі жылдары ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментін басқарған Нүсіп Қасымжанұлы Қазақстан Республикасы Аудиторлар палатасының мүшелігіне қабылданады. 
Мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің мемлекеттік аудит болып құрылуы Нүсіп Қасымжанұлының ізденісін одан әрі шыңдауына, әлемдік тәжірибелерге ден қоюына үлкен серпіліс береді.
– Мемлекеттік аудит жүйесіне көшу арқылы мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалауға және жемқорлыққа қарсы күрес шараларының ауқымын кеңейтуге мүмкіндік туды. Мемлекеттік аудиттің мақсаты – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экономиканы немесе оның жекелеген салаларын дамытудағы қызметін бағалау, тексеру негізінде мемлекеттің қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың активтерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру болып саналады. Бұл ретте білікті кадрлардың болуы маңызды еді, – дейді қаржыгер Нүсіп Қасымжанұлы.
Бүгінде «НК Аудит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нүсіп Құдайбердиев жекеменшік аудит қызметкерлерінің де жемқорлыққа жол бермей, қаржы-қаражатты тиімді, ұқыпты игеруді бақылауда үлкен міндеттер атқарып отырғандығын айтады.
– Аудитордың қызметі – мекемелердің сұраныстарына қарай қаржылық бақылау жұмыстарын жүргізеді. Олардың есеп-қисаптарын тексереміз. Бұл мақсатта 3 бухгалтер жұмыс істейді. Осы орайда қаржылық салада табанды еңбек еткен зейнеткер Майра Нұралинова мен өз ісінің білгірі Алмат Мадияровтың еңбегін ерекше атау абзал, – дейді ол.
Қаржылық сауаттылықты арттыруда ҚР Аудит палатасы жыл сайын арнайы курстар өткізіп, оқу-тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасауда. Мұндай курстарға қатысып, біліктілік арттырудан пайғамбар жасына жеткен қаржыгердің де қызығушылығы артпаса кемімеген. Сол үшін қаржыгер мамандардың заңды білудегі сауаттылығы аса маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті. Ауылдық жерлерде есептік жүйені жүргізетін мамандардың білімі мен тәжірибесінің таяздығы да қаржы саласына өмірін арнаған қаржыгерді толғантпай қоймайды. Олардың денінің компьютер, смартфонға сүйеніп алғандығын, егер бұл құрылғылар өшіп қалса қолмен жасауда жаңылысатындығын жасырмады.
–    Мемлекеттік ішкі аудитке қарағанда жекеменшік аудиттің білімі өте жоғары. Себебі, олар бізге ақша төлеп, ұсыныс жасағандықтан  біз барлық есеп-қисапты таза, сауатты тексеруге міндеттіміз. Сол себепті, барлығын ашық айтып, үйретіп, бағыт-бағдар беруге тиіспіз. Көп мәселе мамандардың өз қателігінен кетіп жатады. Уақытылы салық төлеп, бухгалтерлік есептерді дұрыс жүргізу керек. Десе де, қазіргі уақытта кемшілік азайған деп айтуға болады. Өйткені, барлық есеп-қисап база арқылы жүзеге асады. Мониторинг жасап отырады, – дейді қажырлы қаржыгер.
2018 жылдан бастап жеке аудиторлық қызметке кіріскен Нүсіп Қасымжанұлы «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтар қатарынан. Қолы қалт еткенде қос ішекті домбыраны шертсе, табиғат аясына шығып, түз тағыларын қызықтаудан да жалықпайды екен. Ал, спортпен шұғылданудан, боксты қызықтаудан тіптен айнып көрмеген. Соның арқасында Ұлан, Ғазиз және Асқар атты үш ұлының «әке көрген оқ жонар» дегендей, нағыз азамат болып өскендігін көңіліне медет етеді. Өмірлік жары Алмагүл Асанова болса мәдениет саласының майталманы, кітапханашы болып қызмет еткен. Соған қоса, үй ауласын гүлдендіріп, түрлендіріп, немерелерін еңбекке баулудың хас шебері екенін ері Нүсіп Қасымжанұлы әрдайым мақтан етеді.
«Ата-анаңды сыйласаң – көп жасарсың» деген сыңайда күніге бір оймақтай ой түюді дағдыға айналдырып, «Әрбір күнге оймақтай ой...» атты кітап шығарған қаржы майталманы Нүсіп Құдайбердиевтің төрінде кеңестік дәуірдің радиосы, фотоаппараты, анасы ұзатылғандағы ер-тұрманы, самаурыны сынды көненің көзіндей бұйымдары ілініп, өткен тарихтан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Мұның сыры – бүгінді өткен жылдармен са-бақтастырып, ұрпағының ата жолын танып-білуіне септігі тиер деген үмітте. Ал, алдағы уақытта жарық көруге жақын «Өмір жолы» кітабынан қаржы саласының қырағы қызметкерінің өмірлік іс-тәжірибесі мен ұлағатты ой-толғамдары оқырманына жол тартатын болады. 
Қажырлы қаржыгер жүз жылдан астам тарихы бар «Жетісу» газетімен де біте қайнасып келе жатқандығын, соған орай қаржыға қатысты мақалаларының үзбей жарыққа шыққандығын, басылым  ұжымымен әлі де байланыста екендігін әркез мақтан етеді. Олай болса, айтулы 63 жасқа толатын Нүсіп Құдайбердиевке мерейлі жасы құтты болсын дейміз!

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы