БІРЕУДІ ҚАТЕЛІГІМЕН, КЕМШІЛІГІМЕН ЖАҚСЫ КӨРУ - ЕҢ ҰЛЫ МАХАББАТ!

Уақыты: 22.08.2021
Оқылды: 2471
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам - тас секілді соншалықты мықты, гүл секілді соншалықты нəзік жаратылыс. Біз - жай ғана пендеміз. Сол себепті, бізге қателік тəн. Біз - топырақпыз. Топыраққа, бір-бір төмпешікке айналамыз. Сол себепті, тірімізде кешіруге, кешірім сұрауға үлгеруіміз керек.

Қателікті мойындау адамды аспанға құс секілді ұшырады. Бірақ біз оны білмейміз. Əйтпесе кешірім сұрар едік қой. Қанатсыз да аспанға ұшуға болатынын сезініп, керемет күйді бастан кешер едік.

Біреудің қателігін кешіру - бізді кемелдендіреді. Біреуді қателігімен, кемшілігімен жақсы көру - махаббат, ұлы махаббат. Өкініштісі, біз біреудің кемшілігін көргіміз кеп тұрады. Ең арысы, жүріп жүрген қызыңның не жігітіңнің, əйеліңнің не күйеуіңнің, досыңның, құрбыңның кемшілігін іздеумен боласың. Неге? Себебі, сен ата-анаңнан, ортаңнан  жеткілікті мейірім алмағансың.

Біздің жанымызға көбіне жақсы көретін, уақытымызды арнаған, қимас, жақын адамдарымыз жара салады. Сол жараны емдеп, жазуға біз əлсіздік танытамыз. Жақын, жақсы көретін адамыңның сатқындығы күйретіп жібереді. Сол жанымызға батып тұратын жараны жалап жазудың орнына оның жанына жара саламыз.

Біз "уды у қайтарады" деген принцип ұстанамыз. "Менің жанымның қаншалықты ауырғанын ол (жігіті/қызы не бұрынғы күйеуі/əйелі не досы/құрбысы, тағы басқалар) сезінсін, менің жаным, жүрегім қаншалықты ауырғанын сезінсін дейді. Бар мақсаты: сол, кек алу. Бірақ мəселе одан əрі ушығып кетеді. Өзіңнің жаныңа жара салған адамның қателігін қайталайсың, соның деңгейіне түсесің, тіпті одан əрі құлдырайсың.

Ол сол қателікті ақымақтықпен жасаған шығар, ал сен қателікке саналы түрде таңдау жасайсың. Кімнің қателігі ауыр? Əрине, эмоцияға ерік берген сенің қателігің ауыр. Эмоцияны басқаруға сенің ақылың, білімің жететін еді ғой. Жай ғана ол адамды өміріңнен, санаңнан, жүрегіңнен босат, еркіне жібер, оған қателік жасауға, қателігін мойындауға "шанс" бер!

Кешірімді болайық!

Жас қаламгер Аягүл МАНТАЙДЫҢ соңғы жазбаларынан

Сурет - ғаламтордан