БҮГІН ЖЫР АҚҚУЫ МАРФУҒА АЙТХОЖА 85-НШІ БЕЛЕСІН БАҒЫНДЫРДЫ

Уақыты: 25.08.2021
Оқылды: 2286
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам жанының жарық сәулесі болып көкіректен бөлінген көркем ой, келісті сөздің патшасындай поэзияға іңкәрлік танытқан шақтан бастап, салалы саусақпен парақтаған кітаптардың, санаға сіңірген жырлардың ұшығына бүгін де жете алмаспыз. Жанға тылсым күш, ыстық қайрат, бұла сезім құятын руханиятқа деген ерекше махаббатпен әдеби шығармаларға, көркем туындыларға бас қойғанда ақындық деген арда қасиетті көтеріп жүрген жаратылыс иелерінің жұмбақ сырлары мен тылсым қырларына сәп салдық. Ып-ыстық иіріміне тартып ала жөнелер сол жаратылыс иелерінің қатарында өзінің сыршыл жырларымен жүрекке жол төсеген ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Марфуға АЙТХОЖА да бар.

Қазақ поэзия әлемінде «жыр аққуы» атанған шайырдың шығармашылығын тұтас оқып, түгелдей таушалай тауысқанбыз деп айтсақ асыра сілтегеніміз болар. Дегенмен, қолда бар таңдамалы 4 томдығын мезгіл-мезгіл жаңалай парақтап отырамыз. Сондай сәттерде бұрындары аңғармаған асыл ойға, алтын сөзге, кестелі теңеулерге тап болып, ақын жанының тасқын-қуатына, табиғатының саф екендігіне сүйсінеміз һәм шығармашылығының көкжиегіне әлі де бойлай түсу керектігін пайымдаймыз.

Жазым өтіп аздан соң күз де келер,

Күз қызығы белгілі бізге берер.

Ғұмырына инемен құдық қазып,

Өткендер де аз емес,

Іздеп өнер.

Жапырағын ой-қырға шексіз жайған,

Жаз күніне бәрі де

Жетсін қайдан?

Шайқасып жатқан сынды көкірегімде,

Көздерге көрінбейтін өткір майдан, – деп мезгілді тағдырмен тұтастыра жыр төккен ғажайып ақын «ғұмырына инемен құдық қазып», өнер деген ұлы отаудың ошағын маздатқан қазаққа қайталанбас тұлға. Ол «Жазбен орын ауысты көктем бүгін» атты біз мысалға алған осынау жырының соңын:

Жарқыратып тағынған сырғаны айдан,

Қос қанатын көл емес,

Жырға жайған.

Мен де бір ата-ананың еркесі едім,

Күндер қашап мүсінін, жылдар ойған, – деген ­ шырайлы шумақпен тамамдайды.

Жанарымызды жылдар парақтап жатқан осынау өмір деген өтпелі кезеңді дәл осылай көркем бедерлеген ақын шабытының алапат қуатына таңданасың. Өмірдің әр сәтін, әр шағы мен мезгіл-мезіретін аңғара білген танымының тереңдігіне сүйсінесің. Сондайда жастығын жазға теңеп, өткеніне сағына сыршылдықпен көз тастаған жыр аққуының қанатынан сусып түскен сұлу тіркестерді тағы да қайталай айшықтағың келіп тұрады-ақ екен. «Жарқыратып тағынған сырғаны айдан, қос қанатын көл емес, жырға жайған» деген мөлдір тармақтардың өзі көңілдің күйін құйқылжытып, құбылжытып жіберсе, «күндер қашап мүсінін, жылдар ойған» асқақ тұрпаты өзінен-өзі жанарыңда тұлғалана түседі.

Жөн болар арнамды енді тасытқаным,

Қалмайды сырын бүгіп, ашық жаным.

Өр болып жүрмес едім,

Өмір кешіп,

Қанымда жатпаса егер тасып қаным, – деп тамырында тұлаған текті өнердің өрісін кеңейтіп, жайсаң жанынан жыр түлеткен талант иесі, самал желдей ескен сазды сөздерін әр қазақтың жүрегіне қондыра білді. Лирикасын әдеби ортаға мойындатқан «Бір уыс топырақ» өлеңінен бастап бүгінге дейінгі ғибратты кезеңде мөлдір туындыларымен байтақ елдің жүрек төрінен орын алды. Исі қазақ халқының ерке қызына айналып, алқалаған Алашының ыстық махаббатына кенелді. Осының бәрі ақын табиғатының тұмсалығынан, тазалығынан, Алла берген ақық қасиетті ардақтап келе жатқанынан болса керек-ті.

Шайырды әдеби ортада мойындатқан алау жыр –­ «Бір уыс топырақтан» бастап, бүгінге дейін аққу ақынның қанатынан сусып түскен өлеңдердің бәрі тірлікте көргені, сезінгені, сүйінгені мен күйінішінен  үзілген – ­үзік-үзік естелік, тұтастыра оқи білсе –тарихи өмірбаяны. Мөлдірлікпен, тазалықпен тұндырған әр сәтінің шерлі де шаттықты сығындысы. Тұтасса шалқып жатқан теңіз дерсің. Олай деуіміздің сырын ашып, сымбатын келсітіре баяндап көрелік. Сонда ақынның тарам-тарам өмір тарихы көрініс бермек.

Тұнық болар қашанда шың бұлағы,

Жатқан жоқ па шырқалып –

Шындық әні.

Көк балауса кезімде келіп едім,

Шынар шағым

Енді кім сындырады? – деп өмірдің қалтарыс-бұлтарысында тасадан тас атқандардың десін баса жыр ақтарған ақын, шындығында, балауса шағында әкесімен туған жер топырағына, атамекеніне арман арқалап келген. Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында өмірге келген ол тіршілікте қуанышты да, қайғыны да көп көрді. Кермегі мен шәрбатын қатар татты. Өзі бір сұхбатында: «Аяулы анам жүрек талмасымен сырқаттанған. Ұзақ жылдар бойғы алысып келген кәнігі дерті жеңіп, туған елдің топырағын басу бақытынан кенде қалды. Біз елге аттанардан бір жыл бұрын қара жер қойнына табыстадық. Сонда 20 жастағы мен анамның бейітінен түрегелгенде самайымды тұтас ақ шалып түрегелдім», – деп тебіренеді жанарынан жас құлата.

Ана ғұмырының саба түбі сарқынды жасы соншалықты аз мөлшерде болғаны, жанын алау өртке қарыған сағынышы басылмай, сары белден аса алмай аһ ұрып өмірден өтуі уылжыған қазақ ақынының маңдайына тым ерте қырау түсірген. Содан барып тағдырды таңбалар алғыр көңіл:

Анадан көрмей еркелік,

Жалынмен жаным өртеніп.

Өлең үшін тер төгіп,

Содан ба, ерте ағардың?!

Дауылды болды көктемдер,

Жауынды болды көктемдер.

Ақ талдар, мені сөкпеңдер,

Содан ба, ерте ағардың, – деп келетін «Ақ талдар» атты топтама жырды бедерлеген.

Көк балауса кезінде анадан айырылып, ғазиз жүректі туғанының арман-мақсатын арқалап елге оралғанда асқар таудай әкесі аттан ауып түсіп, туған жердің топырағын шөкімдеп шымшып көкірегіне басыпты. Ұлы тауын аңсаған ұлар құстай уылжыған әке сонда перзентінің көзінше солығын баспай ұзақ солқылдап жылаған көрінеді. Бұл тағдырдың бұралаң жолында үйірінен саяқ кеткен аңның нулы орманын, қоныс-көлін аңсағанынан да зарлы, одан да аянышты хәл еді. Өйткені адам баласы, ақыл иесі атамекеніне шексіз сағынышпен өмір сүрмей ме? Қиырдан қиянын аңсап келген әкесі Ғали да Марфуға ақынның жанында ұзақ бола алмаған екен. Қазақтың аяулы ақын қызы Мәскеуде білім алып жүргенде бақиға бет түзеген. Қасіреттің қайғысы жүрегіне тым терең түсуі, міне, осындай жағдаяттарға байланысты. Бірақ та, рухы асқақ ақын лирикалық өлеңдерін қоюлатпаса, сұйылтпады. Дерт еміп жүрсе де дегдарлығынан танбады. Ата-ананың қазасы, солақай саясат елге оралғанда 70 жасқа келген атасы Айтхожаның ақ сақалын желкілдетіп «итжеккенге» айдағаны, өмірлік серігінің қос қызын бауырына тастап, өмірден ерте кетуі, осындай шым-шытырық тағдырлы сүрлеуі ақын қаламына шер болып байланса, бойына бұла күш құйды. Ақ сүрдек жолда тасырқамай, ширығуына сеп болды. Осылайша, бекзат болмысын өнерінің құдіретімен асқақтата түсті.

Көктемнің буырқанған селіндей бір,

Көңілден келеді әлі,

Төгілмей жыр...

Кешегі ұшып кеткен қарлығаштар,

Көзіме бүгін неге,

Көрінбей жүр?!

Қайдасың, адал құсым, қарлығашым,

Тағдырың, мені ойларға қалдыратын.

Есіме қайта-қайта алдырасың,

Жүректі шоқтай қарып жандырасың,

Қайдасың, адал құсым, қарлығашым! – деген асқақ жырлар ақынның табиғат тылсымымен тілдесуді сүйетінін айғақтайтындай. Өзі де бір сұхтабында табиғаттың тылсымын, сұлулығын ерекше сүйетінін айтады. Дегдарлық биігінен еш уақытта аласармаған, көркем келбетін, кірпияз көзқарасын, терең талғамын поэзия әлемінде айшықтаған ақынның әрбір жыры құйылып түскен қорғасындай салмақты һәм сұлу. Іркес-тіркес төгілген өлеңдеріне қарап ақындық дарыны мен асқақ арынын топшылайсың.  Сондай шақтарда:

Сыбдыр-сыбдыр сыр шертеді балауса да, құрақ та,

Әндер, әндер, елжіретіп алып кетті-ау жыраққа.

Көбелек боп қонды көктем гүлдің балғын ерніне,

Сыңғырлаған сылаң қақты сұлу толқын бұлақ та, – деп келетін жырларға, мөлтек тіркес пен теңеулерге бай ақын шығармашылығының ғажайып әлеміне еніп, тас тұмадай тұнық жырларын мейірің қанғанша мелдектете сіміре беруге тырысасың. Өйткені, ол шын мәнінде қазақ жырының аққуы! Асқақ ақыны!

Қазақтың маңдайына біткен дара тұлғасы, сөз зергері Тұрсынбек Кәкішев сонау 1986 жылы жазған бір жазбасында: «М.Айтхожина – шын ақын және өзіңмен сырласып, бар шындығын да, сезім күйін де жасырмай айтып отыратын ибалы, биязы лирик ақын. Марфуға өлеңдеріне орынсыз екілену,  қисынсыз қапалану жат. Шаттанса – күлкісі сыңғыр, қасіреттенсе – көз жасы мөлдір. Айтайын, суреттейін дегендерін іркіліссіз төгіп те айтады, образдап, көзге елестетіп, жандандырып та айтады. Осы қасиет 1962 жылы шыққан алғашқы жинағы: «Балқұрақтан» бастап, кейінгі: «Қыран жеткенге» (1985) дейінгі аралықта дағдыланып, Марфуға ақындығының қырына қанық боламыз», – деп баға берсе, біз шайырдың шығармашылығы бүгінгі таңға дейін маржандай жарқырап, аққудай мамырлап қазақ руханиятының қамбасына қазына болып қосылып жатқанын білеміз.

«Күлкісі сыңғыр, көз жасы мөлдір» қазақ құдіретті өлеңінің ең телегей теңізіндей тұрпат танытқан аяулы ақын бүгінгі таңға дейін 25 кітапты оқырман олжасына айналдырыпты. Лирикалық жырлар, тағдырлы балладалар, ғажайып поэмалар да ақынның қасиетті қаламынан төгілген. «Аңсау» атты поэма атауын арқалаған кітабы үшін 2002 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Парасат» ордені мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленді. Ал, ең бастысы, өміршең жырларымен алты Алашының махаббатына бөленіп, құрметіне кенелді.

Міне, осындай ұлы сүрлеуде айшықты із қалдырған ғажайып ақын Марфуға Ғалиқызы бүгінде сеңгірлі 85 жасқа келді. Елдің шарапаты мен ынтызарлығының шуағына шомған бақытты жан асыл әже атанып, немере-шөберелердің қызығына кенеліп, шығармашылығын дариядай шалқытты. Біз де дәуірдің дауылпаз ақынының мәңгілік шығармашылығын тұтас түгесуге пейіл қойдық. Оған қоса сырбаз жүрек ғасыр бойы соғып, елін асқақ жырларымен қуанта берсе екен деген тілекті осы орайда айшықтап кетсек артық етпес.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ