Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

«ЖЕТТI БIЗГЕ ДЕ. АҚЫРЫ БIЗ ДЕ ЖЕТТIК!..»: ҚҰДІРЕТТІ СӨЗ

Уақыты: 13.10.2021
Оқылды: 656
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

16 желтоқсан, 1991 жыл. Дүн-дүниенi саясат желiнiң тiмiскiлей кезiп кеткелi қашан. Бұрын-соңды құлақ естiмеген, көз көрмеген оқыс оқиғалар… Әдеттегiдей, мұхиттың арғы жағынан емес, жетпiс жылдан астам уақыт iргесi сөгiлмеген өз елiмiзде, өз iшiмiзде болып жатыр. Үш ұйықтасаң түсiңе кiрмеген жайт – қалт-құлт еткен алып державаның, ұлы отаудың шайқалған шаңырағы ортасына опырылып құлауға шақ тұр, әне-мiне. Азаттық аңсаған жүрек күптi, көңiл алаң. Мәскеудiң арам пиғылды басылымдары кекетiп, мұқатып дамылсыз жазуда. «Парад независимости», яғни «тәуелсiздiк шеруi» жалғасып келедi. Ендiгi кезек кiмдiкi?» деген сарында. Империялық өктемдiктiң көкейi белгiлi. Бiрақ, бiрақ… Шалажансар. Соңғы тұяқ серпу. Уыстан шығарып алғысы жоқ…    


Мұңайып оянған Алматының кiреукеленген қабағы түс ауа ептеп жадырай сейiлгендей. Бiрақ желтоқсанның күрмеуге келмес қысқа күнi төңiректi асығыс-үсiгiс сұрғылт сүле сәулесiмен қымтай бастаған. Қаламдас әрiптесiмiз Әдiл Дүйсенбек таяуда астананың төрiнен, тура Елбасы резиденциясының түбiнен ойып тұрып төрт бөлмелi пәтер алған едi. Шиеттей бала-шағасымен ұзақ, сағына күткен үлкен қуаныш. Сенбiнiң кешiне қонысшайына шақырған-ды. Үй iргесiндегi Жаңа алаңды Зина екеумiз жаяу кесiп өтiп, Фурманов көшесiмен жоғары өрледiк. Ауа шымыр. Аяздың қатая түсетiн сыңайы байқалады. Басқан iзiң сықыр-сықыр. Бұдан бес жыл бұрын жазықсыз жастардың қаны төгiлген қаралы алаң тып-тыныш. Құлаққа ұрған танадай. Әр-әр жерде қараң-құраң бейқам сұлбалар шалынады. «Туған елiнiң болашағы үшiн жандарын қиған боздақтарды еске түсiрушiлер жылдағыдай ертең жиналады ғой…».

Қалың ой құшағында Әдекеңнiң табалдырығынан аттадық. Дабыр-дұбыр. Жайдары-жарқын күлкiлер. Мыңбай мен Клара жеңгей, Кеңесхан көкем мен Гауһар жеңешем, Ержұман мен Жақан… Бiраздан берi басымыз қосылмаған бәрiмiз мәре-сәре болдық та қалдық. Әдекеңнiң курстас досы, белгiлi жазушы ағамыз Дулат Исабеков те осында екен. Шүйiркелесiп жатырмыз.

– Қонақтарымыздың бас-аяғы жиналып қалды, – дейдi аңқылдаған Дариға.     
– Ендi екi-үш отбасы. Жайланып, әңгiмелесе берiңiздер.            
– Оған дейiн Шераға да жетер, сессияда екен, – деген Әдекең құрақ ұшып.
Бәрiмiз хормен:
– Оқасы жоқ. Бастығымызды күтпегенде кiмдi күтемiз… Iле қысыр әң-гiме тиегi ағытылды. Тәлтiректеген заман туралы, саясат төңiрегiнде, әрине. Сөйткенше болған жоқ депутат редакторымыз Шерағаң – Шерхан Мұртаза бiр құшақ аязды алдына салып, айрықша жарқылдап кiрiп келдi. Қуанышты үнi бұрынғыдан да зорайып, өзгеше саңқылдап естiлген:
– Мырзалар, бүгiн ақ түйенiң қарыны жарылған күн! Әлгiнде ғана, сағат 18.14-те Жоғарғы Кеңестiң депутаттары «Қазақстан  Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Заңды қабылдадық. Сөйтiп, қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы – Тәуелсiздiк жарияланды. Дүниеге жаңа мемлекет – тәуелсiз де азат Қазақстан Республикасы келдi. Азат елдiң ертеңi алаңсыз, ұзағынан болсын, менiң сүйiктi бауырларым!
Өткiр жанарлары от шашып, жүзi бал-бұл жанып, айрықша толқыған Шерағаңды ортамызға алдық:
– Тәуелсiздiк!
– Тәуелсiздiгiмiз құтты болсын!
– Еркiн елiмiз, азат Қазақстанымыз жасасын!
Құдiреттi сезiмге бөлеген осынау бақытты да қуанышты сәттi сөзбен өрнектеп, бейнелеу әсте мүмкiн емес-ау.

        * * *

Тәуелсiздiк!

Осынау қарапайым да құдiреттi жалғыз ауыз сөздiң аясы өте кең. Ол жөнiнде әр заманда, әр кезеңде айтылған ой орамдары да жеткiлiктi. Менiң көмейiме келгенi Үндiстанның ұлы перзентi, адамзат тарихының бейнесi мен ағымына өлшеусiз өзгерiс енгiзген, тәуелсiздiк жолындағы талмас күрескер Махатма Гандидiң жүрекжарды лебiзi. «Билеушiлер ендi осыған дейiн өздерiнiң өкшесiнiң астында болып келгендердiң еркiне тәуелдi болуы керек. Бұл олардың халықтың ырқын орындайтын қызметшiсi болуы керек дегендi бiлдiредi». Мәнi зор терең сөз.

Бiзде бұл күндi әркiм әрқилы әсерде, әртүрлi жағдайда қарсы алғаны мәлiм. Мүлдем қажет етпегендер де болғанын жасырмаған жөн. Ал әйгiлi жазушы Мұхтар Мағауиннiң «Қисық ағаш» хикаятының бас кейiпкерi осы сәттi тағатсыздана күтедi. Оның да жөнi бар. Қызыл империяның қылышынан қан тамған қасiреттi тұста, университеттiң екiншi курсында оқып жүргенде КГБ-нiң жендеттерi жаңадан танысқан ғашығымен театрдан шыққан бетте ай-шайға қарамай ұстап әкетiп, итжеккенге айдатып жiбередi. Сiбiрден аман-есен оралғанымен де одан кейiнгi өмiрi қудалаумен, үреймен өтедi. Қырық екi жылға созылған күдiктi ғұмыр! Үмiтпен күй кешкен үркек жүректiң «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған» алаңсыз заманды асыға, зарыға күткенiн қаламгер былайша суреттейдi.

«…Көптен күткен – мамырда үмiттенген, шiлдеде дегбiр тауысқан, қыркүйекте құсаға батырған, қарашада қайғыға ұласқан – тағдырлас, көршiлес, ағайындас жұрттың бәрi жариялаған, тек сен ғана мiз бақпай, әлдене күткен, түңiлдiре, тарықтыра бастаған, келмеуi мүмкiн емес, бөгелуi санаға сыйымсыз, ақыры, жүйкенi тоздырып барып, әупiрiммен қол жеткен жақсы лепес – ақ түйенiң қарны жарылған алақай, ес шыққан сүйiн-        шi – өлi аруақты көрден тұрғызып, тiрi жан атаулыны тебiрентуге тиiс шұғыл хабар теледидардан айтылған шақта… Әрине, қуанды, бар қаны бұрқ етiп басына шығып, мең-зең болып аз ғана отырды. Содан соң орнынан атып тұрды. Төрт қабырғаға сыймай барады. Кабинетiне келдi. Қайта шықты. Қайта кiрдi. Сосын ас үйде тамақ қамдап жатқан әйелiне барды. Сыртынан құшақтады. «Тәуелсiздiк жарияланды!» – дедi құлағына ернiн тақап. «Неме-не-е?..». «Жаңа ғана хабарлады. Парламент Қазақ мемлекетiнiң тәуелсiз-дiгi туралы  шешiм қабылдаған!».            

«Е-е…» – дедi әйел мұның қатты құшағынан босануға тырысып. «Жеттi бiзге де. Ақыры бiз де жеттiк!..». «Бөгет жасамашы! – дедi әйел тiксiнiп. – Тамақ әзiрлеуiм керек. Сен құсап кино көрiп, ерiгiп отырғам жоқ!». Құшағы жазылып, ерiксiз керi шегiндi. Кабинетiне келiп, кiтап ақтарыстап, аз бөгелдi. Залға шығып, қайтадан теледидарға үңiлдi. Ақпардың орысша бөлiгi басталыпты. Көңiлiне күмән келдi. Рас па жаңағы. Жүрдiм-бардым айтыла салды, жаңсақ дерек болмағай. Бар ындынымен, толқына қадағалап отыр. Орысша хабарлар нақтырақ келедi. Бiздiң қазақ журналистерi ап-анық нәрсенiң өзiн бұлдыратып жiбередi. Мәдениет жоқ. Сауат төмен. Әйтеуiр қызыл сөзге үйiр. Онда, нағыз шалқитын сәт – жаңағы емес пе? Керiсiнше шықты. Құрғатып, кептiрiп жiбердi. Дүмбiлез бiрдеңе… Мiне! Бұдан келте, бұдан қысқа болмас. Жалғыз-ақ ауыз сөз. Екi-ақ сөйлем. Сонысына да рақмет. Тәуелсiздiк жарияланғаны рас екен!
Әйтеуiр көңiлге үмiт сәулесi ұялағандай… Түйткiл бұлты сейiлгендей… Ендiгi өмiрiмiз де, ойымыз да, санамыз да – еркiн, тәуелсiз. Басқа не керек Алашқа. Иншалла!

Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты,
Алматы облысының Құрметті азаматы
Нұр-Сұлтан қаласы