Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ХАЙП ҚУҒАН БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ КӨРГЕНДЕ "АЙТУҒА ОҢАЙДЫ" АҢСАЙСЫҢ

Уақыты: 16.10.2021
Оқылды: 1279
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Қоғамдағы кемшіліктер, олқы-солқы тұстарды көргенде көп ашынатынмын. Осынау кейпіммен Бейсенге мұңымды шағатын едім. Қашан өркенді ұлт, қолы аузына жеткен бақуатты мемлекет боламыз өзі? Ауыл мен қаланың арасы алшақтап, мемлекеттік тіліміздің «мүжірейгені» жаныма батады дейтін ем. Әйткенмен, ұлттық мүдде, болашақ турасында ой қозғағанда Бейсен қазаққа шаң жуытпайтын. Сол үшін таң асыра тайталасуға бар еді. Қандай дәлелдерді келтірсем де, «Қазақ әлі тұғырына қонады, ұлтымыз бай-бақуатты болады» деп аузымды аштырмайтын. Бұл еліне деген риясыз махаббат пен сүйіспеншіліктің айғағы емей немене?»

Бейсен Құранбекпен бірге 10 жылға жуық істес, істес дейміз-ау, аға-бауыр, сырлас дос, керек жерде әкесіндей ақылшы, анасындай қамқорлық танытқан Амангелді Сәндібаевпен болған сұхбаттан үзінді бұл. Елге белгілі композитор, кейіннен көпке Бейсен Құранбектің жеке стилисті әрі «Айтуға оңай» бағдарламасының редакторы ретінде танылған Амангелді аға Бейсен Құранбекпен қалай танысқанынан бастады әңгіме ауанын. Алғашқы кездесулері сонау 2010 жылдары ұлттық арнадағы алақандай асханадан басталған.

– Шығармашылық адамдарында қандай қоңды қалта болсын?! Бір бәлішім мен шәйімді сораптап отырған ем, кең маңдайлы, жүзінде нұр, көзінде оты көрінген Бейсен кіріп келді. «Ағасы, ассалаумағалейкум, сізді сырттай жақсы білемін, тіпті, маған жездесіз, үйдегі келініңіз сіздің рудан» деп жаныма жайғасқаны бар емес пе?!

Бір-екі рет телеарнадан байқағаным болмаса, танымайтын азаматтың сондай жақындық танытқаны мені таңдандырды. Амандасып, хал сұрастық, телефон алмастық. Осымен әңгіме тәмам. Бірер күннен кейін хабарласып, жолығуымызды өтінді.

Хош, кезекті кездесуде «Айтуға оңайдың» «тағдыры» таразыланды. Бұл 2010 жылы болған кездесу. Бізге дейінгі бағдарлама ұжымын таратып, қайта жасақтау кезеңі екен. Менің киім кию тәсілдерімді сырттай барлап жүрсе керек, бірден: «Ағасы, менің сырт келбетім сізге аманат. Ұлттық арнада стилистер көп, бірақ көңіліме жақпады», – дегені бар емес пе? Мамандығым басқа, мен үшін таңқаларлық жағдай. Солай стилистік жұмысымды бастап кеттім, - дейді езуіне күлкі үйірілген Амангелді ағамыз.

Танымал журналистің телеарнадағы қызыл-жасыл жарқыраған бейнесі - Сәндібаевтың туындылары.

– Бір күні апыл-ғұпыл үйіме келіпті. "Дяд Аман, бағдарламаға киімдер алып келейік. Қолымда 70 мың теңге. Осыған алты айға «азық» боларлық костюмдер алайық", – демесі бар ма? Ішімнен таңдансам да, сыртқа білдіре қоймадым. Ауқаттанып алып, қалаға жол тарттық. Экран аялдамасына жетпес жерде ұдайы сырттай көзіме түсіп жүретін бір дүкен бар еді. Соның ішіне екеуміз ендік. Қызыл-жасыл көркі көз тартарлық костюмдер. Біреуінің бағасы – сол кездің өзінде 15-20 мың теңге. Көңіліміз түсіп, сыртқа бет алғанымыз сол еді көзім кіре-берісте ілініп тұрған бірнеше костюмге түсті. Сұрасам, өлшемдері қалмаған, сондықтан, бағасы 1000 теңгеден дейді. Қуанышымызда шек жоқ. Бейсен бір-бірден алып киді, бейне бір үстіне құйып қойғандай. Не керек, әлгі 70 мың теңгеге 30 костюм, 30 түрлі-түсті жейде, галстуктер алдық. Соны өзі айтқандай 6 ай бойы араластырып, экранға шықты. Бұл – «Айтуға оңайдың» ең алғашқы парақтары еді. Содан бір күні маған езуіне күлкі үйіріліп: «Дяд Аман, сыртымнан елдер: Бейсен шіріген бай, киген костюмдері көз тартарлық» деп айтады екен", - деді. Осылай «Айтуға оңайдағы» 7 жылымыз бірге өтті.

Бірер ай өткесін, бағдарламаны сүрлеу, яғни, редакторлық міндетті де Бейсен ағамыз өзі айтқандай «Дяд Аманға» тапсырған.

«Редактор жұмысын, тіпті, білмейтінмін. Сөйтсем, бағдарламаның қалай шығуы – редактор қолында екен. Қазақ айтқандай «Қазаншының өз еркі» болды. Жылына 250-ден астам бағдарлама түсіріледі. 2-3 сағатқа созылған бағдарламадан 45 минутты сүзіп шығару қиямет-қайым. Сонда ұлттық ар-намыс, тұтас бітім-бояуына сөз келер сындар болды қонақтардан. Жазушылардың қатысуымен өткен бір бағдарламада айғай-шу орын алды. Сонда Бейсен маған: "Дяд Аман, (Амангелді Сәндібаевты осылай атайтын) ұлттық мүдде бәрінен биік тұруы тиіс. Сіз менің ұстанымымды жақсы білесіз ғой. Ертеңгі ұрпақтар бетіне дақ, ұлт сүйегіне сызат салатын сәттердің бәрін алып тастарсыз. Бұл азаматтар ұлттың жанын «емдеп» жүрген жандар. Бір сәттік эмоцияларын шығарған болар. Одан хайп жасау қажет емес", - деді. Ұлтына деген адалдық осы емес пе?» - дейді А.Сәндібаев.

Рас, бүгінгі біреудің айыбынан хайп қуалап, ұлттық мүддені табанға таптаған телебағдарламаларды көргенде, Бейсеннің «Айтуға оңайын» аңсайтының ақиқат.

Кейін «Жетісу» телеарнасына да шақырған Амангелді Сәндібаевты. Екеуара кездесіп, директор өз армандарын ашық айтқан.

– Бейсеннің телеарнаны дамытудағы армандары тым асқақ еді. Еуропалық үлгідегі орта қалыптастыруды, яғни, жұмыс пен демалысты бір ғимаратта ұштастыруды мұрат етті. Маған «телеарнадағы жүргізушілердің бейнесін жасауды ерекше тапсырды. Осы ретте мен визаж маманы да болып көрдім (күлді). Ол қалай десеңіз, өзім суретшілікпен айналысқаннан кейін түстердің үйлесімін жақсы түсінемін. Өздеріңізге мәлім, қазір қыз-келіншектеріміз, тіпті, боянудың тәсілдерін толық түсінбейді. Бүгінгі мен өткенгі көк жәшік бірдей емес. Қазіргі экран миллиардтаған түстерді анық көрсетеді. Сол себепті, табиғи сұлулықты сақтап тұру маңызды. Ал бет әрлеушілеріміз жүргізушілердің бетіне тонналап бояу жағады. Сырттан қарағанда бұл табиғи сұлулығын көрсету былай тұрсын, боянудағы сауатсыздығын анық аңғартады. Осы олқылықты қалпына келтіруді Бейсен маған тікелей тапсырды, – дейді. Не керек, онда да Амангелді Сәндібаев біраз тер төккен.

Иә, «Бір адамға болсын титтей көмегім тисін» деп таң атырып, күн батырған Бейсен Құранбектің қазаққа, өз ұлтына деген ерекше махаббатына, сүйіспеншілігіне тәнті Амангелді ағамыз біршама ой толғады. Осы ретте бірге жұмыс жасаған уақыттарын, болған оқиғаларды тізбелеген редактор Бейсен ағамыздың ауру дендеген кездегі сабырлығын тілге тиек етті.

«Жағдайын білейін деп үйіне бардым. Сырқаты ауыр болған соң, көзіңе аурудан шаршаған, әбден әл-дәрмені таусылған адамның бейнесі елестейтіні белгілі ғой. Ал Бейсен, баяғы Бейсен. Жүзінде жылулық, езуінде жымиыс. Көрісіп, тілдесіп, арқа-жарқа әңгімелестік. Бір рет те «Мына ауру бәле болды! Әбден шаршадым!» деген реніш те, кейіс те білдірмеді. Сөз арасында: «Мен мына өмірге ризамын! Аз да болса, халық алдында жүрдім. Ұлтыма қызмет еттім! Бір қазағыма болсын, шамамның жеткенінше көмектесуге тырыстым. Абырой-беделге ие болдым. Мені сыйлайтын ортам, ардақтайтын ата-анам, адал жарым, сүйкімді балаларым бар. Қай кезде болса да өмірден өтуге дайынмын!» - деп асқан шыдамдылық пен кеңпейілділіктің үлгісін көрсетті», – дейді А.Сәндібаев.

Бұл естеліктер ауыр соқты ма, біраз үнсіздік орын алды.

Қаймана қазақтың қамын жасап, күйін күйттеймін деп шапқылаған Бейсен ағамыздың бейнесі осынау сыр-сұхбаттан кейін биіктей түсті біз үшін. Ұлтыңды сүю – сөзбен емес, іспен дәлелденетін қарекет екеніне Бейсен ағамыз арқылы тағы бір мәрте көз жеткіздік. Студиясына енген әрбір жанның мұңын тыңдап, тыңдап қана қоймай, көмек қолын созып, нұрлы жүзіндегі жылы жымиыспен жан-жарасын емдей алған Бейсен Құранбекті Амангелді Сәндібаев адамның «геологы» еді деп ойын түйді.

«Геологтар жердің ішіндегі қазба-байлықтарын іздеп-тауып, соны сыртқа шығаратын болса, Бейсен тілдескен адамының ішіндегі ерекше қабілеттерін, бұғып жатқан дарындарын дөп басып, соның шығуына себепкер болатын. Оған өзім кепілмін. Жай ғана музыканттан стилист, одан қала берді редактор, тіпті, ол аз десеңіз визаж маманын шығарды (күлді). Дәл сондай қаншама жастардың тереңінде жатқан таланттарын танып, оны дамытуына бар жағдай жасағанын көзіммен көрдім», - дейді кейіпкеріміз.

Рас, жақсы адам жақсылығын бәрімен бөліседі. Өз ұлтының әрбір ұлын сүйген, құрметтеген Бейсен ағамыз «Мен ұлтымды сүйемін!» деп даңғаза ұранға салынған жоқ. Әрбір ісі, кез-келген қарекеті ұлтына деген сүйіспеншілігін дәлелдеп-ақ отырды.

Алмагүл НҰҒМАН,

№1 Рахат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы