ТАНЫМАЛ ФОТОЖУРНАЛИСТ НҰРМАНБЕТ ҚИЗАТҰЛЫНЫҢ КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 15.11.2021
Оқылды: 1553
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Суреттерді түсірген Нұрманбет Қизатұлы». Үнемі газеттерден түспейтін осы сөйлем оқырманға жақсы таныс. Ол түсірген фотосуреттер аудандық, облыстық қана емес, республикалық басылымдарға да жарияланып жататын. Оларға түсініктің қажеті де шамалы. Бәрі өздігінен баяндалып, сөйлеп тұратын. Ал мұндай кескінді объективте әсерлі бейнелеудің қиындықтарын былайғы жұрт біле бермейді. Фототілшілік қызметтің құпиялары өзінше терең. Ол сәт сайын іссапарды жалғастыратын Нұрманбет Қизатұлы ағамыздың өзіне ғана аян.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер әлі де сергек. Фотоаппаратын қолына алып, сыршыл дүниеге суреткердің көзімен қарағысы келеді. Алматыдағы Ұлттық кітапхананың кіші залында өткен «Жан шуақ» кітабының тұсаукесері соның бір дәлелі.

Тұсаукесер жиынын белгілі ақын және журналист Манарбек Ізбасар ашып, жүргізіп отырды. Нұрманбет ағасының әріптесі ретінде аудандық газеттерді шығарған кездерін еске түсірді. Ол кездің қиындықтарына тоқталды. Бір ғана мысал, сурет бірден газетке салынбайтын. Ол алдымен арнайы цехта қорғасынға бедерленетін. Оның сапалы жасалуы фотоның анық болуына тікелей байланысты. Сонымен қатар, кейбір тұстарын қолдан жетілдіретін. Осы үдерістердің барлығын Нұрманбет ағамыз бір өзі атқарған. Бүгінгі ұрпақ үшін оның бәрі ертегі сияқты. Білікті кадрға әрқашанда шақыру көп. Облыстық «Jetіsý» газетіне қызметке келуі сондай құрметтің бір белгісі іспетті. 
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Ұлағат» баспасынан шыққан «Жан шуақ» фотокітабында аға ұрпақ өмір сүрген қоғамның шежірелері сайрап тұр. Еліне танымал тұлғалардың қайта оралмас сәттерін сағынышпен тамашалайсыз. Олардың арасында Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев секілді тұлғалар, Тоқтар Әубәкіров бастаған ғарышкерлеріміз, Еңбек Ерлері, өнер мен әдебиеттің қайраткерлері бар. Өлкенің тыныс-тіршілігі кең ауқымда кескінделген. Туған жер табиғатына саяхат жасағандай күйге бөленесіз. Қажетті тұстарды қалт жібермей назарға алған фотографтың шеберлігіне тәнті боласыз. Жиналған көпшілік те осылай толғанды.

– Өз басым суретке түсірушілерді фотограф және фототілші деп шартты түрде екі топқа бөліп қарастырамын. Фототілшілер қас-қағым сәтті қағып түсірудің шебері. Әлемге әйгілі француз фотографы Вилли Риццо өз мамандығы туралы «Фотошебер болу локомотивті, ұшақты, лимузинді зырылдатқан шебер жүргізуші болумен бірдей» деген екен. Сол айтпақшы, Нұрманбет Қизатов та фотоаппаратын ұстағанда реактивті ұшақ тәрізді қимылына көз ілеспей кетеді, – деді алғашқы болып сөз алған ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі журналист Марат Тоқашбаев.

Ал «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы әріптес ағасына жүрекжарды пікірін арнап, шынайы бағасын берді. 2007 жылы «Бүгінгі фотожурналистиканың жағдайы нешік?» атты пікірлесу кешінде Нұрманбет Қизатұлының айтқандарын жұрттың назарына ұсынды.

– Сол кезеңде бейнетаспаға түсірілген сөзінен үзінді келтіргім келеді. «Өнерге, дәстүрге, қасиетке деген құрметті осы күні де газет-журналдар естен шығармаса екен. Қасиет деген – халықтың қағидасы. Тәуелсіз Қазақстанның басылымдары осы мәселенің төңірегінде сол қасиеттерді көрсетуді қолға алса құба-құп болар еді», – деген болатын. Басқосудың арқасында қоғамдық бірлестік құрылды. Нұрманбет ағамыз қазақ фотожурналистикасына ерен үлес қосқан тұлға, – деді ол.

Ойын ортаға салған Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Айтбайұлы, Толымбек Әлімбекұлы, Талғат Сүйінбай сынды қаламгерлердің ақжарма тілектері де осы мазмұнда өрбіді. Мерейтой иесіне ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин сәлемін жолдапты. «Қолына қалам алып, көзін сөз өнерімен уқалап ашқан ұлттық журналистиканың қазіргі кезеңдегі кез-келген үлкен-кіші өкілі сіздің қолтаңбаңызды жазбай таниды. Өмірдің өзіндей бояуы қанық,  айтары анық, әрі шыншыл, әрі көркем фототуындыларыңыз бүгінде екі ғасыр тоғысындағы қазақ өмірі мен қазақ қоғамының ақиқатын бедерлейтін рухани қазынамызға айналып отыр», – деген сөздері фототілшінің болмысын одан сайын аша түсті.

Осы орайда ҚР Премьер-Министрінің жеке фотографы Шүкір Шахайдың не дегеніне де көз жүгіртелік. «Нұрманбет ағама қарап жүріп мен әуелі тәртіп пен сыпайылықты меңгере бастағандай болдым. Жұмыс істеудің ретті тәсілі адамның бағын ашатын нәрсе. Мен осыны ұқтым. Нұрманбет Қизатұлы сияқты ағаларымның болғаны мені көп жетістіктерге бастады. Біздер сол үшін де үлкендер алдында қарыздармыз», – депті «Жан шуақ» кітабының алғысөзінде.

Тұсаукесер жиынында Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Саят Жұрын ел-жұртының ыстық лебізін жеткізіп, Жамбыл бабасының мүсінін тарту етті.

Ішінде болмасам да ірілердің,
Ізгілік ізін қуған біріненмін.
Кешіктіріп сіздерді сексен жылға,
Кешіргін, кездесуге бүгін келдім.

Өрмелеп өмірімнің құз тастарын,
Өрнектеп өнеріммен із тастадым.
Өздеріңді іздеп көр, не дер екен,
Өрілген суреттерде жыр-дастаным
, – деген Нұрманбет ағаның жыр жолдары басқосудың түйініне айналды.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы