Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАНСЫЗ ЗАТТЫҢ ӨЗІ МЕЙІРІМІН ТӨГЕДІ. АТ ҮСТІНДЕГІ АҚСАҚАЛМЕН ӘҢГІМЕ

Уақыты: 27.11.2021
Оқылды: 1343
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Біз күрежолдан шеткері, былайғы жұртқа елеусіздеу, шалғайда қанат жайған Басши атты шағын ауылдан бабалардың сара жолын жаңғыртып, кешегі кеңестік жүйенің қызыл шекпенінен шықса да ата дәстүрін, халық мұрасын сары майдай сақтап, қазақы қалыбын бұзбастан бүгінге жеткізіп отырған қарияны кезіктірдік. Есім-сойы да бөлек – Жақыпбек қажы Самылтырұлы ӨМІРБЕК. Жетісу өлкесіне жақсы таныс. Көпшілігі батагөй ата деп біледі. Жасы сексеннің бел ортасына таяса да өз өңіріндегі барлық шаруаның ретін келтіріп, қиналғанға қол ұшын созып, сүрінгенді демеп, игі істерге ұйықты болып жүреді. Атамыз жуырда ғана ел көлемінде өткен батагөйлер байқауында топ жарып, бас жүлдені еншілепті. Іздегеніміз алдымыздан табылып, қазыналы қарияны әңгімеге тартуға асықтық.

Қазіргідей адамгершілік пен ар-ұятты ысырып, ақша мен дүние-мүлікті дәріптей жөнелетін құбылмалы кезде амалсыздан ақылгөй ақсақалды іздейсің. Қайырымдылығы мен ізгілігінен бұрын қиянаты басым замана ағымында жас пен қарияның, аға мен ақсақалдың, тіпті, ер мен әйелдің де қоғамдағы орнын ажырату қиындап барады.

Осындай олқылықтарды көріп, жастарға жол сілтер үлкен буынға, өмірден түйгені мол, аузы дуалы, сөзі дәлелді данагөй қарттарға жүгініп, жөн сұрағың-ақ келеді. Күн емес, сағат, сағат емес, минут сайын құлаққа құйылып, санаға сіңіп жататын небір сұмдықтарды тежер тегершік қайсы, қай тұсымыздан қателік кетті, жастар тәрбиесін ақсатып алған жоқпыз ба деп сүйегі асыл ақылмандармен сұхбат құруға ұмтыласың.

Қарияның қара шаңырағына имене басып, табалдырығын аттаған сәтте осы бір аңсарымыз басылғандай күй кештік. Өйткені, қарсы алдымызда ақсақал деген сөзге әбден лайықты, салиқалы да салмақты, ойы терең қария тұрды. Аппақ қудай сақал-мұрт өнегемен өткен өмірінен белгі беретіндей. Кескін-келбеті де келісті, қараса көзің тоятын нағыз бұрынғының абызы ма дерсіз.

Жақыпбек қажы жасы тоқсанға таяса да, сақал қоюдан қашқақтайтын, жасарып көрінгісі келетін кейбір қарттардың қатарынан емес. Бойын тік ұстайды, тың. Өз жасына тән қойған сақалы да жарасымды. Шешіле сөйлегенде шешендігі, тапқырлығы бірден байқалады. Қазақтың бай тілінен бейнелі сөздерді суыртпақтап, небір теңеулерді сәтті қолданғанда арқаланып кетеді. Тыңдарманын ұйытып тастайды. Мысы да бар. Әттең, ұлт пен ұлысты ұйыстырып, телісі мен тентегін тыйып, тәлім-тәрбиеге толық жауап беріп отыратын мұндай көнекөздер некен-саяқ.

– Әр қазақтың бөлінбеген еншісі бар. Бөлінбеген еншінің не екенін білесіңдер ме? – деп бізге сұраулы жүзбен қарады қария. Түрінде бұл жастар дәстүр-салттың көбін ұмытып барады ғой, бір құндылықты болсын түсіндіріп, жаңғыртып кетейін деген ой тұр. Біз жауап қатып үлгергенше атамыз табан астындағы мысалмен түсіндіре кетті. «Сен менің үйіме кірдің. Табалдырығымды аттадың. Енді сен маған дастарқаныңды жай, шай-тамағыңды бер деп мені міндеттеуге құқылысың. Міне, қазақтың қонақжайлығы қайда жатыр?!» – деді Жақыпбек ата.

Қария бізді төргі бөлмеге бастады. Ауылдастары кейіпкерімізді Жақан ата дейді екен. Азан шақырып қойған есімін үлкендер кезінде еркелетіп, осылай қысқартып жіберіпті. Қариямен әңгімелескенде түйгеніміз – еңбекқорлығы. Бүгінде аузымен орақ оратындарды көп көретініміз жасырын емес. Әдемі сөйлеп, алайда соған сай ісі қабыспай жататындар қаншама?! Жақан ата – жарылқаймыз деп жетпіс жыл қоғамды құдайсыздандырып келген кеңестік жүйе күйрей салып, кәсіп бастаған тәуекелшіл жан. «Осы өңірде алғашқылардың бірі болып «Береке» шаруа қожалығын құрдым. Мемлекеттен ешқандай көмек күтпедім. Менің қожалығым ел тәуелсіздігімен жасты, екеуіне де 30 жыл», – дейді кейіпкеріміз.

Шаруа қожалығын құру бар да оны ары қарай дамыту бар. Егер даңғазалатып бастаған шаруаң орта жолда қалса, әр істің басы бір шалынып, қолға алған жоба-жоспарың алға баспай қойса, ол өз алдына бір қасірет. Жақан ата жастайынан еңбекпен шыңдалған, істің бағыт-бағдарын білетін. Көзін ашқаннан кеңшар, ұжымшардың жұмыс тәртібін көріп өскен қария нарық әлемінен де қорқа қойған жоқ. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» демекші, шаруашылық алғашқы адымынан-ақ жемісін бере бастады.

Не көрсе де, көппен бірге жүруді құп көретін қария қарақан басын күйттеген жоқ. Қандай істі бастаса да, өз жақындарымен қоса, маңайын, ауылдастарын ойлайтын. «Қожалықтың жұмысын жандандыруға алыстан маман тартқан жоқпыз. Осы үйдегі балаларым, керек болса, қосағым мен келіндерім де бір жағыма шығысып, Алланың қалауымен ісім дөңгелеп жүре берді», – дейді ата өткен шақты еске алып.

Тоқсаныншы жылдардың қиындығы ел есінде. Тәуелсіздік алғанымызбен халық тұралап қалды. Экономикалық-қаржылық дағдарыстан бөлек басқару жүйесі түбегейлі өзгерді. Кеңестік қоғамнан нарыққа өту ел экономикасына кері әсер етті. Тұрақты жұмыс орындары жабылып, зауыт-фабрикалардың есігіне қара құлып салынды. Жекешеленген осы екен деп көптеген мал-мүлік талан-таражға түсті. Ел-жұрт сауда-саттыққа көшті. Тоқсаныншы жылдардағы қысыл-таяң шақ Жақан атаның да жадында жатталып қалыпты.

«Ел сансырап кетті. Қаражат жоқ. Күнделікті нан-тұзын ажыратып отырудың өзі үлкен бақыт болатын. Сондай сындарлы күннің бірінде ауылдағы аурухана жабылады деген әңгіме тарады. Жоғарыдан бұйрығы да шығып қойыпты. Ауылдағы ағайын бұл хабарды естіп, не айтарын білмей, әбден абдыраған. Мен қарап жата алмадым. Халықтың әлеуметтік жағдайы сын көтермей тұрған шақта аурухананы жапқаны қай сасқаны деп білек сыбанып, іске кірістім. Алдымен ауылда өз ішімізден комиссия құрып, төрағасы болып сайландым. Сөйтіп, жоғары жаққа үн қатып, 15 адамдық аурухананы сақтап қалдық. Бүгінде ел сол аурухананың игілігін әлі көріп отыр», – дейді ақсақал.

Иә, қарияның елге тигізген пайдасы мұнымен шектелмейді. Қария ауыл маңындағы егістікке баратын су арналарын ашуға атсалысып, елдің алғысына бөленді. Жақан атаның тікелей көмегімен бір шақырымға жуық су арнасы қайта жөнделді. Тағы бір игі іс ауыл іргесіндегі қабірстанға қатысты. Қазақ қашанда өлілердің рухына Құран бағыштап, қабірлерге зиярат етуді ұмытпаған. Көнекөз қария Басшидегі бабалар зиратын сел басу қаупі туындағанда да немқұрайдылық танытқан жоқ. Арнайы тоған жасатып, қауіптің бетін қайтарды. Қазіргі таңда ескі зират қоршауға алынған.

Жақан Өмірбектің есімі Басшидегі «Алтынемел» ұлттық саябағымен тікелей байланысты десек, артық айтқанымыз емес. Табиғатты қорғау мақсатында ұлттық саябақ құрылған жылдары ауыл тұрғындарының күн көріп отырған егістік алқабы мен жайылым жерін қорғап, шыр-пыр болды. Қарияның есімі ауданды қойып, облысқа танылды. Аудан мен облыстағы жауапты мекемелердің есігін тоздырып жүріп, жақсы адамдардың ықпал-көмегімен саябаққа өтіп кеткен 48 400 гектар жерді шаруа қожалықтарының иелігіне қайтарды. Сөйтіп, талай жанның алғысын алды. Қай жиында не айтса да, қай жерге барса да, халықтың үнін, ауылдастарының мүддесін жоғары қоя білді. Әділеттілік үшін отқа да, суға да түсуге даяр болды.

– Қашанда істі бастау қиын. Ал бастаған соң оны аяғына дейін алып бару үшін ерік-жігер, айнымас мінез керек. Темірдей төзімің және болсын. Мен бұл ойды өз ісіме қарата айтып отырмын. Өйткені, басқалар сырғақтаса да мен сынбадым. Нәтижесінде, ісім оңға басты. Жерді қайтарып алдық, жеңісіміз сол. Мен турашылмын. Бұра тартқанды білмеймін, – дейді ақсақал.

Кеңес кезінен кейінгі реформалар өз жүлгесімен жалғасып жатты. Қария қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тәуелсіздіктің іргетасын бекітуге бір кісідей аянбай тер төкті. Жер мәселесінен бөлек, бабалар есімін жаңғыртуда да зор үлес қосты. Әсіресе, Шормақ батырдың есімін ұлықтап, жас ұрпаққа таныстыруда көп еңбек сіңірді. Батырға кесене орнатылып, ас берілді. Дүбірлі тойға игі жақсылар жиналды. Мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Бүгінде Басши ауылындағы бір көше Шормақ батыр атында. Жол жөнделді, асфальт төселді.

Осындай белсенділігінің арқасында қария елдің құрметіне бөленді. Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы атағын алды. Бұдан бөлек, қарияға «Нұр Отан» партиясынан бастап түрлі мекеме-ұйымдардың Алғыс хаттары тапсырылды. Қазіргі таңда өз ауылындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Қария қызыл империяның тәрбиесін көрсе де, Құдайын ұмытқан жоқ. Үлкендердің әңгімесін құлағына құйып, халық ауыз әдебиетімен ержетті. Бала кезден санасында жатталған бата-тілектерді, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды ұмытпай, тірлікте қолдана білді. Алланың қалауымен 2011 жылы ұлы сапарға – қажылыққа барып қайтты. Қағбадағы қара тасты сүйіп, тағы да әулеті, туған-туысы, ел-жұрты үшін дұға тіледі. Меккеде де бауырластарына ақ батасын беріп, мыңдаған мұсылманды аузына қаратты.

Қария қайырымдылық жасаудан қалыс қалған емес. Бар саналы ғұмырын әділдік жолына арнап, болашақ ұрпақтың білімді болғанын қалайды. Мектеп пен жазғы лагерьлерге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Тіпті, бұл бағытта арнайы жоба жасап, ауыл азаматтарын асарға жұмылдырды.

«Өзің үшін өмір сүру аз. Өзге үшін де өмір сүре білу қажет. Әкем Самылтыр өмір бойы шопан болып өткен кісі. Мен де сөзбен емес, ісімен тәрбиелейтін әкемнің жолын ұстандым. Балаға іштей жаның ашыса да, ешқашан жанашырлығыңды сездірмеген жөн. Бұл ісім нәтижелі болды дей аламын. Ауылда мешіт абаттандырылды. Қатымхана ашылды. Басқа да игі істердің бәрінде балаларым бір жағыма шығысып, үнемі ұсыныстарыма қолдау білдіріп жүрді. Міне, бұл тәрбиенің жемісі болса керек», – деп ақтарылды қария.

Зайыбы Күлдарқан Байжұмақызы екеуі бес ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олар әр салада табысты еңбек етуде. Бірі өнер, бірі спорт саласында жүрсе, енді бірі әке жолын қуалап, мал бағады. Тағы бірі - механизатор. Жеке кәсіппен айналысатыны да бар. Бір сөзбен айтқанда, өскен, өнген әулетті қалай дәріптесең де артықтық етпейді.

Әңгімеміз жастар тәрбиесіне, бүгінгі қоғамның беталысына қарай ойысқанда ақсақалдың күйшілігін де байқап қалдық. «Қиналма жаным» деген атпен күй шығарыпты. Бізге соны шертіп берді. Қария бүгінгі замана ағымына бейжай қарай алмайды екен. «Шалжиып жатуға, жан тыныштығын күйттеуге үйренбеген қазақпын. Көзімді ашқаннан көргенім – еңбек. Мен бүгінгінің адамы болғаныммен бұрынғының сөзін естіген, үрдісін көрген кісімін. Қимыл-әрекетсіз отыра алмаймын. Зейнет жасындағы адам болсам да, қоғамдық қызметтен қашпай, жұртшылықтың жағдайын ойлаған жұмысқа ұмтылып тұрамын», – дейді Жақан қария.

Ақсақал бүгінгі жалаңаштанған жастардың ерсі қылығына күйінеді. Әсіресе, қыздардың тәрбиесіне алаңдайды. Ерлердің ездігіне жаны ауырады. Өзімен қатарлас қариялардың іс-әрекетіне сын көзбен қарайды. Ішімдіктің соңында жүрген аға буынды көргенде кірерге тесік таппайды. «Тәрбиенің басы иманда. Иман байлығы жоқ адам менмен болады, жауапкершілігін жоғалтады. Құран сөзіне, бабалардың батасына құлақ аспайтын адамдар бар. Рушылдық мен жемқорлық дертіне шалдыққандар тіптен қауіпті. Мұндайда Құраннан, бабалар сөзінен ем іздеймін. Онда бәрі тұр. Жансыз заттың өзі мұқият қарасаң, мейірімін төгеді. Ал оның қасында адамның мейірімсіз болуы қандай қорқынышты», – дейді қынжылып.

Жыл басында 83-інші белесіне шыққан данагөй қарт әлі де тың. Мұның сырын сұрағанымызда атқа мінген адамның ұзақ жасайтынын жеткізді. Еңбекпен есейіп, ел қадіріне бөленген ақсақалдың айтары көп. «Бүгінде мен аяғы үзеңгідегі қарт кісімін. Асарымды асадым. Жасарымды жасадым. Көргенім де көп, көкейге түйгенім де мол. Берген батамның бәрінде елдің тыныштығын, ұрпақтың амандығын тілеймін. Бұл сөзімді де осы тілекпен түйіндеймін», – дейді Жақан қажы сөзінің соңында.

Алты жасынан 600 саулық бағып, еңбектің қара қазанында шыңдалған көнекөзге қандай марапат берілсе де лайықты. Өйткені, балалық шағын соғыс ұрлаған қарттың өмір жолы кейінгі жастарға өшпес өнеге. Мұндай сүйегі асыл адам ары қарай насихаттала беруі тиіс. Қадірменді қарияға Алматы облысының Құрметті азаматы атағы берілсе, бұл еліміздегі ақсақалдар институтын дамытудағы игі қадамның бірі болар еді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Басши ауылы

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы