ЖАЗУШЫ ЖАҚЫПЖАН НҰРҒОЖАЕВҚА ЖЕРЛЕСТЕРІ СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 05.12.2021
Оқылды: 1497
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қарқарадай қастерлі жайлауы көрік берген, Көлсайдай көлі ажарын ашқан Кеген өңірінен шыққан қарымды қаламгер Жақыпжан Мысабекұлының есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Қарқараның киелі топырағында жаралып, берісі Жетісу өлкесіне, арысы республикамызға кеңінен танылды. Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығы қарсаңында жазушының туған жерінде, аудан орталығы Кеген ауылында Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВТЫҢ 75 жылдығына орай жерлестерімен жылы жүздесу болып өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иесі Жақыпжан Нұрғожаев туралы бірер сөз.

Биылғы жылы жетпістің бесеуіне келген Жақыпжан ағамыз Кеген ауданындағы Тасбұлақ өңірінің перзенті. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің айтулы түлегі. Басқаны айтпағанның өзінде, республикалық «Лениншіл жас», қазіргі «Жас алаш» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Сөз өнерінің қадір-қасиетін жақсы білетін ағамыз өз тұсында Шелек аудандық «Еңбек туы» газетінің және ұзақ жылдар облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы болып жемісті жұмыс істеді. Қазақ журналистикасының толқын-толқын ұрпағын, қазіргі республикамызға танымал журналистер көшін қалыптастыруға мол еңбегін сіңірді. Қолына қалам ұстаған жас журналистердің ақылшы ағасы, қамқор ұстазы бола білді.

Қазақ әдебиетіне, журналистикасына және мұқағалитану ғылымына қосқан ерен еңбегі үшін Жақыпжан ағамыз Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Алматы облысының және Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарының Құрметті азаматы атанды. Жақыпжан ағамыздың қарымды қаламынан, қажырлы еңбегінен, жүрек толғанысынан туған «Замана сарыны», «Көксеңгір – Қайыңдының бойтұмары», Мұқағалиға арналған «Тәңіртаудың қыраны», «Жүрегі оның жанартау» атты көптеген кітаптары оқырман көңілінен шықты. Жетпістің бесеуіне келген ағамыз үлкенге ізетінен, кішіге қамқор көңілінен айныған емес.

Жақыпжан Мысабекұлы өзінің мәнді де мағыналы ғұмырын «ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны» атанған Мұқағалидай қымбатты ағасына, шын мәнінде, мұқағалитану деп аталатын ғылымға арнап келеді. Ардақты ағамыз Хантәңірі шыңының баурайынан, Қарасаздың қасиетті топырағынан қанаттанып, қазақ поэзиясының асқақ тұлғасына, соны құбылысына айналған Мұқағалиды әрдайым биік қоя білді. Таудың арынды өзендеріндей қуатты талантын, ерекше қабілет-дарынын шынайы бағалады. Таңғажайып ақынның іздеушісі, сұраушысы, жоқтаушысына, мұраларын түгендеушісіне айналды. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің мұқағалитану деп аталатын ғылымын жаңа да тың деректермен толықтырды. Мұқағалитануға өлшеусіз еңбегін сіңірді.

Бір ғана мысал, жарыққа шыққанына 10 жыл толған, қара ормандай оқырман қауымның көз қуанышы, жан жұбанышына айналып үлгірген «Мұқағали» журналына негіз қалаған Жақыпжан ағамыздың өзі. Мұқағалидың 80 жылдығында жарық көрген «Есіңе мені алғайсың», «Сірә, мен өлмейтін шығармын», «Білгің келсе, алдымен зертте мені» деп аталатын үш томдық кітапта да Жақыпжан ағамыздың қолтаңбасы, маңдай тері бар. Ұлтымыздың мерзімді басылымдарын, республикалық әдеби-танымдық «Мұқағали» журналын парақтасаңыз, қарымды қаламгер, қажырлы сөз зергері Жақыпжан Мысабекұлының аяулы ақын ағасы Мұқағали Мақатаев туралы көзін көргендермен жүргізген әсерлі сыр-сұхбаттарын, ақын шығармашылығы, жекелеген туындылары туралы жүрек толғаныстарын, тың зерттеулерін, қазыналы еңбектерін көруге болады.

Елеулі де мерейлі 75 жасына толған Жақыпжан ағамыз биылғы ұлы ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына құры алақан келген жоқ. Мұқағалитануға қосқан көп жылғы еңбегінің жемісіндей, ақын жайлы хикаяттары, эсселері мен әңгімелері топтастырылған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты тамаша кітабын оқырмандарына ұсынды. Осылайша, өзі жанындай жақсы көретін ақын ағасының 90 жылдығына ерен еңбегін, сүбелі қолтаңбасын, өлмес ескерткішін қалдырды. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты кітап – мұқағалитануға қосылған елеулі еңбек, қазақ әдебиетіне қосылған қымбат қазына.

Жақыпжан ағамыздың Кеген ауылындағы Мәдениет үйінде мерейлі 75 жылдығына арналып өткізілген әдемі кеште сөздің басын Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов бастап, аудан тұрғындары атынан деніне саулық, шығармашылық табыс тіледі. Салтанатты сәтте "Кеген ауданының Құрметті азаматы" төсбелгісін тағып, арқасына зерлі шапан жапты.

Зерттеуші ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы Сағатбек Медеубекұлы жүргізіп отырған мерейтойлық әсерлі кеш дәстүрлі әнші, термеші, жыршы, жырау Әбіш Әділбековтың «Райымбек батыр» дастанына шығарған толғауымен бастау алды. Ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қуат Қайранбай қамқор ұстаз, қарымды қаламгер ағасы туралы баяндама жасап, Жақаңның журналистік, жазушылық шеберлігі, редакторлық қыры, азаматтық тұлғасы жайлы жүрек толғанысын жеткізді.

- Жақыпжан ағамыз қазақ журналистикасына ерен еңбегін сіңірді. Тілі жатық публицист, көсемсөз шебері, сырлы суреткер. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына тарту еткен «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты кітабы арқылы қалың қазағына танымал жазушы болды. Мен ерекше қадірлейтін қаламгерімсіз, сізге ризамын. Қаламыңыз талмасын, бұдан былай да оқырман қауымға береріңіз көп болсын! - деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов. Ізгі тілегімен бірге одақ атынан иығына шапан жауып, құрметін көрсетті.

Жақыпжан ағаның жақсылығына Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев ортақтасты. Жүрекжарды тілегін жеткізіп, ұзақ ғұмыр тілеп, одақ атынан лайықты сый-сияпатын жасады. Осы күні Жақыпжан ағамыз Қазақ журналистика академиясының академигі атанды. Қазақстан Журналистер одағының "Алтын медалін" алды.

- Ел білетін, жұрты қадір тұтатын Жақыпжан ағамыздың жақсы қырлары жетерлік. Кісілік, кішілік келбетіне сөз жетпейді. Бойына біткен ұйымдастырушылық қабілеті мол. Әсіресе, ұлттық, елдік мәселелердің, үлкен игі істердің басы-қасында жүреді. Басқаны айтпағанның өзінде Райымбектей батыр бабамыздың 300 жылдығында, Мұқағалидың 80 жылдығы тұсында Жақаңның іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, болмысы ерекше көрінді. Жақаң журналистік шеберлігін жазушылық қабілет-қарымына ұштастыра білді. Мен «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты кітабы арқылы өзімнің Мұқағалиымды көрдім, - деді қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаев.

Осы күні Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов Жақыпжан ағамызға лайықты сый-құрметін көрсетті. Ел ағалары Тоққожа Естенов, Ілдірім Разақов, Нұрлыкүн Оразбеков, Тұрсынкүл Мұқановалар ыстық ықыластарымен бөлісті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шаяхмет Құсайынов пен халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ержан Алаштуған арнау өлеңдерін оқыды.

- Құрметті ағайын! Баршаңыздың маған деген жылы көңіл, ыстық пейілдеріңізге ризамын. Мерейлі жақсылығыма орай сый-құрмет көрсетіп отырған Кеген ауданының әкімдігіне, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағына, осынау ізгі шараның басы-қасында жүрген Сағатбек пен Кәдірбектей інілеріме жүрекжарды алғысымды айтамын. Басымыз аман, бауырымыз бүтін, заманымыз тыныш болсын! Тек қана жақсы күндерде, жақсылықта жүздесейік! - деді кештің иесі Жақыпжан ағамыз шынайы көңілмен.

Әдемі кеш жергілікті сазгер Бақытжан Құсайыновтың «Меркі» атты, Жақсылық Әбдірамановтың «Кегенге кел» атты әндерімен қорытындыланды.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы