ЖҮЗ ЖАСТАҒЫ ӘЖЕ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУДІҢ ҚАРАПАЙЫМ ҚАҒИДАСЫН АЙТТЫ

Уақыты: 27.12.2021
Оқылды: 2290
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адамға өмір бір рет беріледі. Жаратқан берген жарық дүниенің қадірін біліп, рахатын сезініп, ұзақ жасау әркімнің арман-тілегі. Ал ұзақ өмір сүрудің құпиясын ешкім тап басып айта алмағанмен ғасыр жасаған Талғар қаласының тұрғыны Батан келіні Кәкібала Қыдырқызы қарапайым қағидасымен бөлісті. Ол қағида адал еңбек екен.

Ғасыр құрдасы Кәкібала әже 1921 жылы 7 мамырда жер жәннаты Жетісудың кереге таулы Кеген ауданы Саты ауылының Далашық жайлауында дүниеге келген, Әжібай батыр ұрпағы.

Жаратылысынан момын, қарапайым, мейірімді әже Саты ауылының тумасы Батанұлы Бағыбай атамен отбасын құрып, 70 жылға жуық тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ өрбітті. Бағыбай ата болса ағаштан түйін түйген өте шебер адам болған екен. Зейнетке шыққанға дейін туып-өскен ауылында еселі еңбек етіп, ел құрметіне бөленген жан. Күнделікті күйбең тіршіліктен бел жазбайтын Кәкібала апа да еңбектен қол үзіп көрмеген. Үйдің, түздің тірлігін тең атқара жүріп, алты баланы дүниеге әкеп, есейтті, ержеткізді.

Ауылдастарына сый-құрметі артқан Бағыбай атаның отбасы көпке үлгі бола білген. Тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсірді. Ұядан ұшқан 5 ұл, 1 қыз орта мектепті үздік бітіріп, жоғары білім алды. Бүгінде олардың әрқайсысы тәуелсіз еліміздің дамуына, нығаюына елеулі еңбек сіңіріп, танымал тұлғаларға айналған.

Атап айтсақ, үлкен ұлы Меделхан Кеген ауданында ұзақ жылдар мектеп директоры боп, білім саласына сүбелі үлес қосқан. Нәтижесінде, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Екіншісі Тілеужан Бағыбайұлы ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, академик. Үшінші ұлы Мамыт сәулетші, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі. Ұзақ жылдар Кеген ауданында бас сәулетші, Талғар ауданының сәулет саласында абыройлы қызмет еткен. Қызы Зейне болса, жоғары санатты провизор, бұл күнде жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Төртінші ұлы Марат жоғары білімді инженер механик, жеке кәсіпкер. Кенже ұлы Әуел жоғары санаттағы заңгер ретінде еңбек етіп, өнегелі отбасының дәстүрін жалғастыруда.

Міне, «адам ұрпағымен мың жасайды» деп бекер айтылмаған болар. Ауылдың түтінін түтетіп, тіршілігін түрлендірген Бағыбай ата мен Кәкібала әже ел демографиясының өсуіне, өнегелі ұрпағының өркен жаюына осылайша еңбек сіңірген ардақты жандар.

Таулы өңірдің саф ауасы мен таза суының да адам өміріне, денсаулығына әсері айрықша болар, Бағыбай ата 2013 жылы жүзден асқан шағында қайтыс болыпты. Ғасырмен құрдас Кәкібала әженің анасы Науат апа 103 жас жасаса, қайын әпкесі Әлди апа да 98 жаста дүние салған екен. Ұзақ ғұмыр иелерінің бәрі де қарапайым еңбек етіп, ұрпақ өрбітіп, ел алғысын арқалаған аяулы жандар.

Бүгінде ғасыр құрдасы Кәкібала әже Талғар қаласында сүт кенжесінің қолында тұрады. Мәуелі бәйтеректей жайқалып, тамырын тереңге жайған 100 жастағы әже бүгінде кіндігінен тараған 18 немере, 30 шөберенің бал күлкісіне бөленіп, бақытты өмір сүруде.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы