БИЫЛ ЕЛІН АДАЛ БАСҚАРҒАН АСҚАҚ ТҰЛҒА ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВҚА - 110 ЖЫЛ

Уақыты: 12.01.2022
Оқылды: 2532
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдардың докторы, үш мәрте Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл - 110 жыл.

Балғын жеткіншек Димаштың Қонай бабасынан Жұмабай атты ұл мен Бұлантай атты қыз туған екен. Заманының беделді азаматы болған  Жұмабай атасы өз ауылында бала оқытып, мешіт салып, қажылыққа барып қайтыпты.

Димекең туғанда Жұмабай жарықтық науқастау, төсек тартып жатқан екен. Сәбиді қырқынан шығарып, бауырына басқан әжесі Жұмекеңнен бата сұрағанда қария: "Маңдайың ашық, көзің танадай екен. Жанарыңнан нұр көрдім. Сірә, елге би боларсың, елдің алақанында өтерсің. Алла осы тілегімді қабыл қылсын!" – деп ақ бата берген дейді.

Атасы батасын берген Дінмұхамедтің  әкесі Меңліахмет білімі мен зеректігінің арқасында озық ойлы азамат деп танылады. Анасы Зәуре Байырқызы Алматы қаласына таяу Қоянды деп аталған ескі ауылдың (қазіргі Шелек) кедей азаматының қызы екен. Бұл ерлі-зайыптылар жетпіс жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, Зәуре Байырқызы 1973 жылы 86 жасында, Меңліахмет қарт 1976 жылы  90 жасында қайтыс болады.

Отағасы Меңліахмет пен отанасы Зәуре Байырқызы тоғыз бала өсіріп, бақытты өмір сүрген жандар. Ұлдары  Димаш пен Асқар, қыздары Әмина, Маймуна, Нәйлә, Фазилә, Гауһар, Сара, Розаның әрқайсысы еңбегінің арқасында ел-жұрттың қошемет-құрметіне бөленген қайраткерлер қатарынан көрінді. Меңліахметтің жеті қызының екеуі Нәйлә мен Фазилә Ұлы Отан соғысына қатысып, туған жерге аман-сау оралғаны қандай ерлік?! Димаш Ахметұлының қарындасы Роза Меңліахметқызы ағасы туралы былай дейді:

– Димаш ағамның мінезі әкеме де, шешеме де тартқан. Әкем айтқанынан қайтпайтын қайсар, өжет болатын. Ал, анам өте мейірімді жан еді. Димаш ағамда әкемнің қайсарлығы мен анамның мейірімділігі астасып жататын. Димаш ағам анама өте жақын еді, анам да қартайғанша Димаш ағамды: «Балам, балақайым» деп өтті.

Қазақтың дана перзенті Д.Қонаевтың туған жері Алматы қаласы екені белгілі. 1912 жылғы 12 қаңтарда өмірге келгені тарихта алтын әріппен айшықталғаны туралы Дінмұхамед Ахметұлы:

– Балдәурен бала күндерім, жалынды жастық шағым өткен осынау әсем қала мен үшін оттай ыстық. Әрине, балалық шақтың да, жастықтың да өз белгілері бар. Қызығынан қиындығы басым сол бір кезеңнің біреу біліп, біреу білмес, бірақ өзіме аян өмір жолы қандай болса, өзіммен бірге жасасқандай сезінетін бұл шаһардың да осындай бай тарихы бар, – деп кіндік қаны тамған Алматысы жайлы тебіренеді.

Білім жолына жасаған қадамы Алматыдағы бір заманда Чернышевский аталған №19 мектептің бірінші сыныбынан басталады. Мұнан соң қаланың №14 мектебіне ауысып, шаһардың тарихы жайлы тартымды еңбектер жазған қаламгер Дмитрий Снегинмен бірге оқиды. Екеуінің мектеп қабырғасынан басталған достығы ұзақ жылдар үзілмей жалғасады.

Бала күнінен зерек, білім мен ғылымға құштар, байсалды болып өскен, кішіпейіл мінез-құлқымен ерекшеленіп, өзгелерге өнеге көрсеткен өрен ұстаздардың инемен құдық қазғандай қызметін мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ жоғары бағалай біледі. Соның жарқын бір дәлелі жайлы айта кететін болсақ, Дінмұхамед Қонаев 1955 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымында қызмет атқарған кезінде өзіне хат танытқан ұстазы, орыс тілінен сабақ берген Анна Павловна Шурованы арнайы қабылдап, мұғалімінің бұйымтайын сұрайды. Не жылуы, не ыстық суы жоқ ескі үйде тұрып жатқанын жеткізген ұстазының баспана жөніндегі тілегін уақыт өткізбей орындап, адамгершілігін, жанашырлығын танытады.

Дінмұхамед Ахметұлы жастайынан аса көрнекті тұлға, инженер-ғалым Мұхаметжан Тынышбаевты өзіне үлгі етеді. Ұлтының ұлылығынан, текті ата-бабаларының тәлім-тәрбиесінен және сол дәуірдің озық ойлы азаматтарының қайталанбас қасиеттерінен нәр алған Дінмұхамедтің өмірі мен еңбек жолы толағай табыс пен жетістікке толы болды. 1936 жылы Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтын бітірген жас маман әуелде Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенешіне тау-кен инженері болып жұмысқа кіріседі.

Өмір бойы қарапайым, қазақы мінезінен айнымаған ол арнайы «визитка» дайындау қажет болғанда аты-жөнінен соң «Тау-кен инженері» деген сөздерді тіркетеді. Мұны көрген замандастары таңырқап:

– Димеке, мұныңыз қалай? Сізде атақ пен дәрежелер баршылық, жоғары лауазымды қызметтеріңізді неге қоспағансыз? – дейді екен. Ондайда Димаш Ахметұлы:

– Олардың бәрі өтпелі ғой. Ал «Тау-кен инженері» – өмірлік нәрсе! – деп қысқа жауап беріп, кәсіби мамандығына деген сүйіспеншілігін, адалдығын аңғартатын.

Димаш Ахметұлы тарихи романдарды, әртүрлі көркем жанрдағы әдебиеттерді құмарта оқып, халық әндері мен күйлерін сүйсіне тыңдайды екен. Содан кейін де жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, атақты композиторлар Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқов, әншілер Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева сынды өнер адамдарына қолдау көрсеткен. Спорттан бокс пен күресті қызықтап, әйгілі палуан Қажымұқанның күресін өз көзімен көргенін жиі әңгімелеп отырған. Қолы босаған кезде аңға шығып, оттық жинауға әуестеніпті. Оған Д. Қонаев мұражай-үйіндегі 7 мыңнан асатын аса құнды кітап, сексеннен астам қару, 500-ге жуық оттық дәлел. Үлкен кісі тұтынған заттарды мұқият күтіп, шаң қондырмай, шашау шығармай сақтаған адам  Зухра Шәріпқызы екені белгілі. Қонаевтар әулетінің мақтанышына айналған Зухра Шәріпқызы қазақтың біртуар перзентін айрықша аялап, қазақтың келініне тән асыл қасиетімен танылған жан.

ДӘУІР ҰЛЫ

(Дінмұхамед Қонаевтың  рухына)

Көктің ұлы,

Алаштың ақ жаңбыры,

Қағандардың жалғасы, қалған пірі.

Дидар ғайып болғанда дәуір ұлы,

Бұл дүниенің білінген жалғандығы.

 

Мән бермедің, бекзатым, бас қамына,

Бас қаріппен жазылдың  дастаныма.

Күндер өтіп барады, жылдар жөңкіп,

Аспаныңа қараумен, асқарыңа.

 

Нұрың шалқып, білеміз,  пейіштесің,

Кір шалмаған ақ көйлек періштесің.

Бір дәуірді көтерген дөңгелетіп,

Ел-жұртыңның бесігі, кеніштесің.

 

Озық шығып Одақта басқалардан,

Кернеп рухың кеудеңді, асқақ арман.

Көрік қосып көркіне туған жердің,

Тауда, қырда, іздерің таста қалған.

 

Димаш ұлды Тәңірден сұрап еді,

Еске алады байтақ жер, құба белі.

Ел үміті енді де үзілмеді,

Мұрат  тұтып елдікті  мұрагері.

 

Тебірентіп тартады тұңғиығың,

Қол жеткізбей келеді шың биігің.

Азат үйдің түтіні тіктелсе де,

Жетіспей тек тұрғандай бір тыйымың.

 

Қол созғанбыз Түркі боп арманға біз,

Қазақ түзіп, жалғанға жалғанғанбыз.

Димекеңмен Тәңірге ұйығанбыз,

Арай шашқан бозала таңдарда біз.

 

Шығысыма Батысты жалғадың  да,

Арыс жұрттың намысын қорғадың  да.

Зейнеті деп бейнеттің ұғынамыз,

Бүгін Алаш айналды қорғаныңа.

 

Балдырғанды Балқаштың бастауында,

Бақанаста ұлық той – ас қауымға.

Үш жұлдызың – үштаған Тұраныма,

Мыңға үлгі, милы жұрт, жас қауымға,

 

Алып тұлға жұртымен жасар әлі,

Асқақ рухы тербетер сахараны.

Ар-ұяты ұласып сырлы сазға,

Адамзаттың төріне асар әні!

 

                                               Әміре ӘРІН

Дінмұхамед Қонаевтың ел басқарған жылдары жетістікке толы. Кеңес одағындағы он бес республиканың ішінде Қазақстан Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды иеленді. Сонау 1955 жылы он үшінші орында тұрғаны мәлім. Осының өзі Димекеңнің ел экономикасын көтеріп, мәдениетті көркейту, халықтың тұрмысын жақсарту жолындағы мызғымас мығым қайрат-жігерін көрсетеді. Экономиканы терең білуі мемлекетті басқару тәсілімен өзара сабақтасып, тығыз байланысқан  адамгершілік қасиеті Димаш Ахметұлын әр қырынан ерекшелеп көрсетті. Басшылық қызметте болған 1955 жылдан 1986 жылға дейінгі уақытта еліміздегі өнеркәсіп өндірісі көлемі 8,9 есеге, ауылшаруашылығы 6,2 есеге, құрылыс салу 8 есеге артады. 1959 жылы елімізде 2 миллион 787 000 қазақ тұрса, 1987 жылы бұл цифр 7 миллион болды.

Қазақстан 1955 жылы мемлекетке 7 миллион тонна астық тапсырса, бұл көрсеткіш кейін 27-30 миллион тоннаға жетті. Диқандардың мемлекетке 7 рет миллиард пұт астық тапсырғаны ұмытылмақ емес. Сондай-ақ, 1976-1987 жылдарды қамтыған 10 жылда елімізде жүздеген елді мекен, 68 жұмысшы кенті, 43 қала бой көтеріп, Қазақстан халқының шат-шадыман тіршілігі көрер көзді сүйсіндірді. 1916 жылы байтақ даламызда 18 364 мың қой болса, 1955 жылы оның саны 17 миллион шамасында екен. Ал, 1986 жылы Қазақстандағы қой саны  36 миллионнан, ірі қара 8 миллионнан артық болыпты.

Алматының сейсмикалық қауіпті жағдайына  байланысты тұрғындар санын 1,5 миллионнан асырмау, сондықтан қала төңірегінде кішірек қалалар мен ауылдар санын арттыру жайлы сол жылдарда қозғала бастаған көрінеді. Ауаның ластанбауын осыдан 35-40 жыл бұрын ойластырып, қала сыртынан айналма жол салуды, ауыр жүк көліктерін ішке кіргізбеуді ұсынған Д. А. Қонаев екендігі де айтылып жүр.

Дінмұхамед Ахметұлы әрқашан өз халқын өзінен жоғары санайтын даналығымен ерекшеленді. КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі ретінде АҚШ, Қытай, Алжир, Уругвай, Ирак, Үнді, Италия, Египет, Жапония, Болгария сияқты мемлекеттерге дипломатиялық сапармен барғанында туған халқын, кең-байтақ Қазақстанын мақтанышпен әңгімеге арқау ететін әдеті қалыптасқан. Бұл жайында аға буын қайраткерлер жиі айтатын.

Алып тұлғалы қайраткер Д.Қонаевтың халқына, Отан Анасына сіңірген еңбегі Мәскеу тарапынан тиісінше бағаланып тұрды. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына лайықты деп танылса, сегіз рет Ленин, бір рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұл марапаттарды қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің қайтарымы деп қабылдап, халқына шексіз ризашылығын арнайтын. Осы жайында жазушы Ілияс Есенберлин: «Көрнекті адамдар өз елінің бағына не сорына туады» деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы елінің бағына туған адам және ол біздің әрқайсымыз үшін айрықша ыстық, – десе, Мұхтар Әуезовтің: "Мен бір жақсы адамдармен жекжат болған екенмін. Димаш, бұйырса, иісі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын!" – деген тұжырымын оқыған едім.

Әлем таныған Кеңестер одағы айрықша құрметтеген, Қазақстан халқының сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Қонаевтың биік тұғырдағы орнын аласарту әрекеті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен соң шұғыл қолға алынды. Мәскеудегі М.Горбачев, Қазақстанға тосын, суыт келген Г.Колбин және өз ішіміздегі кейбір жандайшаптар айтпаған сын, жаппаған жала қалмай бықсып кетті. Ал, әлгі сын айтушының сөзі өзінікі емес, М.Горбачев пен М.Лигачевтің айла-шарғысы екені байқалып тұрды. Қонаевты неғұрлым қатты сынасақ Мәскеу маңдайымыздан сипайды деген пысықайлар тыныштала қоймады. Осының бәрі Дінмұхамед Ахметұлының жанына тиіп, жүрегін сыздатты. Бәріне шыдап, сабырлылық танытқан ол өмірінің соңына дейін: «Қалың орманда биік қарағайдың басын ғана жел шайқайды, халқыма ешқандай өкпем жоқ»  деп кетті.

Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Күннің нұрын, айдың ақ сәулесін алақанмен жабу мүмкін емес» дегеніндей, кейбір ірілі-ұсақты байбалам салушылар қанша тыраштанса да Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жарқын жүзіне көлеңке түсіре алмады. Өз заманының ғана емес, болашақтың кемеңгері екендігін әлемге паш еткен ұлы адам халқымен мәңгі өмір сүре бермекші.

Кәдіржан ЖЕКСЕНОВ,

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» қоғамдық қорының төрағасы

Алматы облысы