АЛМАТЫДАҒЫ ТӘРТІПСІЗДІК КЕЗІНДЕ ҰЙҒЫР АУДАНЫНАН БІР САРБАЗ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 14.01.2022
Оқылды: 1412
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қордай ауданы бойынша шекаралық басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының техник-жүргізушісі, 22 жастағы Шавкат Армидинов ерлікпен қаза тапты.

Бұл туралы Ұйғыр ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шавкат 2000 жылы 21 шілдеде Қарадала өңірінің Үлкен Диқан ауылында дүниеге келген. 2020 жылы аталмыш басқармада әскери борышын өтеп, келісімшартпен сонда қалған. Отан алдындағы борышына адал болып, ел тұтастығын сақтау жолында ерлікпен қаза тапқан жас ұланның денесі өзінің туған жері – Үлкен Диқан ауылына жеткізіліп, аудан жұртшылығы оны ақтық сапарға шығарып салды.

- Бұл қайғылы хабар бәріміздің көңілімізге қаяу салды. Парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің амандығы үшін жан аямай содырларға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгеріміз барлық құрмет пен мадаққа лайықты, – деді аудан басшысы Шухрат Нурахунов.

Ел ағалары, әскери сала басшылары мен өкілдері, жергілікті тұрғындар қайтыс болған жауынгердің жақындарына қайғырып, көңіл айтты. Жиналғандар қыршын кеткен жастың қаскөйлерге қасқайып қарсы тұрған ерлігін, қайсар мінезі мен ұлтжандылығын, әскери міндетін қасық қаны қалғанша адал атқарғандығын баршаға айтып, үлгі алуға шақырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"