КӨКТӨБЕНІ ҚОРҒАП КӨЗ ЖҰМҒАН ЖАРКЕНТТІК ЖІГІТКЕ ОРДЕН ТАПСЫРЫЛДЫ

Уақыты: 16.01.2022
Оқылды: 1404
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев Алматыдағы бүлікшілер қолынан қаза тапқан Жайық Адылқанның ата-анасына Президент Жарлығымен жеткен lll дәрежелі «Айбын» орденін тапсырды.

Еңбекші ауылындағы Мәдениет үйінде Жайық Угулханұлын бір минут үнсіздікпен еске алған марқұмның жақындары мен туыс-жолдастары Жайықтың жарқын бейнесі мәңгі есте қалатынын жеткізді.

- Бұл орденді мен емес, балам өзі алуы керек еді, - деп егілген әкесі Угулхан Еренчиев қолдау көрсетіп, қайғыларымен ортақтасқан тұрғындарға алғысын білдіріп, енді мұндай жағдай қайталанбауын тіледі.

Жайық Адылқан 4-7 қаңтар аралығында ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанттарымен Алматы қаласындағы стратегиялық маңызды нысандарды қорғауға қатысқан еді. Курсанттармен бірге «Көктөбе» телемұнарасын да қорғайды. Осы қорғаныста курсанттар бүлікшілердің шабуылына бірнеше рет тойтарыс береді. Алайда осы ұрыста Жайық бүлікшілер қолынан қаза табады. Жаркент жұрты бүлікшілер қолынан қаза тапқан курсант Жайық Адылқанды жер қойнына тапсырды.

Айта кетейік, Жайық - бір үйдің жалғыз ұлы. 22 жастағы азамат өз борышын соңына дейін адал атқарды. Ол 2018 жылы мектеп бітіріп, 2019 жылы Қордай шекара отрядының №2038 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. 2020 жылы ҰҚК Шекара академиясына оқуға түскен.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"