ҚОНАЕВ ӨЗІНЕ ӘН, ӨЛЕҢ АРНАҒЫСЫ КЕЛГЕНДЕРДІ ТЫЙЫП ТАСТАП ОТЫРҒАН

Уақыты: 18.01.2022
Оқылды: 3159
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ халқында: «Атаның баласы емес, адамның баласы бол» деген өте мағыналы сөз бар. Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Дінмұхамед Ахметұлы дәл осы сөзді берік ұстанған. Өзінің бар қабілетін, ақыл-ойын, білімін, күш-жігерін халқының әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің өзге елдермен тең дәрежеде өркендеуіне жұмсады.

Ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесі мінезінің жайлы, қарапайым, қайырымды болуына әсерін тигізгені рас. Оның халықты жоғары бағалағанын мына бір-екі мысалдан-ақ байқауға болады:

Кезінде ақын-жазушы, композиторлар ол кісіге арнап ән де, өлең де жазғылары келген. Димекең ондайларға қатаң тыйым салған. Нұрғиса Тілендиев ән арнамақ болғанда, көмекшісі Дүйсетайға: «Нұрғиса ініңе айт, ықыласына рахмет, әнін маған емес, өзін аялап отырған халқына, еліне арнасын», – депті. Нұрғиса ағамыздың «Өз елім» әнінің шығу тарихы осындай екен. Тағы бір мысал шетелге барған сапарында (қай ел екенін ұмыттым) сол елдің басшысы: «Димеке, сіздің халқыңыздың бәрі де өзіңіз секілді бойлары биік пе?», – деп сұрағанда: «Менің халқым – менен де биік», – деп бір ауыз ғана сөзбен жауап берген екен.

Димаш Ахметұлы туралы естелік айтқандардың барлығы да оның кеңпейілді, сабырлы, салмақты, парасатты адам болғанын айтады. Қызмет бабында, күнделікті өмірде болсын ашу шақырып, дауысын көтеру, біреулерге қатты ұрысу әдетінде болмаған. Үлкен-кіші адамдармен ашық-жарқын сөйлесіп, еркін араласқан. Жұмысына ешбір оққағарсыз, көліксіз жаяу барғанды ұнатқан. Кісі баласын жамандап, сыртынан сөз айту, ғайбаттау дегенді білмеген. Өзін жамандаған адамдардың өзіне де кешіріммен қараған. Біреулермен өштесу, кек сақтау дегенді білмеген. Өзінің естелік кітабында: «Мен ештеңеге, ешкімге де өкпелемеймін, бұл менің өмірім», – деп сыр ақтарғаны бар.

Жаратушы иеміздің кең бітім, жомарт мінезбен даралаған, кісілігі зор адамы ғана осындай сөздерді айта алса керек. Димекеңнің тұсында еліміздің экономикасы алға басып, халқымыздың тұрмыс-жағдайы түзелді. Алыс ауылдарға жолдар салынды. 1960 жылы елімізде 26 жоғары оқу орны болса, 1986 жылы оның саны 55-ке жетті. Барлық облыстарда пединституттар, кәсіптік-техникалық училищелер ашылды. 1960 жылы елімізде студенттер саны 70 мың болса, 1986 жылы студенттер саны 275 мыңды құрады. Қанша ғимараттар, театр, мектеп, балабақшалар салынды?! «Қазақстан» қонақ үйі, «Медеу» мұз айдыны, Үлкен Алматы каналы, ҚазМУ ғимараты, политех, Энергетика институты, тағы басқа бой көтерді.

Халықтың әл-ауқаты түзелгеннен кейін халық саны да өсті. 1960 жылы қазақтың саны 3 миллионға жетсе, 1985 жылғы санақ бойынша қазақтың саны 7 миллионды көрсетті. Қонаевтың елімізге басшылық еткен кезінде биліктің тізгіні Мәскеудің қолында еді. Алайда ол қолынан келген жақсылығының бәрін еліне жасады. Орталықтың тас құрсауында болсақ та, өзінің көрегендік қасиетінің нәтижесінде еліміздің өркендеуіне өте зор үлесін қосты. Оның бас хатшы Л.И. Брежневпен достығы да еліміздің дамуы үшін елеулі қаржы қорын тартуға мүмкіндік берді.

Егер қазіргідей тәуелсіз ел болған кезімізде Димекең елді басқарғанда еліміз мұнан да үлкен жетістіктерге жеткен болар еді. Оның қызметтес інісі Кеңес Аухадиев: «Димекең оңашада өзіне өте жақын жандарға: «Тәуелсіз ел болғанда өз мәселемізді өзіміз шешетін едік», – дегенді жиі айтушы еді. Қазақтың тәуелсіз ел болғанын ол кісі де аңсайтын еді», – дейтін.

Димекең халық үшін туған, ерекше жаралған ұлы бабаларымыздың қатарында тарихта қалды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты халқымыз еліне адал қызмет еткен қайраткер тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Сондықтан Димекеңнің бейнесі бізден алыстаған сайын оның ұлылығы биіктей береді.

Айбол БИТУҒАНОВ,

зейнеткер

Алматы облысы