Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ҚАЗА ТАПҚАН ӘСКЕРИЛЕРДІҢ ОТБАСЫНА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Уақыты: 20.01.2022
Оқылды: 755
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Қасіретті қаңтар» деп аталып кеткен айда Талдықорған қаласында лаңкестермен күрес барысында Алматы облыстық полиция департаментінің полиция лейтенанты Барғанаев Дархан Ермекұлы және әділет прапорщигі Ержан Ербол Тілеубекұлы қаза тапқан еді. Қайғылы жағдайға байланысты Алматы облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев халық қалаулылары атынан батырлар отбасына көңіл айтып, марқұмдардың жақындарына әріптестер аманатын жеткізіп, қаржылай көмек көрсетті.

Халық қалаулылары қаза тапқан марқұмдардың туысқандарына батырларымыз нағыз ерлік іс істеп, артынан қалған жары мен балаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, барлық қажетті көмек берілетінін атап өтті.

Назарларыңызға сала кетсек, жылдам әрекет ететін арнайы жасақ инспекторы Дархан Ермекұлы 8 қаңтарда бүлікшілер қалалық полиция басқармасына шабуыл жасағанда, ал әділет прапорщигі Ербол Тілеубекұлы бүлікшілердің тергеу изоляторына шабуыл жасалған кезде ерлікпен қаза тапты.

Жалпы өңір депутаттары, қаза тапқан басқа да азаматтардың үйлерінде болып, отбасыларына көңіл айтып, қолдау білдірді. Ел тұтастығы жолында батырлық танытқан азаматтарымыздың есімі ел есінде мәңгі сақталады.

Алматы облыстық мәслихатының баспасөз қызметі