Жаңа фильм түсірілуде

Уақыты: 14.09.2017
Оқылды: 1261
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген төртінші басымдықты іске асыру мақсатында өңірде алғаш рет «Welcome to Zhetysu» фильмінің түсірілімі қолға алынды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының игі бастамасына өңір басшысының орынбасары Жақсылық ОМАР келіп, сәттілік тіледі.
Бірінші кезекте Жақсылық Мұқашұлы түсірілім алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Актерлер мен техникалық құрамға игі тілегін білдіріп, алғысын жеткізді. 
– Киноның талабы бойынша бөлінген қаржының көлемі өте аз, бірақ біздің облыс үшін бұл бірталай ақша. Фильмді түсірудің қарқыны жақсы, жастардың да талабын байқадым. Ертең алғашқы туынды деп жарыққа шығарамыз, тарихта қаласыздар. Сәтті шығып жатса, келесі жылы да жалғастырамыз. Республика көлемінде көрсететін боламыз. Кино елге қуаныш сыйлауы тиіс. Атсалысып жатқан барлықтарыңызға рахмет, – деген Жақсылық Омар фильмнің тұсаукесері тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келетінін айтты.
Әрмен қарай облыс әкімінің орынбасары «Welcome to Zhetysu» фильмінің сценарийін жазған Әділет Жұмабек, актриса Салтанат Құдайбергенова қатысқан брифинг өтті. Ол жерде фильм жайлы толық айтылып, жобаның іске асу барысы баяндалды. Сөз тізгінін алған Жақсылық Мұқашұлы жастар ұсынған жобаларға қашан да қолдау білдіру керектігіне тоқталып, туындыға облыстық бюджеттен 13 млн. 800 мың теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол көрікті, тарихи, көркімен көз тартатын жерлерді әртүрлі жолдармен – қара сөзбен жазуға, өлең-жырмен насихаттауға, ән арқылы беруге болатынын жеткізді. Алайда осылардың барлығының жиынтығы киноның тілі екендігіне баса назар аударды. Себебі, қазіргі кезде көпшілік көгілдір экран арқылы көп жайтқа көз жекізеді.
Келесі кезекте сценарист әрі актер Әділет Серікұлы:
– Бізге үлкен үміт артылып отыр. Сол үмітті ақтауға тырысудамыз. Фильм комедиялық жанрда түсіріледі. Дегенмен де, жеңіл-желпі әзілді қолданбауға тырыстық. Керісінше, жастарды жақсылыққа шақыратын, өзіндік тәрбиелік мәні бар көріністерді көрсетпекшіміз және көрермен көңілінен шығады деген сенімдеміз, – деп фильм Жетісудің көрікті жерлерінде түсірілетінін айтты. Акртиса Салтанат Қанатқызы болса, киноға  Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының білімгерлері мен жергілікті жастар үлкен үлес қосып отырғанына тоқталды.
Фильмнің негізгі мақсаты – Жетісудің тұмса табиғатын, тамаша жерлерін көрсету, елге насихаттау, ішкі туризмді дамыту. Сондай-ақ, өзге өңірлерден, алыс-жақын шет елдерден келетін адамдарға «жер жаннаты – Жетісу» деген атауды ұғындыру. 
Бір жарым сағат көлеміндегі фильмде Кенже есімді жігіт туризмді дамтыу үшін ұйымдастырылған бейнероликтер байқауына қатысып, шытырман оқиғалар мен кедергілерге кезігеді. Соңында қасындағы серіктерімен бірге жеңіске жетіп, армандары орындалады. Халық тамаша туындының жарыққа шығуын асыға күтуде.