МЫҢ БАЛАНЫҢ АНАСЫ НЕМЕСЕ АЛТЫН ЖҮРЕК АПАНЫҢ ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 22.01.2022
Оқылды: 1671
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұрпақтан-ұрпақ тарап, бабалар ізін жалғастыратын балаларымыздың болашағының жарқын болуы әрбіріміз үшін аса маңызды. Олардың дені мен тәні сау, ақылды, білімпаз, ізденімпаз болып қалыптасуына ата-анамен қатар, мемлекеттің де қамқорлығы қажет. Осыны ескерген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – Балалар жылы деп белгіледі. Ол қазақстандықтарға арнаған жаңажылдық құттықтауында: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сол себепті келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Бұл жылды тек ұрандатып немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен, билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп атап айтқан болатын. Олай болса болашағымыздың жарқын жалғасы болар балаларымыздың көптеп дүниеге келуіне, өсуіне, қалыптасуына үлес қосып отырған көпбалалы отбасылар мен ерекше тағдырлы жандар жайын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жылы ұя

Өткен ғасырдың соңындағы нарықтық кезеңде халықтың ішерге ас, киерге киім таппай, тұрмыстық ахуалдың құлдырауы көптеген отбасының шаңырағын күйретіп, айдың-күннің аманында әйел – жесір, бала  жетім атанған жағдайлар белең алды. Қабырғасы қатпаған, бұғанасы бекімеген ашқұрсақ балалардың көше кезіп, көпке алақан жайып, садақа сұрағанын көргенде жүрегі қарс айырылғандай күй кешкен Тұяқ Қазкенқызы Алматыдағы көк базардың маңында жүрген біреуін қолынан жетелеп, үйіне ілестіре кетеді. Жүзі жадау, кір-қожалақ баланың басынан сипап, жуындырып-шайындырып, алдына ас қойып, мейіріміне бөлеген аз уақыт ішінде сүтке тойған қозыдай құлдыраңдап, қуанғанына қарап, көңілі босап, жанарына жас іркілген. Өйткені өзі де бала жастан жетімдіктің, жоқшылық пен тапшылықтың ащы дәмін татқаны есінен кеткен емес. Сонау сұрапыл соғыс жылдары қара жамылған бүтін бір әулеттен бір тал бала қалғандықтан Тұяқ деген есімді еншілеген екен. Қазкен әулетінің білте шамындай ғана болған бір Тұяқтан мың тұяқтың тарайтынын кім білген?!

Сөйтіп, тумай жатып тағдыр теперішін көрген бейкүнә балаларды бауырына басып, жүрек жылуына, аналық махаббатына бөлеуді мақсат еткен Тұяқ Есхожина өмірлік қосағы Әнуарбек Байсаринмен  бірлесіп, күні бүгінге дейін мыңдаған жетім мен жартылай жетімнің маңдайынан сипап, аяғынан нық тұруына бар қажыр-қайратын жұмылдырғанынан жарты әлем хабардар десек артық айтқандық болмас. Қаладағы үш бөлмелі пәтерін сатып, жетімдерге қамқор болу мақсатында Талғар қаласынан «Нұр» отбасылық балалар үйін ашқан 1996 жылы 130 бала қабылданған екен. Содан бергі ширек ғасыр уақыт аралағында олардың қатары толыға түскен. Бейкүнә бала жүрегіне шуағын төгіп, жылы ұяға айналған «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйінің алғаш табалдырығын аттаған ұл-қыздары бұл күнде есейіп, үлкен өмірге қанат қаққан. Сөйтіп, «Нұр» еліміздегі ең үлкен отбасына айналды.

Еңбектің жанғаны

«Балам, балалы болғанда білерсің» демекші, олардың алды да үш-төрт балалы болғанын «Алтын жүрек» сыйлығының иегері Тұяқ Қазкенқызы зор қуанышпен жеткізді.

– Анасынан кем көрмей «мамалап» тұратын балаларымның бақытты болуы бәрінен қымбат. Ұлдардың өз алдына отау құрып, пәтер жалдаса да өз нанын өздері тауып, адам қатарына қосылғандарына шүкіршілік етемін. Ал қыздардың жаны нәзік қой. Сағы сынбасын деп жасауын жасап, ата салтпен ұзатып салған қыздарым да бір-бір үйдің түтінін түтетіп, жақсы келін атанды. Есейген балаларым осылай аяқтанып, жақсы азаматтар қатарына қосылды. Ұшқан ұяларын ұмытқан емес, айлап, апталап келіп, кетіп тұрады. Таудай табыстары болмаса да азғантай ғана шәкіртақыларына тәттілерін әкеп, осындағы бауырларын қарық қылған кездері аз емес. Немерелерім де әжелеп кеп, мойныма асылғанда менен бақытты адам жоқ шығар деп ойлаймын. «Балалы үй – базар» деп тегін айтқан ба? Жамырасып, табысып, мәре-сәре болады. Еңбегімнің ақталғаны осы емес пе? – дейді ағынан жарылған Тұяқ Қазкенқызы.

«Нұр» отбасылық балалар үйіне негізінен қайырымдылық қорлары мен алақаны ашық азаматтар қол ұшын беруден еш аянып қалмаған. Жоғарыда айтқан, келін алу, қыз ұзату мен жасауына да қолғабыс еткен сол қайырымды жандар көрінеді. Әлі күнге бірі тамағын, енді бірі киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етуде. 9-ды бітіріп, колледжге оқуға түскендері шәкіртақы мен бір реттік киім-кешекпен қамтамасыз етіліп отырған. Ол да үлкен көмек. Жартысына жуығы жоғары оқу орындарын тамамдаған. Тіптен, шетелде оқып қайтқандары бар. Ал жекеменшік балалар үйіне мемлекет тарапынан көмек жасалмайтындығына еш мойымаған.

– Үкіметке алақан жайған жерім жоқ. Соңғы кезде аудандық әкімдіктен де бір адам есік ашқан емес. Оған «отбасылық балалар үйі» атануымыз себеп. Өз күнімізді өзіміз көріп келеміз. Қазір бала саны азайды. Баяғыдай шұбыртып әкелетіндер жоқ. Әлеуметтік жағдай жақсарып қалды. Туыс та баланың қадірін білді, қамқор болудан қашпайды. Бұған қуануымыз керек. Жетімді жылатпаған халықпыз. Өсіп-өнуді, көгеріп-көктеуді тілеген адам жақынына жанашыр болып, жылағанын жұбата білуі тиіс, – деп тереңнен ой өрбіткен Тұяқ апа сөзін сабақтай түсті. – Осы жылдар аралығында 980 балаға қамқорлық көрсетіппін. Бәрінің тізімі бар. Олардың арасында жетім, жартылай жетім, тіпті, әке-шешесі бола тұра бағып-қағуға шамасы келмейтіндер кезікті. Уақытша қарап беру жауапкершілігінен аянбадық. Ондай балалар қазір де бар.

Тұяқ апа бірер жыл бұрын дүниеден өткен үлкен ұлы мен немере қызының қазасы қабырғасын сөгіп кеткенін айтып, жанарына жас алды. Десе де, мұңайған көңілін қуанта алатын мыңдаған баласы барына шүкіршілік ететін Тұяқ апаның ендігі арманы осылардың аман-есен ел қатарына қосылуы. Ал бауырындағы бүгінгі он екі баланың орны, тіптен бөлек.

Бірге туса да, бірге жүрмек жоқ

– Мен кішкентайымнан анамның қолында өсіп келемін. Бұл менің өз үйіме айналған. Ештеңеден таршылық көрген емеспін. Сабақ үлгерімім де жақсы. Биыл 9-сыныпты бітірген соң кондитерлік мамандық бойынша колледжге оқуға түсуге дайындалып жүрмін, – дейді 15 жасар Наташа Гурина.

Мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, көпшіл де еңбекқор боп өсуіне мұндағы тәрбиешілер мен қамқоршыларының қосқан үлесі зорын мақтан еткен жастың жанарынан қуаныш белгісі байқалады. Ертең өмірден өз жолын тапқанда да бұл үйдің жақсылығын, бірге өскен бауырларын еш ұмытпайтындығын тілге тиек еткен Наташаның арманы асқақ. Бір байқағаным, мұндағы балалардың жүректері кең, көңілдері таза. Кең сарайдай үйде таршылық көрмей өскен балалардан да мұндай бауырмашылдық табыла бермес деген ойда қалдым.

«Нұр» отбасылық балалар үйінде осы күні 12 бала тәрбиеленуде. Олардың дені ұлдар. Мектеп жасындағы балалардың тәрбиесі мен оқуы, тамақтануы басты назарда. Балаларға бас аспаз Гүлназ Әлимованың төрт уақыт тамақтарын әзірлеп жүргеніне жылға жуықтапты. Талғар қаласындағы №6 орта мектепке барып білім алатын балалардың арасына жаңа қосылған Шахзат есімді балақай бар екен. Бұл үйге келгеніне көп уақыт өте қоймапты. Әңгімесі ширақ, сүп-сүйкімді баланы іздеп осы сәтте әпкесі келіп қалды. Бір құрсақтан шыққан әпке мен бауырдың құшақ айқастыра қауышуы толқытты. «Екеуі неге екі жақта жүр?» деген заңды сұрақ туды.

Мұндайда баланың жан жарасын тырнап алмайын деп, бірдеңе деуге батылым бармады. Суыртпақтап білгенім: анасы басқа азаматқа тұрмысқа шығып кеткен. Онда бір бауырлары бар. Ал бір әкеден туған екеуінің өмірлері өз алдына өрілуде. Күндіз жұмысқа баратын, пәтер жалдап тұратын бойжеткен үшін ізінен ілескен інісін жалғыз қалдыру, оның күтімін жасау, сабағын қадағалау қиынға соқса керек. Осы себепті, Тұяқ апасына тапсыруды жөн санапты. Бұған дейін бауырын бағып беруді өтініп, ағайынына ақшасын төлеп те көрген екен, одан нәтиже шықпағандығын жасырмаған арудың алдағы арманы – үйлі-жайлы болып, кішкентай бауырын қолына алып, қамқор болу. Алдағы айда туған күніне көп сыйлық әкелетінін айтып, айналып-толғанған әпкесінің құшағынан әрең ажыраған бала тағдыры менің де жүрегімді қарып өтті. Алайда қарақат көздері мөлдіреген балапанның бір емес, мыңдаған баланың бабын тауып, жағдайын жасаған Тұяқ Қазкенқызының қамқорлығында, аялы алақанында қалғаны көңілге медет. «Бірге туса да, бірге жүрмек жоқ» деген осы шығар.

Әңгіме арасында сексенге таяқ тастам қалғанын айтқан үлкен жүректі ана үш ұлының қосағы – келіндерінің де оңынан келгеніне қуанады. Өмірлік тәлім-тәрбиесін сіңіріп, ізінен ілескен Кенже, Шолпан, Света есімді келіндері сан жүздеген баланы жеткізген кеңпейілді, мейірімді, керек болса, тағдыр сынына да темірдей төзімді ененің ісін ілгерлетіп, жәудіркөз балаларға жанашыр боларына, қайырымдылық жолдағы жақсы істерін жалғастыра алатынына нық сенімді. Лайым, ана үміті ақталсын!

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы