АҚСУДАН ҰШҚАН АҚСҰҢҚАР ЕДІ. БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ НҰРТІЛЕУДІҢ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

Уақыты: 17.02.2022
Оқылды: 2224
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақтың классик ақыны Қадыр ағамыздың «Достықта өлім жоқ, қастықта өмір жоқ»  дегені дәл айтылған дара сөз! Осы сөздің құдіреті ме, қадірлі де аяулы дос Нұртілеу Иманғалиұлының бейнесі көз алдымнан кеткен емес. Неге олай? Өйткені, жақсы достың әр ісі мен бірге жүрген әр сәті елес болып алдыңнан шығып тұратындай. Тіптен ортамыздан кетпегендей, әлі де бірге жүргендей әсерде жүретінімді жасыра алмаймын. Себебі, рухы мықты адамның ол жақта да өмірі жалғасып жататыны анық секілді. Айналып келгенде оның бәрі бір тәңірдің қолында екені даусыз.

Ардақты дос, Нұртілеу! Бүгін мен сенің рухыңмен шынайы жүрегіммен сырласып отырмын. Өйткені, сен өмірден озғалы да бір жылдың жүзі болыпты-ау! Сені мәңгілік қара жердің қойнына тапсырған сәтіміз де күні кеше ғана секілденіп тұрады. Әрине, сол күні езілмеген жүрек, жыламаған жан болмаған шығар. Себебі сен қазақтың қайсар да ардақты ұлдарының бірі едің. Оны қалың қазақ жақсы біледі. Сенің қазақ ұлтына деген адал махаббатың мен ыстық ықыласыңның өзі қандай еді. Жанып тұрған от едің ғой, аяулы дос! Тік жүріп, тік кеттің. Майыспадың, мойымадың. Бойың қандай асқақ болса, ойың да сондай нық болатын. Сөзің де өткір, өзің де өткір едің. Басыңнан сөз асырмайтын нағыз нар едің. Атқарған ісің мен жасаған адал еңбегіңнің өзі бір төбе. Ол жеке әңгіме.

Өзің білесің. Алғаш бізді табыстырған қасиетті қара шаңырақ ҚазМУ болатын. 1972 жылы еліміздің бар өңірінен арман қуып Алматыға келген қыз-жігіттер осы университеттің журналистика факультетіне тапсырып, сол жылы оқуға 50 шақты үміткер қабылданған едік. Алматының қазіргі Бөгенбей көшесіндегі ҚазМУ-дың бас ғимаратында сол кездегі факультеттің деканы С.Дмитровскийдің бұйрығымен оқуға қабылданғандардың тізімі оқылды. Сол кездегі қуанышымызда шек жоқ еді. Одан кейін бәріміз «Қорам» кеңшарына темекі жинауға аттандық. Жігіттерді барак типтес үлкен үйге орналастырды да, қыздар бөлек кетті. Күнде кешке жұмыстан кейін жиналып ап ән тыңдаймыз. Ортада Қонысбай Әбілов гитарасымен ән салады, одан қалса сол жылы бізбен бірге оқуға түскен жаны нәзік, биязы жігіт Жәнібек Кәрменов домбырасымен дәстүрлі әндерді бірінен соң бірін шырқайды.

Біз тамсана отырып құлақ түреміз. Сүйсінеміз, таң қаламыз, қол соғамыз. Сол бір кеште Нұртілеу де Қонысбайдың гитарасын сұрап алып, құлақ күйін сәл бұрап жіберіп, өзінің білетін әндерін нақышына келтіріп айтты. Осыдан кейін Қонысбай екеуінің өнерге деген құштарлығы жалғасын тауып кетті. Алғаш рет үшінші курста жүргенде екеуі бірге ән салып отырып Қонысбай:

– Нұртілеу, «Дос-Мұқасан» сияқты ансамбль құрсақ қайтеді? – деген пікірін Нұрекең де бірден қолдай жөнелді. Сөйтіп, арада біраз күн өткенде Қонысбайдың ұсынысымен «Ләйлім-Шырақ» деген ансамбль құрылған болатын. Оның құрамына Бақберген Табылдиев пен Марат Нұрқалиев (марқұмдар), заң факультетінің дауылпазшысы Бақыт Ахмеров қосылды.

Журналистика факультетінің тұңғыш вокалды-аспаптар ансам­блі осылай өмірге келді. Ондағы әндердің сөзін қазақтың сол кездегі танымал ақыны Ұлықбек Есдәулетов жазып, әнін Қонысбай шығарып көп жерде орындалып жүрді. Бірде олардың концертіне «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Бақытжан Жұмәділов келіп, өзінің жақсы бағасын беріп кетті. Міне, содан бастап «Ләйлім-Шырақ» бүкіл ҚазМУ-ды дүрілдетіп, жастардың арасында атағы жайыла бастады.

Біз оқығанда бізге сабақ пен тәлім-тәрбие берген ардақты ұстаздарымызды айтпай кету әбестік болар. Олардың әрқайсысының ерекше қадір-қасиеті біз үшін үлгі-өнеге. Солардың ішінде Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинді ерекше атар едім. Ол кісі халық ауыз әдебиетінен дәріс беретін. Өте білімді, сабырлы да салмақты ұстазымыз еді. Одан кейін Тауман Амандосов, Сұлтанғали Садырбаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Қайыржан Бекхожин, Абдул-Хамит Мархабаев, факультетіміздің деканы Темірбек Қожакеев, Тұрымтай апайлармызды қалай ұмытайық. Олардың әрқайсысы сол кезде бір биік тау секілді көрінетін.

Алғаш ортамызда отбасын құрған курстасымыз Марат Әбдіқалықов болды. Оның тарихы былай еді. Сол кездегі Торғай облысы Амангелді ауданының «Нахимов» деген кеңшарына біздің курсты егін жинауға жіберді. Бәрімізді бізден бір курс жоғары оқитын Ержұман Смайлов (марқұм) деген азамат бастап барды. Біз барған ауылға Алматы медицина институтының бір топ студент қыздары да тәжірибеден өту үшін келген екен. Солардың арасында орта бойлы, аққұбаша келген әдемі қызға Макеңнің көзі бірден түскен ғой. Күнде кешке қарай жаңағы қыздар бізге келіп, қал-жағдайымызды біліп, денсаулығымызға қамқор болып жүретін. Ақыры не керек, Марат сол танысқан қызымен күзде оқуға келгенде отбасын құрып, Алматыда үлкен тойын жасады. Нұртілеу өзінің ұйымдастырғыш қабілеті мен арамызда белсенділігін сол тойда да көрсете білді.

Мен 1974 жылы үшінші курста үйлендім де, ал Нұртілеу 1975 жылы төртінші курста оқып жүргенде ҚазМУ-дің заң факультетінің студенті Саламат Темірғалиқызымен отау құрды. Орталарында Тәңірдің берген Жанар, Гүлнар, Динара атты алтын асықтай қыздары дүниеге келді. Олардан жиен немерелерін де көріп кетті. Алматыда дүрілдетіп тойын жасады. Курс боп тойладық. Ол бір қызық заман еді. Одан кейін Нұртілеу туған жері Діңгекке барып әке-шешесі мен бауырларының алдынан өтіп, ол жақта да тойын өткізді. Сол тойға Ұлықбек күйеу жолдас болып барып, Нұртілеудің әкесі, халық ақыны Иманғали ақсақалмен айтысқанын күлдіріп айтып жүретін.

Оқуды бітірісімен бізді Ош қаласына алып барып жазғы әскери жаттығуға бір-ақ салды. Баста панама, аяқта керзі етік, белде әскери белдік. Күн дегеніңіз төбеңнен түсіп, қайнап тұрған кез. Сапта тұрып, сапта жүрудің өзі оңай шаруа емес. Әр сенбі сайын ауылдан, үйленгендер жарларынан асыға хат күтеді. Сондай бір кездің үстінде сапта тұрған ақын Байбота Серікбаевқа Нұртілеу:

– Байбота, когда придет суббота? – деп орысша өлеңмен сұрақ қойды. Байбота да саспастан:

– Нұртілеу, субботаға әлі ертелеу, – деп сапта тұрған бәрімізді бір күлдіргені бар еді.

Қадірлі де аяулы дос, Нұртілеу! Мен енді аттың басын өзіңнің кіндік қаның тамған туған жеріңе қарай бұрайын. Ақсу өңірі өнер мен жырдың, батырлар мен билердің алтын ордасы. Ақын Сара Тастанбекқызы, қобызшы Молықбай Байсақалұлы, Ілияс Жансүгіров, Қуат Терібаев, 28 панфиловшылардың бірі, Кеңес Одағының Батыры Нарсұтбай Есеболатов сияқты атақты адамдар шыққан қасиетті ел. Сен де сол өзіңнің туған ауылың Діңгекте дүниеге келіп, балалығың өткен жер. Әкеңнің әкесі Қалиасқар, өз әкең  айтыскер, халық ақыны Иманғали болса, анаңыз он төрт құрсақ көтерген Күлжәмила Құйқабайқызы еді. «Мен осы он төрт құрсақтың сүткенжесімін, шала туғандықтан атам Қалиасқар мен әжем Күліштің қолында өсіппін. Сондықтан мені шалдың баласы деп атап кеткен», – деп есіне алып отырушы еді.

Әкесі Ұлы Отан соғысының бел ортасында жүріп, қолынан өзінің қалақтай домбырасын тастамаған екен. Сол домбыра Нұртілеудің шаңырағында әлі күнге дейін сақтаулы. Ара-тұра қалақтай әке домбырасын қолына алып, Нұрекең де толғана шертіп, әніне салатын. Тіптен әкеден дарыған дарындылық ақындығын да байқатушы еді. Өлеңдері ешкімге ұқсамайтын, өзіндік үні бар, өзіндік қолтаңбасы бар жырлар болатын. Мысал келтіре кетейін, мына бір «Тұрақтылық» деп аталатын өлеңіне назар аударыңыздаршы:

Махаббатты мәңгілік шырақ қылып,
Қиындыққа қасқайып шыдап тұрып,
Қызығына мастанбай бұлақ қылып,
Ой жүгіртсең егер де ұзақ тұрып,
Тіршіліктің діңгегі – тұрақтылық!

Өмір-өзен толқынға лақтырып,
Байқайды екен әдейі құлаққа ұрып,
Елегінен өткізген сынап тұрып,
Байлауыңды қояды сұрақ қылып,
Тіршіліктің тізгіні – тұрақтылық!

Қылбұрауға салса да бұрап тұрып,
Жер басып жүргеніңді ұнаттырып,
Ұрпақтардың саулығын сұраттырып,
Бақыттылық тілерсің жылап тұрып,
Тіршіліктің діңгегі – тұрақтылық!
Мынау фәни жалғанды жұмақ қылып,
Жіберетін неткен күш – ТҰРАҚТЫЛЫҚ!
– деп осы бір тұрақтылықтың өлшемін дәлме-дәл беруінің өзі ерекшелік емес пе?

Нұртілеудің осы тәріздес өлеңдері бір жинаққа татырлық. Бірде мен: – Нұреке, сенің өлеңдеріңде ешкімге ұқсамайтын бір ерекшелік бар, неге кітап қып шығармасқа, – дегенімде Нұрекең: – Әй, Сәке-ай, қазіргі ақындардың жалпылама жаза салып, жеңіл сөйлеуін өз басым ұнатпаймын. Әрине, барлық ақындарға топырақ шашпаймын, мықты ақындар бар. Солардың деңгейінде жазу үшін де жүрек керек қой, – деп еді. Оған дәлел мына бір шумақ:

Көңілден күдік кеткенде,
Өлеңнен үміт еткем мен.
Өлермен өлең жазуға,
Ұялам Ұлықбектен мен,
 – дейді. Ақындықтың кредосына бас ию деген осылай-ақ болар.

Қайран, Нұртілеу-ай! Сенің өзіңнің туған жеріңе жасаған жақсылықтарың қаншама? Соның бір парасы Ақсу ауданының 80 жылдық мерейтойы. Алматыдан бір топ ақын-жазушыларды шақырып, Ақсудың төрінде қонақ еттің. Тойдың жақсы өтуіне белсене кірісіп, сценарийін де жазып, бастан-аяқ жүгіргенің біздің әлі есімізде. Одан қалса қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгровтің ескерткішін Ақсудың дәл орталығында тұрғызуға бір азаматтай атсалысып, соған мұрындық болдың. Ақын Сараның, Сәкен Иманасовтың, Әнуар Әлімжановтардың ғылыми-конференцияларын Талдықорғанда өткізуге үлес қостың.

Айта берсе, елің үшін, ақсулықтар үшін еңбегің өте зор. Туған жерге деген махббатың мен ыстық ықыласыңның кереметтігін осындай істеріңмен-ақ дәлелдегенің анық. Осы жерде тағы бір еске түсетін оқиға жайлы айта кетейін. Нұртілеу туған жеріне барған сайын өмірден өткен ата-бабаларына, туған бауыры Ізтілеудің басына барып, Құран бағыштап қайтуды әдетке айналдырған. Бірде маған: «Сәке, менімен елге жүрші, бабымыз Мысық болыстың басына бір белгі қойып қайтайық» деген соң көңілін қимай бірге өз машинасымен елге тарттық. Тіптен, «кейінгі кезде жолым болмай жүр, Мысық бабамның аруағы риза болсын» деген ниетін де айтып қалды.

Сонымен, Ақсуға барып, аржағындағы Діңгек ауылына аттың басын тіредік. Сол жердегі қариялардың басын жинап, Мысық болыстың жатқан қорымын іздеуге кірістік. Ескі Ақсу деген төменгі ауыл бар екен, сол жердің кең жазығын жаяулап аралап жүріп үлкен қорымды таптық. Бізбен бірге еріп жүрген ауыл ақсақалдары да алдымызға түсіп алып, әлгі жерді білетіндер осы жер деп көрсетті. Сөйтсем Нұрекеңнің мықтылығы ғой, Алматыдан үлкен гранит тасқа Мысық бабасының аты-жөнін, руына дейін жаздырып, ертесіне «Камаз» машинасына тапсырыс беріп, тиеп алып келе жатқанын айтты. Соның бәрін алдын ала ойлап, істеудің өзіне қаншама күш керек. Үшінші күні Мысық бабасының басына әлгі тасты орнатып, басына Құран бағыштап, Ақсудың орталығындағы мейрамханада бабасына арнап ас берілді. Халық көп болды. Бәрі Нұртілеудің Мысық бабасының рухына арнайы жасаған осы шараларына ақсулықтар дән риза болды. Бабасы Мысық болыс Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романының кейіпкері болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Ардақты дос, Нұртілеу! Сенің Қазақ телевизиясының дамуына қосқан үлесің мен сіңірген еңбегің ұшан-теңіз. Оны көзі қарақты қазақ елі жақсы біледі. Сен сонау студент кезіңнен-ақ осы саланы таңдап, белсене кірістің. Оқуды бітіре салып «Қазақстан» телеарнасынан «Хабар» арнасына қызметке ауыстың. Ақпараттық хабарларды күн сайын эфирге шығарып, қалың көрерменнің ілтипатына бөлендің. Бұл да болса сенің сұңғыла азамттығың болатын. Сен жүргізген «Бетпе-бет» хабарын ел асыға күтетін. Хабарға шығарда өзіңнің тап-тұйнақтай, үлгілі киіміңе аса мән беретінсің. Эфирдегі әр сұрағын да ойланып-толғанып қоятын, тез және жоқ жерден сөз тауып кететін шеберлік иірімдеріңді қалай айтпасқа?

Кейін «Қазақстан» арнасында өзі жүргізіп, өзі дайындаған «Діңгек», «Қолтаңба», «Көршілер» ток-шоуы да Нұртілеудің өз қолтаңбасы болғанын білеміз. «Көкпар», «Ой-көкпар» бағдарламаларының өзі ұлттық дәстүріміздің бір парасын айқындайтын хабарлар болғанын жасыра алмаймыз. Одан кейінгі өмірінің соңғы жылдарында жасап кеткен айтулы хабарларының бірі де бірегейі облыстық «Жетісу» арнасында жүргізген «Бай-қуатты болайық!», «Қазақстан» арнасындағы «Nur-Tiley» атты хабары барша қазақ жұртының сүйсініп көретін хабарына айналғаны белгілі. Онда да қазақ салт-дәстүрінің нышанын көрсететін асықтар мен қамшыны пайдалануы Нұртілеудің ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін танытты. Ол хабарында қаншама қазақтың майталман айтулы азаматтарынан сұхбат ала отырып, бүгінгі еліміздегі проблемалардың бетін ашуға мүмкіндік туғызды. Ол кейіпкерлердің өзін саралап, іріктеп алатын.

Бүгінде бұл хабарлары жас тележурналистер үшін үлгі-өнегі екені сөзсіз. Экран алдында өзін қалай ұстауды, отырысы, жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері, тіптен сұрақ қоюдағы тапқырлығы кез келген адамды ойландыра түсетін. Өзінің ерен еңбегінің арқасында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Президенті лауазымына дейін көтерілгенін жақсы білеміз. Өзінің іс-тәжірибесін осы басшылықта жүріп те таныта білді және дәлелдеп кетті.

Нұртілеу 60 жасын дүрілдетіп өткізді. Ешкімге ұқсамайтын шоу жасағанын да білеміз. Көптеген ақындар арнау өлеңдерін арнады. Тұрсынзада Есімжанов, Сәкен Иманасов ағаларынан бастап бір топ ақын достары да қалыспады. Солардың ішінде Ғалым Жайлыбайдың «Тарланбоз» өлеңінен бір-екі шумақты оқи отырыңыздар:

Көсем сөз тартқызғанда көне көшін,
Көктейсің,
Көктем болып көгересің.
Жұртыңның жүрегіне жатталғандай-
Нұртілеу Иманғали деген есім.

Дүбірі дүниенің
дүрмектері, 
Әкеңнің сен ұшырған жыр кептері.
Кеңжыра, Қарасуда кіндік кесіп,
Бесігі тербетілген Діңгектегі.

Жорғасың, қара сөзде қазанатсың,
Жаныңмен жалғандықты жазалапсың.
Тұлпардан тұлпар шыққан, тарланбозым,
Асылдан асыл туған азаматсың!
– деп ағынан жарылады.

Нұртілеу өзінің шежіресін өлеңмен жазып кеткен ақын. «Менің шежірем» деген өлеңінің үш шумағын ұсынайын:

Жүз жасаған атамның арнасымын,
Дөңгелегі сияқты арбасының.
Манарбек, Жүсіпбекпен Ақмешітте,
Ән салған ақын Имаш жалғасымын.
Егесте ерте иленген елтірімін,
Жігіттің жүрегі ашық кең түрімін.
Бухгалтер қарт ақынның кенжесімін,
Он төрт құрсақ көтерген кемпірінің.
Тегім – Найман, Матайдың Шоқанымын,
Бір ұлымын сөз терген Отанымның.
Шөбересі боламын ел билеген,
Мысық болыс атанған жоталының,
– деп жырлайды жүрегімен. Ал енді осы өлеңнің соңғы шумағы Нұртілеудің Кеңсайдағы зиратының басындағы көк тасқа да ойылып жазылған!

Иә, сен ортамыздан кеткелі де бір жыл толыпты! Зымырап өткен уақыт. Тірі адамдар тіршілігін жасап, өмір ағысымен жүріп жатыр. Бірақ сен елі сүйген ел азаматысың, аяулы да ардақты ұлдарының бірісің. Ол үшін Ақсу өңірінің қалың жұрты Нұртілеу Иманғалидай азаматтың атын өшірмеу үшін Ақсу ауданының орталығынан бір көшеге есімін берсе де артық болмас еді.

Қайран, досым-ай! Ақсудан ұшқан ақсұңқар едің! 

Сайлаубай ТОЙЛЫБАЕВ,

Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты