ЖАДЫМЫЗДАН ӨШПЕЙТІН ЖЕТІСУ ЖАЙСАҢДАРЫ. МУЗЕЙДЕГІ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ

Уақыты: 02.03.2022
Оқылды: 1475
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Нұртілеу Иманғалиұлының туғанына биыл - 70 жыл. Алаш жұртының сүйікті перзентіне айналған арда азамат, журналистика жамбозының мерейтойына орай М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінде ел перзенттерін еске алған рухани шара өрнек тапты.

Аталған жиын шымылдығы Жетісу жерінің арда азаматтары туралы дайындалған бейнероликпен ашылды. Тележурналистиканың тарланбозы Нұртілеу Иманғалиұлының өмірінен сыр шертетін бейнероликте, сонымен қатар, Халық ақыны, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әсімхан Қосбасаров,  классик жазушылар Бердібек Соқпақбаев пен Сайын Мұратбеков, «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақтың рөлін сомдаған белгілі актер Әлімғазы Райымбеков, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, қазақтың даңқты палуаны Жақсылық Үшкемпіров, журналистика жұлдызы Бейсен Құранбек туралы жылы естеліктер көрермен назарына ұсынылды.

Өз кезегінде алғашқы болып облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев құттықтау сөз алды. Ол:

– Халық атпал азаматымен, ардақты тұлғаларымен тарихын түзеді. Ертеңге өнеге таратады. Кешегі күні ортамызда жүрген еңселі азаматтарды бүгін ел болып еске алып, есімін жаңғыртып жатсақ, ол да өскен халықтың өнегелі өмірі мен өміршең дәстүрінен алынған қасиетті қағида, – деп лебізін рухты сөзбен бастады. Одан кейінгі кезекте руханияттың көшін бастаған арда тұлғалардың жәдігері ертеңге тарих болып қалсын деп музейге тапсырғаны үшін азаматтардың ет жақындарына алғысын жеткізді.

Рухани шараға арнайы шақырылған қонақтар Әлімғазы Райымбековтің зайыбы Гүлжаухар Райымбекова мен ұлы Ертай Әлімғазыұлы, Жақсылық Үшкемпіровтің зайыбы Күлпан апа мен ұлы Елдос Жақсылықұлы, Нұртілеу Иманғалиұлының зайыбы Қарлығаш Табылдинова, Бейсен Құранбектің зайыбы Гүлмира Зербай мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз алып, тұлғалар туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Өз кезегінде шараға қатысушы қауым тұлғалардың жеке заттарынан тұратын көрмені тамашалады. Мұнда ардақтылардың киімі мен бұйымы, қолсағаттары, мемлекеттік наградалары мен кітаптары, шығармашылық еңбектері ел назарына ұсынылды.

Тұлғалар өмірінен сыр шертетін экспонаттармен толыққан музейдегі салтанатты жиын барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаттары ел ардақтыларының жақындарына табыс етілді. Осылайша көңілді көкжиекпен астастырғандай жоғары деңгейде өткен шара Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының әншісі Шолпан Мойтапованың орындауындағы «Жетісу - өнер мекені» әнімен мәресіне жетті.

Кәмилла ТҰЯҚОВА

Алматы облысы