ӨМІРДІҢ СЫРЫН ҮЙРЕТІП, ҚАДАМ БАСТЫРҒАН АТА-АНАМЫЗ ЖҮЗ ЖАСАСЫН!

Уақыты: 01.03.2022
Оқылды: 1413
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әрбір адамның дүниеге аман-есен келуіне, өмір жолын адаспай табуына ата-анасының тигізер ықпалы зор. Бұл тұрғыдан ата-анама айтар алғысым шексіз.

Біз үйде сегіз ағайынбыз. Әрқайсымыздың білім алуымызға, өзіміз таңдаған мамандықты меңгеруімізге, аға-әпкелерімнің шаңырақ көтеруіне көмегін аямаған әке-шешеміз ұлттық тәрбиені, қазақилық ұстанымды, салт-дәстүрді үйретіп, осы қалетке жеткізді. Бүгінде бәріміз бір-бір мамандықты меңгерген қызметкерміз. Халқымыз: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да берген сүтінің қақысын өтей алмайсың»  дейді ғой. Сондықтан, қаршадайымыздан өмірдің сырын үйретіп, қадам бастырған ата-анамыз жүз жасасын!

Әкеміз журналист болғандықтан үйге келімді-кетімді кісілер жиі бас сұғатын. Сонда бізге келген қонақтың құт әкелетінін санамызға құйып, кім болса да күліп қарсы алуды үйрететін. Жөн сұраған кісімен қалай сөйлесу керектігін, кішіге ізет көрсетудің жөн-жосығын, тектіліктің, кісіліктің не екенін, үлкен мен кішінің айырмасын әр уақытта мысалмен көрсетіп, ұмытпастай етіп жаттатты. Телеарнада, радиода, газеттерде еңбек ете жүріп ұл-қыздарының спорттан қол үзбеуін қадағалаған әкемізбен сенбі-жексенбі күндері бірге футбол ойнайтынбыз. Ойын арасындағы демалыс сәттерінде дос-жаранның, ағайын-бауырдың айырмашылығын айтып, қалай құрмет көрсетудің жолын нұсқайтын. Сол себепті болар, біздің үйдің балалары футболға жақын болды.

Анамыз туралы әңгіме тіптен бөлек. Француз тілінің оқытушысы бола тұра ана тілінің қадірін, нағашы жұртымыздың жанашыр екендігін әрдайым айтып отыратын. Шет тілі оқытыла бастаған жылдардың бірінде маған сабақ берген анамның үй мен мектепте өзін ұстауының өзі үлгі болды. Кейбір француз сөздерінің мағынасын сұрап, үйреніп жүргенде санамызға ана тілге деген құштарлықты салып отырыпты. Оны кейде мемлекеттік тілге қатысты мәселелерге келгенде анық байқап қаламын. Күнделікті сабағымызды тексеріп, толыққанды білім алуымызға ықпал еткен әсері бүгінгі күні де алдымнан шығып тұрады. Ертеңгі күннің жоспарын кешкісін пысықтап қою әдеті анамнан қалыпты.

Осылайша, көлденең жатқан бір үзім жіптің сұрауы болатынын, ешкімнің затын сұраусыз алмау керектігін үйреткен ата-анамның  жасы ұзақ болып, шөбере-шөпшек сүюіне тілектеспін! Оларға айтар алғысым шексіз!

Асхат ТӘКЕБАЕВ,

Талдықорған қаласы әкімі аппаратының басшысы

Алматы облысы