Үздік сынып жетекшісі

Уақыты: 21.09.2017
Оқылды: 3164
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Сынып жетекшісі – оқушы үшін мектептегі басты тұлға. Сыныптың қандай болмағы жетекшінің ұйымдастыру қабілетіне байланысты болғандықтан оған қойылар талап та жоғары. Міне, осындай балалармен жұмыс істеуде озық іс-тәжірибесімен танылып жүрген ұстаздарды анықтау мақсатында «Үздік сынып жетекші – 2017» байқауы облыс орталығындағы №14 орта мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Бұл жолғы сынға аудандық, қалалық байқауда үздік деп танылған 17 үміткер қатысты.

Шараны облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова ашып, облыс әкімінің қолдауымен өткізілетін байқаудың басты мақсаты – жалпы орта білім беру жүйесіндегі тәрбие үрдісін жетілдіру, сынып жетекшілерінің шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік ашу екендігін атап өтті. Сайыста бақ сынаушы ұстаздарға сәттілік тіледі.
Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде ұстаздың портфолиосы мен «Мәңгілік Ел» идеясын таратудағы сынып жетекшінің алатын орны» тақырыбындағы эссе құжаттары зерделенді. Екінші кезең үш тапсырма бойынша жүзеге асты. Демек, сайысқа қатысушылар «Өзін-өзі таныстыру», «Менің көңілді және тату сыныбым» тұсаукесерін өткізіп, «Шебер сынып» тақырыбында оқушыларды ұйымдастыруда креативті, жаңашыл тәсілдерді қолдана білу шеберлігі бойынша сынға түсті. 
Байқауға облыстық білім басқармасы, әдістемелік кабинет, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалының білікті мамандары әділқазылық етті.
Байқауда әр сынып жетекшісі тәрбие жұмысында ұстанатын бағыты мен озық тәжірибесін ортаға салды. Сынға қатысқан қай мұғалімнің болсын атап айтарлық жетістігі болды, «әттеген-ай» дейтін тұстары да орын алып жатты. Дегенмен де сынақтың аты сынақ, «Жүзден жүйрек, мыңнан тұлпар» ғана озады. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша барлық сыннан сүрінбей өткен Балқаш ауданы, Ақдала орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ғалия Жазылбекова бірінші орынды иеленді. Байқауда өздерінің ұстаздық шеберліктерін таныта білген Текелі қаласындағы №8 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағима Тұрлыбаева мен Жамбыл ауданы, Жамбыл атындағы  орта мектебінің ағылшын тілі  маманы Ақжан Қайратқызы екінші орынды тең бөліссе, Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылындағы орта мектептің ұстазы Динара Есалиева үшінші орынды еншіледі. Ал, сарқандық Айгерім Кенжебаева «Шебер жетекші», қараталдық ұстаз Бағлан Есболатов «Ізденімпаз жетекші», Ақсу ауданынан келген Жазира Қасымова «Парасатты жетекші» номинациясымен марапатталды.
Байқау жеңімпаздары қазан айында өтетін мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында марапатталатын болады.

Алма ЕСЕНБАЕВА.