Кеудесі қазына кейуана

Уақыты: 28.09.2017
Оқылды: 1433
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Адам санасында, жадында жатталып қалатын асыл бейне болады. Содан шығар, ақ жаулығы желбіреп, бар болмысымен елжіреп тұратын Батыр ана – Сонымбүбі Ғайнанованың жарқын жүзі көз алдыма көлбеңдей қалатыны. Кең иықты, маңдайы кереғарыс, алаулаған келбетінен көпті көріп, көңілге түйгені мол екені бірден аңғарылатын. Үлкендер мұндайда: «Маңдайы жазық екен. Сірә, несібесі мол, қайырымды болатын шығар», – деп жорамал жасап  жататын.
Пенде біткен беймаза өмірде Алланың қалауымен таң атырып, кеш батырады. Осылайша соңына өшпестей із қалдырады. Ал мазмұны қалай болатыны еңбегіне,  қалдырған өнегесіне, тәрбиелеген ұрпағына байланысты болатыны заңдылық. Күнделікті күйбең тірлікте көбіне оның байыбына бара бермейміз. Жақсы ғұмыр кешіп, елі мен жеріне қалтқысыз қызмет жасаған жандар жайлы жұрттың пікірі бір арнаға тоғысқанда еріксіз ойланады екенсің. 
Бұйрық болып, өмірлік серігім Сметпен шаңырақ көтеріп, киелі Бәкіровтердің құтты босағасын аттаған сәттен бастап, ене-ана ретінде Сонымбүбі кейуананың жылы сөзі, ақылы маған өмірлік ұстанымымды қалыптастыруға сеп болғанын әлі күнге ұмытпаймын. Апам дастарқан үстінде қилы-қилы, қым-қиғаш әңгімелерден сыр шерткенде жуық арада тоқтамайтын. Кеудесі алтын сандық кейуананы Саурық батыр (Көкөзек) ауылындағы еңкейген қариядан бастап, бесіктегі балаға дейін білетін. Бәрін бауырына басып, ауылдың, аймақтың  анасы  бола білді. Кескін-келбетіне сай мейірімі де мол болғандықтан ғой, жан баласын жатырқамай құшағына басып «Айналайын» дейтіні. Көпбалалы отанасы ретінде үйдегі бар шаруаның тиянағын келтіретініне, үнемі төрінен құтты қонағы үзілмейтін шаңырақтағы берекенің, ынтымақ пен бірліктің иін қандыратын қабілетіне де тәнті болатын едім. Көп дүниеге қанығып, көргені мен естігені, көңілге түйгені мол болғандықтан арғы-бергі ата-бабалар жайлы айтқан әңгімелеріне құлақ құрышың қанатын.
– Қарағым,  аттаған босағаң қасиетті. Әулеттің үлкені болған жарықтық Үкіжан Малыбайқызы жыр сүлейі Сүйінбайдың туған немере қызы. Арғы атамыз өнер қонған, бақ дарыған, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Сүйінбай атаның ұрпағы. Айтса айтқандай анамыз аса мейірбан, арғы-бергінің қадірін білетін дария көңілді болыпты, – деп сары майдан қыл суырғандай төгілтетін. Үлкен енем Үкіжанды пір тұтып, ақ босағадан бірлік пен ынтымаққа ұйытқы болуымды санама сыналап кіргізгендей болғанын кейін ұғып жүрмін. Келген жерімнің қасиетін қадірлеген Сонымбүбі ананың сол сөздері құлағымда қалды.
– Сметтің үлкен әкесі Бәкір қария ауқатты, хат танитын, ауылға сыйлы болған. 1937 жылғы ел басына күн туған солақай саясаттың кесірінен «бай» деген желеумен тұтқындалып, Ресей жерінде қайтыс болыпты. Енең Жәмеке алтын құрсақты ана. Үйелмелі сегіз құрсақ көтерген. Сен солардың ішіндегі Кемел мен Жәмекенің келінісің. Кемел соғыста ауыр жараланып, бір аяғын беріп, мүгедек болып оралған. Жас болса да енең үйдегі, түздегі бар ауыртпалықты көтерді. Кемел ауылдағы бастауыш сыныптың мұғалімі болды, – деп үлкен кісілер жайлы көсілетіні керемет-ақ. Тіпті, қазіргі ауыл-ауылдың байырғы аттарын тізбелеп, ата-бабалардың жөн-жосығын жік-жігімен тарататынына қайран қалатынмын. Қазір ойласам, ата-ананың, өткен бабалардың тарихи деректерін білудің маңыздылығы ерекше екен. Туыстықтың түп-тамырына терең бойламайынша өміріңе бағдар бере алмайды екенсің. Сондықтан Сонымбүбі апамның маған берген алғашқы «сабағы» алдағы күндерімнің бағдаршамындай еді. 
Ақылман ананың балалардың өмірден өз орнын табуына да көп көмегі тиді. Бауыржанды баласындай жақсы көрді. Кейін туыстығымыз одан әрі жақындасты. Бауыржанның үйіндегі келінім Алмагүлмен апаның ұлы Мұраттың жұбайы Әсем екеуі апалы-сіңлілі бір отбасының қыздары. Ауылдағы басқосу, жиын-тойда тіпті жиі көрісетін болдық. Кейуананың жақсы қасиеттеріне қанығып, аналық жүрек жылуына бөлене түстік. Әулетіміздегі бар жақсылықтың басы-қасында жүрді. 
Кім-кімге де анасынан артық адам жоқ. Анаға деген жүрек түкпірінен төгілетін көл-көсір мейірім мен махаббат сезімі әр балада болатыны заңдылық. Ақындар төгілте жыр шығарса, даналардан қалған асыл сөз қаншама десеңізші?! Мәселен, «Ақ жаулығы ананың, ақ көрпесі баланың», – деген. Саурық батыр ауылындағы Сонымбүбі анамыз алдымыздан аппақ қардай орамалы желбіреп қарсы алғанда жүзінен мейірімі, сөзінен шуақ төгіліп тұратын. Сондай-ақ, әрдайым елдік мәселеге де мән беретін отанасы бала-шағасына ғана емес, ағайын-туысқа, көрші-қолаңға, барша таныс-білістерге де бас-көз болудан шаршамады. Қордалы жерде терең тамыр жайғаны білініп те, көрініп те тұратын. Мұны небір жақсылар мен жайсаңдардың ұлағатты сөзін естіп, көзін көргендігінен деп те айтар едім.
 Сонымбүбі Құданалықызы қазақ пен қырғыздай екі елдің салт-дәстүрін бойына дарытқан. Тарихта аты алтын әріптермен жазылған арғы аталары Шуаш, Таңатар, Құдайберді, Медетбек тәрізді баһадүр бабаларының қара шаңырағын ұстаған апамыз, әрине, оңай адам емес. Солардан жұғысты болған шығар, алтын құрсақты анамыздың ұлы генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов арғы аталарының өмір кезеңдерін тарихи тұрғыдан зерттеп-зерделеуге тарихшылармен бірге атсалысты. Нәтижесінде, қыруар шаруаның тиянағы келтірілді. Тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ халқының бүгінгі болашағы үшін жоңғарлармен күресте елі мен жерін жаудан қорғаған баһадүрлер есімі ортамызға қайта оралды. Сондай сәттерде апамыз қайраттанып, батыр бабалар жерленген алыс-жақынға барып, ұлы Әділге күш-қуат, рух берді. Мұндайда дана халқымыз «Әкең жақсы кісі еді, жел жағыңа пана еді, анаң жақсы кісі еді, жетімдерге пана еді» демеуші ме еді. Үлкен шаңырақтың иесі Шаяхмет ата мен отанасы Сонымбүбі апа еліне елеулі, халқына қалаулы жандар екенін көзіміз көрді. Көргенді айту – тіріге парыз. 
Атадан өсиет, анадан қасиет қонған балалары сол ізгілікті жалғастырып келеді. Ата-бабаларының аруағы алдындағы парыздарын адал өтеді. Қазір Қарақыстаққа барар күрежолдың оң жағында Медетбек батырдың еңселі ескерткіші ары-бері өткен жолаушыларға ақжол тілеп тұрғандай. Айналасы қоршалған, көз тартарлық әсем безендірілген. Ең негізгісі – өткен тарихтан терең сыр шертетіні. Қазақтың қайсарлығының, рухы биіктігінің белгісіндей. Алтын құрсақты ананың ұрпағы Әділ замандасым бүгінде қаншама жақсылықтарға басшы, ұйытқы болып жүр.
2009 жылы генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындалып, барша Жетісу халқының мерейін өсіргенін де айтқан абзал. Қазіргі кезде Елбасының шешімімен орталық Азиядағы аймақтық заңсыз есірткі айналымымен күрес орталығы директорының орынбасары қызметінде еңбегін жалғастырып жүргені зор мақтаныш. 
Ақ сүті ақталған кейуананың ақылын тыңдаған, көмегін көргендер әрдайым сағынышпен еске алатыны содан. Жоғарыда айтып өткенімдей марқұм өз анам Панар екеуі құдағи ретінде жақын сыйласты. Дастарқан басындағы сөздері үйлесіп, көпті көрген, көңілге түйгендері мол екендіктерін дәлелдейтін. Анам Панар  бар саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Бала тәрбиесі, өмір жайлы мазмұнды сөз қозғаулары содан деп те ойлаймын. Осындай абзал жандар араға жыл  салып бірінен кейін бірі бақилыққа аттанғандары ауыр тиді. Асылдарымнан айырылдым. Соңдарына ұлағатты ұл-қыз қалдырғанына шүкіршілік. Сонымбүбі апам балам Бауыржан мен келінім Алмагүлге ақ батасын бергенінен болар, олар өсіп-өнді. Бүгінде бес баласы бар. Сондай-ақ анамыз, Темірхан, Баянжанның отау болып шаңырақ көтерген тойларына қатысты, құдалығында болды, ақ батасын беріп, жолдарын ашты. Кенжеміз Жібекке де батасын берді. 
Осылайша отбасымызға, балаларымызға ақ жол тілеген кейуананың дуалы сөзінен нәр алдық. Керегеміз кеңейді деп ойлаймын. «Бата да байлық», – деп дана халқымыз тегін айтпаған-ау, сірә?! Апа дастарқан басында әрдайым: «Алла сендерді қорғап жүрсін. Менің жасыма келіңдер. Бала-шағаның бақытына бөленіңдер. Ауызбірліктерің, ынтымақтарың мықты болсын!» – дейтін. Сол сөздерін ешқашанда ұмытпақ емеспін. 

Ләйлаш БӘКІРОВА, 
туыс келіні,
Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы.