Көмек көрсетті

Уақыты: 28.09.2017
Оқылды: 1142
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мектеп жасындағы балаларды оқумен қамту, әсіресе, әлеуметтік жа­ғынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көр­сету мақсатында жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіліп келеді. Биылғы акция «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету» үндеуімен өтуде.

Акцияны өткізу барысында өткен жылы облыс бойынша 51 мыңнан астам оқушы жалпы 427 млн. 703 мың теңгеге материалдық көмек алды. Ал биыл 26 мыңнан астам балаға 268 миллион теңгеден астам қаржыға көмек көрсетілді. Оның 123 млн. теңгесі бюджеттік қаражат есебінен, 144 млн. теңге демеушілер мен меценаттар тарапынан берілді.

Акция аясында арнайы рейд ұйымдастырылып, оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, сондай-ақ,  мектепке даярлау бойынша халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобынан шыққан балаларға қол ұшын созу жұмыстары жүргізілуде. Қайырымдылық акциясы қыркүйек айының 30-на дейін жалғасады.

Облыстық білім басқармасы республикалық акцияны өткізуде балаларға  қол ұшын беріп, көмек көрсеткен өңір азаматтарына, кәсіпкерлерге, меценаттарға, «Нұр Отан»  партиясы, үкіметтік емес ұйым, басқарма, департамент басшыларына  риясыз алғыс білдіреді.  

М. АБДЫҚАЛИЕВА,

облыстық білім басқармасының жетекші маманы.