Еуропа асқан жастар

Уақыты: 03.10.2017
Оқылды: 1346
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» демекші, 17 жерлесіміз Еуропа асып, білім алуға аттанды. Талдықорған әуежайында жастарды салтанатты түрде Польша мемлекетінің Люблин қаласына шығарып салды. Әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында өңірімізде көптеген игі шаралар іске асып жатыр. Солардың бірі – жастарға қолдау танытып, білімін жетілдіруге мүмкіндік ашу.

Осы мақсатта Польша мемлекеті, Люблин экономика және инновация жоғары мектебінің канцлері Тереза Богайка және облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев бірлесе өзара ынтымақтасық туралы келісімге қол қойған болатын. Облысымыздан жастар аталмыш білім ордасында «Мейірбике ісі», «Менеджмент» және «Экономика» сынды мамандық бойынша грантқа ие болды. Білімгерлер алдымен әртүрлі сынақтан біліктіліктерін ортаға салды. Жақсы нәтиже көрсеткен 17 жас Люблин экономика және инновация жоғары мектебінің грантын ұтып алды. Енді олар сол жерде үш жарым жыл бойы білім алып, бакалавр санаты бойынша мамамдық игеріп, елге оралады. 
Жерлестерге ақ жол тілей келген белгілі актер, ҚР Мәденеиет қайраткері, Алматы облысы мен Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков ақ батасын берді. «Менеджмент» мамандығы бойынша грант ұтып алған Арайлым Аманжолқызы:
– Бізге үлкен мүмкіндік беріп отырған облыс басшылығына алғыс айтамыз. Артылған сенім мен үмітті ақтаймыз және де болашақта білікті маман ретінде еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етеміз, – деп жастар атынан алғысын білдірді. Алыс сапарға аттанғалы тұрған жетісулықтарға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбетов Мемлекеттік Туды табыстап, ақ тілеген арнады. 
– Елбасымыз білім саласына үлкен көңіл бөліп, табысты болудың ең іргелі жолын атап өтті. Облыс әкімінің қолдауымен Жетісу жерінің жалынды жастары білім алуға, шеберлігін шыңдауға жолға шықты. Жастарға үлкен сәттілік тілей отырып, үш жарым жыл ішінде жетістіктерге қол жеткізіп, мамандық иесі атанып, өз еліне қайтып келіп, қызмет атқаруға тілекшіміз, – деген Айдын Нұрмұхамбетұлы табыс еткен Туымыздың тек қана биіктен желбіреп, өздерімен бірге елге оралуын тілге тиек етті.

Мәулен Әнербай.