Менің Меңдекешім

Уақыты: 30.09.2017
Оқылды: 2271
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бұйрат құмдардың арасында бұйығып өспеді. Саф алтыннан соғылған сақинадай жарқ етіп көрінуімен өзіне күллі қазақ оқырманының назарын аудара білді. Қамшысап ғұмырдың келтелігінен кеудесіндегі інжу-маржанды сый табаққа толық қотарып үлгерместен «ажал-досының» жетегіне еріп кете барды. Сүйегі шым мен кесектен тұрған ақымнан ары аттады. Сонда да миллиондаған тіркестің ең татымдысын талғап алып, жауһар жыр тудыру арқылы өлең өлкесінде өз тұғырын сайлап кетті... Есімі елге етене таныс ақындардың жырын насихаттауға құштар өлеңсүйер қауымның ортасында жүріп, оның есімін бір адамның да атамағанына налыған кезіміз де болған. Тіпті, жас оқымыстыларды тоқтата қалып ақын есімін атасаң, иығын иегіне дейін көтеріп естімегендік пен білместіктің ишарасын жасап, маңғаздықпен беймарал кетіп бара жатқанын көресің. Қымсыну жоқ. Сол сәтте күйініштен алай-түлей болған көңілдегі ашу-ызаны лықсытып тұрып: «Бұл қазақтың айтулы ақыны – Меңдекеш» деп дауысың қарлыққанша айқайлағың-ақ келеді.

Мың жерден айқайласаң да оқырман өз ұстанымымен ізденіп, таным-пайымымен қаламгерлерді саралап, бағалайтыны анық. Біз оған бола «болмасты да болады деп арманда» деген Мұқағали қағидасын алға тартпаймыз. Тек неге ғана Сатыбалдының Меңдекешін оқымады деп, аязды ақпандай суық қоғамда домбыққан жанына от берер жалынды жырмен таныс болмағанына налимыз. Бірақ, кешегі оқырмандардың жүрегінде жатталған, әдеби ортада өзінің асқақ тұлғасын тік ұстап, шығармашылық қуатымен талайды таңдандыра білген ақынға емес, қазіргі кітапқұмар жандардың ел аузында жүрген шырайлы шығармаларды ғана оқуға әдеттенген кемшілігіне күмәнмен қарайтынымыз тағы бар. Бұл – үлкен қателік. 
Оспанның тентектігін тілге тиек етіп, Абай дәуірінің сұрғылт та нұрлы кезеңін тамылжыта әңгімелесең,  антиәскери романдағы жас сарбаз Пауль Боймер мен оның майдандастарының тағдырын термелесең немесе өліммен тайталасқан чилилік ақынның шығармасын талдасаң ғана оқырман сол кейіпкерлердің өміріне ынтық болып, жазушы туындыларын іздей бастайды. Әйтпесе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданда өзгеріс жоқ» романы, тіпті Пабло Неруданың өзі оларды пәлендей қызықтыра қоймасы анық. Айтқаны ақиқат болса қолына түскен кітапты тауыспай тыным алмайтын кешегі оқырмандармен салыстырғанда, мұнымыз кемшілік емей не? Сондықтан да Меңдекеш жағасы гүл-жазиралы арал болып көпшілікке сан мың құпиясын ашпай жатыр-ау.
Табиғатынан туған жердің маңғаз құмдарындай ыстық пен суықты жүрегінен өткізген ақын атырау даланың тек қу медиеннің тіршілігіне шыдас берер өсімдіктерді көктететіні секілді, ол да өз табиғат-болмысына лайықты шығармалар тудырды. Зерлі сөздің зергері Асқар Сүлейменовтің осы бір «табиғат-болмыс» деген тіркеске берген түсінігі көңілді күй әуезімен әрлегендей әсер қалдыратыны бар. Сырбаз жазушы «Көп естиміз: Әуезовті аса талантты дейді. Тағысын тағылар. Бекер. Себебі, табиғат-болмысты талантты деуге мүмкін емес. Себебі, табиғат-болмыс талант емес, ал талант табиғаттың деңгейінде болса бір сәрі», – деген түсінікті әдебиет кеңістігіне сыналап кіргізіп, еркін қалықтатып жібергенімен қоймай, бұл ғажайып сөзді Әуезов әлемімен тоқайластырады. Пікірге дау жоқ. Сол секілді Маңғыстау атырабынан мыңның ойын сапырып, жүздің жүрегін толғағандай етіп бір өзі байтақ далаға үн қатқан Меңдекеш Сатыбалдиев та табиғат-болмысына лайық бола білген шайыр-дүр.
Арман не, шіркін, жазып та салсам тарихта жоқ бір өлең,
Ол үшін, шыным, таңдардың шұғыла кірпіктеріне түнер ем!
Қызығамын-ау саған, 
жас иіс дүние, кеп-кеше туған перзенттер,
Бәрінен бұрын ертеңгі күннің құрсағында жүрер ме ем?! – деп қазақ поэзиясында айрықша із қалдыруды, тіпті адамзаттық деңгейде ірі сөйлеп кетуді көксеген ақын дәл осылай армандаған. Осы бір пайым мен парасаттың сықпа-сөлі «Арманым» атты жырында көрініс берген. Тіпті, 44 жылдық ғұмырының шабытты шағында «ертеңгі күннің құрсағында» жүруді көксеп тіл қатуының өзі жан толқытар жайт емес пе? Орда бұзар шағында жалған дүниенің жарығын тәрк еткен Төлеген ақын: «Жаңбыр кешіп қап кеткен он сегіздер, мен өлердей сағындым сенсеңіздер», деп үн тастаса, мұзарт таудың мұзбалағы Мұқағали: «Бүгін маған жиырма керек боп тұр, алдында хор қызының іркілмеген», деп жалынды кезді аңсайды. Бұл тұрғыда «ұлылар үндестігі» деген таптаурын тіркестен сырт беріп, қасаң қағидадан іргені аулақ салған жөн. Бұл – Алла берген алапат тасқынды түгесе алмайтынын білген табиғат-болмыстардың тағдырдың қысқалығына қынжыла айтқан назы мен боркеміктерді қажытқан өмірге деген ұлы сүйіспеншілігінің көрінісі емес пе?! 
Жас иістей ертеңгі күннің құрсағында жүруді арман еткен ақын тірлігінде «Ақ моншақ», «Шулайды толқын», «Күн шуағы», «Қызғыш құс», «Қоңыр қозы», «Жартастағы жазулар» атты шығармалар мен очерктер жазып, Покрышкиннің «Аспандағы айқас» кітабын қазақша сөйлете білді. Әдебиетке деген адалдығының нәтижесінде мөп-мөлдір туындылар жазып, шығармашылықтың қос саласындай болған поэзия мен прозаға қаламын қатар жүгіртті. Ол осы бір тарам жолда тарықпады,  шалдықпады. Танауы кең, тынысы тұлпардай қос сүрлеуде құйма тұяғының мөрін қалдырды. Дегенмен ақындықпен Алашқа аты жайылған шайырдың жыр жолындағы еңбегі табысты. Оның сом туындылары да өлең болып тіл қатып, дастанға ұласып кете барады. 
Меңдекеш Сатыбалдиев жырының негізгі тақырыбы мен өзегі «мынау» деп айшықтап беру қиын. Ол:
Менің көрген бейнетім,
Бесігімнен басталған.
Мен басқанда жер бетін,
Әкем тонын жастанған, – деп жырлағанындай, жастайынан замананың бес елі сорының сорпасына тояттап күн кешті. Бұғанасы бекімей жатып сұм соғысқа жастығын тонатып, бейнетке балалық ойынын алмастырғандықтан да әр жырына дүниенің зілмауыр жүгін жүктей білген. Бірақ, қарадүрсін суреттеу, тағдыр туындатамын деген ойға салынып нала мен өкінішті тармақ-тармақ етіп жырына сыналап кіргізу сынды олқылықтарға барған жоқ. Болмысына сай сұлу жырды мөлдіретіп төгілдірді. Сол мөлдірлікке құмартып, жырларын оқу арқылы жанардан жастың қалайша мөлт ете қалатынын аңдамай қалатынымыздың өзі ақынның шеберлігінде жатса керек. 
Сұлулықты қаз-қалпында әсем етіп суреттеп, табиғаттай тамаша туындыларды тұмсалықпен тудыра білген шайыр әр жырының тағдырына алаңдай білгендігінен соңына өміршең шығармалар қалдырды. Сезім мен сенім, наным мен танымның аражігін ажыратып, иі қанбаған иірімдерді жымдастырып сабақтастырды. Мұны да «адалдық» деп жоруға негіз бар.
«Бозжайнақ дүние ақ қайнарымсың ғой,
мен саған балғын кезімнен,
Ынтызар едім, зәмзәмнан мөлдір ләззатым қанбай көз ілмен.
Сол іңкәрлігімді жүрекке түйіп, жүйткідім қанша таң асып,
Алапат алау жанымда осы лапылдап тұрған сезіммен». Осылайша дүниеге құмартып, өмірді шынайы сүйе білген Меңдекеш махаббат тақырыбын да тереңнен қаузап, мойыл көзді сұлулар шолпысының сыңғырына дейін нотаға түсіргісі келген табандылықпен өлең ошағын маздатты. Ақын шығармашылығындағы туған ел мен жерге, кіндік қаны тамған атырапқа деген мақтаныш пен құрметтен туындаған мөлдір туындыларды жеке тақырып ретінде айрықша айшықтап өтуге болады. Өйткені оның туған жерге деген перзенттік пейілден төгілген жырлары тарау ретінде алып қарастыруға лайық. Мәселен, «Жүзімнен менің сен қандай кітап оқыдың, атымды қойып сұрадың неге ұлтымды? – Қазақпын, – дедім, бетіңді шарпып от үнім, кеудемде байтақ бұйрат белдерім бұлқынды», – деп басталатын «Бейтаныс адам» өлеңіне дәулескер күйші Құрманғазы мен атағы алты құрлыққа жайылған Қажымұқан балуанды, данышпан Абай мен хакім өмірін төрт кітапқа арқау еткен һәм әлем классиктерінің сапынан танылған Мұхтар Әуезовті арқау етіп, бірегей тұлғалар арқылы қазақ екеніне марқаятындығын асқақ көңілмен айшықтаса, «Атырау әуендері» атты жырында туған жердің қасиетін тереңнен термелейді. Ақын бұл жырында Махамбет пен Исатайдан тартып, сайын даланың батыс беткейінде дүниеге келгендерді тізбелеп, соңында күйші Динаға жырмен ескерткіш орнатқан. Сонымен қатар, қазақ сахарасының бір бөлігі болған қасиетті Маңғыстаудың мыңжылдық қайғысы мен тарихын да жаратылысына сай көркемдеп, асқақтатып, әуелетіп жеткізе білген. 
Опат болған Отырардың кешегі –
Бұл Маңғыстау бел құрдасы деседі.
Емші – жылдар сылап-сипап бақса да,
Белін әсте қозғалтпаған мешелі, – деген жыр шумақтан қиян-кескі ұрыс пен кесапатты кезеңнің қансоқты жолдарын жүріп өткен қайсар халықтың үнін, солардың алдаспан жарқылынан тітіреніп, жазықсыз қиылған тағдырлар қарғысын қайыспай көтерген құба жонды, тобылғылы-тораңғылы мекеннің мыңжылдық шежіресін аңдаймыз. Бұл қасіретті тарқату, қасиетті айшықтау мақсатында ақынның ізденісі мен ерен еңбегінің жемісі бола тұра, мұны жеңсікке татырғысыз қылып көрсетпей кету арға сын болмақ. Дегенмен шайыр «Маңғыстау» атты жырында құсалық пен қысастықтың селін сімірген бұйрат-бұйрат атырапты Сүлейменов айтқан табиғат-болмысына қарай парасаттылықпен толғаған. Бұл – шерлі заманның шежіресін толғау және сегізөрім тарихтың таспасын тарқатып барып, ертеңге үміт артудан туындаған, өртеңге біткен гүлдей шешек атар мезгілге иек сүйеуден туындаған ақынның аңғал да адал пейілінің көрінісі болса керек-ті. 
Мен сенен ертең Ирани миуа-бақ табам,
Ақ түндер кешем алауға қанат қақтаған.
Шалқыр-ақ сонда алапат, асау өз күйің –
Құрманғазы мен Дина тартпаған.
...Құрманғазы мен Динаның күйінен қағыс қалған ғажайып көріністер Меңдекеш жырында тізбеленді. Рас, ақынның қасиетті топыраққа,  өскен атырапқа арнаған үміт пен сенімге толы жырлары жетерлік. Ол жырлардың әрқайсысын айшықтап, жеке-жеке талдаса бір кітапқа жүк болатыны даусыз. Одан да ақынның жырына түсінік бермей, оқырманды ашылмаған аралға бағыттаған қайырлы-ақ.
Негізінде Меңдекеш Сатыбалдиев кеңістігінің бос жері жоқ. Теңге бұлт тұрақтар жер қалдырмаған қырағы ақын бар-жоғы  ширек ғасырға жуық уақыттан тұратын шығармашылық ғұмырында барлық тақырыпты қаузап кетті. Сезім мен сенім, таным мен ұстаным, адамгершілік пен мейірім, қаталдық пен қиянат деген ұғымдарды бір адамның көзқарасымен емес, адамзаттық түсінікпен бедерледі. Дегенмен әдебиетте әр қаламгердің «оң жамбасына» оңтайлы келетін тақырыптар болады. Оған жекелей мысал келтіріп жатудың өзі ұятты. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келгендіктен бе, Меңдекештің жырларының басым көпшілігі майдангер мен сол кездегі еңбеккерлердің тағдырына арналған. Оған дәлел ретінде бір ғана:
«Армысың, ана!
Жас төкпей қалған Жайықта...
Жырақта мынау жұбата алмай өзімді,
Егіліп айтсам ең ақырғы сөзімді,
Бұйыра көрме айыпқа, – деп басталатын һәм майдангердің хаты ретінде жазылған «Ажал аузында» атты жырының ең ғажайып және зілді шумақтарын оқып көрелік.
Өзіңе қарай бастамас мені дөң асқан жолдар жосылып,
Мен одан әсте отырған жоқпын шошынып.
Тап қазір маған өлудің өзі көп арман – 
Сен жаққа ұшқан құстар сұңқылына қосылып.
...Аналар үшін, бір өзің үшін отырғаныммен өртеніп,
Азаптан енді мен де азат болам ерте өліп.
Бірақ та, бірақ...
Ерте өлгендердің тірілер тартып қайғысын,
Жеткіншектердің жүзінен сонда ертерек қашар еркелік.
Жан анам менің, 
Сұңқарың енді қайта қонбасқа сұңқылдап ұшты көлдеуден,
Тұлпарың мәңгі қайырылмай тартты тізгінін үзіп белдеуден. 
Арыстан сынды атылам қазір амбразураның аузына,
Көтерді мені жер-көкке қоймай желкеудем. 
Міне, осы бір үш шумақтан не ұға алдыңыз? Бұл – Мария Ремарктың романындағы өлгелі жатқан досының жылы да жаңа етігіне таласқан сарбаздардың қасіретті көрінісінен кем соқпайтын сюжетті көз алдыңызда көлбеңдететін тармақтар емес пе?! Болмаса Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы азынаған барактағы тұтқынның бостандық пен бейбітшілікті, аңыраған анасын сағынып жыларман күйде жан тапсырар сәтін санада қайта жаңғыртар жыр емес пе?! Кім қалай қабылдаса да қос классиктің қара сөзбен бедерлеген шығармасынан бұл жыр жолдары асып түспесе, кем соқпайды. Жә, келесі шумақтарды оқылық:
Есіңде бар ма,
Безуші ем талай бауыздай да алмай тауықты,
Ал, қазір менің қолымның оңай қалтырамайтынын жау ұқты.
Алдымда, міне, айдаһар жатыр,
Шабуым керек басын тез,
Айдаһарлардың бастары тұрмақ құйыршығы да қауіпті. 
Иә, қан көрмеген ақпейілді жанның майдан даласына айдаған тағдырына көндігіп, ақырында қатаң қағидаға көндіккен жауынгерге айналуы осы бір шумақта анық көзге ұрып тұр. Бұл да болса тағдыр талайдың жас жүрекке опа бермегендігін аңғартады. 
Отаным үшін,
Үзуім керек өзіңнен алған зор демді,
Орнымда менің,
Күлімдеп түскен суретім тұрар төрде енді.
Ұлыңдай бірақ мауқыңды сенің баса алмайтынын білсе де,
Соғыстан кейін тапсырар саған...
Маған арналған орденді.
Хош, анам менің,
Сұңқары енді 
қайта қонбас сұңқылдап ұшты көлдеуден,
Тұлпарың мәңгі
Қайырылмай тартты тізгінін үзіп белдеуден.
Арыстан сынды
Атылам қазір амбразураның аузына,
Көтерді мені жер-көкке қоймай желкеудем!
Хош!
«Хош!»,  – деп ғазиз жүректі анасына соңғы хатын қанмен жазған майдангердің ойы осылай тамам болды. Тағдыр да тамам. Бітті... Арманы  мен мақсатын зұлмат соғыстың ажал шашып ысқырған оғы мен арыстанша атылдырған тәуекелі тас-талқан етті. Бұл түсінікті. Алайда, осындай тағдырды жырына арқау еткен ақынның балалығына деген, ойынсыз өткен жастық ғұмырына деген пейілінің қандай болып қалыптасқаны түсініксіз-ау.  
Ақын соғыс туралы 30-дан астам жыр жазды. Соның барлығы да ана мен бала, майдангер мен қарақоныста қалған жетім-жесір, шал-шауқанның тағдырынан сыр шертеді. Жай ғана емес, зарлатып, көңілді нілдей бұзып, көкіректі шерге толтырып шертер сырдың, сол батпан жүкті арқалаған сырды көтерген жырдың құдіретін айтсайшы?! Ол кермек татыған ғасырлық жастың жиындысын балалық-жастығымен қоса бірақ қотарған ақынның ғана жазар жыры емес пе?! Бұл – шындықты шоқ басқандай шыңғырып айшықтар ақынның ғана қолтаңбасынан көрініс табар көріністер емес пе?..
Жақұт жырлардың бір үзігін оқырман назарына ұсынуға талпындық. Ақынның тегеурінділігін айшықтауға күш салдық. Алайда, ақ жаңбырды да «менің ақ жаңбырым» деп иемденер табиғаттың төл перзентінің ашылмай қалған сыры мен айшықталмаған шығармалары жетерлік. Ал «Меңдекеш кім?» деген сауал тасталғанда, көзін төмен түсіретін ойлы оқырман бұл жолы қандай уәж айтар екен, ә?  Рас, қасиетті қазақтың қалам ұстаған игі жақсыларын түгендеп шығу кейбіреуге мүмкін еместей көрінеді.  Тіпті, мүмкін емес те. Алайда, сағыныштың саумал жырымен талай жүректі рухани сусындатқан Төлегенін жақсы танитын оқырман Меңдекешін, «Менің Меңдекешімді де» білсе ғой деген наз еді бұл...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.