ҰЛТТАН АСҚАН ҰЛЫ ЖОҚ. БЕЛГІЛІ ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ СҮЛЕЙМЕН МӘМЕТ 70 ЖАСТА

Уақыты: 30.04.2022
Оқылды: 1955
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қаламының қуатын ұлттық мүддеге, қазақтың жоғын жоқтап, намысын қайрауға арнаған жазушы-журналист Сүлеймен МӘМЕТ 70 жасқа толып отыр. Алғашқы еңбек жолын Ескелді аудандық газетінен бастап, «Жалын», «Балауса» баспаларында редактор қызмет атқарған ойы ұшқыр журналист 1994 жылдан еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» бөлім меңгерушісі болып зейнетке шыққан. Бүгін белгілі журналист-жазушы Сүлеймен Мәмет ағамен шығармашылығы төңірегінде ой бөлісуді жөн көріп отырмыз.

– «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп алдаспан Шерхан Мұртаза ағамыз айтып кеткендей, халықтың тыныс-тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан көрген, көкейге түйген түйдек-түйдек дүниелер жарыққа шыққанша миға бір сәт те тыным таптырмайтын мамандықтың тізгінін ұстағаныңызға жарты ғасырға жуықтаған болар. Жетпіс дейтін жасқа қандай жетістіктермен жеттіңіз, аға?

 Шер-аға ұлы ұстаз еді. Болмасақ та ұқсап бақсақ дедік. Үлгісін көрдік. Тұстастары шетінен мықты еді-ау! Журналист қадірлі де қасиетті мамандық. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түстім. Ол кездегі тәртіп бойынша бітірген соң мені Талдықорған облысының Киров аудандық газетіне жолдамамен жіберді. Сол жерде бірер жыл еңбек еттім де кейін шешем ауырып, ауылға қайттым. Бұрынғы Шелек ауданының Нұра ауылындағы өзім оқыған мектепте 7 жыл ұстаздық еттім.

1980 жылы Алматыға келіп, «Жалын» баспасына жұмысқа орналастым. Ол кезде талап күшті, тек шынайы таланттардың ғана туындылары басылып шығатын. Бүгінгідей жаппай кітап басу деген жоқ. Кез келген кітап редактордан бастап үш басшының сүзгісінен өтетін. Терілім де солай, үш адамның оқылымынан соң ба бірде-бір қате болмайтын. Онда Қалдарбек Найманбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Өтежан Нұрғалиев, Қоғабай Сәрсекеев, Сейдахмет Бердіқұлов сынды қазақтың мықты қаламгерлерінен тәлім алдым.

Осы мектептен өткен соң еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» 1994 жылы жұмысқа шақырылдым. Онда білім бөлімінің меңгерушісі болып бардым, содан зейнетке шықтым. Әлі күнге газеттен қол үзген жоқпын. Ондағы азаматтар тапсырма беріп, мақала жаздырады. Өзім де қатысып тұрамын. Жуырда ғана көрнекті жазушы, Желтоқсан қасіретінде Колбинды ықтырған сыйлас аға Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығына орай мақалам жарық көрді.

– Баспа ісі мен баспасөздің байланысы бар ма?

– Екеуі екі бөлек дүние. Иә, екеуі де рухани құндылықтың алтын арнасы ғой. Баспада – авторлардың әр алуан туындылары басылып шықса, баспасөз – билік пен халықтың ортасындағы дәнекер. Халықтың ішінде жүріп, олардың тұрмыс тіршілігін, тіпті мұң-зарына құлақ асып, оны жоғарыдағы шенеуніктерге, шенділерге жеткізуің керек. Әсіресе, ел мен жер иесіне, ұлттық құндылықтарға қырағылық танытқан дұрыс. Мен «Жалын» баспасына келгенімде жиырманың ішінде едім. Ол кезде ұлттық мәселелер, оның ішінде қазақ мектебі төңірегінде алдыңғы ояу ағаларға еріп қызу айтып жүретінмін. Жазушы Шона Смаханұлы «Жазушы» баспасында әдебиетті насихаттау бөлімін басқаратын. Бір күні «әй, бала, бері кел» деп шақырып алды да:

– Сендер осы кітап шығарып жатсыңдар, ә, оны кім оқиды?, – деді.

– Ел оқиды, – дедім.

– Балаң орысша оқыса, ертең ол кітабыңды кім оқиды? – деді де: «Сен маған «кадр» боласың ба? Сағат 6-ға дейін өз жұмысыңды істейсің, 6-дан кейін менің тапсырмамды орындайсың!» – деп кесіп айтты.

Келістім. Шона ағаның тапсырмасын ізбасар інілері Орысбай Әбділдаев, Нұртан Төлепбергенұлы, Жақсылық Түменбаев, Марат Тоқашбаев, Рахымжан Өтегенов деген ағаларымыз бастап бұлжытпай орындаймыз. Барлық жоспар-жобаны Шона ағамыз жасайды. Қай жылы, қай ауданнан қазақ мектебі қажеттігі айқын. Көше аралап, қол жинаймыз. Кеңестік кезеңнің өзінде осындай жанкештілікке бардық. Сол жылдары ғалым Мүсілім Базарбаев атындағы №136 мектептің ғимараты салынып жатқан болатын. Соны қазақ мектебі етіп ашу жоспарланған еді. Д.Қонаев кетіп, Колбин келгеннен кейін билік қазақ мектебіне бермеуге көшті. Бірақ, қайтсек те қазақ мектебін ашамыз деп табандап жүріп, дегенімзге жеттік. Өз жерімізде, елімізде жүріп өгейдің күйін кешкен заман болды. Алматыдағы қазақ мектептерінің көбеюіне осылайша батыл қадамдар жасалды. Көшбасшымыз болған, сол заманда ұлтшыл Смаханұлы атанған тұлға туралы кейін «Шоң Шона» деген көлемді мақала жаздым. Ол тұстағы отаншылдық сезім бөлек еді, өзімшілдік кем еді. Мұның барлығы газетке келгенімде басты тақырыптарға айналды.

– Қазақ мектебін ашудағы белсенділігіңізді Астанаға барған соң да жалғастырдыңыз ба?

– Жұмыс бабымен Астанаға 1999 жылы қоныс аудардық. Онда №4 жалғыз қазақ мектебі бар екен. Жанға бататын жайт. Мырзатай аға (Жолдасбеков) шенеуніктер қаласын рухани астанаға айналдыру керек деп жүрді. Оның іргетасы қазақ мектебі болуы тиіс. Қазақ мектебін ашуда Шона Смаханұлының дәстүрін жалғастырдық. Бұл орайда, «Егеменнің» бас редакторы Ержұман Смайыл ағамыз көп үлес қосты, сірескен мұзды мұзжарғыштай бұзатын. Аралас мектептерді аралаймыз, қаны бар қазақтар қосылады. Ата-аналармен, ұстаздармен кездесіп, таза қазақ мектебін ашу керектігін түсіндіреміз. «Аралас мектеп керек» деп қарсылық білдірген қандастарымыз да болды. Ондайларға 1943 жылы Бауыржан Момышұлының Орталық Комитеттің хатшысы Әбдіхалықовқа жазған хатын көлденең тартып, ұлт зиялыларының балалары түгел орысша оқитындығы айтыла кеп: «мына түрімізбен қазақ тілі мен қазақ ұлты көркеймейді. Алматыдан қазақтың болашағын көріп тұрғам жоқ» деген сөзін тілге тиек ететін едік. Сонымен 1999 жылы Астанадан №22 және №38 орта мектептің ашылуына себепкер болдық. Бұған жету жолында ел Президентінен бастап, Үкіметке, депутаттарға сан мәрте хат жазып, жолдадық. Аралас мектеп болсын дегендер 700 қол жинаса, біз қазақ мектебін ашуға 1500 қол жинап бардық. Содан бір аптадан соң Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаевтан ардагерлер кеңесінің төрағасы Сүлейменовке қазақ мектебі болатындығы турасында хат кепті. Тағдыры тартысқа түскен мектептің тұсауын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі кесті. Мұндай жайттар газет бетінде толғақты дүниелердің тиегін ағытуға түрткі болғаны анық.

– Мектеп мәселесінен соң жетімдердің жоқтаушысына айналғаныңыз анық, аға. Бұған «Шырылдаған сәбиің жатқа кетті», «Жетімдерді жерге қараттық», «Мұхиттың арғы жағында» деген тақырыптағы зерттеу-мақалаларыңыз дәлел. Және мұның барлығы бос сөз емес, нақты деректерге сүйеніп жазылғандығымен құнды. Мұны да журналистикадағы табандылығыңыз деп білеміз.

– Жетімдер жайында «Егеменге» жиі жаздым. Себебі бұл ұлт ұрпағының басындағы трагедия еді. ХХ ғасырдың соңында мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерден қазақ баласын асырап алуға құмарлар көбейіп кетті. Салдарынан бірер жылдың ішінде Отанымыздан сол кездегі дерекке сүйенсек, 15 жасқа дейнгі 304 бейкүнә жетім «тастанды» атанып, жат жұрттан жылу іздеп кеткен. Бұл тек тізімде бары ғана. Бір ауданнан 14 жетімнің АҚШ-қа «аттанғанын» еске түсірсек, онда еліміз бойынша қаншама баланың шетел асып жатқанын аңғару қиын еместігі туралы ой қозғадым. Қай тақырыпты алсақ та оның мазмұнына терең үңіліп, талдау жасау – қаламгерден ізденісті талап етеді. Мен осы тақырыпты бүге-шігесіне дейін ашу үшін бірталай жауапты мекемелердің есігін ашып, табалдырығын тоздырдым. Құйқа шымырлататын тақырыпты ашуда халықаралық агенттіктермен байланысқа шығып, жат елге кеткен қаракөздеріміздің тыныс-тіршілігін зерттеп, зерделедім. Осы мақсатта АҚШ-қа екі айға жоспарланған іс-сапарымды екі аптада аяқтадым. Сапар барысында қазақтың «қан тартады» деген аталы сөзінің растығына сан мәрте көзім жетіп, соңына дейін жүруге дәтім шыдамады. Шетке кеткен жәудіркөз балалардың бірі мойныңа асылса, енді бірінің етегіңе оралып, бізбен бірге кеткісі кеп көлікке отырып алған жайттары жүрегімізді шымырлатты. Ол жылдары бала алумен айналысатын фирмалар саны 25-тен 50-ге жетті.

Бұған қоса, 90-жылдардың соңында демографиялық кері кету көрініс тапты. Бұл жөнінде ар тазалығын алға тартқан «Ар алдында» атты кітабымда жан-жақты жаздым. Мысалы, 1998 жылы 222400 сәби дүниеге келсе, келесі жылы туған бала саны – 211800-ге төмендеді. Оған қоса 138197 түсік жасалған. Жоғарыдағы 211800 нәрестенің 12894-і шала туса, 80271 баладан қаныаздық анықталған. Ал 591 сәби онкологиялық ауруларға шалдыққан. Алаңдатарлық осы бір жайтқа қарамастан шетелге бала беру саны артып бара жатқанына дабыл қақтым. Сол кездегі халық қалаулылары Қ.Шалабаев пен А.Тышановтар бұл қасіретке үн қосып, Бас прокуротураға сұрау салғаны бар. Содан бері шетел асқан бала саны 10 мыңнан асып отыр. Дегенмен солардың арасынан, Бейбарыс бабаларындай елім деген ұл-қыз шығып жатыр. 2020 жылы «Жұртын іздеген ұл мен қыз» деп жастары жиырмаға жеткен Марат пен Рүстемнің тағдырын қозғағаным бар.

– Қаракөз балаларымызды шетелдіктер асырап алса, ұлттық сусынымыз – қымызды да неміс патенттеп алдының ақ-қарасына үңілдіңіз емес пе?

– Бір күні теледидарды тыңдап отырсам, қымыздың патентін неміс алып кетіпті дегенді естідім. Осының анық-қанығын білмекке бел будым. Сөйтіп Алматыда тұратын қымыз бен шұбаттың 8 патентінің иесі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым, профессор Зұлхарнай Сейітов ағамызға жол тарттым. Қазір жасы 100-ге таяп қалды.

«Арудан асқан жан бар ма,

Жылқыдан асқан мал бар ма?

Биенің сүті сары бал,

Қымыздан асқан дәм бар ма? – деп Ақтамберді жырау әспеттеген қымыздың авторлық куәлігін неміс азаматы Ганс Цольман алып қойыпты, сонда біз патентсіз қалдық деген сыңайдағы дүрліктірген халық қалаулылары болатын. Айтулы ғалыммен «Қымыз патенті кімде?» деген тақырыпта сұхбаттастым. Профессор Зұлхарнай Сейітов ағамыз қымыздың әлемдегі бірінші патенті қазақта екендігін айтты.

«ПАТЕНТ нөмірі - №330. Мұны – бір деп қойыңыз, екінші – құрғақ қымыз ұнтағының, үшінші – шұбаттың, төртінші – қойытылған қымыздың, бесінші – бие саумалының, алтыншы – шұбат ұнтағының, жетінші – бие сүтін анықтайтын әдістің, сегізінші – қазақ бальзамының патенті біздің қолымызда тұр. Патент туралы әңгіме қозғап жүрген бауырларым тірі Сейітовті шақырып сұраса, 90-ға қараған жасымды елемей, барып айтып берер едім. Мен қымызды зерттегелі 60 жылдан асып кетті», – деді.

Бұдан соң Германияға барып, неміс азаматы Ганс Цольманмен кездесіп, патент төңірегінде ашық ой бөлістік. Ол қымыз патенті қазақтікі деді. Оралған соң «Қымыз патенті қазақтікі екен» деп көлемді дүние жаздым.

– Осы жасқа дейінгі жазбаларыңызға көз жүгіртсем, сіз ой салмаған, қалам тербемеген тақырып қалмаған секілді. Әсіресе, «сұхбат» жанрының шебері екендігіңізді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер Уәлихан Қалижанов айрықша атап өтеді. Бұл көзмайын тауысқан еңбегіңізге берілген оң баға емес пе? Жалпы, жазудан бөлек қайырымды іс тындыруда да біркісідей үлесіңіз барын оқырманның бірі білсе, бірі білмес. Соның бірі әрі ірісі – ауылдағы мектебіңізден ашқан кітапханаңыздың қызығын өскелең ұрпақ көріп келеді.

– Бұрынғы «Нұр Отан» партиясының тұңғыш сыйлығы «Нұр-Сұңқар» маған бұйырды. Бір миллион теңге қолыма тиген соң: «Ауылыма бір жақсылық жасауым керек қой», - дедім.

Ауылға жол тарттым. Ауыл әкіміне кіріп: «Не жақсылық жасай аламын?» - деген ойыммен бөлістім. Содан мектепке барсам, 1100 орынға арналған білім ұясында 500 бала қапты. 110 шаршы метрлік кабинет қирап жатыр, еденіне дейін жұлып әкетіпті. Жау келмеген сырттан, ол ниет тарылып, өзімізді-өзіміз тонауға көшкеннің көрініс еді. Мектеп директорынан бөлмені сұрап алдым да кітапхана ашуға кірістім. Жөндеу жұмыстарын жасаған соң, жалтырап шыға келді. Қосалқы бөлмеге дейін жасақтап, жап-жақсы кітапхана аштық. Оған мыңдаған кітап алып бардым. Бұл бастамаға Мырзатай Жолдасбеков, Уәлихан Қалижанов, академик Мұхтарбай Өтелбаев, Бақтияр Сманов басқа да ағаларымызбен қатар, қазақ зиялыларының біразы атсалысып, жүздеп кітап беріп, сөрелер толықты. Жиһазбен жабдықтап, интерактивті тақта, теледидар, компъютері бар заманауи техниканың бәрін іске қосып бердім. Осы күнге дейін оқушылардың игілігіне жарап келеді. Сонымен қатар, жыл сайын бес балаға дейін қазақ артегі саналатын «Балдәурен» лагеріне демалысқа жіберіп жүрмін. Бұған қоса екі тоқсан сайын жоғары және төменгі сыныптан екі балаға стипендия тағайындап, оны дәрстүрлі түрде беріп келемін.

Күзде мұғалімдер күнінде үздік мұғалімге ақшалай сыйлық тағайындаймын. Сөйтіп қолымдағы барды ұлттың баласына беруге тырысамын. Өйткені ұлтқа қызмет еткен адамдар өлмейді, мәңгі жасайды екен. Ұлт үшін оққа ұшқан алаштықтардың тағдыры соның дәлелі. Жыл сайын туған күнімде лагерьге барған балалар видеороликтер жасап, өзіме де зор қуаныш сыйлап отырады. «Қуанса, бала қаунсын» деп бекер айтпаған. Болашақтың тұтқасы болар ұрпағымыз біздің игі істерімізден үлгі алып, күні ертең өздері туып-өскен ауылға, ағайын-бауырға қамқор болуды, мейірімді болуды бойына сіңіріп, соған бейімделіп өссе екен деген ниет менікі.

– Сақа журналист ретінде бүгінгі толқынға көңіліңіз тола ма? Еңбектің еленуі туралы не айта аласыз?

– Заманға сай мықты буынның барын жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі жастар төрткүл дүниені түгел көріп отыр. Оларға үлгі болу бізге парыз ғана емес, қарыз да. А.Байтұрсынұлы өсиет еткен құлша емес, ұлша тәрбиелеп, өсіру міндет.

Иә, журналист дайындауда олқылықтар бар. Баяғы Амандосов, Қожекеевтердің мектебін қалыптастыруымыз керек. Баспасөздің беделі қандай еді?! «Социалистік Қазақстанның» есігінен қарай алмайтынбыз. Мен «Жетісу» газетінде екі жыл, одан соң «Социалистік Қазақстан» газетінде екі жыл тәжірибеден өттім.

Жасыратыны жоқ, қазір журналистикаға талантты адамдар емес, кездейсоқ адамдар келеді. Оқиды, бітіреді, сосын жұмыс істемейді. Себебі қызықпайды. Әр түрлі мәселелер барын жоққа шығармаймын. Қаладың ба, журналистикаға өміріңді арнауың керек. Сұрағыңның екінші тармағына берер жауабым, «Жыр бесік», «Ана суреті», «Перзент парызы», «Абай бол, қазақ!», «Көңіл көзі» деп аталатын оннан аса кітап шығардым. Өзге тілге аударылғаны да бар. «Құрмет», «Парасат» ордендері мен біраз сыйлықтардың иегері, Мәдениет қайраткері атандым. Алматы облысының, бірнеше ауданның Құрметті азаматымын. Бұл тұрғыдан келгенде ел-жұртыма алғысым шексіз, басымды иемін. Әлихан Бөкейханов сөзіне ден қойсақ, ұлттан асқан ұлы, жұрттан асқан кие бар ма!?

- Сүлеймен деген атыңда,

Қасиет кені жатқандай.

Тектілік барын затыңда

Жаныңның жазы айтқандай.

Тұғырлы жерге ту тіктің,

Азаның сенің – «Егемен».

Алатау ата бүркіттің,

Қанаты қолдап жебеген.

Алматы, ауыл, Астана –

Ыстық-ау саған бәрі де.

Аса бер асу асқарға

Сүлеймен сипат сәніңде! – деп замандас әрі әріптесіңіз Қорғанбек Аманжолов ағамыздың арнауымен осы сұхбатымызды түйіндесек. Мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы