Құлагер ақын атындағы білім ордасы

Уақыты: 30.09.2017
Оқылды: 1442
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алаш жұртының жан-жақты толысып, кемелденуіне негіз болатын түпқазық мәйегі оқу-ағарту десек қателеспейміз. Осы тұрғыда өткен ғасырдағы арыстарымыздың бел шеше кірісіп, халқының қамы үшін жан пида еткені жадымызда мәңгі сақтаулы. Сол ұшқын заманның желісінен қалмай ұлы даламыздың әр тарапынан жоғары оқу орындарының ашылуына сеп болды. Солардың бірі болып 1972 жылы 25 қазанда Талдықорған педагогикалық институты, демек қазіргі І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті құрылды. Тарих бетінде 45 жылын бәдіздеген аталмыш оқу ордасы дербестіктің тізгіні қолға тиісімен білімді, білікті кадр даярлаумен қатар озық оқу жүйесінің биігіне көтерілуге барын салып келеді. 

Институтқа 1977 жылы І. Жансүгіров есімі берілді. Ал 1994 жылдың маусымынан ҚР Министрлер кабинетінің Қаулысына сәйкес І. Жансүгіров атындағы Талдықорған университеті болып қайта құрылды. Бес жылдан соң          І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті аталды. Бүгінде университет Қазақстанның, ТМД елдерінің алдыңғы қатарлы  жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстарын кеңейткен аймақтың ірі ғылыми, мәдени, білім беру орталығы мәртебесіне қол жеткізді. Дарынды мамандармен өз іргесін бекемдеп, талмай ізденген тәжірибесінің нәтижесінде Еуразиялық университеттер ассоциациясы мен Университеттердің Ұлы Хартиясының беделді мүшесі болды. Айта кетерлігі, білім алушылар мен оқытушы-профессорлар құрамының АҚШ, Еуропа, Ресей, Қытай және Түркияның жетекші жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша жыл сайын біліктілікті жоғарылату курстары мен тағылымдамалардан өтеді. Атап айтсақ, Ұлыбританияның Батыс Англия университеті, Оңтүстік Кореяның Конджу Ұлттық  университеті, Польшаның Варшава, Лодзи  университеті, Испанияның Кадис университеті, АҚШ-тың Теннеси техникалық университеті, Италияның Генуя университеті, Венгрияның Корвинус университеті, Чехияның Палацкий университеті, Литвияның Рига техникалық университеті және тағы басқа әлемнің белді 64 оқу ордасымен тығыз қарым-қанытаста жұмыс жасап, білім кеңістігін ұлғайтуда. Өзара жасалған меморандум бойынша білімгерлерді аталған оқу ошақтарына жіберіп, білігін жетілдіру де университет оқу ұстанымының басты мақсаты ретінде қарастырылған. 
Еуропалық жоғары білім беру аймағына 2010 жылы енген университет  жалпы біркелкі білім беру кеңістігін құруға арналған Болон процесі бойынша жұмыс істеп келеді. Осы жылы AСQUIN (Германия) халықаралық аккредиттеу агенттігінде 6 білім беру бағдарламасын табысты аккредиттеуден өткізді. 2013 жылдан бастап университет Білім сапасын қамсыздандыру тәуелсіз Қазақстандық агенттігінде  20 білім беру бағдарламасы,  AСQUIN  халықаралық агенттігінде 16 білім беру бағдарламасы бойынша өзін-өзі бағалау мен аккредиттеуге дайындықты жүзеге асырады.  Ал, 2014 жылы мәдениет және өнер, жаратылыстану-техникалық, гуманитарлық факультеттердің 20 білім бағдарламасы жоғарыда аталған ұлттық агенттігінен аккредиттеуден өтті. Мұнда бакалавриаттың үлесі 95, магистратураның үлесі 86 пайызды құрап, университеттің бүгінде          67 білім беру бағдарламасының 56-сы әлемдік заманауи стандарттың өлшемінен өтті. 
Қазіргі таңда университет құрылымына физика-математика, мәдениет және өнер, педагогика және психология, гуманитарлық, заң, қаржы-экономикалық, жаратылыстану-техникалық сияқты жеті факультет ел болашағы үшін дәріс береді. Оқу үрдісін 25 кафедра қамтамасыз етеді. Барлық факультеттің қызметіне білімгерлердің белсенді өзіндік жұмысына жағдай жасайтын, жеке білім траекториясын, ұтқырлықты, бакалаврлар мен магистранттардың академиялық еркіндігінің үлкен дәрежесін таңдауды қамтамасыз ететін, білім беру жөніндегі құжатты әлемдік білім беру кеңістігінде мойындатуға мүмкіндік беретін оқытудың кредиттік жүйесі енгізілген. Университет қабырғасында жүріп білімгерлердің әскери кафедраның «Арнайы бірлескен топтар» және «Әскери байланысты басқарудың автоматтандырылуын ұйымдастыру» мамандықтары бойынша тәрбие алып, запастағы офицер атануына мүмкіндігі зор. Онда  екінші курстан бастап аптасына бір рет 2 жыл тәлім алуға болады. Бұған бай қоры бар кітапхана мен білімгерлердің алаңсыз демалып, еркін тыныстауына заманауи жағдай жасалған екі жатақхананы қосыңыз. Сонымен қатар университетте жастардың өзін-өзі дамытып, ғылыми зерттеушілік, шығармашылық әлеуетін және спорттық белсенділігін арттыруына толық жағдай жасалған. Бұл дегеніміз, құлагер ақынның есімі берілген оқу ордасын таңдаған әрбір жастың өзіне қажетті білім нәрінен сусындап, білікті маман атануына зор мүмкіндіктің бар екендігін айғақтайды.
Оқу орны жыл сайын Қазақстанның көпсалалы университеттердің ұлттық рейтингісіне қатысады. Университет ҚР жоғары оқу орындары ішінде үздігін анықтайтын білім беру сапасын қамсыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің (БСҚА) институтционалдық рейтингісі бойынша өткен жылы 18 жоғары оқу орнының арасында 11-ші орынды иеленді. Демек, жыл сайын өз мүмкіндігін көрсетіп келе жатқан оқу ордасы жастардың талантын ашу,  кәсіби қызметінде және жеке өмірінде толықтай дамуына септігін тигізу, әрбір студентті  тұлғалық және кәсіби өзін-өзі кемелдендірудің үзіліссіз үдерісіне қосу жолындағы абыройлы мақсатын айқындауда. Ендеше, ЖМУ-дың басып өткен бәсірелі            45 жылы тарих толқынындағы айтулы кезең, алға бастар шамшырақ болып, толайым табыстарға жетелей береріне сенім мол. 


Ілескен ӘЛБАТЫРҰЛЫ.