ХАЛЫҚТАН АЛАСА ЕКЕНІМДІ ҰМЫТПАДЫМ. ҚОНАЕВТАН ҚАЛҒАН ДАНА СӨЗ

Уақыты: 04.05.2022
Оқылды: 2082
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына орай жер-жерде ұлы тұлғаның есімі ұлықталып жатыр. Игілікті іс Түрген ауылында да жалғасын тапты. Д.Қонаев атындағы орта мектепте екі күн қатарынан мерейтойлық шара салтанатпен аталып өтті.

Алғашқы күні ұстаздар арасында волейболдан облыстық турнир жалауын көтерді. Аталған шараны облыстық білім, ғылым қызметкерлері мен бюджеттік ұйымдар кәсіподағы және Түрген ауылындағы Қонаев атындағы орта мектеп бірлесіп ұйымдастырды. Жарысқа тек Димаш атаның есімін иеленген мектептер қатысты. Атап айтар болсақ, бұл білім ордалары Панфилов, Кербұлақ, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Балқаш аудандары мен Қапшағай қаласында орналасқан. Жарыс қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданы бірінші орынды иеленді. Кербұлақтан келген команда екінші орыннан көрінді. Ал үшінші жүлдені Ұйғыр ауданы қанжығасына байлады.

– Дінмұхамед Ахметұлы халқына қалтқысыз қызмет еткен дара тұлға. Ол еліміздің гүлденуіне өлшеусіз үлес қосты. Артына өшпес із қалдырды. Қайраткердің есімін ұлықтап, рухына тағзым ету – бәріміздің ортақ парызымыз, – деді облыстық білім, ғылым қызметкерлері мен бюджеттік ұйымдар кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов.

Екінші күні Қонаев атындағы орта мектептің алдында «Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Аудан өнерпаздары, мектеп ұстаздары мен оқушылары Димаш атаның сүйікті әндерін тамылжыта шырқады. Келген қонақтар «Алатау» мен «Құстар әнін» өнерпаздармен бірге қосыла шырқады. Бұдан кейін мектеп ішіндегі мұражайда тарих пәнінің мұғалімдері жәдігерлермен таныстырды. Онда заңғар тұлғаның кітаптары, фотосуреттері өткен күндерден сыр шертіп тұрды.

Келесі кезек негізгі бөлімге де келіп жетті. Білім шаңырағының мәжіліс залында «Дана тұлға, дара тұлға – Дінмұхамед Қонаев» деген тақырыппен ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Алқалы жиынды ақын, сазгер Кәмнұр Тәлімұлы ашып, жүргізіп отырды. Саясат ғылымдарының докторы Толқын Әуелғазина «Д.Қонаев – ғасырдың дара перзенті» атты баяндамасын оқыды. Баяндамашы заңғар тұлғаның сан қырына жан-жақты тоқталды.

- Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен елді дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын бір сәт естен шығарған жоқ. 1963 жылы наурыз айында Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарып алуы соның айқын дәлелі еді. Сонымен қатар, Ерейментау топырағынан неміс автономиясын ашуға жол бермеу және Шардараға атом электрстансысын салдырмау мәселесіне келгенде де асқан табандылық танытты, – деді Толқын Әуелғазина.

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Роза Саурамбаева: «Дінмұхамед Ахметұлына еліктеп өскен жастар ешқашан жаман болмайды. Түргендегі мектеппен үнемі тығыз байланыстамын. Жыл өткен сайын мұндағы қонаевтануға арналған шаралар тың жаңалықтарымен қуантады. Ұстаздар мен оқушылардың ізденістеріне тәнті боласың», – деп Түрген ауылындағы мектептің қонаевтануға қосып жатқан үлесі зор екенін тілге тиек етті.

Конференцияда Д.Қонаев атындағы орта мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы әрі демеушісі Бауыржан Сабырбаев, облыстық білім, ғылым қызметкерлері мен бюджеттік ұйымдар кәсіподағы төрағасының орынбасары Болат Тұрысбеков, Еңбекшіқазақ аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Салтанат Бесбаева, Түрген ауылдық округінің әкімі Ержан Кәрібаев, «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Айжан Тортаева, ұлағатты ұстаздар Айжамал Тоқсейітова мен Гүлнәр Жошыбаевалар сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Ақын Кәмнұр Тәлімұлы ұлы тұлғаға арнаған жыр жолдарын оқып берді.

Жиын соңында белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкері Диар Қонаев әулеті атынан Рима Ахметова жетекшілік ететін мектеп ұжымына алғыс білдіріп, жиналған көпшілікті мерейтоймен құттықтады. Шара соңында мектеп ауласында Қонаев аллеясы ашылып, келген қонақтар өз қолдарымен шырша көшеттерін отырғызды.

«Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Түптің түбінде оралар ортаң – ел іші, ағайын ортасы. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім». Заманымыздың заңғар тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев артына осындай даналық сөздер қалдырған. Таулар алыстаған сайын биіктей береді. Осы теңеу Димаш атамызға арналғандай!

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы