ҚАУІПТІ ӘРІ ҚИЫН. ПАРАШЮТПЕН СЕКІРЕТІН ӘСКЕРИ ҚЫЗ АЛДАҒЫ АРМАНЫН АЙТТЫ

Уақыты: 07.05.2022
Оқылды: 1500
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақстан Қарулы Күштерінде ерлермен қатар ел қорғау секілді ауыр міндетті арқалаған арулар да жыл санап артып келеді. Нардың жүгін арқалап, иығына шен тағып, ел тыныштығын күзетіп жүрген нәзік жандар облысымызда да баршылық. Солардың бірі – Талдықорғанда «Бүркіт» парашютынан секірген тұңғыш десантшы қыз, №18404 әскери бөлімінің қызметкері Жұлдыз МАРАТҚЫЗЫ.

Спорттық парашюттан секіріп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты қызметі абыроймен атқарып жүрген Жұлдыз 1992 жылы 7 маусымда Сарқан ауданы Пограничник ауылында дүниеге келген.

Ол – ата-анасының тұла бойы тұңғышы. Артынан ерген жалғыз сіңлісі бар. Жұлдыз бала күнінен әскери салаға ерен еңбек сіңірген асқар тау әкесінің достарымен армия жайлы айтқан түрлі әңгімесін тыңдап, солар секілді шен тағып, парашютпен ұшуды армандайды.

Жұлдыз 2 жасқа толғанда отбасымен Талдықорған қаласына көшіп келеді. Қаладағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте оқиды. Ол оқушы кезінен спортқа жақын болады. Мектепті тамамдаған соң І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқып, кейіннен мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша магистр атанады.

Жоғары оқу орнын тамамдаған соң Талдықорғандағы №18404 әскери бөліміне жұмысқа орналасады. Әрине, қыз бала болған соң алғашында ата-анасы: «Әскери сала қыздар жұмыс істейтін жер емес. Палигон болады, үйде тұрмайсың. Ерлермен иін тіресе жұмыс істеу қиын», – деп қарсы болады. Бірақ парашютшы болуды бала күннен армандап, алдына шынайы мақсат қойған жауынгер қыз ата-анасының рұқсатын алып, өзі қалаған жұмысқа орналасады.

Алғашында әскери бөлімшеге азаматтық персонал болып кіреді. 2019 жылы әскери ант қабылдап, 3 жылға келісімшартқа отырады. Жұмысқа кірген күннен бастап қайсар қыз өзінің еңбекқорлығымен, жұмысқа деген құлшынысымен көзге түседі. Әскери бөлім басшыларына «Бүркіт» парашютымен ұшу бала күнгі арманы екенін айтады. Қызметкерлердің барлығы таң қалады. Өйткені, бұрын соңды бұл бөлімшеде спорттық үлгідегі парашютты ешкім тізгіндемепті.

Парашютпен секіру оңай шару емес. Әркімнің биіктіктен төмен құлдилауға батылы жете бермейді. Ең алғаш десантшылар салмағы 16 келі болатын «Д-6» парашютымен секіреді екен. Оның өзінде барлық қыз бала секірмейді. Мұнда парашют өзі ашылады және қай жерге қонсаң да өз еркің. Тек қонарда екі аяғыңды бірге ұстап тұрсаң болғаны. Егер аяқтарыңның арасы кішкене ашылып кетсе денеңе зақым келеді. Ал «Бүркіт» парашютының ашылуы, қонуы десантшының өзіне байланысты. Барлығын десантшы өзі реттеп отырады. Ұшқан кезде желге арқаңды тосуың маңызды. Кез келген жерге қона алмайсың. 20 келілік парашютпен биіктігі 1500 метрден секіріп қана қоймай, арнайы белгіленген жерге дөп түсуің керек. Сонымен қатар, «Бүркіттен» секіру үшін «Д-6» парашютымен  10 рет секіріп, сынақтан өтуің қажет. Қонған соң парашютты бірден жинап алуың міндетті. Сондықтан, көп қыздар бұл парашютті қолдануға ұмтылмайды.

Осыншама қиындықтарға қарамастан десантшы қыз қайтсем де «Бүркіт» парашютынан секіремін деп тынбай жаттығады. Әр адам баласының арманы білікті де білімді маман  болу екені хақ. Оған жету үшін ерінбей еңбек етіп, алға қарай ұмтылуы қажет. Жұлдыздың бойындағы осындай қасиеттер оны асқақ арманына жеткізеді. Жауынгер қыздың жүректілігі мен жұмысқа деген ынтасына сүйсініп, басшылық тарап оны парашютпен секіруге дайындай бастайды. Өзі қалаған мамандығы болғандықтан кейіпкеріміз жұмыстың қыр-сырын бірден меңгеріп алады.

Сөйтіп, алғаш «Д-6» парашютымен 800 метр биіктіктен секіреді. Бірінші мүмкіндігінде-ақ жауынгер қыз секіргеннен қонғанға дейінгі ережені мүлтіксіз орындайды. Мұны көрген басшылық тарап қайсар қыздың дарынына тамсанады. Жұлдыз осы бір ерлігінің арқасында көп ұзамай тест тапсырып, өзі армандаған «Бүркіт» парашютымен көктен самғайды. Десантшы қыз бүгінде жалғыз өзі ерлермен қатар спорттық парашюттен секіріп, жұмысын абыроймен атқаруда.

Негізі әйел адамдар парашютпен жылына екі, ерлер алты рет секіреді. Ал біздің мақаламызға арқау болған аспан қызы үш жылдың ішінде парашютпен 22 рет қалықтапты. Бұл қыз бала үшін өте жақсы көрсетіш.

Аспан әлемін бағындырған Жұлдыз:

– Жұмыс оңай емес, жауапкершілігі мол, қауіпті әрі қиын. Ең алдымен, жүрегіңнің түгі болуы шарт. Қателікке жол беруге болмайды. Үш жылда жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Ендігі арманым – 4000 метр биіктікті бағындыру, – дейді.

Иә, әскери өмір нәзік жанды әйел заты үшін оңай емес. Бүгінде жауынгерлік дайындық бөлімінің аға маманы, жауапты атқарушысы қыстың қақаған аязына, жаздың аптап ыстығына қарамастан өз міндетін мүлтіксіз атқаруда. Жақсы нәтиже көрсетіп жүрген  десантшы қыздың жұмысы көпке үлгі.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы