СҮЛЕЙМЕН АҚСАҚАЛ АРАЛАСПАСА, "КЕРІМАҒАШ" ШИПАЖАЙЫ САЛЫНБАС ЕДІ

Уақыты: 18.05.2022
Оқылды: 2004
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жазиралы Жаркент өңірінде туып-өсіп, қызмет атқарғандықтан Сүлеймен Көшкінов есімін ерте жастан естідік. Өйткені, еңбегімен елге сыйлы болған Босқынбайұлын жалпақ Жетісуда білмейтін жан кемде-кем еді.

Сүлеймен ағамыз шынымен де ел үшін болсын дейтін асыл азаматтардың сойынан. Ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарып, елдің ортасында жүрген азамат қолынан келер мүмкіндік болса, халықтың жағдайын жақсартуға күш салатын. Ағамызбен таныстығымыз ерте басталғанмен тонның ішкі бауындай ағалы-інілі араластығымыз 2015 жылы Керімағаш-Арасан ауылындағы орта мектепке директор болып барған кезімнен бастау алды. Сол уақыттан бастап ел мақтаған, жұрт жабыла жақтаған елге сыйлы азаматпен етене араласып, Босқынбайұлының бекзада болмысына тәнті болдым.

1936 жылы 17 қазанда Кеген ауданы, Меркі ауылында дүниеге келген Сүлеймен Босқынбайұлы 21 жасында Талдықорған зооветтехникумын, ал 1971 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген.

Осы аралықта өзі туып-өскен Кеген ауданы «Тоғызбұлақ» ұжымшарында кіші зоотехник, ферма меңгерушісі, бас зоотехник қызметтерін абыроймен атқарған. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының ғалымдары білімі мен білігі қатар өріліп, өз ісінің хас шеберіне айнала бастаған «Жылысай» кеңшары бас зоотехнигін 1973 жылы Талдықорған облысы Панфилов ауданындағы «Көктал» кеңшарына бас зоотехник етіп бекітті. Ғалым-зоотехник бұл кеңшарда ірі қара тұқымын асылдандыру бағытында ғылыми жұмыспен шұғылданып, ғалымдармен бірлесе өнімді еңбек етті.

Еңбектерінің нәтижесі сол – Америкадан әкелінген «Санта Гертруда» тұқымынан алынған жергілікті ірі қараның салмағы аталығынан асып кетті. Америка асып келген «Марс» атты бұқаның салмағы 960 келіні тартса, сол «Марстың» жергілікті сиырдан алынған «Көктал» атты төлі таразыда 1100 келіні тартты. Бұны көрген сол кездегі республика басшысы Дінмұхамед Қонаев риза болып: «Біздің ғалымдар Американың ғалымдарынан асып түсті», - деп Сүлеймен Босқынбайұлының қолын қысқан еді. Сөйтіп, Көктал кеңшарында «сандагер» сиырының тұқымы көбейтіліп, оны республиканың түпкір-түпкірінен, тіпті, басқа республикалардан келіп сатып алып жатты.

«Көктал» кеңшарындағы еселі еңбек Сүлеймен Босқынбайұлының қызметтік жолын ашып берді. Облыс басшылары тұралап қалған, мемлекетке белшесінен қарызға батқан өңірге Сүлеймен Көшкіновты жіберіп, шаруашылықтың тамырына қан жүгіртіп, тұғырын тіктеп алатын. 1975-1979 жылдары Қоғалы өңіріндегі Ленин атындағы асыл тұқымды мал зауытының директоры қызметін атқара жүріп Сүлеймен Босқынбайұлы етті, сүтті «Алатау» тұқымды бір сиырдың жылдық сүт беру көлемін 3100 литрден ғылыми негізде саралап, қан тазарту жолымен 3640 литрге дейін жеткізе білді.

Сүлеймен Көшкінов 1979-1980 жылдары Кербұлақ аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары, аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы, 1980-1985 жылдары Талдықорған аудандық кеңес атқару комитетінің бірінші орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқарғанда да шаруашылықтан шашау шығармай, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Өзіне сеніп тапсырылған істі тыңғылықты атқарып, ауылшаруашылық саласында тәжірибесі толысқан азамат істері ілгері баспай, кері кеткенталай кеңшардың жұмысын жолға қойып, табысты мекемеге айналдырды.

1985-1992 жылдары Панфилов ауданы «Октябрь» қой кеңшарының директоры қызметін атқарған Сүлеймен Босқынбайұлы Іле өзені жағасындағы шағын ғана мал азығын дайындайтын қосынның ежелгі атауы «Керімағаш» екенін біліп, өзі қаулы шығарып, осы елді мекеннің тарихи атауын ауылдық кеңес арқылы бекітіп берді.

Зерделей келе ол жерде Орталық Азия бұрғылау экспедициясы шығарған ыстық су фонтандарын да игілікке жаратудың жолдарын қарастырды. Бастапқыда жылыжай салып, қысы-жазы көкөніс алуға талпынған кеңшар басшысы уақыт өте келе халықтың бұл өңірдегі ыстық суға емделуге көп келетінін байқайды. 3000 метр тереңдіктен шығып жатқан судың құбыр түбіндегі өлшемі бақандай 500 градусқа жетсе, құбыр аузындағы ыстықтығы 95 градусты көрсетіп тұратын. Жердің жүрегінен атқылаған ыстық судың арнайы ғылыми-зерттеу институтына сараптауға жіберген нәтижесі де көп күттірмеді. Расында да Қоңырөлең қой кеңшарына қарасты «Керімағаштағы» ыстық судың емдік шипасы мол болып шықты.

Сүлеймен Босқынбайұлы бірден бұл жерге арнайы емдеу орнын ашу керектігін түсініп, қызметкерлеріне жыл ішінде 40 орынды сауықтыру орталығын салып берді. Осылайша бір кездері қоңырқай ғана тірлік кешкен Керімағаш ауылына сауықтыру орталығынан кейін мектеп салынып, түтін саны 100-ге жетіп, айналасы аз ғана уақыттың ішінде көз тартарлық көрікті мекенге айналды. Бекзада болмысты Босқынбайдың баласы болмағанда бүгінде атағы республикаға жайылған «Керімағаш» шипажайы салынбас еді. Бүгінде сол шипажай мен қосалқы шаруашылықтың арқасында ауылдағы алпыстан астам отбасы нәпақасын тауып, несібесін айырып отыр. Тіпті, көрші Сарпылдақ, Қызылжиде ауылдарынан да келіп жұмыс істеп, жалақысын алып жатқан жандар бар.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атағын алған Сүлеймен ағамыз тәуелсіздік бастауындағы 1992-1997 жылдары Панфилов ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. 1997 жылдан «Керімағаш» шипажайы» ЖШС құрып, өмірінің соңына дейін бір кездері өзі қалыптастырған ауылдың берекесін кіргізген қазыналы қарияға, абыз ақсақалға айналды. Азансыз таң атырған ауыл болмайық деп ауыл ортасынан Алла үйін салып берді.

Сүлеймен ағамыз Кеген, Қоғалы, Кербұлақ, Талдықорған, Панфилов өңірлерінің экономикасының нығаюына, ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Отан алдындағы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Кеңес Одағының және Қазақстан Республикасының бірнеше медалімен марапатталды. Алматы облысының, Панфилов, Райымбек аудандарының Құрметті азаматы атанған асыл ағамыз 2019 жылдың 20 қараша күні пәниден бақиға аттанды.

Керімағаш Арасан ауылындағы орта мектепте директорлық қызмет атқарған кезде Сүлеймен Босқынбайұлының ел болашағы – білімді оқушылар үшін қолындағы барын беруге даяр жомарт жан екеніне талай көз жеткіздім. Керімағаш Арасаны мектебіне Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ ауылдарынан қатынап оқитын 70 оқушыны тасымалдайтын үш автобус жалдауымызға жәрдемдесіп, жыл сайын білім ордасына компьютер, принтер сыйлап, кабинеттерді жабдықтау, жазғы жөндеу жұмыстарын жүргізуге де көмектесіп отыратын.

Алақандай ғана ауылдан шығып, ауданнан озған білімді оқушылардың облыстық олимпиадаға барып-қайтар қаржысын да өз қалтасынан бөліп беретін. Оқушыларымызға мектепте өткізілетін іс-шараларға қажетті қазақша киімдер алып беріп, соры шыққан стадионымызға қара топырақ төктіріп, арнайы шөп ектіріп, керемет көгалға айналдырып бергенін де еш ұмытпаймыз.

Сұңғыла Сүлеймен ағамыздың арманы да асқақ еді. Ауылымызға басқа ауылдардан қатынап оқитын оқушыларға арнап жатақханаға салып беремін деп жоспарлап жүргенде уақыт сағаты соқты.

Өте кішіпейіл, қарапайым, сол қарапайымдылығымен айналасындағы адамдарды баурап алатын, қолындағы барды баршаға бөліп бергенше асығып тұратын асыл ағамыз туралы інілік ізетпен аз-кем ой қозғадық. Сөз төркіні – өзі бір кездері керегесін кеңейтіп, тамырына қан жүгірткен Керімағаш-Арасан ауылындағы орта мектепке Сүлеймен Босқынбайұлы Көшкіновтың есімін беру лайықты іс әрі бұл – біздің азаматтық парызымыз екенін айту еді.

Тұранғазы ТАШТАХМЕТ,

Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз

Алматы облысы