ТЕРЕҢ СУ АҒЫСЫН БІЛДІРМЕЙДІ НЕМЕСЕ АЙДАР БАШБАЕВ ЖАЙЫНДА БІРЕР СӨЗ

Уақыты: 23.05.2022
Оқылды: 3297
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ол Ырғызда балық аулап, толқындармен тілдесе жарысып, балалықтың бал дәмін татып, болашаққа да ойлы көзбен зер салып, әжесінің жанында еркелей өскен ұл еді. Тағдыр оны Алматыға, одан соң Талдықорған деген талды шаһарға жетеледі. Жетісуда түледі, көктеді, жапырақ жайды. Өзі көктеген соң өзгелерге де сая болды. Бәйтеректей көкке өрлеп, күнге қарай талпынды. Айналасына тек жақсылық нұрын шашты. Адамгершілік деген мөлдір судан қанып ішті. Өзінің бастауын алған Ырғыз өзеніндей тұнық ақты, тұнып ақты. Жетісудай жеті өзеннен нәр алды, бойына ізгілік нұрын дарытты.

Тағдыр

Біз әңгіме еткелі отырған кешегі айдарлы ұл, бүгінде Қаратал ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқаратын Айдар Башбаев. Қашанда қарапайым қалпынан танбайтын, әр сөзін әзілмен сабақтайтын, терең судай ағысын білдірмейтін, әр ісін парасаттылықпен пайымдайтын жанның бойында үлгі тұтарлық қасиет көп-ақ.

Айдар Карбозұлының бұл қызметке келгеніне үш айдың ғана жүзі болды. Сол себепті бізге әкімнің орынбасарлығынан бұрын облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі ретінде жете таныс. Осы салаға өмірінің 16 жылын арнаған және осы кезеңдерде Алматы облысын басқарған 5 әкіммен етене жұмыс істеген Айдар Карбозұлының көкейге түйгені де, жинаған тәжірибесі де мол. Тағдырдың салған қиындықтары да бір басына жетерлік. Өмірдің ащы дәмін ерте татып, жастайынан әкесінен, кейіннен шешесінен айырылған соң да осындай салмақты, салиқалы, бар кезде асып-тасымайтын, жоқ болса жасымайтын, үлкенмен де, кішімен де сыйласа, сырласа білетін азамат болып қалыптасқан болар.

Әке бейнесі

Жақсы тәрбиенің, үлгі-өнегенің адам бойына отбасынан даритыны белгілі. Осы орайда Айдар Карбоз- ұлының өткен өмір жолына үңілер болсақ, ол 1972 жылы 23 мамырда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында ұстаздар отбасында өмірге келгенін көреміз. Әкесі Карбоз математика пәнінің, анасы Рая орыс тілі мұғалімі болды. Отбасындағы алты баланың ішіндегі кенжесі болып ержеткен Айдар Ырғыздағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте білім алған.

Әкесі өмірден өткенде Айдар небары 6 жаста еді. 1978 жылдың 31 тамызы болатын. Ол кезде әкесі аудандық білім бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Ертесі 1 қыркүйек «Алғашқы қоңырау» шарасы өтетіндіктен соған қатысу үшін аудан мектептерінің біріне кетіп бара жатып, жолда қайтыс болады. Ол күн дәл бүгінгідей Айдардың көз алдында.

«Сол кезде ауылдың балалары көше бойында футбол ойнап жүрген. Олардың арасында Темір ағам да бар еді, мен соны қызықтап отырғанмын. Сонда бір қыз баланың: «Темір, сен неге футбол ойнап жүрсің, әкең қайтыс болды ғой», - деп айтқаны есімде.  Әкемді біз «көке» деуші едік, көкемді ойласам, әлі күнге дейін сол қыздың даусы құлағыма келеді. Ол кезде әкем небары 43 жаста еді», – дейді Айдар Карбозұлы балалық шақтан жадында өшпестей болып қалған сәтті еске алып.

Ол кезде бала болғандықтан әкесінің бір сәттік бейнесі ғана есінде қалған. Қыстың күні жұмыстан келеді де әкесі үйде байлаулы тұрған жылқыға ұлын отырғызып, суатқа апарып суарады. Жүрегінде жатталып қалған әке туралы естелігі осындай. Ауыл адамдарынан әкесінің жомарт жан болғанын, кімге көмек қажет болса, үнемі соған қол ұшын беруге асығып тұрғандығын естіп, жақсы істерін көкейіне түйіп өсті. Көбіне әже тәрбиесін көрді.

«Біздің үйде бес апа (әже) отыратын. Оның бірі өз әжем, қалғаны туыс әжелеріміз. Әкем cол апаларымыздың бәрін қамқорлығына алған. Негізі әкемнің аты – Кәрібоз. Құжатта Карбоз деп жазылып кеткен. Неге Кәрібоз десеңіз, атамның 65 жасында өмірге келген. Содан осылай атаған.

Әкем мен анам 1955 жылы Қызылорда қаласында оқып жүрген кезінде танысыпты. 1958 жылы отау құрады. Шешем, жұқалтаң келген Оралдың қызы, ол кезде бір ауыз қазақша білмейді екен.

Әкем анамды ауылға алып келген кезінде апаларымыз: «Жалғыз Карбозға қарап отыр едік, енді жағдайымыз қалай болады, сорлап қалмасақ болды, не қазақша сөйлеуді білмейді, мына түрімен не бала туып жарытпас, оқуларын бітірсе, ауылға келмей, қалада қалса, біздерді кім бағады, қаңырап қалмасақ болды», - деп қапаланған екен.

Кейін әкем оқуын үздік бітіреді. Оған өзі оқыған Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтқа жұмысқа қалуды ұсынады. Бірақ, әкем үйдегі анасын, қарындасы мен өзіне қарап отырған адамдарды ойлап, ауылға қайтып келеді. Шешем соңынан ереді. Дипломын алып, ауылға келгенде әжелеріміз таңғалады. Сонда анамның апа-әжелерге арнап, тістеріне жұмсақ болсын деп алғашқы жасап берген тамағы тұшпара болыпты. Ол кезде Ырғыздың адамдары тұшпара жеп көрмеген екен. Ырғыз өзі жазы ыстық, қысы суық жер. Сонда шешем ылғи қолшатыр ұстап жүретін көрінеді. Ел-жұрт «Ырғызға қолшатырды сенің шешең әкелген, оған дейін ешкім ұстамайтын» деп айтып отыратын. Күн ыстық кезде де,  жаңбырлы күні де қолшатырмен жүретін. Бір кездегі қазақша білмейтін қаланың қызы уақыт өте келе қазақы дәстүрді терең меңгерген, инабатты келін, ұлағатты ұстаз, ел сыйлайтын ана болды. Енелері мен қайнағаларына бірдей ілтипат пен құрмет көрсетіп, иіліп қызмет етті. Сөйтіп, әкеме деген адалдығын, енелеріне деген сыйластығын көрсетіп, келіндік міндетін толығымен атқарып, енелерінің ақ батасын алды», – дейді бізбен әңгімесінде Айдар Карбозұлы.

Ана тілегі

Әкесі қайтыс болғаннан кейін шешесі жүрек ауруына шалдығады. Сондықтан Айдардың бала болып асыр салып, ойнап жүретін кездері аз болды. Шуылдап ойнай бастаса әжесі: «Шуламаңдар, шешелерің ауырып жүр» дейтін. Жылда жаз мезгілінде анасы денсаулығын жақсарту үшін жолдамамен шипажайларға барып емделетін. Күн ұзақ балаларды асырау қамымен жұмыста жүретін. Сондықтан үйдегі бала күтімі, тәрбиесі көбіне әжесі Гүлбаршынның мойнында болды. Әжесі әрқашанда «Шешелерің ауырмасын, мен асарымды асадым, жасарымды жасадым, жалғызымнан қалған ұрпақ аман болсын» деп отыратын. Сол асыл әжесі де бұл фәниден аттанып кете барды.

«Әжем оқымаса да білмейтіні жоқ, өте көреген кісі болды. 1990 жылы өмірден өтті. Дәм татпастан, үш күн ауырып жатты. Үшінші күні таңертең әжемнің қасына барғанымда «Балам, шай ішейік» деді. Қуанып кеттім де жүгіріп сарайға келсем, әкемнің қарындасы Күнасыл апам мен анам шай ішіп отыр екен. Әжемнің шай сұрап жатқандығын айттым.

Шай демдеп алып келіп, анам құйып берейін деп жатыр еді, әжем: «Айдар құйып берсінші» деді. «Ене, шай құйып қойып едім, келесі кесені Айдар құйсын» деді анам. «Жақсы, онда шай ішкізші» деді маған қарап әжем. Сөйтіп, әжемнің басын көтеріп, шай ішкізіп, келесі кесені өзім құйып бердім. Сосын «болдым» деді. Қасымызда отырған әпкем, әжемнің туған қызы: «Келініңнің, немереңнің қолынан шай іштің, менің қолымнан ішпейсің бе?» деп еді. «Шай іштім ғой» деп қайырды. Мен іштей әжем тәуір болып қалды деп қуандым. Бірер сағаттан соң, үйге әжемнің көңілін сұраған кісілер көптеп келе бастады. Мен де әжем жатқан бөлмеге кіріп отырдым.  Төсек тартып жатқан әжем бір уақытта «су» деді. Үйдегі аталардың бірі: «Балам, су әкеліп бере қойшы» деп жұмсады. Даладан су алып қайта кірсем, әжем жүріп кетіпті. Мені суға жұмсағаны бала болған соң өмірден өткенін көрмесін дегені екен ғой», – деп еске алды әжесін кейіпкеріміз.

БІЗДЕН ДЕ БІР ПІКІР

Серік ҮМБЕТОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері:

– Айдарды нағыз істің адамы десек болады. Ол көп сөйлемейді. Оның құпиялылығы да осында деп ойлаймын. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын, өзінің қызметін жақсы білетін азамат. Басқа адамның табиғатын жете сезініп, тез тіл табысып кетеді. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары. Осы қасиетінен болар, республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Журналистерге де ерекше жақын болды. Іссапарларда бірінші кезекте солардың жайын ойлайтын. Айдарға және облыс әкімінің баспасөз қызметінде жұмыс істейтін Сағыныш Намазшамоваға «Жетісудағы жемісті жылдар» атты менің Алматы облысында атқарған қызметім туралы баяндалған кітап үшін айрықша алғыс айтқым келеді. Екеуінің бірлескен еңбегі, әрдайым менің жұмыс үстелімнен табылатын, жүрегімнен ойып орын алған кітап десем болады.

Әміре ӘРІН,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,

Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы,

«Жетісу» газетінің бас редакторы:

– Нардың жүгін арқалар айбынды азаматтарымыздың бірегейі – Айдар Карбозұлы! Бір қарағанда табиғаты тұнық көрінгенімен қанында тулап жатқан тылсым күш бар. Ол – адалдық пен адамдықтың, серттен аумас тегеурін мен сенімге селкеу түсірмес тазалықтың күші!  Мұндайда қазақ терең судың ағысы білінбес дер еді.  Иә, асыл адам айнымас! Сол әу баста біз қабылдаған  тұлғалы қалпында тұлпарымыз елудің көмбесіне еркін жетті. Елімен бірге есейді, бірге түледі. Ең бастысы –  арқасын алдырмай, биік бейнесін кір шалдырмай алғы күнге беттеп барады. Бізді қуантары да осы!

Қанымжан СҰЛТАНҚҰЛОВА,

Алматы облысының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері:

– 1999-2005 жылдар аралығында облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып қызмет істедім. Сол кезден Айдар Карбозұлын жақсы танимын. Айтқан сөзіңді екі етпейтін, салмақты, жауапкершілігі мол, болашағы зор жас ретінде бірден көзге түсті. Әр ісін тыңғылықты істейді. Оның үстіне адамгершілігі мол. Ең бастысы, адамның ақыл ойы мен жүрегінің тазалығы ғой. Қай істі де шын ниетімен халық үшін, елі үшін атқарады. Айдар сияқты жігіттер көп болса, мемлекетіміздің тұғыры биік болады. Әсіресе, мемлекеттік қызметте қазақы болмысты, ұлттық қадір-қасиетті бойына тоғыстырған жігіттердің жұмыс істегені дұрыс. Айдар, міне, сондай, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсете білетін, жүрегіндегі жылылығы бойынан көрініп тұратын азамат.

Айдар Карбозұлы сөз қоржынында «жоқ» деген сөзді мүлде қолданбайды. Өзінде болмай тұрса да адамның сұраған затын тауып беруге тырысады. Бұл да әже өнегесі. Аппақ әжесі «Еш уақытта жоқ деген сөзді айтпаңдар, «жоқтың түбі жоғалар, бардың түбі оңалар». Кім не сұраса да, үйіңде болмай тұрса да бар деп айтыңдар немесе сол сөздің орнына басқаша сөз қолданыңдар» дейтін. Әжесінің өнегелік сөзі Айдардың санасында кішкентай кезінен жатталып қалған.

Қайтыс болардан бір күн бұрын әжесі «Өмір деген – ағып жатқан өзен. Шырақтарым, өмірде өтірік айтпауға тырысыңдар. Өтіріктің арты бір тұтам. Сосын ешқашан  біреудің ала жібін аттамаңдар, ешкімге қиянат жасамаңдар, себебі, адамның ақысы жібермейтінін есте сақтаңдар. Үшіншіден, ащы сусынға құмар болмаңдар» деп өсиет айтып, немерелерінің уәдесін алған екен. Айдар Карбозұлы сол берген сертінде тұрып келеді. Біреудің намысына тиетіндей ауыр сөз айтып, жолын кесіп, белден басып, қиянат жасап көрмеді. Мейлінше, жанында жүрген жандарға қорған болып, қолынан келген көмекті аямай-ақ келеді.

Әкесі қайтыс болғаннан кейін анасы бейіт басына барып: «Карбоз, осыдан жиырма жыл бұрын отау құрып едік. Сен өмірден ерте кеттің, Жаратқанның маңдайымызға жазғаны сол шығар. Амал қанша, тағдырдың жазғанына көнемін. Енді Алла тағаладан маған жиырма  жыл ғұмыр беруін тілеймін, екеумізден тараған балаларымды аяғынан тұрғызып, адам қатарына қосу бар арманым», – деп тілек тілепті.

1990 жылдары Айдардың өзі де, үлкен аға-әпкелері сияқты Алматыға оқуға кетіп, сонда жұмыс істеп қалады. Барлығы Алматыда жүрген соң бастарын біріктіріп бірге тұрмақшы болып Каскелеңнен үй алып, аналарын көшіріп алады. Ауылдан көшер алдында Айдарға анасы: «Әжең мен әкеңнің басына барайық», – дейді. Барып Құран бағыштаған соң анасы бейіт басынан кетпей ұзақ отырады. Бір кезде күмбірлеп сөйлеп: «Карбоз, екеуміз жиырма жыл бірге тұрдық. Кезінде сен қайтыс болғанда құдайдан енді маған жиырма жыл ғұмыр бер деп сұрап едім. Алла тағаладан сұраған жиырма жылым өтті. Құдайға шүкір, екеуміздің балаларымыз  өсіп, ержетті. Өз қолдары өз ауыздарына жетті. Енді Алматы жақтан үй алып, мені көшіріп алмақшы, сен маған рұқсат бер», – дейді.

Алматы жаққа көшіп келіп, жаңа қонысқа бейімделе бастады. Бір күні кешкілік Рая апай қызы Зәуреш екеуі ұзақ отырып, әңгімелеседі. Анасы: «Әкелеріңнің өмірден өткеніне биыл жиырма жыл толады. Жазда әкелеріңе арнап, ас берсеңдер, жақсы болар еді» деген тілегін айтып, сол күні түннің бір уағына дейін қызымен сырласады. Анасының айтқан сөздерін Айдар да естіп жатады. Бірақ, бұл анасы шешіліп әңгіме айтқан соңғы түн екенін сезбейді. Ертесінде құдағиының асына шақырып, соған барады. Үйден шығарда  көйлегінің етегі есікке қыстырылып қалып, есікті қайта ашып, жабады да балаларына соңғы рет қарайды. Сол астан қайтып келе жатып, апатқа ұшырап, қайтыс болады. Асыл ананың жаралы жүрекпен жүріп Жаратқаннан енді жиырма жыл ғұмыр бере көр деген тілегі қабыл болған екен. Бұл 1998 жылдың сәуір айы еді.

Айдар мектепте математикаға жақын болды. Сол кезде «Қазақстан мұғалімі» мен балалар басылымдарында есептер беріліп тұратын. Математикадан сабақ беретін Сәрсенбай ағай жазғы демалыста бекер жүрмей, журналдағы есептерді шығаруды тапсыратын. Бірде анасына «Газетке шыққан есептерді шығарып жіберсін, Алматыдағы физика-математика мектебіне қабылдау жүріп жатыр» депті. Ол кезде тереңдетілген мектепке 7-сыныптан қабылдайтын. Айдардың жасы соған сәйкес келіп тұр. Содан газеттегі есептерді шығарып, редакцияға жібереді. Екі ай өткен соң  газетке Республикалық физика-математикалық мектепке шақырылғандар қатарында Айдардың аты-жөні жарияланады. Мұны естіп анасы қуанғанымен әжесі ренжиді. Үйдің кенжесі болғандықтан Алматыға жібергісі келмейді. «Қасымызда қолғанат болып отырған осы бала, ол Алматыға кетсе күніміз не болады?»  деп кейиді. Айдар әжесінің көңілін қимай, құшақтап отырып, «Алматыға бармаймын, ол мектепте оқымаймын», – дейді. Сонда әжесі «бір үйге бір тракторист те керек шығар» деп қуанып, немересін айналып-толғанады. Сөйтіп оқуға бармай қалады.

Тағдыр тәлкегі Айдарды ерте есейтті. Ол мектепте оқып жүріп, 7-сыныпты бітіргеннен бастап, еңбекке араласты. Жазғы каникулға шығысымен қысқы мал азығын дайындау үшін екі ай кеңшарда тіркеуші болып жұмыс істеп, қыстық мал азығын қамдап алатын. Бала жастан бел қайыстыра істеген еңбек бозбаланы ширатты, ерте есейтті, ата-анаға, бауырға қамқор болуға үйретті.

Мектепте оқып жүргенде түрлі шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Сөйтіп жүріп болашақта  ұйымдастыру, басқару саласында жұмыс істесем деген мақсат-мұратты жүрегіне тоқыды. Осы арман жетегінде онжылдықты тамамдаған соң, ҚазҰУ-дің тарих факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдарында Пушкин кітапханасынан шықпай, сабағын оқып, оқуын ойдағыдай бітіреді.

- Ол кезде Ақтөбеде немесе Оралда оқуға болушы еді. Неге дәл Алматыға білім алуға барды десеңіз, «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» демекші, алдымдағы аға-әпкелерім Алматыдағы оқу орындарында оқыған соң, менің де мақсатым үлкен оқу орнында білім алу болды. Әрі нағашым, анамның Алматыда тұратын жалғыз інісін аға тұтып, сол кездегі еліміздің Астанасына асыққан шығармыз, – дейді Айдар Карбозұлы. 

Алтын арқау

Еңбек жолын мұғалім болып бастаған арманы асқақ жас кейіннен қызметін Алматы облысының жергілікті басқару органдарында жалғастырды. Облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында қоғамдық-саяси процестерді талдау және үйлестіру бөлімінде бас маман болып жұмыс істеп, кейіннен Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне ауысады. Мұнда жұмысын бастаған кезде интернет, сайттар әлі дами қоймаған еді. Телеарналардан берілетін жаңалықтарды күнделікті кассеталарға жазып, оның ішінде Алматы облысына қатыстыларын жеке саралайтын. Оның бәрін көріп, сыни сюжеттерге немесе газеттерге шыққан мақалаларға зерттеу жүргізіп, оны облыс әкімінің алдына қойып, жауабын халыққа, сол мәселені көтерген журналистерге беру де әрбір адамның қолынан келер оңай іс емес.

ӘҢГІМЕ АРАСЫНДА...

– Оңаша қалғыңыз келетін сәттер бола ма?

– Әрине, болады. Әсіресе, әжемді, әке-шешемді еске алғанымда, сосын көңіл құлазыған сәттерде оңаша қалуды қалаймын. Ашуланып тұрсам оны басқаларға көрсетпес үшін де жалғыз қаламын.

– Ата-анаңызды жиі аңсайсыз ба?

– Кім болса да өмірден өткен ата-анасын аңсамай тұрмайды. Жақынын сағынбайтын пенде кемде-кем шығар. Менің әке-шешеме, аппақ әжеме деген сағынышым жыл өткен сайын үдемесе, кеміген емес. Өміріміздегі қуанышты сәттерді көргенде ғой деп армандаймын. Алайда, мен үшін ардақты жандар о дүниелік болса да  бәрін сезіп-біліп жатқан шығар деп ойлаймын. Аяулы ата-анамның «Біреудің ала жібін аттама» деген сөзін жадымда үнемі ұстаймын.

– Қандай істен жаныңызға рахат табасыз?

– Әкем үйдің шаруасынан бұрын өзгерлердікін алдыңғы орынға қоятын адам болған екен. Мен де қанша үйдің жұмысы болып тұрса да  басқа біреуге қол ұшын беріп, кішкентай бір пайдамды тигізіп немесе шаруасының бітуіне ұйытқы болсам,  жаным жай тауып, керемет күй кешемін. Мүмкін, бұл қанмен берілген болар.

– Қолыңыз бос кезде не істейсіз?

– Бала кезімде балық аулағанды ұнататынмын. Қазір тарихи кітаптар, поэзия оқимын.

– Қандай шет мемлекетте болғыңыз келеді?

– Ешқашан шет елге баруға қызыққан емеспін. Өзіміздің елде де танып-біліп, көретін нәрсе көп. Қаншама киелі жерлеріміз бар. Жұмыс бабымен де, жекелей де Қазақстанның көптеген аймағында болдым, ұлан-байтақ жеріміздің табиғатына, тарихи ескерткіштеріне ештеңе жетпейді.

– Балаларыңызға қаншалықты уақыт бөлесіз?

– Бұрын әкеміз біз ұйықтап жатқанда келетін, таңертең біз оянбай тұрғанда кететін деген естеліктер естуші едік. Менікі де дәл солай. Жұмыстан кеш келемін. Қолым босаған кезде кейінгі кезде балаларыма бөлек-бөлек көңіл аударуға тырысамын. Әрқайсының ойын тыңдап, оларды не қызықтыратынын біліп, сырласамын. «Балаңды жеті жасқа дейін ханыңдай сыйла, жеті жастан кейін құлдай жұмса, 15 жастан кейін досыңдай сырлас» деп жатады ғой, сол сияқты үлкен ұлым менің сырласым. Мен оған, кейде ол маған ақыл айтамыз.

– Өмірлік ұстазыңыз кім?

– Мемлекеттік қызметте үлкен тәрбие алған ұстаздарым көп болды. Білмейтін көп нәрсені сол алдыңғы толқын аға-апалардан үйрендім. Кезінде облысты басқарған Серік Әбікенұлы Үмбетов ағамызды ұстазым деп білемін. Ол кісіден ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, адаммен араласу, сыйласу, үлкенді үлкендей, жасты жастай бағалай білуді үйреніп, мол өнеге алдым. 

– Бойтұмардай ұстайтын затыңыз бар ма?

– Әжемнен қалған қол диірмен әлі күнге дейін үйімде тұр. Кезінде атам өмірден өткенде, атамның ұста досы: «Шалыңнан қалған мына шиеттей ұл-қызды өлтіріп алма. Бұл диірмен балаңның баласының баласына жетеді, ішінде бата бар» деп әжеме әкеліп берген екен. Сол диірмен шынында да біздің әулет үшін тіршілік пен береке-бірліктің бастауы, қайнар көзі болды. Бұл диірмен мен үшін өте құнды. Оны көзімнің қарашығындай сақтау – менің ата-баба аруағы алдындағы міндетім. Сонымен қатар кезінде әкем аттың ер-тұрмандарын да жасаған. Сол әжемнен, әкемнен қалған заттарды да үйдің кенже ұлы ретінде сақтап келемін. Ұрпақ сабақтастығы, атадан балаға қалар мұра деген ұғым бар. Менің де балаларым осы заттарды әспеттеп ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе берсе деп армандаймын.

– Ауылыңызға барып тұрасыз ба?

– Жылда еңбек демалысын ала салысыммен елге баруға асығып тұрамын. Себебі, ата-бабамның, әке-шешемнің бейітіне барып, олардың рухына арнап Құран бағыштау мен үшін ең басты міндет. Жыл сайын осы парызымды атқарсам, бір жеңілдеп қаламын. Туған-туыстарымның көбі сол жақта болған соң балаларымды ертіп барамын. «Әркімге өзінің туған жері – Мысыр шаһары» дейді ғой. Ол әрдайым жүректе тұрады. Дегенмен де  осы уақытқа дейін менің өмірімнің жартысы Жетісу жерінде өтті, өтіп жатыр. Құдайға шүкір, осы жердің суын ішіп, топырағын басып, осында өсіп-өніп, өркендеп, тамырымды жайып жатырмын. Маған жеті құт, ырыс болған Жетісу бәрінен де ыстық! 

Журналистерді халық пен билік арасындағы алтын көпір десек, баспасөз хатшысын билік, халық, бұқаралық ақпарат құралдарының арасын жалғап жүрген алтын арқау десек болатын шығар. Өйткені аймақта қандай даулы мәселе болса, баспасөз қызметі сол арадан табылып, істің мән-жайын анықтап, оның шешімін іздейді. Облыс әкіміне «мынандай мақала жазылды немесе сюжет көрсетілді» деп бара салмайды, соның бәрін зерделеп апарады. Ақпаратты облыс әкіміне ұсынып қана қоймай, сол арқылы тұрғындарды дер кезінде құлағдар етіп отырды.

«Елмен жұмыс істеу өзіме ұнайды. Қаншама жыл бір салада жүрсең де айналаңдағы адамдармен тіл табыса алмасаң, ісің алға баспайды. Сондықтан да ешкімге дауыс көтермеу, қандай мәселені болсын, келісіммен шешу – менің жұмыс істеу тәсілім. Адамды орта тәрбиелейді. Осы жолда қандай да бір жетістікке жетсем, ол айналамдағы жақсы адамдардың арқасы. Әсіресе, өзіммен бірге облыс әкімінің баспасөз қызметінде жұмыс істеген барлық әріптестерімнің, облыстық ішкі саясат басқармасы, «Жетісу», «Огни Алатау» газеттері мен «Жетісу» телеарнасы және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің үлесі зор. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» деген», – дейді Айдар Башбаев.

2017-2020 жылдар аралығында Айдар Карбозұлы Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы қызметін де абыроймен атқарды. Бұл латын қарпіндегі қазақ әліпбиін құрастыру белең алған шақ болатын. Осы реттегі халықтың пікірін білу, жаңа әріп, емлелердің бекітілуіне үлес қосу, саралау, зерделеу жұмыстары тіл басқармасына жүктелді. Бұл жұмысты жүзеге асыруға Айдар Карбозұлы азаматтық тұрғыда атсалысты. Республикада тұңғыш болып Алматы облысында білікті мамандар мен лингвист ғалымдардың қатысуымен ақпараттық топ құрылып, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Тілдік шараларға да айрықша мән беріліп, жас ақын-жазушылардың «Ақ қауырсын» жүлдесі, «Жетісу көктемі» атты әдебиетшілердің форумы алғаш рет өткізілді. Сонда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы келіп, қаламгерлерді одаққа мүшелікке Талдықорғанда қабылдады. Бұл тарихта болмаған жағдай. Әдетте, Алматыда ғана қабылдайды.

Тіл басқармасына ономастика саласы да қарайды. Кезінде әркім өз ата-бабасының есімін көшеге, ауылға беру белең алып кеткендіктен 2017 жылдан бастап министрлік тарапынан кісі есімдеріне шектеу қою барысында жаңа жоба жүзеге асырыла бастады. Бұл ретте тұрғындар арасында жаңа көзқарас қалыптастырып, кісі есімдерін беруді бір жүйеге түсіру үшін кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет болды. Бұл іске де ұлтжанды азамат ретінде білек сыбана кірісті, идеологиялық тұрғыдан ескірген жүздеген көше мен көптеген елді мекеннің атауын қазақшалауға, тәуелсіз мемлекет ретінде өзіндік атауларымызды қалыптастыруға зор үлес қосты. Ел тарихында өзіндік орны бар ұлы тұлғалардың есімі енгізілген «Тарихи тұлғалар» тізімі қалыптастырылып, ендігі кезекте елді мекен, көше, нысандарға атау берудегі жұмыстар осы тізімге негізделіп жасалды. Ономастика саласын бір арнаға түсіріп, жалпыға ортақ ұлттық сана қалыптастыру бағытындағы күрделі жұмыс Айдар Карбозұлының басшылық еткен кездеріне тап келіп, тағы бір үлкен міндет жүктелді. Тілдерді дамыту басқармасында ұлттық құндылықтарымызға, оның ішінде ұлттың жаны болып табылатын тіл мәселелерін шешуге көп көңіл бөлді.

Жаңа белес

Қаратал ауданы әкімінің орынбасары ретінде атқарып жатқан қазіргі қызметінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп жатқан жаңа саяси реформасын жүзеге асыруды көздейді. Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құру жолында көпшілікпен етене жұмыс істеп, олардың өтініштеріне құлақ асуды басты мақсаты санайды.

– Мен үшін қазір жаңа жұмыс, жаңа талап, жаңа серпіліс, жаңа белестің кезеңі. Халықпен жұмыс істеу – менің бұрыннан бергі арманым. Елге адал қызмет етіп, көпшілік көңілінен шығып, осы өңірдегі мәселелердің аз да болса шешілуіне үлес қоссам, артымда игі із қалдырсам мақсатымның орындалғаны. Қаратал ауданы – әулиелер мекені. Ескелді би, Балпық би, Айту би, Жолбарыс батыр, Қарымбай әулие жатқан, кие қонған жер. Мұндай жерде қанаттанып жұмыс істемеу мүмкін емес, – дейді Айдар Карбозұлы.

Адал еңбектің ешқашан ескерусіз қалмайтыны рас. Міне, осы ретте Айдар Башбаевтың Алматы облысының дамуына қосқан үлесі бағаланып, 2013 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2015 жылы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, ал 2020 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бүгінде ердің жасы елуге қадам басқан Айдар Карбозұлы өмірлік қосағы Гүлбану Смағұлқызы екеуі Арын, Айдос, Ақерке есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Анасының орнын басқан әпкесі Зәуреш бауырларына ақылшы ретінде жол көрсетсе, ағалары – Темір, Әмір, Гайдар тірегі. Кіші әпкесі Сәулеш – тілеуін тілеуші, жанашыры.

Өмірде қандай жетістікке жетсе де айналасындағы жақсы жандардың, әрқашан демеп, күш-қуат беретін аға-әпкелерінің, отбасының арқасы деп білетін Айдар Карбозұлының елі үшін талмай қызмет ете береріне сенім зор.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы