ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ ӘРІ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ЖАНАТ ЕЛШІБЕК 75 ЖАСТА!

Уақыты: 27.05.2022
Оқылды: 1608
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Көрнекті қаламгер Жанат Елшібекпен маған ертеде біраз уақыт «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында қызметтес болуға тура келген еді. Мені жоғарғы жақ жеке басыма жазықсыз тағылған ауыр айыптан ақтағандай ретпен, республикамыздағы осынау аса қадірлі аға басылым ұжымына 1983 жылғы жазғытұрымда жіберген-тін. Атап айту ләзім, ұжым мені жатырқамай қабылдады, ешкім менің күні кеше «ұлтшылдыққа жол беріп саяси қателескеніме» шұқшиған жоқ. Ортақ мүддеге бағындырылған журналистік міндеттерімізді  баршамыз бірлесіп атқара бердік. Ой-пікіріміз үйлесіп тұрғандықтан шығар, бірер байырғы қызметкер, солардың ішінде Болат Асанбаев, Төрегелді Бекниязов пен Жанат Елшібеков мені достық көңілмен ерекше баурап алды.

Жанаттың аңқылдаған, аузын ашса жүрегі көрінетін елгезек, бауырмал,  ашықтығы мені ерекше тәнті ететін. Ойға түсіп кетті, қызмет алға тартатын тақырыптар өз алдына, сол тұстағы ғылым, әдебиет, өнер туындыларынан (әсіресе «Қыз Жібектің» мыңыншы қойылымынан) алған әсерінен де оның соншалықты шынайы, жақсыға сүйсіне білетін құштар жан-дүниесі әрдайым көзге ұрып тұрды. Жалпы оның ақ жарқын көңілі, сезімталдығы, не нәрсеге де болсын бейжай қарамай, ойын ірікпей айта алатын қасиеті маған қатты ұнады.

Көп ұзамай мен басқа жұмысқа кеттім. Жанат қазақ баспасөзінің қарашаңырағында журналистік және жазушылық шеберлігін шыңдай берді. Және шығармашылығының бір саласын газеттің әр кезекті нөмірінің бет-ажарын ашатын безендіру ісін дамытып отыруға арнады. Көрнекті зерттеуші-қаламгер Жанболат Аупбаев оның бұл тараптағы ұшқыр қиялына, газеттің әзірленіп жатқан кезекті санының бет-бейнесін алдын-ала көрнекі түрде нобайлап беретін шеберлігіне бас редактор ретінде талай куә болған, сондықтан да  «осы тіршіліктің қиын да қызықты қыры мен сырын» үзбей шұғылданған Жанаттың «өзі істеп жүрген басылымды «киіндіру», яғни дизайнын ойластырып, сызуды «үлкен өнер» дәрежесіне көтергенін атап айтып, жоғары бағалады.

Осыдан он шақты жыл ілгеріде Жанат басылым басшыларының бірі ретінде менен қазіргі заман тақырыбына жазған көркем әңгімем болса, газетке ұсынуымды өтінгені есімде. Мен еліміздің бас газетінің бұл ықыласына риза болдым. Бірақ тапсырыстарына орай жіберген «Жүрегіңе сен» әңгімем жарияланбады. Кейін мұның себебін ақжүрек досым айтып та берді: редколлегия мүшелері, бас редактор мақұлдаған соң шығарма беттеліп, баспаханаға жіберілу алдында тұрған, бірақ газетке қол қойылар шақта ықпалды бір адам одан соның алдында ғана жұртты шошындырған Жаңаөзен жаңғырығын тани қойыпты да, баршасын «күнәһарлықтан» сақтандырып, әңгімені нөмірден алғызып тастапты.

Дегенмен басқа өзекті тақырыптарда жазылған зерттеу, публицистика, тарихи тұлғалар хақындағы мақалаларым жауапты хатшы Жанат Орынбайұлы Елшібектің қамқорлығымен үзбей басылып жатты. Бүгінде ол газеттің қадірменді ардагері, зейнеткер. Енді осы байырғы газетші, тамаша журналист, жазушы қаламдасым жайында мерейі марқайған сәтте орайластырып бірер сөз айтпақпын.

Жанат Елшібек Жетісудың көрікті табиғатының бір пұшпағындағы жаратылысы жарасымды тыныс-тіршілікке тұнған Балқаш көлі жағасында, осынау байырғы тарихи Көкшетеңізге алқаппен тарамдала ағып құятын қарт сулардың бірі – Қаратал өзені бойында туып-өсті. Қаратал құйғанындағы  бірнеше шағын балық шаруашылығын біріктірген Фрунзе ұжымшарының бастауыш мектебінде сауат ашты. Бұрынғы Талдықорған, қазіргі Жетісу облысының Қаратал ауданындағы Қызылбалық ауылдық кеңесіне қарасты осы ауылда 1947 жылғы 10 мамырда дүниеге келген болашақ көрнекті қаламгер өз ауылында бастауыш, орта білім алды. Сыныптастарымен бірге жеті шақырым қашықта жатқан Көпбірлік ауылына  қысы-жазы жаяу қатынап жүріп, сондағы он бір сыныптық орта мектепті 1965 жылы күміс медальмен бітірді.

Сол жылы Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының филология факультетіне түсті. Аталмыш жоғары мектепті 1969 жылы аяқтады. Ал еңбек жолы оған дейін, пединституттың соңғы курсында оқып жүргенінде басталып кеткен еді. Студент Жанат республика жастары арасында өте беделді, жалпы қалың жұртшылыққа кең танымал «Лениншіл жас» газетіне қызметке қабылданған.

Жанаттың әдебиетке, өнерге, жазу-сызуға бейімдігі қаршадайынан аңғарылған. Отбасында ата-анасының, мектепте ұстаздарының берген тәрбиесі зая кетпеген-ді: ол кітапқұмар болды, ауыл кітапханасы қорындағы небір туындыны терең беріле оқып, шығармашылық қиялдарға берілді. Ес білгеннен бері, әсіресе жазғы каникулдарда ауылдас балалармен бірге асық ойнау, доп қуу, Балқаш жағалауында су кешіп, қармақпен балық аулау, қамыс-құрақ ішінен көрген құс ұяларын санамалау, суға жарыса сүңгіп, тереңнен балшық алып шығу секілді қызықтарды бастан өткеру оның әсершіл көңілін шығармашылық фантазияға байыта түсті.

Анасының ақылымен күнделік жүргізіп, алғашқы мақалаларын Алматыдағы балалар басылымына («Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» газетіне) жолдап қоятын. Алтыншы сыныпта оқып жүргенінде алғашқы хабары жарияланды да, содан бастап газеттің тұрақты жас тілшісіне айналды.

Шағын мақалалары, әңгімелері, суреттемелері, этюдтері республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде, «Балдырған», «Білім және еңбек» журналдарында, тіпті «Ара» сынды сатиралық журналда да жарияланып жатты.

Мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсуге талап қылған шағында оған «Қазақстан пионері» мен «Лениншіл жас» газеттерінен ақ жол тілеген  шығармашылық мінездемелер берілді. Аға журналистердің оң пікірі қанаттандырған Жанат студент кезінде де мерзімді басылымдарға белсенділікпен атсалысып тұрды. Нәтижесінде әйгілі жастар газетіне оқу бітірмей тұрып-ақ қызметке алынды.

Жанат Орынбайұлы «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алашқа») әдеби қызметкер болып қабылданғаннан бергі жарты ғасырға тарта уақыт бойы журналистикада қызмет атқарды. Жастар басылымында қатардағы тілші, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі лауазымдарында істеді. Он шақты жылдан кейін қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, еліміздің бас газеті «Егемен  Қазақстан» редакциясына шақырылды. Осында газеттің көркемдеу және газет безендіру, жаңалық, спорт және туризм, экономика бөлімдерін басқарды, редакциялық алқаның мүшесі болды. Жиырма жылдан астам уақыт жауапты хатшы лауазымында істеп, 2012 жылдың ортасында «Егемен  Қазақстанның» ардагерлері корпусына ауысты. Қолынан қаламын тастаған жоқ, бір туғандай боп кеткен сүйікті газеті арқылы оқырманына ойлы туындыларын тұрақты түрде ұсынып келеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, оның  балаң қалам тербеуі жеткіншек шағынан басталған. Алғашқы хабары мектепте оқып жүргенінде балалар газетінде көрінді. Мектептестері өмірінен түрлі хабар, репортаж, мақала, суреттеме, әңгіме, фельетон, этюдтер жазды. Жазғандары жас оқырмандар тарапынан жақсы қабылданып жатты. Олар шартараптан хат жолдап, пікірлерін білдіретін, Жанаттың көтерген мәселелеріне ұқсас өз іштеріндегі жәйттерді әңгімелейтін. Осындай жағдай Жанат Елшібектің журналистикада өткізген ұзақ жылдарғы шығармашылық ғұмырында жиі кездесті. Оқырмандарға оның жазғандарының танымдылығы, өзіне тартып тұратын сыршылдығы, туындысын мөлдіретіп жазатын тартымды тілі ұнайтын. Бұл қасиеттері барша журналистік жұмыстарында да, көркем шығармаларында да жарқырап көзге түсіп тұратын. Онысын әйгілі әдебиет қайраткерлері әрдайым атап көрсетіп жүрді.

Мәселен, атақты ғалым, ұстаз, академик Серік Қирабаев танымал қаламгер Жанат Елшібекті жоғары оқу орнында өзінің дәрістерін тыңдап, тәлім-тәрбиесін көрген талантты шәкірттерінің бірі ретінде ерекше мақтан тұтты. Оның түрлі тақырыпта жазған дүниелерін баспасөз беттерінен қырық-қырық бес жылдан бері үзбей оқып келе жатқанын шегелеп айтып, «түбіт мұрты тебіндеген бозым шағынан білетін талантты, қағылез шәкіртімнің көз алдымда кемелденіп өсіп, қабырғалы қаламгерлер қатарына қосылғанын көру – қандай ғанибет» деп сүйсінді. Оқырман қолына тиген жиырмаға жуық «деректі-публицистикалық, танымдық және көркем-әдеби кітаптары» барын еске салып, соның бәрін Жанаттың «қауырсын қаламы қатайып, шығармашылық көріктің небір тезінен өтіп, үлкен өмір мектебінің ыстық-суығына шыңдалғанының» нәтижесі деп білетінін жазды.

Өте дәл аңғарылым. Бұл шынында да солай. Газетші әрі шығармашыл тұлға ретінде әр саладағы қоғам тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жүруі арқасында ізденімпаз жазушы жазған туындылардың қай-қайсысында да оқырман көпшілікті көтерген келелі тақырыбымен, қозғаған өзекті өткір мәселесімен, айтар терең ойымен елеңдетіп келеді. Сонымен бірге өзіндік дара қолтаңбасы қалыптасқан Жанаттың хикаяттары мен әңгімелерінде жұрт көңілін елітетін, қатты қызықтыратын танымдық, қызықты деректер молынан ұшырасатынына академик Қирабаев арнайы назар аударған-ды. Ол жазушының «Тағдыр желі», «Сырлы әлем» кітаптарына тоқталып, олардың ерекшеліктерін талдап көрсетті. Туындыларында «ауыл адамдарының қарапайым  тіршілігін зерттеп, шағын сюжеттік желі арқылы олардың ішкі сырын, талғам-түсінігін, мінез-құлқын, адамдық кейпін даралай суреттеуге ерекше мән береді» деген сөздермен автордың суреткерлігіне жоғары баға берді.

Оның шығармашылығына әйгілі ақын-жазушыларымыздың, сыншы-әдебиетшілеріміздің бірқатары оң пікір білдірген. Ғафу Қайырбеков: «Қиын заманның толғақты мәселелерін өзек еткен «Қош бол, теңіз...» және «Жазылмайтын жара»  повестері  Жанат Елшібектің «жалпы әдебиетімізге, оның ішінде балалар әдебиетіне нағыз суреткер, талантты профессионал жазушының келіп қосылғанын дәлелдесе керек», – деді. «Жанат өз кейіпкерлері еңбегіндегі, тіршілігіндегі асқақ романтиканы таба біледі, дөп басады», – деп Мұзафар Әлімбаев ризашылығын білдірді. Шерхан Мұртаза: «Ол не жазса да материалға жан береді. Шабысы, жүрісі бөлек. Өз өрнегі бар», – деді. Әбіш Кекілбайұлы: «Әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің көбі әдебиетке журналистика арқылы келген. ...Жанат бауырым, міне, осы жауапты міндеттің ауыр жүгін қатар сүйреп келе жатқан үлкен талант иесі», – деп атап айтты. «Жанат шығармалары  өміріміздің өзекті мәселелерін қозғауымен құнды», – деп көрсетті Сарбас Ақтаев. Зейнолла Серікқалиев: «Көкейкесті, толғақты тақырыптардың... Жанат қаламының ұшына ілініп, дабылдатып көтергені көңілге қуаныш әкеледі», – дейді. «Жанат Елшібектің әңгіме-хикаяттарының тілі де, оқиғасы да өте қарапайым, кәдімгі өмірде көріп жүрген жайттар... Өркениет дәуірінің ғылымы мен техникасы неше түрлі таңғажайып құбылыстарға адамзатты куә етіп келеді ...соның бәрін қадағалап, ой елегінен өткізуге ерінбейтін ізденімпаздық, еңбекқорлық кез келген адамның маңдайына жазылмаған. Бұл жағынан келгенде біздің Жанат алдына жан салмайды», – деп сүйсінді Фариза Оңғарсынова.

Жанаттың қай шығармасын оқысаңыз да жоғарыда келтірілген ойлардың ақ-әділдігіне көзіңіз жете түседі. Айталық, «Сырлы әлем» жинағында ол оқырманына заманымыздың көрнекті ақын-жазушылары мен суретшілері жайында жазған әдеби портреттер мен эсселерін ұсынған. Бұлардан белгілі әдебиет пен өнер қайраткерлерінің шығармашылық ғұмырындағы елеулі сәттерді автордың дәл байқап, тартымды тілмен шебер  қиюластырып беру арқылы сомдаған шынайы бейнелерімен танысамыз. Әрқайсысы көңілге көркем әңгімедей тоқылады. Қаламгер көптеген шығармаларында қазіргі заманғы қарапайым ауыл адамдары өмірінен танымды да тағылымды сыр шертеді. Мәселен, «Балықтың қылтаны» повесінде халқымыз бастан кешкен зұлмат жылдарда аштықтан құрбан болған отбасынан аман қалған тоғыз жасар қыздың қаңғырып, алыс аймақтарда тентіреп жүріп,қайсарлығының арқасында жетілгені, өмір бойы туған жерін ұмытпай, ата-анасының, бауырының, інісінің бейітін іздеп табуды армандағаны, ақыры, қартайған шағында сол арманына қалай жеткені шынайы да әсерлі әңгімеленеді. Автор осы желі бойында қазақтың ұлттық дәстүрлерінің, аруақ сыйлау, елді, жерді сүю сынды қасиеттерінің тәуелсіздік дәуірінде жаңғыруын және уақыт туындатқан экологиялық мәселелерді шебер астастыра кестелейді.

Аталған мәселелер кейіпкерлері қатарында теңіз тіршілігінен сурет салуға құмар талапты мектеп оқушысы мен қаладан келген журналист қатысатын «Қош бол, теңіз...» хикаятында да тартымды бейнеленеді. Ал «Жазылмайтын жара» хикаяты Екінші дүниежүзілік соғыстан мүгедек боп оралып, елінде өмірден өткен шалының шаңырағын күзетіп, сол соғыста хабарсыз кеткен ұлын үмітін үзбей күткен қарт анаға ересек мектеп оқушылары көмектесіп жүргені жайлы көркем тілмен айшықталады. Олар майданнан анасына жазған соңғы хаты арқылы баласының Отан соғысында шайқасқан аймағын біліп, орыс жеріндегі қызылізшіл аталатын құрбыларымен байланысады да, қазақ жауынгерінің жерленген орнын анықтайды. Қарт ана Смоленск топырағында қалған баласының басына барып қайтады. Ауылына оралған соң той жасап, өмірден өтеді. Жанаттың жасөспірімдердің қоғамдық белсенді тыныс-тіршілігін арқау еткен бұл шығармасы қазақ жауынгерлерінің төрттен үшін жалмаған соғыстың өшпес іздерін тағылымды да  тартымды танытуымен құнды.

Қаламгердің «Уақыт – сынап. Деректі әңгімелер, әдеби портреттер мен эсселер» кітабы атақты жастар газеті көрігінде бірге шыңдалған әріптесі, «қанаттаса қатар ұшқан» белгілі жазушы, журналист Мағира Қожахметова атап айтқандай, тәуелсіздік әкелген өзгерістерді, еліміздің өсу жолдарын «асқан шабытпен, биік пафос, терең талдауымен» риза етеді. Ол кітаптың   «Ойдария» бөлімін «журналист жазған жыр» деп бағалайды. Шынында да қатардағы адам пәлендей мән беріп бағалай бермейтін жәйттер, бірақ іс жүзінде тәуелсіздік мүмкін еткен айтулы оқиғалар Жанаттың бейнелі, бай тілімен шебер де мөлдірей төгіліп, шежірелі дастан боп шыққан. Мағира дұрыс айтады, оларды «дәл Жанаттай күйіп-жанып, сол күйінде жаңғырту»  кез келген қаламгердің маңдайына жазылмаған. Сондай-ақ осы кітапта атақты ақын-жазушылардың, әйгілі қылқалам шеберлерінің өнер, мәдениет қайраткерлерінің айшықты деректерге мол портреттері қандай есте қаларлықтай болып шыққан десеңізші?! Жазушының сөзбен салған суретіне көз салыңыз: Қаратал өзені «күндіз – күміс, түнде – алтын» боп ағады. Міне осы өзінің Қараталын арқау еткен эссе-жыры мүлдем  ғаламат, кім-кім де оны тамсана оқып, сүйсінерлік рухани ләззатқа бөленері даусыз.

Жанаттың туындыларында, академик Серік Қирабаев атап көрсеткендей, «адамның мінез-құлқын, психологиясын танытарлық, өмірдің өзінен ойып алған суреттер» мол ұшырасады, әңгіме-хикаяттарындағы «тартымды да қызықты өрілген көріністер көңіл өсіреді». Серік аға шәкіртінің «Ауылдағы дос» және «Бір күн, бір түн» әңгімелеріндегі балалар психологиясының жақсы ашылатынын айтады. Жазғы каникулда ауылдағы ата-әжесіне барған немерелердің, қала мен қыр балаларының ауыл тыныс-тіршілігіне араласа келе, біртіндеп қызығып, еңбекке баулынуын, дала табиғатын жақсы көріп кетуін тартымды әңгімелегеніне ризашылық білдіреді. «Қаламгер ауыл өмірін жақсы біледі» деп түйеді.  Негізгі тақырыбы жас ұрпақты ұлттық дәстүрді құрметтеуге, сыйлауға, бойға сіңіруге тәрбиелеу деп айқындап, шығармаларында «көркем әдебиетке публицистиканы пайдалану» жолымен өмір проблемаларын кеңінен көтерген ізденістеріне сүйсінеді. Тілін көркем де, бейнелі деп тауып, «сөз киесін жан-дүниесімен» түсінетініне қуанады. Көтеріңкі сезіммен шәкіртін «ауыл жыршысы» деп бағалайды.

Тамаша суреткер, ауыл жыршысы Жанат Орынбайұлы пайғамбар жасына келгенде қажылық сапарға шығып, Меккеге, мұсылмандық киелі орындарға зиярат етіп қайтты. Сол сапары жөнінен «Әлем көз тіккен Мекке» атты қызықты, зерттеушілікпен астасқан танымдық сафари-кихаятын жариялады. «Мейірімді Алланың сыйының арқасында қасиетті Мекке-Медине топырағын басып, мұсылманның бесінші парызы – қажылықтың барлық шарттарын өтеп» оралғаннан кейін «қасиетті міндетті орындау» кезінде және қолы қалт еткенде қала ішін аралап, ел тұрмысымен жақынырақ танысуды мұрат тұтқан сапары барысында қойын дәптеріне түрткен, көңіліне түйгендерін жүйелеп түзіп ұсынды. Атап айту ләзім, жалпы оның күллі журналистік, жазушылық ғұмырында оқырман назарына тартқан туындыларында әрдайым танымдылыққа баса назар аударылады. 

Шығармаларына «тарихилық пен деректілік сипаттар тән» екенін Серік Негимов, «Жауқазын», «Студенттік меридиандар», «Алтын ұя», «Атамекен», «Жоғалған теңіз», «Зерек», «Шағалалар жылай ма, осы?..» атты публицистикалық, танымдық әдеби кітаптары оның қаламгерлік қарымын аша түсетінін Марат Тоқашбаев, «Атамекен» деген фотоәңгімелері оқушысын баурап алатын, танымдылығы ересен, тың формалы деректі кітап екенін Құлбек Ергөбек атап айтқан-тын.

Кейінгі толқын ішіндегі елеулі зерттеуші-қаламгер, жаңашыл ғылыми еңбектерімен көпшілік назарына іліккен жас Елдос Тоқтарбай: «Жанат Елшібектің шығармашылық әлемі – еңбектеген баланы ер жеткізіп, ақыл-санасын толықтырып, оның ойлау қабілеті мен зеректігінің артуына, эрудит, интеллектуал болуына үлкен қызмет етті. ...сан қырлы талант, әмбебап қаламгер Жанат Елшібек – компьютер, ғаламтор жоқ заманда осындай нанотехнологияның міндетін асқан жауапкершілікпен атқарған ақыл-ой адамы», – дейді.

Елдос – оның танымдық еңбектерін тұтынып өскен бертінгі ізденімпаз ұрпақ қатарынан, ал Жанаттың өз қатары оның ауқымды жұмысына бастапқы сәттерінен куә болып, әрдайым сүйсініп жүрді. «Қазақ журналистикасының шоқтығы биік өкілі – Жанат Елшібектің ...өзіндік жұмбағы бар. ...Жанаттың қаламынан сан тарау мақала, новелла, әңгіме, повесть секілді барлық жанрлық туындылар туыпты, – дей келе, Жақау Дәуренбеков жазушы Жанатты басқа қырынан сипаттауды қош көретінін айтады, сөйтіп сол басқа қырының «аты да, заты да – «ТАНЫМ» атты оның қызық қоры», – деп бір түйіп, сөзін былай сабақтайды: «Қор болғанда баршаны қызықтыратын, еліктіретін, ойландыратын қор. «Сен білесің бе?»-ден бастап, «Оқы, қызық»-қа дейінгі орасан зор мағлұмат, дерек пен дәйек қоры өмір бойы тынымсыз тірнектеп жиған толағай табысы деуге болады. Мұндай еңбекқорлық екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал қазақта ондай жан – біреу, ол – Жанат». Оның пікірін Темірхан Медетбек: «Еңбекшіл адам қашанда ізденімпаз», – деп қуаттайды да, ізденімпаз Жанаттың «күні кешеге дейін жөнді дамымай келген, бірақ адамның ой-өрісін кеңейтіп, танымын ұлғайтатын қажетті шығармашылық сала – танымдық туындылардың, яғни, сөзжұмбақтардың тұтас галереясын жасағанын» ризашылықпен атайды. Қайнар Олжай: «...біздің буын Жанат Елшібековтің ребустарын, сөзжұмбақтарын, криптограммаларын, анаграммаларын шешу арқылы ойын өсіріп, санасын шыңдағаны да шындық», – дейді.

Міне, жазушы Жанаттың шығармашылығының осы бір тамаша қырын, танымдық сала бойынша атқарған аса қызықты да маңызды жұмысын әр буын қаламгерлері осылай жоғары бағалап отыр. Ойлап қарасақ, бұл бағытты  Жанат мектептегі шәкірт шағында-ақ таңдап алған екен. Ол алтыншы сынып оқушысы кезінде пионерлер тұрмысынан хабар жариялау арқылы қаламгерлік болашағына қол созып қана қоймай, тап сол шақта суретке қарап жауап табуға негізделген логикалық ойын секілді алғашқы ребусын да балалар газетіне бастырған-тын. Сөйтіп келешекте үзбей шұғылданып, күрделілендіре түсетін, оқырманын елітіп, іздентетін, шешуін тапқанша маза бермейтін шытырман басқатырғыштар мен сөзжұмбақтар әлеміне жол салған-ды.

Содан қазақ баспасөзі беттерінде өмірге білімді, танымды кеңейтуге қызмет ететін сала келді – Жанат қолынан оқырманды ойлануға, ғылым мен ілімнің әр саласын қарастырып, бас қатыра ізденуге жетелейтін сан-алуан танымдық туындылары дүниеге келді. Кезінде республикалық басылымдарда жеке сөздер жазылатын торлар тізбегін ұқсас әріптер кездесетін тұста айқастырып түзу жолымен тоқылған кроссворд, оның сканворд деп аталатын үлкен үлгісі, қилы математикалық жұмбақ, логикалық есептер,чайнворд,цифрограмма,анаграмма, стрелкограмма, криптограмма, шрифтограмма, доминограмма делінетін  түрлер бойынша жасалған қилы-қилы  басқатырғыштар үзбей жария болып жатты.

Осынау өзіндік танымдық жанрды қазақ баспасөздері беттерінде қалыптастырып, ұлт ұғымын ұштаудағы жазушы Жанаттың еңбегі ұшан-теңіз. Ол мерзімді басылымдар беттерінде арнайы танымдық айдар ашып, ұзақ жылдар бойы тұрақты жүргізіп жүрді. Жарты ғасыр ішінде жеке өз басы да екі мыңнан астам неше түрлі шытырман туындылар жасады. Оның қолынан 1984 жылы Қазақстандағы тұңғыш  алып сөзжұмбақ шығып, «Білім және еңбек» журналында жарияланды, ал 2000 жылы ол «Егемен Қазақстан» газетінде ең алғашқы алып сканвордты ізденгіш оқырманға ұсынды.

Солармен қатар «Сен білесің бе?», «Үйрен. Ізден. Ойлан», «Мың бір қызық», «Зерек», «Таным» тағы басқа адам айтса сенгісіз ғажайыптар мен қайран қалдырар қилы-қилы қызықтар туралы жинақтарын шығарды. Бұлардың бәрі әр жылдардағы білмекке құштар жас жеткіншектердің қолынан түспейтін, өзіндік оқулықтар деңгейіндегі көмекші кітаптарға айналғаны мәлім. Жазушының әлемдік ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарды үздіксіз ақтарып, талмай ізденген еңбекқорлығы нәтижесінде дүниеге келген бұл бағыттағы барша жұмысы оқырманның білімге деген іңкәрлік сезімін оятып, өз бетінше ізденуге, төрткүл дүниеде болып жатқан ғажайыптар сырына тереңірек үңілуе бағыт-бағдар сілтегені сөзсіз. Жоғарыда келтірілген қаламгерлер пікірлері де осыған саяды.

Осы орайда мен ғалым және ұстаз Жетпісбай Бекболатұлының пікіріне айрықша мән бере қарауды жөн көрем. Ол жазушы Жанат Елшібектің шығармашылық әлемі хақында: «Тұрмыс-тіршілігіміздің етене бір бөлігіне айналған танымдық ойындарды психологиялық-педагогикалық құбылыс ретінде қарастыра отырып, ол өз еңбегін біртұтас методикалық желіге құрған», – дейді.

Тағы бір атап айтуға сұранып тұрған жәйт – журналист-жазушы Жанат Елшібектің көп тілегі үдесінен шығатын туындыларын бұқаралық ақпарат құралдарының ықыластана тарататындығы. Мәселен, оның «Табиғат-тылсым» деген еліткіш жұмбақ бүккен ортақ тақырыппен әзірлеген әңгімелер циклы 2002 жылғы көктемде «Жас Алаш» газетінің он бес нөміріне басылды. Әдебиет табалдырығынан 1964 жылы шыққан ұжымдық «Таңғы шық» жинағындағы тырнақалды  әңгімелерімен аттаған, бүгінде қазақ әдебиетінің мақтан тұтатын қаламгерлеріне айналған сөз зергерлері хақында Жанат ұзақ ізденген-тін. Сондай ізденістен туып, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің тыныс-тіршілігі, шығармашылық жолы жайын тілге тиек еткен ой-толғаныстарын топтастырған «Сырлы әлем» кітабы негізінде 2012-2013 жылдары сегіз ай бойы әр жексенбі сайын Қазақ радиосынан жүйелі хабар беріліп тұрды. Қаламгердің «Жаңғырық» атты роман-рецензиясын «Жұлдыз» журналы 2014-2015 жылдары «Түсімде көрген кітап немесе тұғыр туынды» деген атпен он екі нөмірінде үздіксіз жариялады.

Шығармашылық қызметінің белгілі дәрежеде түрлі марапатпен, сыйлықтармен  атап өтіліп жүргенін де айта кеткен жөн. Ол 1981 және 1984 жылдары Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты болды. Қазақстан комсомолының орталық комитеті, республиканың баспа комитеті және «Жалын» журналы 1985 жылы өткізген балалар мен жасөспірімдерге арналған туындылар конкурсының жүлдегері, 1987 жылы «Білім және еңбек» («Зерде») журналының лауреаты, 2000 жылы Кемел Тоқаев атындағы журналистік сыйлықтың лауреаты, 2012 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, 2017 жылы «Жалын» журналының лауреаты болды.

Ол өзі туып-өскен Алматы облысы мен Қаратал ауданының Құрметті азаматы. Омырауында еліміздің жоғары наградасы «Құрмет» ордені жарқырайды.

Туған жерін қара сөзбен жырлаған жазушының бүкіл шығармаларының алтын тіні – өзі туып-өскен өңірдің тіршілік-тынысы, аяулы мекенде күн кешкен жерлестерінің қам-қарекеті, қазіргісі мен келешек ахуалы. Зерек сөздің зергеріне әрдайым жемісті де, жеңісті тамаша табыстар тілейміз.

Қаламың талмасын, Жанат дос!

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты