«ҚАРА МАЙОРДЫҢ» АУҒАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ЕРЛІГІ

Уақыты: 07.06.2022
Оқылды: 1690
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тарихта жалпы ұрыс атаулыға әділ баға берілген. Мәселен, Ұлы Отан соғысы Одақ көлемінде басқыншы жаудан көп ұлтты ел мен жерді қорғау мақсатында жауынгерлердің өшпес ерлігін паш етті. Ал өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Ауған соғысы  әділетсіз соғыс деп танылған. Бұл Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың қайғылы беттерінің қатарында екені анық. Ауғанстандағы 1978 жылғы Сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген халықтық-демократиялық үкіметті қолдағандықтан он жыл аралығында КСРО әскерлері Ауған шегарасынан өтіп, мақсатына жету үшін соғыс қимылдарын жүргізді. Осылайша жауынгерлер дұшмандармен бетпе-бет қақтығысқа түсті. Бөтен елдің мүддесін он жылға жуық қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент құрамында Қазақстаннан мыңдаған жауынгер интернационалдық борышын өтесе, жүздегені соғыста ерлікпен қаза тапты. Қаншама жерлес жауынгердің хабар-ошарсыз кеткені тағы бар.

Еліміздегі жүздеген отбасына қайғы-қасірет әкелген бұл соғыстың тарихы осындай. Жыл өткен сайын соғыста қаза тапқан ардагерлердің рухына тағзым етіп, еске алу дәстүрге айналған. Ұзынағаш ауылында Ауған соғысына қатысқан жерлес жауынгерлерге арнайы белгі орнатылып, есімдері жазылды. Ұрпақтары гүл шоғын қойып, Құран бағыштап, ерлікке тағзым етуде. 
Ауған соғысында «Қара майор» атанған аққайнарлық полковник Борис Керімбаевтың ерлігі тарихта алтын әріппен жазылды. Ерлігі үшін мемлекеттік жоғары орден, медальдар алды. Офицер Қызыл Ту, ІІІ дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін», І дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен және басқа да  мерейтойлық медальдармен марапатталған. Оған дүйім жұрттың шексіз сүйіспеншілігін қоссақ, батырға деген ел құрметінің ұшан-теңіз екендігін көреміз. 
Батыр жайлы «Қапшағай батальоны» деген деректі повесте сол кездегі жағдай нанымды баяндалған. Борис Керімбаевтың аңызға айналған лақап аты – «Қара майор». Кезінде жанкешті отряд командирі Борис бауырымыздың басына бір миллион АҚШ долларын тіккен Ахмат шах осал жау емес. Осыған қарамастан жаудың зәре-құтын қашырған батыр жерлесіміздің өмірден өткеніне де біраз жылдың жүзі болды. 
Борис Керімбаев Ауған соғысының ардагері әрі КСРО Бас штабы Бас барлау басқармасының арнайы мақсаттағы жеке жасағының құрамындағы мұсылман батальонының басшысы ретінде танымал тұлға. Көзсіз батырлығымен есімі Бауыржан Момышұлы атамыздай аңызға айналып, жастардың көңілінде  ерлігімен қалды. 
Борис Төкенұлы 1948 жылы Жамбыл ауданында туған. 1970 жылы В. И. Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тамамдаған. Оның ерлікке толы өмір жолы 1980-1983 жылдары Ауған соғысына қатысып, арнайы тапсырмаларды орындайтын мұсылман батальонының командирі ретінде жалғасты. Сауатты басшылық жасаған батыр командирдің сарбаздары шайқаста аз шығынға ұшырап, көбінесе жеңіске жеткенін жұртшылық әлі күнге ұмытпайды. Ерлігі аңызға айналып, лақап аты күллі аймаққа жайылғаны осы сөзімізге дәлел. «Спецназ» ГРУ СССР» деген кітаптағы тізімде төртінші орынды нық иеленген қазақ жігітін сол кездегі кеңестік саясат осылай жоғары көтеріп мойындады. 1992 жылы денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шыққан жерлесіміздің жауынгерлік даңққа бөленгені мақтан етуге лайық. 
Кеңестік кезеңдегі «Ауған соғысы» деген әскери қақтығыс – Ауғанстандағы бір-біріне қарсылас Ауғанстан Демократиялық Республикасының Үкіметі мен қаруланған оппозиция – ауғандық моджахедтердің арасындағы азаматтық соғыстың бір бөлшегі. Даудың мақсаты – елді кім басқарады және жаңа мемлекеттің саясаты қандай бағытта болатындығында еді. Мұндай текетірес соғысқа КСРО мен АҚШ саяси жағдайлармен кірісуге мәжбүр болды. Мәселен, Совет армиясы Ауғанстан Үкіметінің қарулы күштерін жақтаса, Американың қаржысы мен техникасы, қару-жарағы моджахедтерді қолдауға бағытталыпты.
Ауғанстандағы Сәуір революциясы, ондағы Халық-демократиялық партиясы мен Ауғанстанның біріккен коммунистер майданы сол кездегі мемлекет басшысын орнынан алудың арқасында құрылды. Осылайша Ауғанстанның Халық-демократиялық партиясы басқармасы партия ретінде танылып, жаңа үкімет азамат соғысының салдарын жоюға және елде елеулі өзгерістер жасауға бағытталыпты. Ал, моджахедтер мен мемлекет басқаруын қолға түсіруге тырысқан саяси партиялар осылайша қақтығыстың негізгі көзіне айналды. 
Міне, талай қыршын кеткен боздақтардың өмірін қиған Ауған соғысының мүддесі осы. Кеңес армиясын Ауғанстанға енгізу Совет Одағы тарапынан төнер қауіптің алдын алатын іс-шара болғаны осыдан. «Жартасты жастанған жасақ» атанған аққайнарлық «Қара майордың» мұсылман батальонының Ауған соғысындағы ерлігі талай жылдардың еншісінде қалатыны заңдылық. 
Борис Керімбаев бауырымыздың бойындағы батылдық, адалдық қасиеті әкесі Төкен атаның қанымен берілген десек, шындықтан алыстамағанымыз. Өйткені ұлағатты ұстаздың алдынан талай мемлекет және қоғам қайраткерлері білім алды. Ол бар саналы ғұмырын жастарға білім беруге арнап, ар-намысы биік, елжандылық қасиеттерді бойына жинаған шәкірт тәрбиеледі. Ал ұлы Бористің батыр, батыл әрі қиын сәттерде жүрегінде жауға деген өшпенділігі бар азамат қатарынан табылуы әке қанымен, тәрбиесімен берілген құндылықтар. 
Ерлік – әрдайым құрметке лайық десек, Тоқаш Бокин атындағы орта мектептегі мұражайда Борис бауырымыздың ерлігіне арналған арнайы мұрағаттарға орын берілген. Аталған оқу орнында Отанды сүю мен қорғауға байланысты сынып сағаттары жиі өтеді. 
Ауғандағы «Қара майордан» басқа мыңдаған жерлестер қатарында Аққайнар ауылының азаматтары да бар. Олар әділетсіз соғыстың зардабын көрді. Жерлес батырдай қолдарына қару алды. Бір сөзбен түйіндесек «өмір көріп» келді. Алдыңғы буын Борис ағасынан өнеге алған Арзыман Хелаев Ауған соғысында ерлікпен қаза тапты. 
Арзыман 1963 жылы Аққайнар ауылында дүниеге келген. Білім шаңырағының табалдырығын 1971 жылы аттап, 1979 жылы Т. Бокин атындағы орта мектепте орта білім алды. Әскер қатарына 1981 жылы шақырылып, Ауған жерінде Отан алдындағы интернационалдық борышын өтеуге аттанады. 
Қанқұйлы жылдар талай боздақтың өміріне балта шапқаны өкінішті. Ата-ананы жылатып, азаматтардың жастығын ұрлаған ол жылдардың өксігі әсте ұмытылар ма?! 1982 жылы 25 сәуірде дұшмандармен қақтығыс кезінде Арзыман ерлікпен қайтыс болды. Елге денесі 6 мамыр күні әкелініп, Хелаевтар әулетінің қабырғасын қайыстырған қаралы күн ретінде есте қалғанын күрсіне еске аласың. 
Жерлесі «Қара майор» атанған батыр тәрізді Арзыманның жау шебіндегі ерлігі Қызыл Жұлдыз орденімен аталып, басқа да марапаттар берілген. Ауылдастары қайсар ұлдың ерлігін үнемі еске алады. Мектеп оқушылары осы мектептен білім, тәлім-тәрбие алған арыстай азаматтың ерлігі, қайсарлығы туралы кездесулерде ортаға салып, мақтан етеді. Арзыман Хелаевтың ерлігі ұмытылмай орталық алаңдағы ескерткіш тақтаға есімі жазылған. 
Бұл есімдерді одан әрі жалғауға болады. Бақберген Әбішев 1963 жылы Аққайнар ауылында туған. 1981 жылы Қапшағай қаласына әскери борышын өтеуге шақырып, алты ай борышын өтеді. Бақберген 1981-1983 жылдары Ауған соғысына қатысып, әйгілі «Қара майордың» адъютанты болып, жанында жүріп, ержүректілігімен танылған. Демек, жерлес жауынгерлерге Борис бауырларының үлгі болғаны анық. 
Қазақ деген өр халықтың қандай екенін әлемге танытқан аққайнарлықтар қатарында Мұхтар Оспанбеков, Исфанди Гамидов, Ғабит Асрарқұлов, Жанкелді Жұмағұлов, М. Садуақасов, Қ. Қастекбаев бар. Олар қиын-қыстау күндер мен түндерді бастарынан өткізген сол кезеңнің батырлары. 
Қазіргі кезде ел үшін, ұрпағы үшін Ұлы Отан соғысында от пен оқтың ортасынан оралғандар мен Ауғанда толарсақтан қан кешкендердің мәртебесін бөле-жара қарамау керек деген пікірлер айтылып жүр. Бұл орынды. Соғыстың әсте үлкені мен кішісі жоқ. Қандай соғыс болсын жауынгерлер басын оққа байлайды. Демек, батырдың аты батыр.
Әділетсіз соғыстың құрбаны болған Арзыман мен басқа да жат жерде көз жұмған бауырлардың рухына Құран бағыштау тірілердің парызы. Өткен күндердің тағы бір бетін аударайық. Кеңестер Одағының әскерлері ауған жерінен 1989 жылдың 15 ақпанында шығарылды. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт араға өз өрнегін салды. Десек те соғыс салған жараны жұрт ұмытқан емес. Ұмытылмас та. Тіпті, сол жат жерден мүгедек болып оралғаны, денесі әкелінгендері қаншама?! Ауған жерінен топырақ бұйырғандары да бар. Не үшін, кім үшін шайқасты деген сұрақ қазіргі кезде жиі қойылады. Әрине, оған берілген жауап қайғы-мұңның орнын толтырмас. 
Аққайнар елді мекенінен аттанған азаматтардың өмір дерегін осы шағын жазбаға арқау етіп, рухтарына тағзым етуді мақсат санадым. Халқымызда: «Жақсының жақсылығын көре білу бар да, оны айта жүру, үлгі ете білу бар» деген ұлағатты сөз бар. Өте орынды айтылған десек, батыр жауынгерлер рухына тағзым ету әрі еске алу тірілердің борышы. Олар жаумен шайқасты, жастығын қауіп-қатерге тікті. Мәңгілік өмірдегі имандары жолдас болсын дейміз. 

Күмісжан Байжан, 
Алматы облысының Құрметті азаматы